МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ
Биыл бүкіл қазақ жұртшылығы үшін елдіктің айшықты белгісіне айналған Тәуелсіздікке 30 жыл толады.
Тарихи тұрғыдан бұл қас қағымдай сәт болуы мүмкін. Бірақ қазақ елі үшін іргемізді бекітіп, ішкі тұрақтылықты сақтап, қабілет-қарымымызды пайдаланып, әлемдік саясаттан өз орнымызды тапқан сындарлы 30 жыл деуге болады. Жүріп өткен жолымызды еске алып, тарихымызға көз тігер болсақ, мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін мемлекеттік рәміздеріміз бен тұтас қоғамға қорған болып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген айбынды Ата заңымызды қабылдадық. Сондай-ақ, етек-жеңімізді жиып, шекарамызды шегендеп, төл теңгемізді айналымға енгізіп, халықаралық байланыс орнатып үлгердік. Сұңғыла саясаткер Елбасымыздың көрегендігі мен батыл шешімдерінің арқасында мемлекетіміз қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгерді. Ұлтымыздың ұлы қасіреті Семей ядролық полигоны жабылып, мемлекетіміз әлемдік аренада бейбітшіліктің нышанына айналды. Талай ұл мен қызымыз ешкімнен кем түспей жетістікке жетіп, биік-биік мінбелерден ана тілімізде сөз сөйлеп еліміздің мерейін асқақтатты. Күдігімізді үмітке ұластыра білген бітімгер басшымыздың ұтымды бастамаларының нәтижесінде еліміз еңсе тіктеді. Ұлтымыз рухани жаңғыру жолына бет алды. Халқымыздың осыншама жетістіктерге ынтымақ пен бірліктің, қоғамдық сенім мен татулығының арқасында қол жеткізгені бәрімізге мәлім. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы салған сара жолды жалғастырып, тұрақтылықтың тұтқасын ұстап, тәуелсіздіктің туын жықпай мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келеді. Еліміздің ертеңі мен мызғымастығына сеніммен қарап Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын деген тілектеміз!
Пересеп НАСИХАТ,
Алматы қаласы Жетісу ауданы М.Жұмабаев атындағы №137 ЖББ мектептің мұғалімі