Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ. МАҒАН, СІРӘ, ТИГЕНІ – ЖЫРДАН ЕНШІ…
05.04.2021
858
0

ТАУ  КӨШКЕНДЕ…

 Бұлт шалмасын деп келем таң нұрыңды,

Табалаудан аулақпын тағдырыңды.

Су ластанды, оталды орман қирап,

Еркелері таулардың  аң қырылды…

 

Ақша қонып жүрекке, иман үркіп,

Мұз байланды қасат қар миға күртік.

Берер зина, құмарға қолда барын,

Садақа мен Зекеттей сыйдан іркіп.

 

Сыйдан іркіп,

айналып ізгіліктен,

Ләззат іздеп ұмтылсаң мұз-мүліктен,

Толқын тұрар мұхитта сунами боп,

Құрлық таудан құлатып құзды үгіткен!..

 

Құдіреттің күшіне басымды иіп,

Арманымды аңсаймын асыл биік!

Ниет және дұғамен дұрысталар, –

Ғапылдықтан жанып тұр ғасыр күйіп.

 

Тау қозғалып, топырақ – сең көшуде,

Құлап келіп кім кепіл көмбесіне?

Опырылып ортасы сырғанады,

Көрсетілген бұл сынақ пендесіне!

 

Ұлықтадық Құранға қарсыларды,

Соның бәрін көріп тұр ғаршы мәңгі.

Көмкерілген көк шыммен милион жыл,

Жер қыртысын көрдің бе, аршығанды!..

 

Сілкіністер, ағыстар, аударылған,

Ескерту бұл пендеге бау-бағынан.

Жаратқанға жалынам, кешіре гөр, –

Бір Аллаға құл басым арға құрбан!

 

ТӘУЕКЕЛ

 Құдай берсін текті қыз, өрелі ұлды,

Көбейтсе екен көпсітіп көлемімді!..

Саясаттың салқынын жұқтырмайын,

Жаннан туған жазайын өлеңімді.

 

Бес қолымды салмайын ауызыма,

Су толтырып түсейін Хауызыма.

Міндет берген әркімге өзіне сай,

Дәнімді көр, қарама қауызыма!..

 

Маған, сірә, тигені – жырдан енші,

Ақын деген адамға жылдам емші.

Әй, Дәулетбек, ақ-адал махаббатпен, –

Құдіретті Алланы жырлап өлші!..

 

Зікірімде – мадағым, Хаматым да,

Жазсам – қалам, ұшсам қос қанатым да,

Жаратушы Раббым, сені сүйем, –

Уәде-ем бар, мөрім бар Ар атымда!

 

ШЕКСІЗ…

 Ғаламның түбі жоқ – шексіз,

шексіз түбі жоқ,

Секілді сезілер, саған айтатын тілі жоқ.

Жалғанның жарығы аз, созылған түні көп,

Жүрекпен жүгінбесеңіз,

өтесің өлінің бірі боп!..

 

Мылқау, меңіреу, саңырау, кереңдей,

Кетіп барады, ұшып барады,

көкжиек кемерлей…

Ал  шыны – сөйлеп тұр, сайрап тұр жар салып, –

Мынау жершары ғарыштық кемеңдей.

 

Бірінің сызығын біріне бастырмай,

Биікте күн жылжып, қозғалған астында Ай…

Милион жұлдызда милион құбылыс,

Әрқайсы өзімен,

өзінше өтеді бас бұрмай.

 

Сен болсаң, айтасың ұрыс-керісті,

Базарға саласың,

салмақтап қырыс-терісті.

Қоқсытып жүресің,

қопсытып қозғайсың,

Былықтырасың,

Қосып, бір іске бір істі…

 

Ғалам жүйелі,

жүйткіп барады,

Сыры бар, тілі бар, шырқайтын бар әні!..

Түпсіз тереңнің Иесін мойындап,-

Тілін түсініп,

Аллаға құл болған адамдар бағалы!…

 

ТАБЫНАМЫН

 Мен сені, жақсы көрем жанымменен,

Сүйемін хикіметті болмысыңды.

Сен берген қозғалып жүр жаным-денем,

Сендім де, сезіндім де  зор күшіңді.

 

Мен сені, мойындағам жүрегіммен,

Ақылмен өзің берген танып, түйдім.

Әрине бірден емес, жүре білгем,

Келмейді кесірленіп тамұқ күйгім.

 

Сезіммен, өзің берген мейіріммен,

Сүйемін, теңдесі жоқ бір өзіңді.

Келемін пенделіктен сейілумен,

Санама мінәжат боп жыр егілді.

 

Бұл күнде сынақтағы тірі жанмын,

Осынау екі әлемде алдыңдағы.

Өзіңе махаббатым, ұлы Раббым,

Дәлелі мына мені, бар қылғаның!..

 

Ғаламды жүйелеген қиыстырып,

Қайранмын ауа менен қантамырға.

Адамға бәрін бердің жиыстырып,

Жарылқау жасадың сен, барша құлға!

 

Бар – Алла, бақыттымын сүйіп сені,

Меңгерген сенің ғана құдіретің.

Өзіңе табынамын биіктегі,

Аңсарым жалғыз сенсің, жүгінетін!..

 

СОҢЫНДА

 Өмір қызық өлмеген тірі жанға,

Бірі – сауда, жүгірген бірі малға.

Кейбіреулер көреді күнді әреңге,

Күркешеден қараймын күллі әлемге.

 

Ақтөсім мен қасымда тарғыл мысық,

Мен отырмын жарығын таңның құшып.

Ұмтылады адамдар ақ сарай деп,

Отырады соңында ақ самай боп.

 

Шөп күркеге ақын ба, бас сұқпаған,

Қалар еді асаулық бастықпаған.

Жел гулейді іргеден іңір шақта,

Қарап қоям ертоқым, ыңыршаққа!..

 

ТАБИҒАТ

 Табиғат шипа, сенерсің әлде сенбессің,

Таң қалар едің, таға алмас едің емге еш мін.

Ауырса жаның ауылдан ұзап атқа мін,

Сапарға шығып саралап көрші он бес күн.

 

Нарынқол барғын, Шалкөде жайлау төріне,

Құйқылжып құстар сайрайды дейсің төгіле.

Көкшетау барып, Бурабай кезіп бусанғын,

Қызылорданың құмына барып көміле…

 

Қымызын ұрттап, балынан дәм тат Катонның,

Айтқаны сонда келеді дерсің атаңның.

Ауасын жұтып, дауасын тапсын тәніңіз,

Қасиет тұнған қадірін ұғып Отанның.

 

Ұлы Алла оның бірінен бірін асырған,

Бетіне жердің ризық дәмің шашылған.

Дерт бар қанша, шипасын сонша

Жаратты.

Кездессең – бағың,

бір жапыраққа жасырған!

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір