Шәмшабану ХАМЗАҚЫЗЫ. ҚОҢЫР ӘУЕН ҚОҢЫР ТАУДАН КЕЛГЕНДЕЙ…
05.04.2021
693
0

Тау

 Жаралмышың, табиғат, тұнық қандай,

Құштарлықпен көркіңе ел құныққандай.

Кіршіксіз пәк ауаның мөлдірлігі,

Ылайланған көңілді тұнытқандай.

 

Тауың неткен, табиғат, биік еді!

Өр тұлғаңа қарап ел сүйінеді.

Шыңдарыңа қарасам, қанат бітіп,

Қиялымды ұршықша үйіреді.

 

Таудай болу адамның арманы ғой,

Солай таман талпынар қамданып ой.

Тауда туып, тауда өскен Абайға да,

Тау келбеті талғампаз салған ұлы ой.

 

Сылдыр қағып бұлағы сылаңдаған,

Күй менен ән әуендеп шығандаған.

Тау көрсем,  бір керемет шабыт кернеп,

Жөңкілгендей болады жыр арнадан.

 

Кең жайылған жайлаудың көк кілемі,

Төрт түліктің мейірін төктіреді.

Көмкерілген көк орман, көрікті алқап,

Назарыңды өзіне шөктіреді.

 

Miнe, осындай тауым бар таңданатын,

Шалқытардай шабыттың сан қабатын.

Күй толқыса, теңіздей тербетіліп,

Аспандата серпиді ән қанатын.

 

Көріп өскен осындай бар асылын,

Мен де таудың байырғы баласымын,

Тау мінезі бойыма сіңгендіктен,

Солай аунап тұрады қарашығым.

 

Мінезім бар өзімдік туа біткен,

Тау суына қандырғам суарып мен.

Тарбағатай – отырмын «Үшқайшыда»,

Төбем көкке жеткендей қуанып мен.

 

Сарыарқа

Мен келемін Сарыарқаны аралап,

Жер шұрайын межелеймін шамалап.

Жүрген сайын кең құшағын ашады,

Еміреніп, елжіреген бар алып.

 

Дулат жырау, Ақтамберді аруағы,

Жыр болып кеп, мені өзіне баурады.

Әміренің асқақ жыры шығандап,

Сыймай мынау кең далаға, заулады.

 

Туын тіккен қазағымның елдігі,

Бабалардың аңыз болған ерлігі.

Сағындырған саумал  желдің лебімен

Біржан салдың құлағыма келді үні.

 

Таулары тұр қарт анадай қайысқан,

Жатыр өзен бұраң белі майысқан.

Сарыарқада бабамның бар іздері,

Жауларымен жан аямай сайысқан.

 

Дала жатыр ұрпағына сүйініп,

Көлдер жатыр көздерімді үйіріп.

Қарттар мені құшақ жая қарсы алып,

Жастар келді сәлем бере иіліп.

 

Жатыр мұнда сахараның сәулеті,

Жатыр мұнда дарқан елдің дәулеті.

Дастарқанын жайды бізге құрметтеп,

Ұлы Абайдың өнер сүйген әулеті.

 

Сарыарқада күн де ерекше күлгендей,

Шарықтайды көңіл тұрса гүлденбей.

Бақты, Ақсуат, Семей жақты Әсеттің

Әсем әні әлі кезіп жүргендей.

 

 

Сарыарқаға шеккен сапар қиялдай,

Дала жатыр жанарыма сыя алмай.

Қош, Сарыарқа, енді қайтып көргенше,

Кетіп барам, кетіп барам қия алмай.

 

Көңіл атызы 

Қым-қуыт дүниені күрестіріп,

Жыл өтті, жылжи-жылжи күн ескіріп.

Әркімді аттандырды әр түпкірге 

Тиісті сыбағасын үлестіріп. 

 

Көңілдің арғымағы бұғауланып, 

Жанары жастығымның қырауланып,

Қайғының тырнақтары салған ізден 

Қап-қара, жауабы жоқ сұрау қалып…

 

Қайтадан сол далаға жыр егейін,

Тұқымның шашып оған бірегейін.

Жырғатып жыр көктемі тұрған шақта

Келеді қалқып алғым кілегейін.

 

Қиял

 Жас шағым жалындаған келді есіме,

Табиғат қиял берген пендесіне. 

Қиялды содан бері қуып келем, 

Амал не, жете алмадым көмбесіне.

 

Бал қиял, тәтті қиял ғашығымдай,

Армандап, таба алмаған асылымдай.

Алыстан бұлдырамай, көрінсеңші,

Жанымның түкпіріне жасырынбай.

 

Қоясың қалықтатып көкте мені,

Мәңгілік бақыт елі, көктем елі. 

Ұстатпай келе жатқан ұшқыр қиял,

Сағымға айналасың жоқ дерегі.

 

Ешқашан қиялдаудан жалықпаймын,

Жалының шарпығанда жанып қайғым.

Құлаймын кейде терең шыңырауға,

Қырандай кейде аспанда шарықтаймын.

 

Кеткен кезде қиялым тұманданып, 

Адасып, аңтарылып тұрам налып. 

Қиял деген – ақынның қанатындай, 

Қия беттен шақырар бұлаң қағып.

 

Уыз өлең

 Менің анам – өлеңші,

Уыз өлең – емгенім.

Амалым не, анашым,

Жазғанымды көрмедің.

Бірге отырып бір жерде

Өлең оқып бермедім.

Жазмыш солай болған соң

Жазғырамыз кімді оған.

Өресі биік ойыңмен,

Өзің едің шыңдаған.

Сол жолменен әлі де

Келе жатыр бұл балаң…

Келші, шабыт, шалқыған,

Тамызық бер, жанайын.

Күн сияқты мен дағы,

Сәуле шашып қалайын.

 

Жүрек сырым – өлеңім

 Ақ бидайдай орылып, дестелеген,

Жүрек сырым – өлеңім кестелеген.

Сол сырыма жармасса әлдебіреу

Аза бойым қаза боп, сескенер ем.

 

Жүрек сырым – өлеңім, өз бөбегім,

Қиналғанда беретін тез көмегін.

 

Өлеңімнің самғайтын қанаты бар,

Менің дағы сол биік көздегенім.

 

                      Туыстар-ай

          Балалықтың оятып сезімдерін,

         Еске түсіп сонау бір кезім керім.

         Арқау болған бәріне атамекен,

         Міне бүгін оралып, өзіңдемін.

 

         Көріп тұрмын жайлаудың бойшаңдарын,

         Осындайда кім білген ой самғарын.

         Ал жырға қос дегендей білдірді рай,

         Қатар тізіп қайтер ең қойсам бәрін.

 

         Батыр туыс, өр туыс жасымаған,

         Туыс десе қан қашан тасымаған.

         Мына Ақанды көргенде еске келер,

         Сақанайдай айбарлы асыл анам.

 

         Туыс қымбат өмірде, туыс қымбат,

         Туыс деген қайнары ырыстың нақ.

         Туыс жөнін тек қана ата емес,

         Бұдан кейінгі ұрпақ та қуыстырмақ.

 

         Туыс десе ыстық жас сорғалайды,

         Қысылған жан туысты қорғалайды.

         Көрген сайын Уәланы еске аламын,

         Шежіре ата Рақыш пен Ғани ағайды.

 

                   Алакөлдей толқыса жырым менің…

          Шалқарсың ғой Алакөл айдының кең,

         Төңірекке танылған байлығыңмен.

         Буырқанып тулайсың толқын атып,

         Ашулы ма ең, әлде сен қайғылы ма ең?!

 

         Бірде сені жұлқиды Ебі келіп,

         Соған әлде тұрсың ба тебіреніп.

         Қарай бергім келеді, қарай бергім,

         Жағаңды кеп сүйгенде еміреніп.

        

          Уа, Алакөл таңданам мінезіңе,

         Саған ұқсап қонсашы жыр өзіме.

         Толқыныңдай жыр туса тулап жатқан,

         Тартқан деп ем айнымай бір өзіңе.

        

         Етегінен өрбітіп ну қамысын,

         Жасыл орман ғажайып шудалы шың.

         Сол табиғат Алакөл сән береді,

         Өзіңменен бірге өсіп, туғаны үшін.

 

         Суың дәрі Алакөл ырысты аймақ,

         Қонған екен өзіңе құрыштай бақ.

         Қуанар ек Байқоңыр отты тастап,

         Ғарышқа алып ұшса екен жырымды Айға ап.

 

                 Көк жайлау

          Көк жайлауым көсілген,

         Көк шалғынын өсірген.

         Қойнауың кен, қалың мал,

         Ырыс атқан төсіңнен.

 

         Жайлау неткен тамаша,

         Жайлау бүгін жаңаша.

         Жайлау дағы қуанып,

         Мәз болады балаша.

 

         Асқар тауым сымбатты,

         Ән сап өзен тіл қатты.

         Жайлау жаннат, жайлау бақ,

         Маған мекен қымбатты.

 

         Сылдырайды ақ бұлақ,

         Көк ормандар сап құрап.

         Жосылады қалың аң,

         Олай-бұлай шапқылап.

 

             Барлық тауы

         Таласқан аспанменен таулар биік,

         Мекендеп аю, қасқыр, марал, киік.

         Жұмақтың бұлағындай мөлдір, тұнық,

         Кетпей ме қарап тұрсаң іштен күйік.

 

         Аспанда Ай мен жұлдыз күні қандай,

         Қалғыған мұнарланып түні қандай.

         Суда балық, көлде құс, тоғайда аң,

         Шулаған неше түрлі үні қандай.

 

         Жаннаттай тамашалы жазы қандай,

         Келетін ұшып аққу, қазы қандай.

         Ескеріп болашақты кәрілері,

         Ұрпақтарға жолдаған назы қандай.

 

       Жүзеге асқандай боп асыл мұрат…

         Біз қазақпыз шашылып сансыраған,

         Сан өліп, сан тіріліп қансыраған.

         Сонда да қайсарлығы жалын атып,

         Ізінен алтын жырлар тамшылаған.

 

         Күйкі күн өтті бастан бұраңдылық,

         Жүрміз ғой соның бәрін жыр-ән қылып.

         Хан Абылай, Қабанбай, Райымбек,

         Түлеткен ұрпақтарын қыран қылып.

 

         Жүзеге асқандай боп асыл мұрат,

         Отыр ғой сол ұрпақтар басын құрап.

         Тәуелсіздік жасасын,

                                      Көркейсін ел!

         Секілденіп жайқалған жасыл құрақ.

 

                                    Шашу

        Көңіл өссе шабыттың тасуы анық,

         Тойға келді халқыңыз шашу алып.

         Сан мың өнер жұлдызын өсірген ел,

         Атырау мен ырысты Еділ-Жайық.

 

           ӘР ОЙДАН БІР ТҮЙІН

                              Өлең

         Өлеңнің де желі бар, борасыны,

         Кейі екпінді, кейінің қораш үні.

         Тәтті, дамді өлең жаз қолдан келсе,

         Кім жақтырар аңызғақ сор – ащыны.

 

                       Салмақтылық

 

         Мөрті келсе сөзбен-ақ сарнап тұрып,

         Аспанға да ұшасың самғап тұнық.

         Ұшқалақтық істеме, алдың ұшпа,

         Есте болсын қашан да салмақтылық.

 

                            Қаңылтыр

 

         Құрыш шымыр, қаңылтыр даңғырлайды,

         «Жаман түйе жабуын салдырмайды».

         Сол сияқты мақтаншақ надан адам,

         Жапалақша жарбақтап далбырлайды.

 

                            ***

 

          Өріс ашық өнерімен өрлегенге,

         Бәрі қызық көрінер көрмегенге.

         Мансап, атақ, мәртебе оралғанда,

         Босағаны ұмытпан төрлегенде.

 

         Түссем-дағы азаптың отына мың,

         Туған жерден жебеу ап отырамын.

         Ұшсам-дағы аспанға, ғарышқа да,

         Туған елдің ұмытпан топырағын.

 

         Қаршадайдан ұялап жыр басымды,

         Болып өсті өзіммен сырлас үнді.

         Әсем жырдың ақ жарқын экранынан,

         Көрсем деймін, әлемді мың ғасырды.

 

                           

                                 ***                                    

          Біз келеміз төсін тіліп даланың,

         Еркін жұтып түздің ерке самалын.

         Қырқа-қырқа сұлғылт түсті қоңыр бел,

         Бір белді ассам бір желпініп қаламын.

 

         Сағым ойнап қол былғайды алыстан,

         Қалмайтындай бізге ілесіп жарыстан.

         Жан тартады балалықты еске сап,

         Секілденіп баяғыдан таныс жан.

 

         Кер даланың шөбі жаттық, кесілді,

         Жылы лебі сылап өтер бетіңді.

         Дала сәні – шашағы мол сексеуіл,

         Көк айғырдың құйрық-жалы секілді.

 

                            ***                               

         Қоңыр әуен қоңыр күзде шырқалып,

         Тұрған кезде қалар шөлім бір қанып.

         Бұл баяғы қоңыр қазақ үні ғой,

         Тыңдарманы әуенінен тұр танып.

 

         Қоңыр әуен қоңыр таудан келгендей,

         Қоңыр дала соған демеу бергендей.

         Қоңыр қобыз, қоңыр үнді домбыра,

         Құдіретімен соған бір сән енгендей.

         Бұл үндерді естігенде сүйінем,

         Бұл әлемде ешбір әуен тең келмей.

         Шалқып кетем, көкке өрлеп,

         Анам сүтін емгендей.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір