ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕМДІК МҰРАЛАР
25.03.2021
4983
0

ЮНЕСКО ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?

ЮНЕСКО  – ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жалпыға бірдей құрметтеуді талап етіп, адамзат гүлденген дәуірде өмір сүруіне ықпал етуді көздейтін ұйым. 1945 жылы 16 қарашада құрылған. Штаб-пәтері Францияның Париж қаласында орналасқан. Қазіргі таңда құрамына 193 мемлекет мүше және 7 мемлекет серіктес. Қазақстан ЮНЕСКО-ның құрамына 1992 жылдың 22 мамырында кірді.

Әлемде табиғаттың тылсым күшімен я адамзаттың қара күш еңбегімен дүниеге келген таңғажайып жерлер біз ойлағаннан да өте көп. Ол  бір мемлекеттің жеке меншігіне ғана тиесілі дүние емес. Бұл жәдігер ғасырлар бойы келешек ұрпаққа сақталып келе жатқан асыл мұра. Осындай бүкіләлемдік адамзатқа маңызды құндылықтар мен қайталанбас мұраларды сақтап қалу мақсатында ЮНЕСКО ұйымы  1972 жылы «Әлемдік мәдени мұра»  конвенциясын қабылдады. Әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан сан ғасырлық тарихи ескерткіштер аталған ұйымның арнайы тізіміне енді. Бұл тізімге кез келген ескерткіш я болмаса көрікті жерлер ене бермейді. Қандай жерлерді қорғауға алу туралы шешімді ЮНЕСКО-ның арнайы мамандары зерттей келе қабылдайды. Қабылданған құжатқа сәйкес, «Әлемдік мәдени мұра» тізіміне енген әрбір нысан өзінің мемлекет аумағында қорғалуы тиіс және жаһандық деңгейде насихатталуы керек. Осы тізімге соңғы дерек бойынша әлемнің әр бұрышынан 1121 нысан енген. Оның 869-ы – мәдени нысан , 213-і – табиғи мекен болса, ал 39-ы – аралас нысан саналады. Қазақстан да бұл тізімнен құр қалған жоқ.  Еліміздегі алғашқы нысанды тізімге алу 2003 жылы Әлемдік мұра Комитетінің 27-ші сессиясында қабылданған болатын.  Біздегі «Әлемдік мәдени мұра » қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер қатарлы бірнеше нысан болса, қазіргі таңда бұл тізім толықтырылған. Сонымен бүгінгі уақытта бүкіләлемдік тізімге елімізден 10 элемент адамзат мұрасы ретінде және 3 рухани мұрамыз кірген.

ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – осы тізімге елімізден енген алғашқы нысан. 2003 жылы халықаралық құжаттық мұра ретінде алынды. Қожа Ахмет Ясауи ғимараты – Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған,  орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, сопылықты уағыздаушы Ахмет Ясауидің  бейітінің басына орнатылған. Бұл кесене қазіргі уақытта мұсылмандардың жаппай тәуәп ететін орнына айналды. Халық аңыздарына сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауи әулиенің әруағын атақты қолбасшы Әмір Темірдің өзі ерекше сыйлап өткен. Қожа Ахмет Ясауи  өмірден өткен соң екі жүз жылдан кейін оған құрмет ретінде Әмір Темірдің бұйрығымен ескі мазардың орнына қазіргі әлемдік ескерткішті салдырады. 

Ғимараттың кіре беріс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекені Алла тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!»

Кесенені бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістан шаһарының алтын өзегі десек те болады. Кесенеге қазақтың ұлы тұлғалары – хандары, батырлары, билері жерленген.

ТАҢБАЛЫНЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫ

Тамғалы петроглифтері – 2004  жылдан бері Қазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енген. 1957 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы Анна Максимованың жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тарих және археология институтының Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедиция Тамғалы шатқалының тастағы суреттерін ашқан.

Тамғалы шатқалы Алматы  қаласынан солтүстік-батысына қарай 170 шақырым, Алматы облысының Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Бұл ескерткіш әлемдік маңызы бар қазына. Сол үшін де ЮНЕСКО бұл қазынаны өз қамқорлығына алып, ғасырлар бойы сақталуы үшін бар жағдайды жасап отыр. Өткен ғасырдан бастап осы мекенде ондаған ғылыми экспедиция барып, зертету жүргізіп келеді. Әр экспедиция осы шатқалға қатысты өзіндік жаңалықтар ашып, тас бетіндегі жазулар мен суреттердің сырына үңіліп келеді. Негізінен Тамғалы деп бұл шатқалды сол жерді мекендеген тұрғындар атаған. Аймақтың жалпы ауданы 3800 гектар. Бұл жер тек петроглифтермен ғана емес, сонымен қатар ерекше табиғаты мен сирек кездесетін өсімдік пен жабайы аңдармен әлем назарын өзіне аудартып отыр. Қазір еліміздің және шетелдің туристері жиі баратын жерге айналды. Тамғалы қорық-мұражайы құрылып, әлемнің осы петроглифтерге қызығатын туристерін аралатып, зерттеу, қорғау, дамыту бағытында өнімді жұмыс істеп келеді.

 

АСЫҚ ОЙЫНЫ

2001 жылы ЮНЕСКО өзіне мүше елдерден сауалнама алады. Нәтижесінде 2003 жылдан бастап ЮНЕСКО ұйымы тек табиғи-қайталанбас маңызды жерлерді ғана емес, сонымен қатар әр елдің салт-дәстүрін, мереке тойлау үрдісін, ұлттық ойын түрлерін, жалпылай айтқанда рухани мәдениетті тізімге енгізіп, қорғау туралы конвенциясы дайындайды.

Қабылданған конвенцияға сәйкес 2014 жылдан бастап еліміздің өзіне тән ерекше элементтері осы тізімге қосылды. Оның ішінде атап өтетіні жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері, Қорқыт Ата: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және атадан балаға мұра болып қалған ұлттық ойындар мен тағамдарымыз бар.

2017 жылы ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық комитетінің 12-ші сессиясында Қазақстанның «Қазақтың дәстүрлі асық ойыны» материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне тіркелді.

Асық ату – ұлтымыздың шаруашылық мүмкіндігіне байланысты қалыптасқан ұлттық ойындардың бірі. Ертеде қазақ халқы мал шаруашылығы, оның ішінде қой өсірумен жаппай айналысқандықтан, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты. Асық ойыны балаларды жастайынан мергендікке, ептілікке үйрететін тәрбие көзі. Сол себепті ұлттық ойынымызды мәңгілікке қорғап ғана қоймай, әлемге таныту мақсатында ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енді. Сонымен қатар бұл тізімде «Домбырамен күй орындау өнері», «Айтыс, суырып салма өнері»  «Қазақ күресі», Қырғызстанмен бірлескен номинациялар ретінде «Киіз үй жасау машықтары» секілді 7 номинация енгізілді.

Дана НҰРМАҒАНБЕТҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір