Болат Жетекбай. Ойды қазсаң, ой шығар – бәрі қиял…
19.03.2021
1073
4

***

Ауылдың Ұран төбе айбары еді,

Көкбұлақ – сарқылмайтын қайнар еді…

Табаны туған жерді баспасын деп,

Бұл тағдыр лақтырмады қайда мені!

 

Балалық бал дәуреннің бақ ордасы,

Жастықтың жарқылдаған ақ алмасы!

…Ауыл жоқ.

 Арманымда қалып қойды

Қиылған бір сұлу қыз қалам-қасы.

 

Өлмейтін әр заманның әруағы бар,

Беткейден самсап тағы шам жағылар!..

Той жасап жатқандайын менсіз елім

Топырағын тәу етуге жан да құмар.

 

Тағдырым қалауымды сұрап па екен?!

(Өмірге жылап келіп… жылап кетем!)

Көкейде баяндаған шын бақытым –

Әуелі сен аман бол жұмақ-мекен!

 

***

Қошоба деген ауылым!..

Бұрқылдап өмір қайнаған.

Көп тойым өтті, сауығым,

Бәйгеге байрақ байлаған.

 

Болды ғой сақи ерім де,

Мыңғыртып малын айдаған.

Жазішем, Сүйлі жерінде

Хош көңіл жандар жайлаған.

 

Анау бір жылдар ел көшіп

Кеткенмен… ауыл жұтамас!

Жетімдей бірақ жол тосып,

Қалды ғой жиде, тұт ағаш.

 

Құмдар да қалды-ау әрі аунап,

Сексиіп қоянсүйегі.

Қос оба…қорым – көп әруақ.

Кім барып, басын иеді?..

 

Шөл қысып, көңіл сусады.

Мәңгі мұң-дастан, жыр-мекен:

Ақ селеу, жасыл жусаны

Желкілдей өсіп тұр ма екен?

 

Айғыз да айғыз тақыры,

Қия бір беткей өрлейтін…

Табыстап кеттік ақыры,

Түрікпенге төрін бермейтін.

 

Жомарт деп Хақты мақтасам,

Көз көріп таныс бұлақты…

Өзіңді қайта таппасам,

Қайтемін көксеп жұмақты?!

 

Қошоба – пірлі жер дейді,

Кесіліп кіндік, қан тамған.

Өлгім де менің келмейді,

Өзіңе деген аңсардан!

 

***

Періштедей пейілі пәктік нұры тараған,

Пейіш көріп дүниеге махаббатпен қараған:

Әр күн сайын кезіккен бір жұмбақ сыр, тосын ой –

Жас жеткіншек баланың арман, қиял досы ғой!

 

Салмақ салды, білмеймін, қандай түйсік санаға?..

Үйге кірдім жүгіріп ойнап жүріп далада.

Сонша асығып жеткенде не айтар деп күткен-ді,

Жастығына жантайып жатқан әкем тіктелді.

 

Көлеңкелеп біреулер жүргендейін жарығын,

 «Аға!» – дедім аптығып, айтар жанша шағымын:

«Құдай бар ма?!» Өзі де сөз күткендей осындай

«Бар!» – деп жауап қатты әкем сұрағыма тосылмай.

 

…Өкпелемей діні жоқ Құдайсыз сол қоғамға,

Қалдым берік мен дағы жаңылмайтын тобамда.

Мүмін еді әкеміз ес біліп, көз көргенде:

Ас қайырып әрқашан, дұға қылған өлгенге.

 

Атамды да көргенмін қаза қылмас намазын,

 Мектеп емес, солар ғой – менің иман таразым!..

Әкелері қалдырған өнегесі осы ма? –

Таңырқаймын кәпірдің сөзін айтқан досыма.

 

«Бар!» деген сөз жаныңды ақыретке жолдайды,

Ақ жолы бар Алланың, басқа жолы болмайды.

Қанды майдан шебінде шейіт кеткен кәкеміз…

Жолықсыншы жұмақта әкесімен әкеміз!

 

«Бар!» демесең әуелі ештеңеге сенбейсің,

Екі дүние бағының саясына енбейсің!

Ақиқатқа қайтқандар қауышады Хақпенен

Өлмей мәңгі қалады «әруақ» деген атпенен!

 

Он төртінші қаңтарда – әкем туған күн еді,

Сағынышпен жазылған бұл естелік жыр еді.

Тиер ме екен сауабы – осы менің дұғам да:

«Алла!» деумен өтті ғой, жарылқасын Бір Алла!

 

***

«Ленин ата – ұлы көсем, күн» дейміз,

Мәңгі тірі… онсыз өмір сүрмейміз.

Сталинді көп айтпайды ол кезде,

Қуғын-сүргін, аштық жайлы білмейміз.

 

Партияның сьезін ел мақұлдар,

Коммунизм жылдан-жылға жақындар.

Кәкем айтты мен пионер болған күн:

«Бір адамды өлтіруге қақың бар!»

 

Әлде, құптап, қаперіме ілді ме,

Бас изеді әкем сонда күлді де.

Кеуде кере дандайсыдым шіреніп

Даңқым асып кеткендігін білдіре.

 

Мен сол сөздің ұқпасам да астарын,

Бәлкім, сол сәт жаңа дәуір бастадым!..

Желбірейді галстугым қан қызыл

Кәкем отыр санап таспиық тастарын.

 

Комсомолдық дәуренде де дүрледік,

Кеудеміздің алау шоғын үрледік!..

Сосын…. шерлі шежірені естідік

Шешілгенде жатқан түйін күрмеліп.

 

Ақиқаттың шын бейнесін кеш көрдік.

Кеш көрдік те тағлым түйіп, ескердік.

Неге дейміз, бала кезден біз осы

Қарт коммунист Сәбит шалдан сескендік?!

 

Лениндік идеядан күш тапқан,

Кедей табын шығарам деп қыспақтан,

Ол – большевик белсендісі, жау тұтып

Жақын, туыс, достарын да ұстатқан.

 

Сондай кезең өткен екен сор қалың,

Шатастырған талай тағдыр жолдарын.

Батыр кәкем – «Жапония тыңшысы»

Кезіп қайтқан Тайга, Сібір орманын.

 

Кешпесек те қан сасыған заманды,

Айырдық қой жақсы менен жаманды.

Бір адамды өлтірер ем… қақым жоқ!

… Осыменен біздің ғұмыр тәмам-ды.

 

***

«Құлым» деген Аллаң бар, «пірім» деме,

Ақиқат жоқ ақылдың түбінде де.

Зікір салсаң иманның күшімен сал,

Күпірлікпен жүректі тілімдеме!

 

Жан – рухыңды білмейсің, тылсым сыры,

Жаратқанның жасырған бір шындығы.

Ойды қазсаң, ой шығар – бәрі қиял…

Ойдан тапқан пенденің құрсын, сыңы!

 

«Білем» деген піріңнің көп күмәні,

Әз басыңды азапқа соқтырады!

Жүрегіңді тыңдашы, «жан» демейді,

«Лә-иллахи ил-Аллах» деп тұрады.

 

Жан дегенің – өмірдің өзек-нұры,

Танымайсың тіліңді безеп құры!..

Қаңбақтай домалаған жел ырқымен

Сені де далақтатқан сөз екпіні!

 

Өлшеу бар ақылыңда… Абай айтқан –

Өлшеусіздің мәніне қарайлатқан.

Ойлашы, адамзаттың бәрі адасып,

Хақ жолын сенің пірің қалай тапқан?!

 

Бір мәннің астарында мың-сан жатыр…

Пір түгіл не пайғамбар, инсан – ғапыл!

«Бекітіп иманыма, таныдым» деп,

Шүкірлік Құдайыңа қылсаң, мақұл.

 

Біз – жақсыдан үмітті жамағатпыз,

Қал-қадірше құлдыққа жарамақпыз…

Қол беріп, құрақ ұшпай кісі алдында

«Раббым!» деп құбылаға қарамақпыз!

 

***

Жүрекке иман бекімей,

Шегірткеше секеңдеп,

Ол қайтеді көкімей,

Ақиқатқа жетем деп.

 

Күнәсі бар, тәуба жоқ.

Қырсық мінез, қан қатып.

Мың айтқанмен пайда жоқ

Құран сырын аңдатып.

 

Өз ойынан дін ашып

Аса қатты апшуы!..

Кеткісі бар қыр асып,

Сөккісі бар жақсыны.

 

Надан көріп басқаны

Зор көкірек – «өзім-ақ».

…Төбесінде – аспаны

Ай-жұлдызсыз божырап.

 

Адамзатты алалар,

Бөлек оның «Иесі».

Исламды жалалар,

Бұл – шариғи жүйесі.

 

Не көрінді көзіне?

Күтті көктен не сыйын?..

«Сенің дінің – өзіңе!»

«Кафирунды» оқиын.

Бисмилләһир Рахманир Рахиим!

Қул йә әййуһәл кәфируун

лә әъбуду мә тәъбудуун

уәлә әнтум ъабидуунә мә әъбуд

уәлә әнә ъабидум мә ъабәдттум

уәлә әнтум ъабидуунә мә әъбуд

ләкум диинукум уәлийә диин.

 

***

Өтті, кетті…

Өлім жетті.

Өксиді тек тірілер.

Ол кім еді?

Не тіледі? –

Көп ұзамай білінер.

Аты қалар шын ердің,

Заты қалар біреудің.

Өмір тынбас,

Аял қылмас

Бір жапырақ ұшты деп.

Жалған сөнді,

Кезі келді…

Шындық мәні күштірек!

Жан, жайыңа бара бер!

Тән орыны – қара жер!

Ғазиз басы,

Кәлимасы:

«Ля илляха иль аллаһ!»

Пәни соңы,

Бақи жолы –

Иманымен нұрланбақ!

Ол – Тәңірге оралар,

Сыр ашпайды молалар!…

Дәмі бітті,

Демі бітті

Бәрі бітті, тоқтады.

Ән тиылды,

Қан сұйылды…

Қайта жүрек соқпады!

Екі өмірге жауабы –

Жиылмаған сауабы.

Жылап жеткен,

Мынау көптен

Бір демеу жоқ, пана жоқ.

Кіл достармен,

Сырлас жармен

бақұлдасар шама жоқ.

Сен тіріңде зор болдың!..

«Өлдің Мамай – қор болдың!»

 

* * *

Әлеміш, жарқыл-жұрқыл көз алдайды,

Жанымды әрі-сәрі тез арбайды…

Жүрегім жоғалтқалы ынтызарын

Айырып әдеміні сезе алмайды.

 

Әуенге даңғыр-дұңғыр елігемін,

Жұлқынып билегім кеп желігемін.

…Бағзының баба-күйі естілгенде

Бойлауға тереңіне ерінемін.

 

Ойлауға құлықсызбын арманымды,

Тұтасып тұман буған жан-жағымды.

Кім алды санамдағы ой шуағын,

Кім бұзды кірпияздау талғамымды?

 

Жастықтың оты сөніп, шуы тынды.

Махаббат… ол да кетті, ұмытылды.

Кей кезде сопыларға ергім келер

Қастерлеп, көтер дейтін рухыңды.

 

Пәктігі бұл пейілдің күреліпті!..

Барлық жол бір тұйыққа тіреліпті.

Баяғы сүйген қыздай… өлең де – өгей,

Ол қайтсін мендей сұлық тірі өлікті?!

 

***

Таудай күнә арқалап жүргеніме қарамай,

Тозақ десе, ойыма түсетін-ді бір кісі.

Түршігетін тұла бой аты айтылса, қаралай,

Тажал болып елестеп көз алдыма түр-түсі.

 

Себеп етті халыққа төнер небір нәубатқа,

Мұны неге жаратқан Хақ Тәңірім, білмедім.

Қарғыс тиіп жатса да өзі түгіл заузатқа,

Өмір үзбей, кәпірдің созып жатыр күндерін.

 

Кәрі тарих ықылым жылдар көшін өткеріп,

Көрмеген-дүр дәл мұндай Қарынбайдың көкесін!..

Кешсем дей ме дәуренін жасын жүзге жеткеріп,

Кессем дей ме-ау, өлмейтін жын-перімен некесін?!

 

Жанға медет табылмас неше ғалам, жер-көктен,

Жанған шығар ендігі тозақтың от-шырпысы!..

Күмірә боп қалды ма деп жүр едім мен көптен,

Тағы естілді құлаққа сол найсаптың күлкісі!

Астапыралла!

 

***

Ой көзіңді ашып қара кеңірек!..

Әр сәт сайын өзгереді төңірек.

Сырттарынан сөз боратып, күндедік –

Сол жақсының осы күнде көбі жоқ.

 

Серт байлаған серідейін өлмеске,

Сағым қуған кезім түсер енді еске…

Бір жаһанды бөлісе алмай жүретін,

Жаманның да көбі кетті келмеске!

 

Ол кездерде жарқ еткен бір алмаспыз,

Қуаттымыз, мұраттымыз һәм жаспыз!

…Елу келді, екіндіге күн құлап,

Қамдан, досым, біз де мұнда қалмаспыз!..

 

***

Секунд – сырғақ, минутың – бұ да жебір,

Жұмырына жұқ болмай біраз өмір,

Бір мезеттен өтемін келесіге,

Бой бергісі келмейді бұла көңіл.

 

Көңіліңді қайтеді, өтер уақыт,

Не бағыңа жол ашып, не сорлатып…

Өткен жылдар, сендерге өкпем күшті,

Рухымды алдың деп босаңдатып.

 

Рух – жанға Алланың аманаты,

Соған сыйған өмірдің ғаламаты.

…Қайратыңды кертіген, жігерді жеп,

Жоқ екен тек уақыттың қанағаты!

ПІКІРЛЕР4
Аноним 19.03.2021 | 19:06

Шын көңілден шыққан жырлар екен.

Аноним 20.03.2021 | 11:44

Ауылды сағыныпсың… Аман бол!

Аноним 21.03.2021 | 22:34

Көп зат еске түседі.. Жұмеке деп, Жұбанға тіл тигіздірмейтін әкеміз..

Аноним 22.03.2021 | 00:16

Ага керемет журектен шыккан журекке жетеди

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір