Роза Сейілхан. Қойыңдаршы, өмірді даттамаңдар…
09.03.2021
976
2

Роза Сейілхан

* * *

Өмір сүріп жүрміз ғой,

Жалғаншылап,

Қайран төзім, бәріне алған шыдап.

Үйге жетем кешқұрым

Жұмыстан соң,

Тыныштықты шын тілеп,

Талмаусырап.

 

Өмір, өмір,

Секілді сайқымазақ,

Бір шындықты шырылдап айту азап.

Мың ақиқат ішімде булығады,

Өтірікпен үйіңе қайту азап.

 

Көріп тұрып,

Бәрінде біліп тұрып,

Отырасың амалсыз, күліп тынып,

Пендеміз ғой күтетін бір жақсылық,

Мың арманды жүретін үміт қылып.

 

Неге келдім, демеймін,

Келіп алып,

Сенбеу қандай десеңші, сеніп алып,

Жек көре алмай тұратын мінезім-ай,

Қылығынан жаманның жеріп алып.

 

Ғұмыр кешіп жүргенде

Жалғаншылап,

Көкейде тұр,

Жауапсыз қалған сұрақ,

Қалтыраған жанымды жылытса ғой,

Сәулесінен мың үміт тамған шырақ

 

* * *

Қар екен десем,

Мұз-ақ екен ғой,

Аязға шеті желінген,

Көктемнің жолы ұзақ екен ғой,

Ерте келуге ерінген.

 

Қар екен десем,

Қырау екен ғой,

Бетіне жердің себілген,

Жүрудің заңы құлау екен ғой,

Жеңіске жетер жеңілген.

 

Қар екен десем,

Ақ әлем екен,

Адалдық болып көрінген,

Отырған қыстың тағы әдемі екен,

Күмісі күн боп төгілген.

 

Қар екен десем,

Құсқанаты екен,

Шұғыла тамса еріген,

Аспанға ол да ұшпаған екен,

Алдамшы неткен өмір ең.

 

Өрік гүлі

Бұл жолы да алданды өрік гүлі,

Жыларман күй кешті жұрт көріп мұны.

Пендеауи сол дүние қашаннан да

Қалдырмаған жайына көріктіні.

 

Өрік гүлі, әттең-ай өрік гүлі,

Жемісіңді берерсің өніп түбі.

Мезгілінен шатасып қалған қардың,

Басылмады өзіңе жеріктігі.

 

Аяп кеттім бүріскен гүлін көріп,

Қара жерге кетті қар мұңын көміп.

Жан-жағына жұпарын шашып тұрып,

Аяқасты аязға ұрынды өрік.

 

Өмір неге қалды екен, далбасалап,

Жоғым сені келіппін барға санап.

Қар екені белгісіз, гүл екені,

Ақ дүние тұр, әні, арбаса қап.

 

Сәруар шақ, сән құрды сәуір тағы,

Жалғыз-жалғыз атады ауыл таңы.

Өрік гүлі сен жаққа көзім түссе,

Осы кейпің жанымды ауыртады.

 

* * *

Емеспін жалғыз,

Жалқымын бірақ,

Жанарға ойдың жалқыны құлап.

Асыл сөз терген күйімді қайтем,

Жарқырамайтын алтыны бірақ.

 

Ақиқаты жоқ мақтаудың күні,

Аяққа намыс тапталды құры.

Сені де өмір, жалықтырды ма,

Пендеңнің жасап жатқан қылығы.

 

Далада жауын құйып тұр әлі,

Жел соқты бірақ, ұйытқымады.

Осылай кейде бұлттары көктің,

Нөсер боп жерге тиіп тұрады.

 

Біздің қыс солай шығарар қылық,

Сағынып жазды тұр, амал құрып.

Қоятынын-ай, ақпанның осы,

Адамды сонша дүдәмал қылып.

 

* * *

Жалғызбын десем,

Көп екенмін ғой,

Күпірлігім үшін ұялдым.

Бармын ба десем,

Жоқ екенмін ғой,

Жоқ болсам неге сүйе алдым.

 

Адалмын десем

Өтірік кілең,

Жалғандығым үшін қысылдым.

Бір жібі кетіп сөтіліп тұр ең,

Тоқылатыныңды түсіндім.

 

Арманмын деп ем,

Қиял екенмін,

Оны да еркін ұшырдым.

Қай жаққа барып сияр екенмін,

Қолыңнан неге у ұсындың.

 

Өлдім ғой деп ем,

Тірі екенмін ғой,

Бағып  тұр бәрін жанарым,

Өзіме сыймай жүр екенмін ғой,

Несін айтасың, қарағым.

 

 

Өмір

Қойыңдаршы,

Өмірге тиіспеңдер,

Себебі онда бәрі бар не керектің.

Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер,

Бұзбаңдаршы, келбетін кереметтің.

 

Қойыңдаршы,

Өмірді сынамаңдар,

Онда білем, ой, шұңқыр бұралаң бар.

Көңілімде дегендер бір алаң бар,

Сол алаңнан шығатын мың амал бар.

 

Қойыңдаршы,

Өмірді даттамаңдар,

Тоңдырса да дауылдар, ақ борандар.

Құзырымен, Алланың жазуымен,

Өмір дейтін әлемге тап болғандар.

 

Қойыңдаршы,

Өмірге тиіспеңдер,

Керемет қой, тау, дала, мүйіс-белдер.

Өмір деген берілген бір-ақ рет,

Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер.

 

 

 

***

Әкесіз қалу –

Арманның қию қанатын,

Әкесіз қалу –

Адасу жолда баратын.

Әкесіз сүру өмірді сондай күрделі

Әкесіз жарық

Секілді  кейде қара түн.

 

Әкесіз қалу,

Өмірді сүру күдікпен,

Бастамап па едім,

Жалғанды мен де үмітпен.

Маңдайдан иіскеп, енді жоқ ешкім,

Әкесіз дүние

Бос қалатынын біліп пе ем.

 

Әкесі жоқтар

Түсінер оны түсінсе,

Әкесі барлар

Көңілді кейде түсірсе…

Алақан жайып Тәңірден дұға тіледік,

Әкелерге арнап

Жеті нан анам пісірсе.

 

Бітетін емес,

Әкеге деген сағыныш,

Өкініш ылғи,

Ішіңде дүмпу, жарылыс.

Әкесі жоқты жылыта қоймас көктемдер,

Ол жүрген жердің

Бәрі қыс әттең, бәрі қыс.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 20.03.2021 | 11:33

Рахмет! Роза…

Аноним 15.04.2021 | 12:54

Қойыңдаршы,

Өмірге тиіспеңдер,

Керемет қой, тау, дала, мүйіс-белдер.

Өмір деген берілген бір-ақ рет,

Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер. Керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір