Жауапкершілік. Мейірім. Жазу
06.03.2021
2662
3

Қалам – қасиетті. Қолына қалам ұстағанның бәрі қаламгер болуы мүмкін емес. Адамның және адамзат жасаған қоғамның мың түрлі бояуын, сенімдері мен армандарын, қайғысы мен қуанышын, жан дүниесіндегі арпалыс пен өзі де түсіндіре алмас сезім иірімін тек қаламмен ғана дәл бейнелеуге болар, бірақ әр қаламгердің өзіндік мәнері, көзқарасы, қиялы, танымы, жазу машығы мен дағдысы шығармасына әсер етпей қоймайды.

Көктемнің жаймашуақ күніндегі «Алқаның» кезекті басқосуында жазудың сыры мен сипаты жайында әңгіме өрбіді. Жиынға әртүрлі жанрда жазатын әр буын өкілдері – Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенқарақызы, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжанова, Роза Мұқанова, Жадыра Шамұратова, Анар Қабдуллина, Аягүл Мантай, Жадыра Байбұланова секілді қаламгерлеріміз қатысып, ойларын ортаға салды.

Қағаз да – ортақ, қалам да – ортақ

Қ.Ә.: Шығармашылық та, көркем шығарма да ер кісілерге де, нәзік жандыларға да ортақ. Бұл тұрғыда бөліп қарауға болмайды, әрине. Дегенмен қыздар, нәзік жандылар шығармашылығы несімен ерекшеленеді? Оқиғаның қатпарына үңілуде, ситуацияны сипаттауда, идеялық негізде анализ жасауда қыздар шығармашығында қандай қасиеттер аңғарылуы мүмкін?

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Тек қазақ әдеби әлемі емес, барлық ұлт, барлық елде әйелдер жазған шығармаға бөлек көзбен қарайтыны – тарихтан белгілі шындық. Ал біздің қазақ қаламгерлерінің жүре-бара көз қырын салатыны да өтірік емес.

Жалпы, әдебиетке нәзік жандардың араласқаны XX ғасыр ғой. Оған дейін «қылыш пен қалам – даудың құралы» деп есептеліп, әйелдерге бұл арна онша қызық та болмаса керек.

Бұл күнде қағаз да – ортақ, қалам да – ортақ, тақырып та – ортақ екені рас. Тарих бетін қатар оқып, қоғам келбетін қатар көріп келе жатқан қаламгер әйел қауымы бүгін қай тақырыпқа да қалам тартып жүр. Бірақ «е, осылар не бітіреді дейсің?» деген көзқарастан онша арылып кетпегеніміз де рас екенін мойындау қажет.

Әлі күнге Сараға Біржанмен айтысты қимай жүргендердің нәзік жандар қаламынан шыққан туындыға таңдай қағуы екіталай. Мен өз басым, шығарманы кім жазса да өз үні, өз қолтаңбасы болғанын қалар едім. Біздің замандас ағалардың өз дауысы бар. Қадыр мен Тұманбай, Жұмекен мен Мұқағали, Қасым мен Мағжан, Темірхан мен Жарасқандарды бір-бірімен шатастыру мүмкін емес қой. Олар өлеңнің соңына қол қоймаса да танимыз. Ендеше, бүгін де солай болуы керек. Фариза, Қанипа, Күләш жырлары да солай өз дауыстарымен дараланады. Мен өз қызымның өзіме тартқанын қалаймын, мысалы. Ендеше, қыздар шығармасы да «қыздың жиған жүгіндей» жинақы болып, мейірімділікпен, ана пейілімен оқырманға ой салса дер едім. Күләш Ахметова өзіндік нәзік иіріммен жүректі дір еткізетін жолдарымен ерекшеленеді. Ал көбісі қазір қазақ табиғатына алыстау, әлем поэзиясы аудармасын «шебер» деп ұсынып жатады. Одан қазақ қызының ұлттық қасиеті мен Шығыс даналығын таппайсың. Көппен араласқанда кім жазғанын айыру қиын. Бұл – менің өз пікірім. Мен әйел жанының нәзіктігі мен Ана парасатын сезінетін шығарма күтем олардан. Табиғат бізден күштірек. Оған қарсы тұрып ештеңе бітіре алмайсың.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: Көркем шығарма жазуда ер адамдар ірі турайды. Ауқымды тарихқа терең бойлайды. Ал әйел жазушылар жазу мәресіне жұқалап, майдалап сөз құрау нәтижесінде жетеді деп ойлаймын. Әңгімені ауызекі айтқандай, жеңілдігімен оқырманын жалықтырмайды. Шындығында, әрбір қаламгердің шығармасынан оның мінез-құлқын, бітім-болмысын байқауға болады. Өйткені шығармада оның жаны тұрады. Дей тұрсақ та, әйел мінезді ер адамды ер мінезді әйел адаммен шатыстырып алуыңыз да мүмкін. Мәселе автордың әйел немесе ер адам болуында емес, шығармасының сәттілігінде.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА: Бір қарағанда тіл ұшына жеңіл орала қалған сұрақтай көрінгенімен, мұның нақты, салмақты жауабы жоқ. Бар болған күннің өзінде – сан алуан. Көк пен жер түйісіп, аспан асты, жер үсті ауысып жатқанда шығармашылықтың жынысын дәл анықтау – қиын шаруа.

Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптылар» романын «мынаны әйел адам жазды» десе, сенетіндер бар. Себебі онда өзің айтқан оқиғаның сырына үңілу, ситуацияны сипаттау, үйдегі үйлесімділікті ұстап тұру, жақынға жанашырлық көрсетудің әйел мінезіне тән нюанстары басым суреттеледі. Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» хикаятын ер адам жазды деп сендіре аласыз. Тарихи кезеңнің суреті, тұрмысы, кейіпкерлердің мінез-құлқы мен тілі бағзы заманның көрінісін елестетеді.

«Ер адам шығармашылықтың алып құрылысының қаңқасын қалайды, әйел адам сол құрылыстың алаңын әдемілікпен толтырады» деген ойды санаға сіңіріп алғандықтан шығар, осындай сұрақтарға соға беретініміз, соған жауап іздейтініміз.

Мен Эрих Мария Ремаркты оқиғаны сыпайы, тәттілеу етіп баяндайтындығына қарап, әйел адам екен деп ойлайтынмын. Әңгіменің ортасына келгенде кейіпкерлері жалаңаштанады, қатал, зұлым қимылдарға барады. «Мынадайды әйел адам жүрегі шыдап қалай жазып отыр екен?» деп барып, соңына таман Эрих Марияның ер адам екенін білгенмін. Бастапқыда Марио Пьюзоны да әйел қаламгер деп қабылдағанмын. Менің түсінігімде солай ма, әлде бір шындық бар ма, ер адамдар соңында өзі жазып отырған шығармадан бір жалығуды, шаршауды байқатып қояды. Капиталистік дүниеде алғашқы басылымдары пайда әкелген соң, кейінгілері соның дақпыртымен өтіп кететініне сенімді болғандықтан шығар…

Ал Джоан Роулинг Гарри Поттерді жазғанда соңына дейін бастапқы деңгейінен түсірмеді, шығармашылықтағы перфекционистігін жоғалтпады. Бұл олардың әйел, не еркек жазушы болғандығынан ба, әлде жеке қолтаңба ерекшелігіне байланысты ма, ол жағын да кесіп-пішіп айту қиындау.

Абсолюттік шындықты жазуға келгенде ер адамдар батыл. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын», Ақберен Елгезектің «Болмай қалған балалық шағын», Нұрдәулет Ақыштың «Аласа таулар аясында» деген шығармаларын әйел қаламгер жазса, біраз оқиғалардың беті бүркемеленіп, бояу жағылып кетер еді деп ойлаймын.

Бір-біріне ұқсастықтары немесе бір-бірінен өзгешеліктері бола тұра, олар әдебиет деген кеңістіктің өрісін кеңейтуде.

Роза МҰҚАНОВА: «Шығармашылықты «ер адамдыкі», «әйел адамдыкі» деп бөлетін ұғым қалай, қай кезде қалыптасқан екен?» деп көп ойланамын. Әдебиет табалдырығын аттаған кезде-ақ осы көзқарасқа іштей келісе алмайтынмын. Өнерді жынысқа бөлуге бола ма? Өнерді ұлтқа бөлуге бола ма?

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. заманында Хассан ибн Сабит деген ақиық ақын болған екен. Алла елшісінің ерекше дұғасы мен ілтифатына кенелген, Жәбрәйіл мадақтаған шайыр болған. Осындай ғажайыбына қарамастан, Ханса оның төрт жолды өлеңінен сегіз қате тапқан. Өлең-сөздің сырына терең бойлаған сөз зергері Ханса әйел – Алла елшісін тыңдап, исламды қабылдап, пайғамбарымыздың әр сөзіне ерекше шабыттанып, ұйыған. Сол дәуірдің өзінде-ақ Ханса өзінің ерекше талантты ақын екенін мойындатқан. Бұдан шығатын ой – өлеңді әйел не еркек жазды деп бағалау әбестік. Киелі сөздің құдірет күшін жұмыр басты пендеге жеткізе алған шеберді ғана дәріптеген жөн болар еді деп ойлаймын.

Сәуле ДОСЖАН: Мен де шығармашылық жынысқа бөлінбейді деп есептеймін. Қандай туындыны болмасын әйел жазушылар да шыңына шығарып жаза алады. Бұған әлем әдебиетінде дәлел көп. Қазақ әдебиетінде де Мәриям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Қанипа Бұғыбаева, Фариза Оңғарсынова секілді ақын апайларымыз бен үлкен прозада Шәрбану Құмарова, тағы басқа әйел қаламгерлердің үлкен шоғыры, өз жолы бар. Шәрбану Бейсенова бар қазір жазып жүрген. Прозалық туындыларымен қатар драматургияда да дара стилімен танылған Роза Мұқанова жақында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Гүлнәр Өмірзақова, Хан-апамыз – Ханбибі Есенқарақызы, Ақ Жайықтың ақ шағаласы – Ақұштап Бақтыгереева апайларымыз қандай ғажап туындыларды өмірге әкелуде?.. Жастар қаншама.

Шығармаға арқау болған оқиғаға біз де ер адамдар секілді биіктен көз салып, тереңнен үңіле аламыз, Алла не береді, соны жазамыз.

Анар ҚАБДУЛЛИНА: Біздің қазір жасап жүргеніміз – таза интеллектуалды еңбек, жынысқа бөлінбейді. Шығармашылық адамы гений болуға ұмтылмаса, жазып уақытын алмағаны дұрыс. Оның миссиясы – тудыру. Туындысының деңгейі – оның интеллектуалды дәрежесінің көрсеткіші. Шығармашылық адамы өз жолын таңдаған сәттен бастап, оның өмірі ізденіспен, оқумен өтеді. Өзіне қажет деңгейде білім жинамаса, өмір бақи жаза алмай кетуі мүмкін. Бірақ оның талпынысы болғаны рас қой…

Әйел-еркек демей-ақ, шығармашылық адамы туындысын өмірге әкелудің алдында, алдымен ойында тербетеді, кеудесінде өсіріп, әбден пісіп-жетілгенше тыныштық көрмейді. Осындай бір кезеңде бұл дүниені тәрк етіп, қиял әлеміне біржола көшіп алатындар да бар. Осындай толғаныспен, толғатумен туатын дүние – адамның ақыл-ой нәрінен, генийлік талантынан жаратылған, тәнінің емес, жанының беретін жемісі. Сондықтан бұл жерде көркем шығарманы еркектікі, әйелдікі деп қалай бөле аламыз?

Әрине, кез келген көркем шығарманың деңгейі болады. Қалай болғанда да бұл – интеллектуалды еңбектің жемісі, сондықтан оның деңгейінің жоғары немесе төмен болуы – тағы да автордың дайындығы мен ізденісіне, я талантына байланысты болып келеді. Ал ер адам мен әйел адамның шығармадағы философиялық ой ағымынан немесе эмоционалдық сипатынан, көркемдік деңгейінен тағы да ешқандай айырмашылық көрмеймін.

Жадыра ШАМҰРАТОВА: Иә, «Әдебиетті жынысқа бөлудің қажеті жоқ, шығарма сапасы жағынан не жоғары, не төмен болады», – дейтіндер қарасы көп. Одан бөлек, «әйелдер жазған мәтіндерді әдебиеттің дербес саласы ретінде қарастыруға бола ма?» деген сұраққа да көзқарас әр түрлі. Мысалы, орыстарда әйел жазушылардың шығармалары арнайы талданады, әйелдер прозасын «автор – әйел», «басты кейіпкер – әйел» деп, туындының әйтеуір әйелдер тағдырымен байланысты әр түрлі аспектілерін қарастыратын арнайы зерт­теулер жасалады. Біз әлі бұған жете қойған жоқпыз. Дегенмен, «әйелдер прозасының ерекшелігі бар» дер едім. Шығармаларынан олардың өз әлемін жасау қабілеті көрінеді, оқиға көбіне әйелдердің басынан өтеді, ащы шындыққа толы адам өмірінің мәніне ой жібереді, адам жанының тазалығы мен кірленуін, өмірдің рахаты мен азабын алма стырып көрсетеді.

Әлбетте, осы тұста оқығандарың есіңе түседі. Дафна дю Морьенің бірнеше кітабын оқыдым. Британ жазушысының шеберлігіне тәнтімін. Мысалы, «Ребеккада» құпия сыр мол, «Яблоняда» сюжет қарапайым басталып, дамып, мистикаға ұласады, «Птицы» – қиялға бай, онда стилистикалық тұрғыдан тексерілген тіл бар, ал «Трактир «Ямайка» деген шығармасында «жағымды» және «жағымсыз» кейіпкерлер арасындағы контраст айқын көрінеді. «Синяя линза», «Доля секунды» әңгімелерінде сезімталдық және жеке өмірдің терең мәселелерін түсіну бар. Бір қарағанда ештеңесі жоқ, бірақ өн бойына үлкен жұмбақ жасырған (детектив элементтері бар) «Алиби» деген әңгімесі туралы өз басым ойлана берем. Жапон жазушысы Соно Аяконың романы да сондай, диалогтарына мұқият қарап, барынша сауатты, стильді, ерекше өрнекпен беруге тырысатыны қызықты. Шарлотта Бронте өзінің «Джейн Эйрінде» қаһарманның ішкі монологтары арқылы оның күрделі өмірінің барлық нюанстарын жеткізгісі келгендіктен кейде шегіне жетеді. Джейн Остиннің кей романын оқығанда әйел жазушылар үшін артық тұсын кесіп тастау қиынырақ, бәрі маңызды сияқты көріне ме деп ойлайсың.

Проза оқығанды жақсы көрем. Бала кезден Сара Мыңжасарова, Шәрбану Құмарова, Мағира Қожахметованы оқып өстік. Кейін Шәрбану Бейсенованы, Роза Мұқанованы, Айгүл Кемелбаеваны таныдық. Бүгінгі уақытта Сәуле Досжанова, Ділдар Мамырбаева, Заря Жұманова т.б. қаламгерлердің жазғаны оқырмандарға жетіп жатыр. Жазушылар қоғамдық көңіл-күйді береді, одан оны «тұтынушының қажеттілігіне» бейімделіп отыр» деуге болмайды, олар өз замандастарының өмірін және олардың не үшін алаңдайтынын өткір сезінеді. Егер осындай жазушылар болмаса, осы буынның не өткен ғасырдағы ұрпақтың күйзелістерін кім ашық айтар еді немесе ішіндегі үрейін кім жарыққа шығара алар еді?..

Оқуды Оралдан бітірдім, филология факультетінде оқығанда кураторымыз әрі орыс тілі мұғалімі Ирина Владимировнадан орыс жазушыларының атын көп естідік. Кейін Токарева, Метлицкая, Рубина, Петрушевскаялардың есімі сіңісті болып, кітаптарын оқыдық. Орыс әйел жазушылардың туындыларынан эмоционалды-бағалаушы сөздердің жоғары концентрациясы, сөйлемдер мен мәтіндердің егжей-тегжейлі жазылуы, артық қайталанулар жиі көрінеді, десе де шынайылық басым. Олардың прозасында отбасы, үй, жауапсыз махаббат басым болғандықтан, кейде оқиғалары ойыңда қалмайтын сияқты көрінетіні бар. Бірақ жас кезден көзге де, көңілге де таныс болғандықтан, авторлар бәрібір ыстық. Өйткені онда совет кезіндегі шешелеріміздің, апаларымыздың өмірі бар.

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Нәзік жанды­лар – о бастан өмірге басқаша қарайтын жаратылыс қой. Олардың шығармашылығында да осы қасиет бірден көрініс табады. Туындыларында әйелге тән нәзіктік, әсершілдік, өмірге құштарлық, албырттық астасып жатады. Кейде – отты, мінезді; кейде – мұңды, нәзік. Болмысындағы осы бір құбылмалы қасиеттер оның шығармашылығына да ерекшелік береді деп ойлаймын.

Аягүл МАНТАЙ: Әлемдік әдебиеттен ойып тұрып орын алған әйел жазушылар аз емес. Мысалы, Джейн Остин, Жорж Санд, Шарлотта Бронте, Маргарет Митчелл, Эмили Бронте, Агата Кристи…

Әйел – сезімтал, байқампаз халық, кішкентай детальға дейін мән береді. Шын мәнінде, өмірде отбасында не достар арасында, не ұжымда көбіне ұрыс-керіс болмашы кішкентай нәрседен шықпай ма? Неге ренішті ғана емес, қуанышты да кішкентай нәрседен іздемейміз? Сіз елеусіз қалдырған кішкентай деталь, бәлкім, өмірдің, бақыттың кілті шығар? Кішкентай детальды көре алсаңыз, жеңіліп тұрып, жеңіске жететін шығарсыз? Мысалы, досыңның сенің алдыңдағы кішкентай қателігін кешіре білу керек, ол сенің дұшпаныңа айналмас үшін.

Қысқасы, әйелдер прозасы кішкентай детальдан өмірлік философиялық ой айтуымен құнды.

Қалам ұстаған қыздардың тағдыры оқшау келеді

Қ.Ә.: Күнделікті тұрмыста да аналарға артылар жүктің ер адамдарға артылар міндеттен қайткенде де айырмашылығы бар. Шығармашылық лабораторияңыз туралы айтып берсеңіз? Қай кездерде, қандай сәттерде қаламыңызды қолға аласыз?

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: Бүгінде отбасылық ауыртпалықты әйелдеріміз өз міндетіне айналдырып алғандай. «Қайтсек жақсы өмір сүреміз, қайтсек балаларымызды өзгеден кем етпейміз?» деп басын тауға да, тасқа да соғады. Митингшілер де – солар. Болашағы бұлыңғыр болудан қауіптенеді. Байда мейір, кедейде пейіл жоқ кезеңде санамызды ашкөздік билеп кете ме деп қорқамын.

Ұлттық идеология болмаған жерде тұрақтылық та, тыныш өмір сүру де алдамшы елес болып көрінеді. Сөз құдіреті, сөз энергиясы ешкімге әсер етпейтін болды. Демократия демагогияға айналды. Абай айтқандай, «үкімет-зорлықтың» нағыз кемелденген кезі келген сияқты.

Шығармашылық лабораторияма келсек, мен ақын ретінде танылдым. Жасымда журналист болған соң, прозаға бейімділігім болды да, соған кеттім. Екі деректі повесть, көптеген әңгіме, эсселер жаздым. Былтыр жарық көрген он томдығымның үшеуі – поэзиялық жинақтар да, қалғандары – әр түрлі жанрлар. Тарихи-ғылыми еңбекпен айналыстым. Жарық көргеніне 100 жыл болған «Ақжол» газетін 25 том етіп халыққа ұсындым. 12 жыл уақытымды сарп еттім. Шығармаға дендеп еніп кеткенім соншалықты, адамдармен әңгімелесу барысында, осы «Ақжол» туралы айтқым келетін де тұратын «ауруға» ұшырадым. Көбіне жазған шығармаларымның әлемінен шыға алмай қалатыным бар. Дей тұрсам да, тарих пен әдебиет, ғылым, журналистика саласына қосқан үлесім үшін қуанамын.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Күнделікті тірлік әйелден басталады емес пе? Азаматы мен баласының қалай киініп үйден шыққанынан бастап әйел-ана жауапты. Қаламгер әйел жүгі – екі есе көп. Ол енді ой жүгін арқалайды. Жазуға отырарда баласы жылайды дегендей.

Менің жазуға отыратын арнайы мезгілім болған емес. Өлең ойыма бауырсақ пісіріп тұрғанда оралуы мүмкін. «Бесік тербетіп отырып өлең жазам», – дейтінім де содан.

Ал бүгін «немерелер жөргегіне жыр жазамын». Жалпы, әйел болып қалам ұстау оңай тірлік емес, қыздарым!

Роза МҰҚАНОВА: Әйел – табиғатынан ержүрек, батыл қадам жасай алатын жаратылыс. Ел басына күн туса – етегін байлап, қолына найза да ұстайды. Демек, ер адамның қолынан келгенді әйел де жасай алады. Бірақ ол көп жағдайда еріне сәжде еткендей, соның бағытына икемделіп, бағынып отырады. Табиғаты солай.

Иә, шығармашылықта жүрген қыздардың жауапкершілігі қарапайым қыздармен салыстырғанда жүз есе күрделі. Сондықтан болар, сөз өнерін пір тұтқан қыздарымыздың тағдыры – оқшау, өзгерек, мінезі де сәл басқашалау, тіпті отбасын құруға да асықпай жалғыз қалатындары болады. Шығармашылық әйел табиғаты үшін оңай емес. Жазуды ғана мансұқ етіп, өзін жазуға ғана арнаған әйелдің отбасына деген жауапкершілігі азаяды. Ол дегеніңіз отбасының берекесі кетіп, құтын қашыра бастайды. Отбасы мүшелерінің бабын жасай алмаса, қамқорлық пен мейірім көрсете алмаса, қарым-қатынас балансы бұзылады. Сондықтан жазу үшін алдымен әйел өзімен-өзі күреседі. Жауапкершілік. Мейірім. Жазу. Бір басына бір ноқта емес, үш ноқта киеді. Оның топ ортасында ойнап-күлуге, желік құрып жүруге уақыты болмайды. Өзін шектеумен ғұмыр кешеді. Бірақ жанкешті жарықтық бәріне үлгереді, «қыздың қырық жаны бар» демей ме…

Әйел – аз ұйықтайды, көп жұмыс тындырады. Қаламын күнде сүйкектетіп отырмаса да, көңіл көкжиегінде, ми қатпарында санасымен жазып жүреді. Шығармасының бас-аяғы әбден санада пісіп-жетілгенде ғана жазуға отырады. Өзін қамауға алады, аяғына тұсау салады. Тұтқынға түскендей «қашан босап шығар екенмін?» деп жанталасады. Оның ләззаты да рухани еңбегі де бейнеттен тұрады. Осы күйді місе тұтады, осы ләззәтқа алданады, арбалады.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА: Әйел табиғаты тынымсыз ағатын өзен секілді. Біреу баяу, біреу арқырап ағады. Қалай болғанда да, олар тоқтап қалғанды, бөгеліп қалғанды қаламайды. Немере бағу да – шығармашылық. Бойыңа махаббат, жылылық, жанашырлық ұялатады. Сені өздерімен бірге алға жетелейді. Мен – көп жазатындардың, өздерін үздіксіз қамшылайтындардың қатарынан емеспін, бейқамдау, маужырап жүретін адаммын. Бұдан қырық жыл бұрын, аудандық газетте қызмет істеп жүргенімде бір танысым: «Сен неге аспазшының оқуын оқымадың?» – деп сұраған. «Неге?» – дегенімде, «Екі-үш тамақтың түрін ойлап табар едің», – дегені бар. Кейде жазып отырғанымда, сол есіме түседі. Ендеше тамақ жасау да – шығармашылық. Әйел адам ұйықтаған кезінен басқа уақыттың бәрінде шығармашылықпен айналысады деп ойлаймын.

Анар ҚАБДУЛЛИНА: Иә, мен – анамын. Желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірім ұлым мен қызымның бары болашаққа деген құлшынысымды оятып, алға жетелейтін күш беретіні рас. Бұл жерде менде «ана ретінде арқама ауыр жүк артып жүрмін» деген сезім жоқ. Қайта өміріме шуақ құятын қос сәуленің бары қуаныш сыйлайды. Ал өмірдің өзі алдыңнан тосатын тұрмыстық-материалдық қиындықтарға келсек, кез келген проблеманы өзіндік білік-біліміңді, іс-тәжірибеңді дұрыс бағытта жұмсап, адамдармен қарым-қатынасты жолға қою арқылы шешуге болады. Адамның басты қаруы – ми, соны жетілдіріп, жұмсап үйренген адам өмірмен үйлесімде болады. Бастысы, әуел бастан миды қоқысқа толтырып алудан сақтануы керек.

Аягүл МАНТАЙ: Сирек жазам. Романымның жартысын Мәскеуде жаздым. «Романымды басымда әбден пісірдім» деп ойладым. Тараз қаласынан «романымды жазам» деп пәтер жалдадым. Жаза алмадым. Демек, әлі романым басымда әбден піспеген. Өзімді ешқашан қинап, жазу үстеліне отырмаймын. Еркін адаммын. Өзімнің еркіндігімді тіпті жазу үшін де шектегім келмейді. Егер өзімді қинап, жазуға отырсам, жазатынымды білем, бірақ шабытсыз дүниені қабылдай алмаймын. Өзім қабылдамаған дүниені оқырманыма ұсына алмаймын. Көбіне түнде, тыныштықта жазам.

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Әлбетте, көңілсіз сәттерде ақ қағазға ақтарыламын. «Мендегі жалғыздық – бәрімен сөйлесу және де ештеңе айта алмау…» дейтін жолдарым бар еді. Дәл сондай сәттерде менің сырласым – өлең.

Жадыра ШАМҰРАТОВА: Шығармашылық лаборатория дейтіндей әлі керемет ештеңе жаза қойған жоқпын. Кейде жүрегім ауырғанда, ішімде бір мазасыздық болғанда жазғым келеді. Жазғандарымның көңілсіздеу келетіні содан шығар.

Сәуле ДОСЖАН: «Шығармашыл әйел адамның бір қолында – қазаны, бір қолында – қаламы болады» дегендей, шығармашылықта жүрген қыз-келіншектер де өзгелер қатарлы үлкен жауапкершілікпен өмір сүреді. Өйтпесе, отбасын қалай сақтап, бала-шағасын қалай тәрбиелейді? «Ақынбыз», «жазушымыз», «өнер адамымыз» деп, отбасын құрғысы келмейтін, ер адаммен тұрғысы келмейтін, жазған бір әңгімесі мен бір өлеңін міндетсінетұғын кейбір нәзікжандылар да жоқ емес, әркімнің тағдыры шығар, әлдене деп айта алмаймын. Бірақ отбасының да берекесін кіргізіп, балаларын да тәрбиелеп, жарын да қадірлеп, қаламның да құдіретін тани алып жүрген аналарымыз көп.

Өзіме келсем, уақытымды бәріне тиімді жеткізуге тырысам. Жиырма бес жыл Парламентте, Денсаулық сақтау министрлігінде, Білім және ғылым министрлігінде әртүрлі мемлекеттік қызметте жүрдім. Бастық болған жоқпын, мен де біреудің қағазын жазып беретін «қара шаруа» істедім, алайда бәріне үлгеретінмін. Осы өміріме ризамын. Жарымды қадірледім, балаларымды шамам жеткенше жақсы тәрбиелеуге тырыстым, қазір нәтижесін көріп жүрмін, Құдайға шүкір.

Шығармашылық лабораторияға келгенде, ол тұрғыдан әр жазушының өз құпиялары болуы мүмкін. Кейде айтқың келмейтін нәрселер болады, шынын айтқанда. Көкейіме келген дүниені жазамын, соған уақыт табамын. Менде – қатаң режим. Қазіргі кезде жазып қана қою аздық етеді екен. Совет одағы тұсында жазушылар тек жазатын, кітапты таратумен, гонорар төлеумен мемлекет айналысатын. Бізге бұйырғаны – өзің жазасың, тіпті өз ақшаңа шығарып, өзің таратасың. Насихаттаумен де өзің айналысып кетесің. Қандай керемет жазсаң да, насихаттай алмасаң, елге жетпейді. Насихаты жақсы болса, жақсы кітапты ары қарай оқырмандар өздері іліп әкетеді екен, бұл тұрғыда менің оқырмандарым – адалдығымен қуантады. Барлығына рақмет айтамын.

Ұлт болып ұйысуда әйел-ананың еңбегі зор

Қ.Ә.: Өмірде қандай оқиғалар, сәттер қаламгер ретінде, адам ретінде сіздің жаныңызды тебірентіп, көңіліңізді қозғауы, қуантуы немесе мұңайтуы мүмкін? Қандай тақырыптар жиі ойландырады?

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Менің тақырыбым – Ана сыйлау, қыз жүрегінің нәзік сағынышы, ізгілік, мейірім мен махаббат. Ол менің өз жүрегімнің қалауы, өз шындығым.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: «Еуропаны бір елес кезіп жүр. Ол – коммунизм елесі» дегенді көп есітіп едік. Бұл күндері сол елес елімізді кезіп жүрген сияқты. Қандай елес екені белгісіз. Есітетініміз – «орындалайын деп жатыр», «алдағы уақытта», «болашақта» деген сөздер адамды мезі етеді екен. Оқиғалар да болып жатыр, жаныңды тебірентіп, көңіліңді шәйдай ашып, не қуантатын, не мұңайтатын сәттері жоқ.

Сәуле ДОСЖАН: Менің тақырыбымның бәрі – әлеуметтік мәселелер. Көбіне әйел­дердің жандүниесі мен халықтың бастан өткерген, өткеріп жүрген қиындықтары ойландырады.

Роза МҰҚАНОВА: Өз басым адам табиғатының құпиясына үңілгенді жақсы көремін. Бір қарағанда адамға тән дүниенің бәрі ортақ сияқты. Қуаныш, бақыт, азаттық, пендешілік, сезім, тағы-тағылар… Бірақ адамның мұнан басқа да жұмбағы бары рас. Суреткер соны іздеуі керек. Сол құпиядан – сюжет жасайсың, конфликт табасың, кульминацияға жеткізесің!

Адамдардың өмірден ерте кетпеуін бақытқа, қуанышқа балаймын. Маған жақын адам болмаса да, әлдебір пенденің өмірден озғанын естігенде құлазып жүремін. Адам – аңғал! Аңғалдығынан кінәлі болады, Адам – ақкөңіл! Көңілшек болып та күнәға батады. Адам – өзімшіл! Өзімшілдік қиянатқа бастайды. Өмірде осының бәріне есеп беріп үлгере де алмаймыз. Адам жалқы болып келеді, жалқы болып кетеді.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА: Қазіргі психолгтар: «Әйелдер еркектерден эмоция жағынан тоғыз есе артық», – дейді. Жаны бар сөз шығар. Ұлт болып ұйысуда, халық болып қалыптасуда әйел-ананың еңбегі зор. Қаламгер ретінде де, адам ретінде де қандай құбылысқа болсын енжар қарай алмайсың ғой.

Маған ғылыми тақырыптар ұнайды. Илон Маск адам ба, әлде… деп ойлаймын, кейде. Оның ой-қиялы шектеусіз ғой. Тартылыс заңының жұмбағын шешкен өзіміздің Мұхтарбай Өтелбаев, көп қуат беретін батарея ойлап тапқан Жұмабай Бәкенов, қатерлі ісікті лазермен емдеуде қолданылатын графенді ойлап тапқан Бағила Байымбетова, сынықшы – хирург Кәдірбай Садырбаевтардың өмірінен балаларға арнап тамаша әңгіме жазуға болады, меніңше.

Жадыра ШАМҰРАТОВА: Мені немқұрайлылық тақырыбы ойландырады. Журналист болып жүріп еститін, көретін, сезінетін дүниең көп болады, сонда осы өмірдегі әділетсіздіктердің бастауы немқұрайлылықта екенін түсінесің. Немқұрайлылық – бұл әділетсіздікті көрсең де көрмегенсіп, білсең де өзіңе қатысы жоқтай түр таныту, былайша айтқанда үнсіз жасалатын қылмыс деуге болады. Сонда біздің көбіміз кім болып шығамыз?

Сюгоро Ямомотоның өзіме ұнайтын әңгімесі бар. «Дом с бассейном» деп аталады. Лашықты паналап жүрген әке мен бала туралы. Әкесі өзі ештеңе істемей, жалғыз ұлын кафе-ресторандардың қалдық тамағын әкелуге жұмсайды, осылай өмір сүреді. Жалғыз ермегі – баласына екі қабатты зәулім үй туралы қияли әңгіме айту ғана. Кішкентай ұл бір күні сондай сәулетті үйі боларына, оның ішінде бассейні боларына сеніп тыңдайды Жалықпайды. Әкесінің одан басқа шаруасы жоқ, не балаға тамақ тауып берейін демейді, не қиялдағы үйді салуға әрекет қылмайды. Бір күні бала кафеден әкелген қалдық тамақтан уланып, хәл үстінде жатады. Әкесі бұл кезде де немқұрайлылық танытады. Бар қолынан келгені – ұлының көңілін аулау үшін бассейні бар үй туралы қиялды мыжып айта береді. Ұлын аман алып қалуға еш әрекет жасамайды. Әкесінің немқұрайлылығынан баласы өледі.

Кейде мына қоғам, әлем екі құлағын тас бітеп алып, меңірейіп басқа жаққа ойсыз көз салып тұрғандай көрінетіні бар, оған дүниедегі проблемалар, ойшылдардың, суретшілердің, жазушылардың ішкі әлемі қажетсіз.

Осы әрекетімен біздің еш салмағы жоқ бос кеңістік екенімізге сендіреді. Осылай өмірге деген құштарлығымызды тұман басқандай болады. Енжарлық тұла бойымызға жайылып, бос қуыршақ тәрізді болып, ақыр аяғында моральдік ұсқынсыздыққа тап болдық. Немқұрайлылықтан өрт шалып, мұз қатып жатыр. Мәселені көре тұрып елемеу қатігездіктен де жаман. Қазір барлық жерде тәртіп жоқ, салғырттық бар, бұл – диагноз, демек біз жүздеп, мыңдап… «жанның сал ауруына» шалдыққанбыз. Бәріне немқұрайлы адамдар үнсіз келісім арқылы неше түрлі сатқындыққа, қылмысқа жол ашады.

Аягүл МАНТАЙ: Фейсбукте, инстаграмда оқырмандарымнан жиі хат алам. Бір оқырманым: «Сізді оқимын, соғым сойып едік, соғым салып жіберсем», – деп жазыпты бірде. Бір апай: «Сені ылғи оқимын. Ыдыс сататын едім, саған сыйлыққа ыдыс берейін, «жоқ» демеші», – деп жазды. Бір апайдан: «Аяш, етік сататын дүкеніміз бар. Размеріңді айтшы, мекен-жайыңды жазшы, саған Мәскеуге жақсы етік салып жіберем», – деген хат алдым. Қалай қуанбайсың?! Осындай хаттар шаршап жүрген кезімде жанымды жылытады. Адамдардың бір-біріне жақсылық жасағысы келгені қуантады. Не деген мейірім! Бірақ «рақмет» айтып, ешбір сыйлықты алмадым.

Соңғы кезде елдегі көптеген қордаланған мәселелерге қарап, «ұлт боп қалыптаса алдық па?» деп жиі ойланам…

Анар ҚАБДУЛЛИНА: Елімізде қалыптасқан жағдай, әлеуметтік теңсіздіктер, қоғамда жиі орын алатын әділетсіздіктер қазір интернет қолжетімділігіне байланысты алақандағыдай көрініп тұрады. Бұған көз жұмып қарай алмайсың. Қай жанрда, қандай қалыпқа салып берсе де, қаламгер үшін дайын материал бүгінгі өмірімізде жетіп-артылуда. Детектив те, фантастика да, мистика да, басқасы да – бізде. Тек арамыздан Дж.Оруэл, Олдос Хаксли, Евгений Замятин, Рэй Брэдберилеріміз шықпай жатыр. Бұлар – өз романдары арқылы белгілі бір жүйені құруда адамдардың жіберетін қателіктерін, ол қателіктердің салдарынан орын алатын әділетсіздіктерді қолмен қойғандай көрсетіп берген жазушылар. Біз – ол қателікті жіберіп алып, қазір әділетсіздіктердің зардабын тартып отырған қоғамбыз. Батпақта батып жатып, ой адамын не қуантуы мүмкін? Шынымды айтайын, көңілімді ештеңе шынайы қуанта алмайды. Қандай тақырып ойландырады десеңіз, осындай сұр өмірдің шырмауына түскен, ойыншық болған адам тағдыры ойландырады.

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Қиын тағдырлар, қилы оқиғалар мені қатты толғандырады. Мөлдір сәттер, көлдей көңілдер қуантады.

Жазу – ақиқатпен бетпе-бет келу

Қ.Ә: Шығармашылықта қаншалықты еркінсіз?

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Өмірде де, шығармада да өтірік көлгірсуді қаламаймын. Оқырман мен ұрпақ есінде ұмытылмай жеті өлеңім қалса жетеді деген ойдамын. Бір қазақ қызы атқаруға тиіс шаруаны атқарған сияқтымын.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАЕВА: Еркіндік те, мүмкіндік те мол, бірақ еркіндіктің қажеттілігі өтіп кеткен секілді. Жазуға құштарлық жоқ. Оқырмандарымыз жеке басын күйт­теп кеткен сияқты. Қаламдастарым жайлы да осылай ойлаймын. Кітаптарымыз оқырмандарға жетпейді. Мемлекеттік тапсырыспен шығатындары баспаханадан тікелей кітапханалар мен жоғары оқу орындарының кітапханаларына жөнелтіледі. Жарық көрген кітаптарыма пікір білдірушілерді де әзірге көрмей тұрмын. Бұл – барлық қаламдастарымның басында бар нәрсе.

Роза МҰҚАНОВА: Өмірден гөрі шығармашылықта ақиқатты айтуға еркіндеу шығармын. Жазу – ақиқатпен бетпе-бет келу. Алланың алдында отырғандай күй кешу. Жалғанды ақтай алмайсың, шындықты даттай алмайсың. Ақиқатты тануға бел буасың. Ол басыңа соққы болуы да, сынға ұшыратуы да мүмкін. Сондықтан болар, адамдығың мен қаламгерлігің қиыспай, ұштаспай жатқандай көрінесің.

Сәуле ДОСЖАН: Шығармашылықта еркінмін. Кеңес одағының кезінде жазушыларда мәжбүрлі түрде цензура болды. «Abai.kz» сайтын оқып отырамын үнемі. Сонда Бердібек Соқбақбаевтың шығармаларының қаншалықты қидаланып тасталғаны, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» жазған кезде көрген қиындықтары, оны қанша мәрте баспадан шығара алмағаны, цензурадан өтпей қалғаны, шектеулерге байланысты Құнанбайды өз деңгейінде образдай алмағаны, айтқан ақиқаттарының роман желісінен алынып тасталғаны жөнінде біраз материалдар жарияланған. Ал бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қаламгерлері бақытты ғой, аса үлкен қысым жоқ. Мысалы, мен «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» атты диалогиялық қос романымды шығардым. Ешкім маған «неге сен осыны жаздың?», «айтуға болмайтын сұмдықты жазыпсың» деп қарсылық танытып, тиым салған жоқ. Керісінше, биліктің өзі кітаптардың халыққа кең тарауына, кездесулер өткізуге мүмкіндіктер жасап жатыр. «Қашқынның зары» деген әңгімемде билікте қызмет істеп жүрген азаматтың ақшаны жеп-жеп, шетелге қашып бара жатқан кездегі әкесінің қиналысын, өзінің шетелде қалай қаңғырып күнелткенін («шетелге кеткеннің бәрі керемет болады екен» деп ойламаңыздар) жаздым. Орыс тіліне аударылды. Билік тарапынан ешкім маған «Мұны неге жаздыңыз? Бізді масқара етіпсіз ғой, елдің бәрі оқып жатыр» деп айтқан жоқ. Ешкім бізге шек қоймайды, біз – еркін жазушымыз. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның азаматымыз. Кейбіреулер: «Менен басқаның бәрі өйтеді де бүйтеді. Мен әділеттімін, ешкімнің бетіне қарамаймын, мен осылай сөйлеймін», – деп жатады. Қарап отырсаң, бітіріп жатқан түктері де жоқ.

Қалаған тақырыбыңды қалауынша жазасың, қалауыңша шығып жатыр, меніңше, еркіндік деген – осы. Билік те бізге сондай қатты қысым жасап жатқан жоқ. Жазушылар одағы да «әйтеуір жазса екен» деп, барынша қолдап, көмектесуде.

Еркіндік екен деп әркімнің бетінен алып, кім көрінгенге ауыр сөз айтуға немесе басқа қаламгерлерді күстаналап, «жағымпаз», «жалпақшешей» деп айыптауға тағы болмайды. Адамды адам деп қадірлеу де – әділеттіліктің ең үлкен көрінісі. Өткенде әлеуметтік желіде: «Ақшаның иісі шыққан жерде жүретін адамнан жиіркенем», – деп жазыпты бір кісі. Жиіркенбей-ақ қой, сен бірақ жазшы. Жазсаң, оқырман көреді, ел көреді. Мен ешбір әкімнен қаржылық қолдау көрген жоқпын, мысалы. Бастысы, жаздым. Семей қасіреті хақындағы романымды, Ғалымқайыр Мұтановқа рақмет, сол тұста ректор еді: «Менің туған жерім туралы екен», – деп, ҚазҰУ баспасынан шығарып берді. Содан Семей әкімі оқып, мәслихатқа салды. Орыс тіліне аударылып, төртінші басылымы шығып жатыр қазір. Сондықтан «жұмыс істеген адамның еңбегі көрінеді, бастысы, жазыңыздар» дегім келеді.

Аягүл МАНТАЙ: Әр жазушы кейіпкерін зерттемес бұрын ең бірінші өзін зерттеуі керек. Бір журналист сұхбат барысында: «Байқағаным, сіз өзіңізді көп зерттейсіз», – деді. Рас, мен өзімді көп зерттеймін. «Еркінмін» десем, артық айтқаным емес. Өз пайымдауымша, шығармашылықта 80-85 пайыз еркінмін.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА: «Еркіндік деген – демократиялық, гуманистік өмір заңдылықтарын жүзеге асыру» десек, қоғамның өзі бұған әлі қол жеткізген жоқ. Оқырманының бағалау критерийі жоқ, жеке көңіл-күй ғана бар жерде жазушы өзін еркінмін деп ойлап қателеседі. Санамызды тұмшалаған бір цензура бар, «еркінмін» деп өтірік айтқым келмейді.

Анар ҚАБДУЛЛИНА: «Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі» дегенде, Мағжан цензураны меңзесе, мана Жадыра Шамұратова бір сөзінде айтып өткендей, қазір біздің түбімізге отыз жыл бойы жалғасқан немқұрайлылық жетіп отыр. Сондықтан қазір көп нәрседен санамыз тазарып, өзгеруі керек. Сөйтіп, өз-өзімізді тапқанда барып еркін боламыз. Мүмкін… «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым», – дегенде, Абай атамыз өз заманында көпке сөзін түсіндіре алмағанын астарлайды. Ал біз өз кезеңімізде жазғанымызды әрі қарай шығарып, таныстырып, көпшілікке тарататын механизм дамымай қалғандықтан, сол жартасқа тіреліп қала бердік. Жазғаның оқырманға жетпей жатса, үнің шықпай жатса, шығармашылықта еркін болғаның кімге керек?

Адам санасы тазарып, өзгергенде, өзін-өзі тапқанда ғана еркін болатыны рас. Бірақ біздің қазіргі жағдайда, шығармашылық үшін отбасыңды, материалдық жағдайыңды, ұстанымың мен принциптеріңді тәрк ете аласың ба? Біздің қоғам есі енді кіре бастаған балаға өз заңдылықтарын, стереотиптерін, талаптары мен тыйым-шектеулерін сіңіріп тастамай ма? Бойыңа әбден сіңген сол нәрсе – сенің шындығың. Соны шығармашылығың арқылы оқырмандарыңның миына сіңіруге тырысасың. Бұл – әділет пе? Шығармашылық еркіндікке жету үшін алдымен осылардан тазару керек-ау.

Бізде шығармашылық адамының жолы жабық тұр. Көзге көрінбейтін шідерден адымын жаза алмай отырып, «жолым ашық еді» деу – өз-өзін алдау. Жазғаны мойындалып, халықаралық әдеби премияларды алып жатса, «мен – еркінмін» деп сол кезде ғана айтуына болады. Алайда ол кезде де туған елі диктаторлық жүйенің құрсауында жатқанда, «еркінмін» деуге ары жібере қоймас. Тағдырдың қалауымен, елі еркіндік алып, демократиялық жолға түсіп, бақуатты мемлекетке айналды делік, ол кезде алдыңнан күллі адамзаттық проблема күтіп тұрады… Осылайша адам деңгейі мақсатына қол жеткізген сайын қайта ұлғая береді екен. Мұны мен емес, Хэм ағай – Эрнест Хемингуэй айтқан. Адам деген – жазған құл, жазған құлда – еркіндік жоқ.

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Шығармашылықтың бір аты еркіндік сияқты, ол болмаса, қаламгер торда отырып ән салған құстай аянышты күй кешер еді. Бұл тұрғыда өзімді толық еркінмін дей аламын.

Жадыра ШАМҰРАТОВА: Жас кезімде «адам ақыл-ой және адамгершілік жағынан неғұрлым жоғары болса, соғұрлым еркін болады» деп ойлаушы едім. Шамасы, бұл – тазалықтан, өмірге сеніп қараудан туған аңғал ой.

Қаламгер үшін жазуда еркіндікке жету – ең бастысы болу керек. Ізденістегі еркіндік бөлек, қазір жазуда шеберлікке жетуге бағытталған процестер мен оларды бекітудің жаңа әдістері мол. Ал бізге өз ішіміздегі еркіндікке жету – шарт.

Оқырман қалауын зерттеп жазу – әбестік емес

Қ.Ә: Қазір не жазып жүрсіз, алдағы уақытта не жазғыңыз келеді?

Ханбибі ЕСЕНҚАРАЕВА: Естелік эсселер мен күнделіктер.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Менің жа­сымда енді жазылатыны естеліктер ғой…

Ділдәр МАМЫРБАЕВА: Балалар жазушы­сы ретінде өркениетті әлемнің, дамыған қоғамның Бэтмен секілді супер геройын қалыптастыру анда-санда ойға қылаң береді. «Рухани жаңғыру», «Адал ұрпақ» жобасы деп сөз сапырып жатамыз. Солар шынымен игі­лікті іс болса, оның кішкентай кейіпкерлері болуы керек қой. Бэтменді, Темір адамды, Өрмекші адамның бейнесін бір көргеннен қалай танысақ, сондай заманауи кейіпкерді (Алпамыс, Қобыланды емес) өмірге әкелу – арман. Әзірше арман.

Сәуле ДОСЖАН: Биылғы «Балалар әдебиеті жылына» орай, мен де өзімнің шығармашылығымды осы арнаға арнап отырмын. Соның бастауы болып «Ауылдан шыққан миллионер» деген повесім жарық көрді. Бұл шығарма Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасында оқытылып, балалар өте жақсы қабылдауда. Оң пікірлер естіп жатырмын. Жақында халықтың ұлтжанды, ержүрек батыры Жақсылық Үшкемпіров жайындағы романымды бітірдім. Дүниеге келіп, Олимпида чемпионы атанғанына дейінгі өмірін арқау етіп, балаларға, жасөспірімдерге мотивация болса екен деген арманмен жаздым. Алдағыны Алла біледі.

Роза МҰҚАНОВА: Алла қаласа, жақын күндерде «Бопай ханым» пьесам Елорданың жаңа театрында көрсетіліп қалар. Прозаға да ат ізін бір салып, өзге формада дүние жазғым келеді.

Анар ҚАБДУЛЛИНА: «Не жазып жүрсіз, не істеп жүрсіз?» десеңіз, мен қазір көбінесе нарықтық әдебиетті жолға қоюмен айналысып жүрмін. Бұл екі-үш жыл бұрын біздің қоғамға жаңа келіп жатқан таңсық нәрсе сияқты көрінді. Кітап пен автор насихаты, кітап маркетингі деген нәрселер онша қабылданбады. Әдебиет насихатын түсінбей, бұл – «мақтау» немесе «жағымпаздық» деп таяз бәтуа шығара салатын, ал кітап маркетингін тіпті қабылдамай, «кітабын сатты, тегін бермеді» деп ренжитін еді. Мен бұл нәрсені ойдан шығарған жоқпын, Ресей мен Батыс кітап нарығын зерттеу арқылы әкелдім. О баста ақын Ербол Бейілхан екеуіміз эксперимент жасап көрмекші болғанбыз. Бірақ аяқ астынан жазушы Сәуле Досжанмен бастап кеттік. Екі жылда бұл ісіміз өз жемісін берді, Сәуле Досжан бүгінде кітабы ең сұранысқа ие жазушылардың біріне айналды. Бұл бізге баспамен жұмыс жасау, кітапты өткізу, авторлық бренд қалыптастыру, т.б. көптеген тәжірибе берді. Бұл жобаны мен әдебиеттің дамуын қолдайтын тұрақты демеушілер арқылы жасап жүрмін. Мұны атап өту маңызды, себебі көпшілікте «қаржыны қайдан алады?» деген сұрақ туындауы заңды. Енді осы жолмен қазақстандық басқа қаламгерлерге де қозғалып, тудыру ғана емес, сонымен қатар тудырған еңбегінің жемісін көруге де әрекет жасауларына болады. Шетелдік әдебиет нарығымен арада көпір салып, жаңа бағытты қолға алып жатқан әріптестеріміз бар. Мысалы, Зәуре Төрехан сынды балалар жазушысының мажар әдебиеті мен қазақ әдебиетін байланыстыруда еңбегі тайға таңба басқандай көрініп жүр. Өйткені бұл үшін әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануда. Ал белгілі ақын, аудармашы Саят Қамшыгер арқылы башқұрт әдебиетін танып қалдық. Саят «Самға» баспасымен тұрақты жұмыс жасауда. Осындай алғашқы қарлығаштарымыздың жүйелі жұмыстарының арқасында әлемдік әдебиетке де жол салынып жатқаны анық. Өз кітаптарын шығарып, сатып отырған жас жазушылар да бар. Олар қазіргі оқырман қалауын зерттеп алып барып жазады және мұндай шығармаларды оқырманға ұсынған кезде қаншалықты өтімді болатынын болжап қойған. Оларды «кітап сатуды көздейді» деп кінәлаудан аулақ болған жөн, қайта ынталы жастардың талантына сенейік. Мен өзім мұндай жобаларды қолдаймын. Байқап отырғандарыңыздай, нарықтық әдебиет ақырындап өмірімізге еніп жатыр. Егер жазушы нарықтық әдебиет жүйесін меңгеретін болса, ол көп нәрседен еркін болып, қанатын кең жаюға мүмкіншілік алар еді. Мен әдебиет сыншысы ретінде, егер тапсырыстар келіп жатса, рецензиялар жазамын. Бұл жерде жазу қиындық тудырмайды, келіп жатқан шығарманы оқу, сіңіру – маңызды. Рецензия жазғанда еш қиналмаймын, бастысы, критерийлерін сақтау, бос сөз сапырудан қашу, тақырыптан ауытқымау заңдылығын ұстанамын. Уақыт, күй талғамаймын, шабыт келуін күтпеймін.

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Анда-санда бірдеңе шимайлағаным болмаса, қазір айтарлықтай бір дүние жазып жүрген жоқпын. Қазір оқып жүрмін. Жаныма азық жинағым келеді. Махаббаттан парасатқа өтетін уақыт, бәлкім, келген шығар? Болашақта үлкен дүниелерге қалам тербесем деймін.

Аягүл МАНТАЙ: Қазір жазып жүрген романымды аяқтаған соң, тағы бір роман жазу ойымда бар.

«Алқа отырысын» жүргізген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 07.03.2021 | 20:53

Жадыра Шамұратова мен Анар Қабдуллинаның суреттері ауысып кеткен. Еліміздің жалғыз әдеби газетінде осындай салғырттыққа жол беруге бола ма?

Аноним 07.03.2021 | 22:34

Жұмыс барысында ондай-ондай болады)))
Қапаланатын ештеңе жоқ.

Аноним 13.03.2021 | 19:11

Мен оқып отырып, жазушыларысыздың суреті ауысып кеткенін байқамаппын.
Жадыра Шамұратова апамыздың немқұрайлылық мәселесі көбірек ойландырады дегені дұрыс қой. Түптеп келгенде, өмірдегі өкініштер мен көптеген келеңсіздіктер содан шықпай ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір