Мохаммад Али Джамалзаде. Ана тілдің әуезі
01.03.2021
2950
0

Мохаммад Али Джамалзаде – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі новелла жанрының, реализм бағыты мен сатиралық жанрдың негізін қалаған жазушы, аудармашы. Ол 1892 жылы Иранның Исфаһан қаласында дүниеге келіп, 1997 жылы Швейцарияның Женева қаласында 105 жасқа келіп, қайтыс болды.

Жазушы прозаны ауызекі сөйлеу тіліне жақындатуға күш салды. Джамалзаденің шеберлігі мен танымалдығы көбінесе осы ерекшелігіне байланысты.

1965 жылы Джамалзаде Нобель сыйлығына ұсынылды. Иранның проза жанрында жаңа тәсіл қалыптастырып, қысқа әңгіме жазу үдерісін таратқан Джамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд» (Ерте, ерте, ертеде…) әңгімелер жинағының 1921 жылы Берлинде жарыққа шығуымен, сондай-ақ, 1937 жылы поэзияда Нима Йушидждің «Ғоғнос» (Жалынқұс) поэмасымен Иранда жаңа дәуір әдебиеті (1921-2011) басталды. Бұл әңгіме жазылуынан жүз жыл өткен соң қазақ тіліне алғаш аударылды.

***

 Әлемнің еш жерінде жазықсыз бен жазықтыны, бейкүнә мен күнәһарды Ирандағыдай бірдей жазаламайды. Бес жылғы сандалыс пен қиындықтардан кейін көзім кеменің үстінен Иранның пәк жеріне әлі түсіп үлгермей жатып, өлген шегірткені қоршап алатын құмырсқаларша кемені айналып, жолаушыларды жан алқымға алған Анзали қайықшыларының «Баламжан, баламжан» деп гилакише әндеткен дауыстары құлағыма жетті. Бірнеше ескекші мен қайықшы және жүк тасушының қармағына бір-бір жолаушыдан түстік.

Бірақ менің хәлім басқалардан мүшкіл болды. Себебі өзгелер тоқпақтың күшімен де дорбаларының бауын шешпейтін, жандарын Әзірейілге берсе де, ақшаларының түсін ешкімге көрсетпейтін, көбінесе ұзын шапанды, тепел қалпақты Баку мен Рәшттың кәсіпкерлері еді.

Еуропадан бері басымнан тастамай киіп жүрген «леген» телпегімді ауыстыратын мұрсатым болмаған мен бейбақты бейшаралар «қажының ұлы», «жіліктің майлы басы» деп ойлап: «Қожайын, қожайын…», – деп айналамды қоршап, асай-мүсейімінің әр бөлшегі он жүк тасушы мен ынсапсыз он бес қайықшының тартысына айналды. Бас-аяғы белгісіз, себепсіз айғай-шу шығып, қатты қышқырық естілді. Мен қайран қалып, ауызым ашылып, мына талан-тараждың шеңгелінен жағамды қандай айламен босатуды, олардың тұзағынан қалай сытылып шығуды ойлап тұрғанда саптың арасы ашылып, мойындары ырғайдай, өздері Мүңкір-Нәңкірдей паспорт тексеруші қырсық, қыңыр екі қызметкер үстеріне қызыл киім киген, қалпақтарына арыстан мен күннің суреті салынған, қабақтары қату, сақалдары аштық пен ашаршылықтың байрағындай самайларына дейін жеткен, орақтай мұрттарын теңіздің желі қозғалтқан бірнеше күзетшімен менің қарсы алдымнан адамның жүзін сарғайтып көрсететін қисық айнадай пайда бола кетті.

Көздері паспортыма түсе салысымен шаһқа оқ тигені туралы хабар немесе Әзірейілдің мойынсұнғыш бұйрығы қолдарына жеткендей таң қалып, еріндері жыбырлап, бастарын изеп, құлақтарын қозғалтып, тесіле қарап, Теһранның жігіттері айтпақшы, шапан тігетіндей үсті-басымды бірнеше рет бастан-аяқ сүзіп, өлшеп-пішіп, соңында біреуі: «Қалай сонда? Сіз ирандықсыз ба?» – деп сұрады.

«Қызық сұрақ қойдыңыз-ау! Қай жерлік болғанымды қалайсыз? Әрине, ирандықпын. Жеті атам да ирандық болған. Сангеладж мәхаллесінде ақ маңдай сиыр сияқты Пирғоламыңды танымайтын адам жоқ!» – дедім.

Алайда кеденші бұл сөзді түсінбеді. Бір «шаһи» мен жүз динармен істің бітпейтінін ұқтым. Күзетшілерге тінтіп, тиісті тексеріс жасау үшін тез арада мені құрықтауды бұйырды. Мойын орауыштың қызметін атқаратын сақалының арасынан ағаш түтікшесінің жартысы семсердің сабы сияқты сыртқа шығып тұрған күзетшілердің бірі мені ұстап алған соң: «Түс алдыға!» – деді. Жағдайды байқаған менің жүрегім шайлығып қалды. Алғашқыдағы айғайлап, ойбайға басып, тіпті паңданғым келгені жайына қалып, оның енді іске аспайтынын көріп, ақылға келуді жөн санадым.

Құдай еш кәпірдің күнін күзетші қауымына түсірмесін!

Мына атаңа нәлеттердің бір сәтте басымды қандай пәлеге душар ететінін білдім. Олардың қолынан құтқарып қалған нәрсемнің бірі еуропалық телпегім, екіншісі иманым болса, екеуі де іске жарамады. Көзді ашып-жұмғанша олар ақтарып, босатпаған қалта, қолтық пен тесік қалмады.

Олар өздерінің міндеттерін дұрыс орындағанына сенімді болған соң мені Анзалидің жағалауында орналасқан Кеденнің артындағы қараңғы абақтыға тастады. Қабірдің алғашқы түні де бұдан жарық болар. Есігі мен қабырғасына өрмекшілер тор құрыпты. Күзетшілер есікті сыртынан жауып, мені бір Құдайға тапсырып, өздері кетіп қалды.

Кемеден түскен соң қайыққа мініп, жағаға жүзіп келе жатқанда жолаушылар мен қайықшылардың сөзінен ақырындап түсінгенім, Теһранда шаһ пен Мәжілістің арасында алауыздық пайда болыпты. Ұстау, қамау қайта басталып, жолаушылардың қатынауына ерекше мән беру туралы орталықтан жарлық шығарылғанын естідім. Мына құрықтау мен тұтқындаудың себебі содан екені белгілі болды.

Сол күні таңертең осы қызметке Рәшттан арнайы келген төтенше қызметкер өзінің жұмысты жақсы істейтінін, қызметке лайықтығы мен тағы басқа біліктілігін көрсеткісі келіп, бейкүнә мен күнәһарды бірге қамап, қорғансыз халыққа құтырған ит сияқты шабуыл жасап, бейшара әкімнің екі аяғын бір етікке тығып, Анзали билігінен өзіне негіз дайындауға кірісті. Қалаға енген сәттен бастап оның жұмысының есебі Анзалидің телеграф сымынан Теһранға минут сайын хабарланып отырды.

Алғашында ашулы болғаным сондай, біраз уақытқа дейін көзім мүлде ештеңе көрмеді. Бірақ біртіндеп, зынданның қараңғылығына үйренгенде ішінде менен басқа да адамдардың бар екенін түсіндім.

Көзім алдымен қиямет-қайымға дейін Иранда талғамсыздық пен сауатсыздықтың үлгісі мен белгісі болып қалатын, шүбәсіз, жүз жылдан соң да әрекет қылықтары Иран театрларының көрермендерін күлкіден ішек-сілелерін қатыратын еуропалықтарға еліктегіштердің біріне түсті.

Жейдесінің жағасы самауырдың құбырындай қоңқиған еуропалық стильдегі мырза текшенің үстінде, ала көлеңкеде ынты-шынтымен кітап оқып отыр екен. Мойнындағы бұғаудай жағасының қысқанын да елемейтін тәрізді.

Алға жүріп, әлгіге бәрі білетін «Бонжур, месье!» – деп: «Бізде де жаға бар», – демекші едім, абақтының бір бұрышынан шыққан ысқырықтың дыбысы назарымды сол жаққа аударды.

Әдепкіде көмір салынған қаптың үстінде оралып алып, ұйықтап жатқан жүні жылтыраған ақ мысық екен деп ойладым. Бірақ қателесіппін. Медресенің әдеті бойынша екі тізесін құшақтап, жүрелеп, шапанына оранып отырған шейх екен. Жүні жылтыраған ақ мысық дегенім ашылып-шашылған сәлдесі болып шықты. Ысқырық деп естігенім оның тілеген дұғасы екен.

Сонымен құрықталған адам үшеу болып шықтық. Осы санды жақсылыққа жорып, жолдастармен сөз бастамақ болдым. Бір-біріміздің мәселемізден хабардар болған соң, бәлкім, бір шара табармыз деп ойлауым мұң екен, кенет зынданның есігі ашылып, қатты айғай-шумен киіз қалпақты сорлы бір жас жігітті түрменің ішіне итеріп кіргізді. Есік тез қайта жабылып қалды.

Рәшттан арнайы келген қызметкер Анзали тұрғындарын қорқыту үшін мына бейкүнә бейшараны бірнеше жыл бұрын «конституциялық толқулар мен озбырлықтың дабырының басында кавказдық бір адамға жалшылық етті» деген айыппен абақтыға тастапты.

Жаңадан түскен жігіт күрсіну мен зарлаудың, жасты шылаудың дертке дауа болмайтынын түсінген соң, көзін лас шапанының етегіне сүртіп, қарауылдың да есіктің артында жоқ екенін көрген кезде Иран жерінің аста-төк Горгаб қауыны мен Һакан темекісіндей ұзақ-сонар балағатпен ананың да, мынаның да ата-бабасын сыбады. Жалаңаш аяғымен есік пен қабырғаны екі-үш рет теуіп жіберді. Түрменің есігі қаншалықты шірік болса да қарауылдың жүрегінен қаттырақ екенін көріп, мойынсұнған күйде жерге түкіріп, түрменің кеңістігіне көзін қадағанда жалғыз еместігін аңдады. Ол үшін мен «еуропалық» болдым. Менен пайда жоқ. Еуропалықтарға еліктегіштен де үміттенбеді. Сол себепті аяғын аңдап басып, шейх мырза жаққа беттеп, оған біраз тесіле қарап тұрды да дауысы дірілдеп: «Шейх мырза! Өтінемін, айтыңызшы. Менің күнәм не сонда?» – деді.

Бұл сөзді естіген шейх мырзаның орамалы бір тұтам бұлт сияқты баяу қозғалып, соның арасынан екі көзі көрінді. Киіз қалпақтыға самарқау көз тастап, көздің астында болуы керек болғанымен, дұрыс көрінбеген «дыбыс тесігінен» мына сөздер бәсең, байыппен, дегенмен соншалықты сенімді екпінмен естілді: «Мүмін! Бүлікшіл нәпсінің тізгінін ашу мен долылыққа ұстатпа!». «Сондай-ақ, олар ашуды жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер».

Киіз қалпақты сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Себебі шейх мырзаның арапшасынан тек «Каземин»-ашуын жеңушілер» сөзін ғана ұғып: «Жоқ, мырза, нөкеріңіздің есімі «Казем» емес, Рамазан. Айтайын дегенім… Әттең, тым болмағанда бізді неліктен бұл жерге тірідей көрге тастағанын білсек қой», – деді.

Бұл жолы да баяғы салмақтылықпен әлгі қасиетті ауыздан парсышаға арапша араластырған сөз шықты: «Алла сізге сауап жазсын, мүмін! Сіз мына дұға тілеушінің ойын айтып отырсыз. Сабыр – кез келген қиындықтың кілті. Мұндай жағдайда жақын арада бізді қамағанның себебі белгілі болады деген үміт бар. Ерте ме, кеш пе, бізге қазір беймәлім анықталып, құлағымызға жетеді. Күту кезіндегі ең жақсы тәсіл, ең тиімді іс – Жаратушыны еске алу. Қалай болғанда да, оны мадақтау – ғамалдың ең жақсысы».

Шейх мырзаның «тәтті» парсы тілінен дым түсінбеген бейшара Рамазан «ол жындар туралы айтып тұр ма немесе дұға оқып, дуалаумен айналысып жатыр ма» деп ойлағандықтан, бет-әлпетінен қорқыныш пен үрей табы сезіліп, ернінің ұшымен пісімілләсін айтып, біртіндеп шегіншектей бастады. Сөйлегенде мүбәрәк тіс қуысы менмұндалаған шейх мырза қызды-қыздымен ешкімге тікелей арнамастан, көзін қабырғаның бір бұрышына қадап, танымал қырағатымен сөзін жалғастырып: «Бәлкім, құрықтау ізгі ниетпен немесе тіпті абайсыз жүзеге асырылған шығар. Сол себепті басталған іс қысқа уақытта аяқталса деп тілеймін. Мүмкін мені ұмытып, дәрежем мен деңгейіме қарамастан өте нашар жағдайда біртіндеп жойылуға қалдырар. Сондықтан кез келген мүмкін тәсілмен – басқалардың ара ағайындығымен немесе делдалсыз, жазбаша, ауызша, ашық немесе құпия түрде үлкен басшылардан көмек сұрауымыз керек. Шәксіз, қатты талпыныс жасайтын адамның мақсатына жететіні анық. Біз де талабымызға жетіп, тал түстегі күн сияқты толық әрі анық ақталайық», – деді.

Рамазан бейшара қатты қорқып, ақырындап абақтының ана басынан мына басына барып, қояншық ауруына шалдыққандай шейх мырзаға алақтап қарап, ернінің ұшымен «шайтанға лағынет» деп қайталап, өзінің долбарымен «Аят әл-Күрсиге» ұқсас бірнәрсе оқып, басынан айналдырып, үшкірді. Қараңғылық та сейілмей, қорыққаннан көзіне қос көрініп, үрейден өті жарылуға шақ қалды.

Қатты жаным ашыды. Шейх ауызына іш жүргізетін дәрі салып алғандай, өзі сияқты молдалар айтпақшы, мылжыңға басып, қоятын емес: жеңінен шынтағына дейін сыртқа шыққан мүбәрәк қолының жүндестігі сондай, теңеуіме кешірім өтінемін, қойдың сирағынан аумайды екен. Шапанын тізесінен артқа қарай жиырып, әлгі жазықсыз қабырғадан қатаң, отты жанарын алмастан, оғаш қозғалысымен, кейде өте ауыр сөздермен өзі жоқ паспорт тексерушіні айыптап, оған хат жазғысы келгендей, тіркестерінің әрбіреуі мұсылманның үйіне бөтен әйелдің баруын харам көрсету үшін жеткілікті болған, «пасық», «тексіз», «ойы бұзық», «шарапқұмар», «намазды тастаған», «дінсіз», «ата-анасының қарғысына ұшыраған», «некесіз туған шата» сияқты жүзден біреуі де есімде қалмаған тағы басқа көп атауды үсті-үстіне төпелетті.

Бір кезде байсалды қалыпқа түсіп, тынышталып, қапаланып, ғалымдар мен пәк шариғат қызметшілеріне көңіл бөлінбейтінін, оларға сәт сайын қайталанатын қорлық пен кемсітушілік, дүниәуи және ақыреттік теріс салдарлардың сипаттамасына тоқталып, бірте-бірте уағызға толы мәлімдемелері мен сөздері араласып, шатасып кеткені сондай, Рамазанды айтпағанда, Рамазанның атасының да одан бір ауыз сөз түсінуі мүмкін емес еді. Тіпті, арапша білетінімді мақтанып, қаншама жыл өмірімді оқу атымен таңертеңнен кешке дейін арап тіліндегі масдарларды, есімшелер мен етістіктерді жаттап, жастық шағымның жартысын арап сөздерінің ілік септігінде өзгеруін үйренуге арнаған, негізгі етіс пен ырықсыз етістің барлық түрленуін меңгерген мына нөкеріңіздің өзі шейх мырзаның сөзінен дәнеме ұқпадым.

Осы уақыт ішінде еуропалықтарға еліктегіш баяғы текшенің үстінде тұнжыраған күйде кітабын беріліп оқумен болды. Төңірегіндегілермен ісі жоқ, тек өзімен-өзі. Кейде ернін жыбырлатып, аузының айналасындағы шаян тәрізді екі мұртының бірінің ұшын тістеп, шайнап қояды. Әрегідік сағатына көз салады. Сүт пен кофенің уақыты таяғанын білгісі келетін сыңайлы.

 Біреуге мұңын шақпақ болған соры қалың Рамазан шейхтен қайыр болмаған соң, шараны бірегей санап, тәуекелге бел буып, нан сұрау үшін өгей шешеге тілемсектенетін қарны аш бала сияқты еуропалықтарға еліктегіштің қасына барып, діріл аралас жұмсақ үнмен сәлемдесіп:

«Мырза, Құдайдың атымен өтінемін, кешіріңіз. Біз кедей бейшаралар ештеңені түсінбейміз. Шейх мырза жынмен сөйлесетін, біздің тілімізді ұқпайтын арап екен. Бізді мына өлім зынданына не үшін тастағанын айта аласыз ба?» – деді.

Бұл сөзді естіген еуропалықтарға еліктегіш мырза текшеден түсіп, кітабын бүктеп, пальтосының кең қалтасына тығып, күлімсіреген жүзбен Рамазанға қарай бет алып, «бауырым, бауырымдап» қолын созып, амандаспақ болды. Рамазан мәселенің байыбына бара алмай, артқа шегіншектеген соң мырзаның да қолын мұртына қарай апарудан басқа амалы қалмады. Екінші қолын да іске қосып, екеуін кеудесіне қатар қойып, қос бас бармағын кеудешесінің жеңіндегі тесікке салып, қалған сегіз саусағымен крахмалданған жейдесін ұрғылап, өзгеше диалектіде: «Уа, дос, ғазиз отандас! Бізді неге мұнда қамады? Мен де ұзақ сағат бойы «өз басымды қазбалағаныммен», абсолютті түрде не оң, не теріс ештеңе таппаймын.

Дипломы бар, ең жақсы отбасынан шыққан жігітті бір іс үшін ұстап, оған ең пәс адамдай қатынас жасағандары өте күлкілі емес пе? Бірақ мың жылдық озбырлық пен заңсыздық және соның нәтижесі болып табылатын арбитрдің таңқаларлық ештеңесі жоқ. Өзін конституционалист деп атайтынын мақтан тұтатын елде халықтың ешқайсына зұлымдық жасалмауы үшін заңды трибуналдары болуы керек. Менің сорлы бауырым! Сіз олай деп ойламайсыз ба?» – деп сұрады.

Рамазан бейшарада мұндай жоғары ойды түсінетін ақыл қайдан болсын? Еуропаша сөздерді айтпағанда, мәселен, «басты қазу» дегеннің француз тілінен сөзбе-сөз аударғанда «ойлану» деген мағынада екенін қалай түсінсін? Парсы тілінде оның орнына «Өзімді қанша өлтірсем де» немесе «Басымды қабырғаға қанша ұрсам да» деп айтады. «Райият-бодан», «золм-езіп-жаншу» деген сөздерді естіген Рамазан өзінің азғана ақылымен ішінен еуропалықтарға еліктегіш оны қожайыны тарапынан зұлымдыққа ұшыраған құл деп ойлады екен деп: «Жоқ, мырза мен құл емеспін. Кеденнен жиырма қадам жердегі кофеханада даяшымын», – деді.

Мьсе мырза иығын жоғары көтеріп, сегіз саусағымен кеудесін тарсылдатып, ысқырған күйде адымдап, Рамазанды елеместен өз қиялын жалғастырып: «Эволюциясыз революция туралы ойлау ақылға сыймайтын нәрсе! Біз, жастар алдымызға мақсат қойып, халыққа жетекшілік етуіміз керек. Мен осы тақырып туралы көлемді мақала жаздым. Бұлтартпас нақтылықпен ешкімнің басқаларға иек артуға батылы жетпейтінін дәлелдедім. Әркім өз позитивінің мөлшеріндей отанға қызмет етуі керек. Әркім өз тағдырын анықтап алуы керек. Дамудың жолы осы! Бізге декаданс қауіп төндіріп тұр. Бірақ бақытсыздыққа қарай, біздің сөзіміз адамдарға әсер етпейді. Бұл жөнінде Ламартин жақсы айтқан…» – деді.

«Философ мырза» француздың бір өлеңін оқымақ болды. Бір ғажабы, мен оны бұрын бір рет естіген едім және оның француз ақыны Виктор Гюгоға тиесілігін, Ламартинге ешқандай қатысы жоқ екенін білдім.

Жат, бейтаныс сөздерді естіген Рамазан қатты қорқып, жүгірген күйде зынданның есігіне барып, зарлап, айғайлап, жылай бастады. Көп күттірмей-ақ, есіктің артынан былапыт сөз естілді. Оның қасында шейхтің екпіні айналайын екен:

«Сорлы! Шырылдайтындай дертің не? Әлде сені біреу бір жеріңнен тартып жатыр ма? Бұл не қылған айғай-шу? Егер қиғылық салып, қышқыруды қоймасаң, ауызыңды тұмылдырықпен бууға бұйырамын!» – деді.

Рамазан тауы шағылып, мойыған күйде әлсіз үнмен жалынып, жалбарынуға көшті: «Уа, мұсылмандар! Менің күнәм не? Кінәлі болсам, шыбықпен ұрсын. Үстіме «Аджин шамын» жақсын. Бірақ, өтінемін! Мені абақтыдан шығарып, мына жындылар мен жын соққандардан құтқарыңдаршы! Ақылдан адасып барамын. Мені үш адаммен көрге қамадыңдар: біреуі – бастан аяқ еуропалық. Адам егер оның бетіне қараса, құн төлеуі керек сияқты. Сұсты байғыздай ана шетте тұрып алып, көзімен адамды ішіп-жеп барады. Келесі екеуінің де бір сөзін адам түсінбейді. Екеуін де жын соққан. Егер арам ойға кетіп, мен бейшараны тұншықтырып тастаса, Құдайға кім жауап береді?» – деді.

Бейбақ Рамазан тілден қалды. Тамағына өксік тығылып, булығып, жылауға көшті. Есіктің сыртынан тағы сол дөрекі дауыс естіліп, Рамазанның жаралы жүрегін балағатпен төпеледі.

Оған қатты жаным ашыды. Қасына барып, иығына қолымды қойып: «Ұлым! Мен қайдағы еуропалықпын? Еуропалыққа ұқсастырғанның бәрі құрып кетсін! Мен ирандықпын. Сенің бауырыңмын! Неліктен жігеріңді жасыттың? Соншама не болды? Сен жігітсің. Неге күйгелектеніп кеттің?» – дедім.

Рамазан менің шынымен парсыша түсінетінімді көре салысымен қолыма жармасып, сүйе бастады. Қазір сүймегенде енді қашан сүйеді?! Есі шығып, бүкіл әлемді қолына ұстатқандай елжіреп: «Ауызыңың құрбаны болайын! Сен періштесің! Мені құтқарсын деп Құдай сені өзі жіберді», – деп қайталай берді.

–      Ұлым! Сабыр сақта! Мен ешқандай періште емеспін. Өзімнің адам екеніме де күмәнім бар. Еркек деген батыл болуы керек. Не үшін жылайсың? Егер жолдастарың естісе, мазаққа айналдырады. Кейін құтылу қиын болады.

–      Сенің барлық қайғы, тауқыметің мына жындыларға өтсін! Қорыққаннан өле жаздадым. Жындылардың бір сөз түсінбейтінін, тек жын соққандарша сөйлегенін көрдің ғой?

–      Бауырым! Бұларды жын да соқпаған, жынды да емес: ирандықтар, біздің отандастарымыз.

Мұны естіген Рамазан менің де есім ауысып бара жатыр деп ойлап, қарқылдап, күлкіге басты: «Мырза, енді сіз де мені келекеге айналдырмаңызшы. Егер бұлар ирандық болса, неліктен бір сөзі де адамның тіліне ұқсамайтын тілдерде сөйлейді?».

«Рамазан, бұлардың сөйлеп тұрғандары да парсы тілі, бірақ…» – дедім.

Рамазанның сенбей тұрғаны мәлім болды. Сенбеуге құқығы да бар, тіпті жүз жылдан кейін де сене алмас еді. Мен де еңбегімнің зая екенін біліп, енді басқа жақтан сөйлемек болдым. Кенет абақтының есігі ашылып, қарауыл ішке бас сұғып: «Я, Алла! Менің сүйіншімді беріңдер де Құдайдың амандығында болыңдар. Бәрін азатсыңдар!» – деді

Бұл сөзді естіген Рамазан қуанудың орнына маған жабысып, етегіме оралып: «Мен білемін. Бұлар жендеттің қолына бір бұйрық бергісі келгенде осылай дейді. Уа, Құдай! Бізге өзің жар бола гөр!» – деді.

Бірақ, Рамазанның қорқынышы мен дірілдеуі себепсіз екен. Паспорт тексеретін таңертеңгі қызметкер ауысып, оның орнына Рәшт қаласының билігіне үміткер, өте салмақты басқа адам келіпті. Таңертеңгі қызметкер иіргенді кешкі қызметкер тарқататын болса, оның Анзалиге жеткен соң жасаған бірінші ісі бізді босатты.

Құдайға шүкіршілік білдіріп, абақтының есігінен сыртқа шығайық дегенде сөз саптасы мен сыңай, сықпытынан Хой мен Салмастың тұрғыны екені мәлім болған бір жігітті таңертеңгі сақшылар түрме жаққа әкеле жатты.

Бұл жігіт те өзгеше парсышасымен өзін қорғап, жұртқа жалынып, олардың сөзіне құлақ асуына үміттенді. Кейін түсіндім, диалектісі Ыстамбұлдан әкелген «сыйы» екен.

Рамазан оған көз тастап, қатты таңырқап: «Пісіміллә! Міне, тағы біреу! Уа, Құдай! Бүгін ақымақ пен жындының бәрін осында жіберіп жатырсың. Бергеніңе де, бермегеніңе де шүкір!» – деді.

Оған: «Бұл да ирандық, тілі парсы» деп айтқым келгенімен, келемеждеді деп ойлап, көңілі қалар дедім де, тілімді тістей қойдым. Бекзат жүзімнен ештеңе білдіртпедім. Рәштқа баратын пәуеске іздеп, бірнеше минуттан кейін шейх мырза мен еуропалықтарға еліктегішпен бірге көлік тапқан соң жолға түсіп бара жатқанда, Рамазан бізді қуып жетіп, менің қолыма орамалға түйген бір уыс «аджил»-жаңғақ ұстатып, құлағыма сыбырлады: «Кешіріңіз, батылдық танытқаныма. Бірақ, мыналардың жындылығы сізге де әсер еткен сыңайлы. Құдай сақтасын, бұлармен сапарлас болуға қалай батылыңыз жетті?» – деді.

Оған: «Рамазан мен сен сияқты қорқақ емеспін», – дедім.

 «Құдай жар болсын! Бұлардың тілін түсінбей жатсаңыз, «аджил» жеп, нөкеріңізді еске алыңыз», – деді. Пәуескешінің қамшысы жоғары көтеріліп, жолға түстік. Достардың болмағаны өкінішті. Сапарымыз өте қызық болды. Әсіресе орта жолда паспорт тексерушінің атшабармен бірге Анзали жаққа бара жатқанын көргенде күлкіге басқанымыз соншалық, тіпті ішегіміз түйіліп қала жаздады.

Парсы тілінен

аударған

Айнаш Қасым

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір