Темірхан Медетбек. Сертке берік мәрт ақындар
01.03.2021
1218
0

…Құдайға шүкір, Маңғыстауда сөз түсінетін, сөздің қадірін білетін інілерім баршылық. Бірақ олардың бәрін жеке тізіп атап шығу міндет те емес, мақсат та емес. Солардың ішінде екі талантты інім – Светқали Нұржан мен Сабыр Адайға тоқталмай кетсем, онда мен оны өзіме тағылар кінә ғана емес, өзімді айыптар күнә дер едім.

Светқали мен Сабырды бүгінгі таңдағы қазақ поэзиясының еңсесі биік, өркені жайылған, өрісі кең айтулы ақындары десем, менің бұл сөзімді ешкім де жоққа шығара алмас еді.

Светқали Нұржан

Бір күні маған өзім бұрыннан білетін, облысқа аты-жөні белгілі құрылысшы (қазір есімі ойыма түспей отыр) бір азамат бір топ өлеңдер алып келді. «Менің туған ағамның баласы, яғни Светқали деген мына тұрған інімнің өлеңдері», – деп шағын денелі, бұйра бас бозбаланы меңзеді. Бала болса да адамға шаншылып тік қарайды екен. Оқып көрсем, көңіліме қонып тұр. «Соны саған көрсетейін деп алып келіп едім. Қарарсың», – деді. «Жақсы, қарап көрейін», – деп алып қалдым. Өзі әлі мектепте оқиды екен. Сонда да, «балғын бозбала не жаза қойсын?» деп көз жүгірте бастап ем, ақынның өлеңдердегі сөз саптауы мен туындылардың жүйелі де жүйрік құрылымы мені еріксіз қадалтып, қайта оқытты. Мен сол өлеңдерден төрт-бес өлеңді таңдап алып, бірден «Лениншіл жас» газетіне шағын таныстыру сөз жазып, салып жібердім. Обалы не керек, газеттің бөлімінде отырған жақсы шығармаға жаны құмар жігіттер көпке ұзатпай жариялады да жіберді. Сөйтіп, он жеті жастағы Светқали жырларының тұсауы кесілді.

Мен оны бірақ ұзақ уақыт көрмей кеттім. Сырттай естіп жүрдім. Мектеп бітірген соң ҚазМу-ге түскен. Газет-журналдарда сирек те болса жарияланып, толысып келе жатқанына іштей қуанып, марқайып жүрдім.

Светқали оқу бітіргеннен кейін біз құсап, Алматының көшелерін кезіп, әр босағаны сағаламай бірден елге оралды. Әкесі – жылқышы. Жылқышылар әдетте, елден бөлегірек ен далада емін-еркін жүреді ғой. Оларда салқамдық, салдық мінез болады. Сол еркіндікте өскен Светқали қалай ғана Алматыдағы қуықтай тар пәтерге сыя қойсын. Сондықтан оның оқу бітіргеннен кейін Алматыға бір күн де аялдамай, бірден Маңғыстаудың маң даласына қайтуын әбден түсінуге болады.

Бара-бара жақын араласып кеттік. Әкесі де сөзге жүйрік кісі екен. Еркін сөйлейді, еркін көсіледі. Кілең ат үстінде өсіп-өнген адамның дүниеге де өзгеше қарайтыны, яғни ат үстінен оқшау қарайтыны белгілі ғой. «Әке көрген – оқ жонар» деген рас. Светқали бойындағы дүниеге еркін ғана емес, ат үстінен оқшау қарап сөйлейтін мінезді сол әкеден сіңген қасиет деп ұққан жөн.

Оның өлеңдерінің құйындата құбыла, құйғыта жөңкіген ағыны мен арыны сені де қиыр алысқа алып бара жатады.

Әрине, Светқали әдебиетке келген бойда бірден ағынды арынға түсе қойған жоқ. Ол алдымен «Қараймын тал бүршігін таңда тұрып, бір өлең жасырынып қалды ма деп» айнала тіршілікке үңіле қарап, «Қар-бұлттардың астында ай жатыр-ау, қасқырларға құрылған қақпан құсап», – деп алып, сонан кейін «Ай жатыр әудем жерде – алты қанат ақ үйдің орнындай көшіп кеткен»… – деген сияқты керемет суреттер салып барып, бірте-бірте өзін жаңа тың өріске алып шықты.

Ол енді адам қолынан жасалған зорлық-зомбылықтар мен қиянаттардың азып-тозып, тулақ боп кеуіп қалған Баба түкті боз даласын көріп:

Қалар ма екен шынымен қыр оянбай,

Саған қызмет қылады кім аянбай?!

«Топырақты жын қағып кетті» дейді

Құйын болып қорлыққа шыдай алмай.

 

Рухыңды қай заман құртқан езіп?

Отырамын соны ойлап жұрттан мезіп.

Мерез басқан тәніңді көрген кезде

Аспандағы кетеді бұлт та безіп.

 

***

Көз жазып қап жөңкілген көп еліктен

Ақ сағымның соңынан неге еліккем?

Қалғып кетем түрмеде…

Түсімде ылғи

Көшіп бара жатады төбе біткен…

 

Өң менен түс – ойнатып санамда жай,

Құбылады, Құдай-ау, заман қалай?! –

Көшіп кеткен көп төбе –

Тауларды ертіп

Қашып келе жатады маған қарай!

Баба түкті боз дала-ай…

Апыр-ай! Адамдардан қорлық пен зорлық, қысастық пен қиянат көрген Баба түкті боз даланың, көрдіңіз бе, адамдардан басқа қорғаны мен панасы жоқ екен-ау. Адамдардан безген Даланың сол адамдарға тығылудан, солардан пана іздеуден басқа амалы қалмаған.

Міне, Светқали осылай сөйлейді. Оқыған жұрттың қабырғасын сөгердей боп қамықтырып, дел-сал кейіпке, қапалы күйге түсіреді.

Туған жер мен туған елдің қайғысы мен қасіретін арқалап өмір сүру қиынның қиыны. Тағы ол қайғы мен қасіретті өзің білетін, өзің күнде көріп жүрген адамдардың қолымен жасалынып жатқанын көргенде мына дүниеден екі қолыңды төбеңе қойып, безіп-ақ кеткің келеді. Светқалидың «Әулие ағаш қазанамасын» оқып көрейікші. Бұл өлең:

…Боз, күләңкөр, қойқын,

шыт, шұғасы бар –

Кіл шүберек байлаған – құла-шұбар,

Әулие ағаш тұратын әлем-жәлем,

Шымырлаған түбінде тұмасы бар.

 

Әулие ағаш – бағзы бір мұра шығар! –

Кімнің қандай сірә оған шүбәсы бар?

Әлем байлап,

Басына түнеп келген –

Қайғысы бар пенделер,

Күнәсі бар… – деп әулие-ағаштың қасиетін айтып келеді де, күндердің күнінде жолы түсіп сол ағашқа тағы соғады, оның жанындағы бір топ адамның оспадар да өрескел сөздерін, дөрекі мінез-құлықтарын көріп шошып кетеді. Біреулері сыраны тұмаға салып салқындатып алып сіміріп жатса, екінші біреулері: «Әулие-ағашты биыл отынға алу керек», – деп соғады, ал үшінші біреулері – ақынды «арақ іш» деп қыстайды. Сол бір жерден ол зорға дегенде сытылып шығады. Содан кейін не болды дейсіз ғой? Тыңдаңыз.

…Тағы бірде жолыммен басып өткен,

Жерге келдім –

Қасиет, бәсі кеткен

Әулие ағаш орнында түбір қапты,

Жылай-жылай жандайын жасы кеп­кен…

 

Дұға оқыдым ағаштың басына еппең,

Кешу сұрап ұрпаққа – қасиет кем…

Тұма қапты тартылып –

Ана – жердің

Ағып түскен көзіндей қасіреттен!..

Осынау сұмдықтан өзіңді-өзің қылғындырып өлтірердей жағаңды ғана ұстап қоймайсың, жүрегің езіледі, жаның жаншылады. Әулие ағашқа қол көтергендерден не үміт, не қайыр? Өзіңнің түп-тамырыңа, арқа сүйер әруақтарға балта сілтеген ұрпақтан не күтуге болады? Безерің шығып, безіп кеткің келеді. Міне, осындай сорақы, қиянатшыл қарекеттер ортасында жүрген ақында не жан қалсын?! Өзі де еңірейді, аяушылық сезімің мен иманың болса, сені де еңіретеді. Басқа не істесін? Шарасыз байғұс ақын-ай!

Бірақ шын ақынға айту – парыз. Бұл – оның ақындық та, азаматтық борышы. Ақын өмірі, нағыз ақын тағдыры өкіну мен опынудан тұрса керек. Әлемдегі шын ақындардың барлығының маңдайына осындай тағдыр жазылған. Ол, не болғанда да күндердің бір күнінде оның жан күйзелісі мен күйінішін бөлісер адамдардың табылатынына сенеді. Сол сенім ғана оны алға жетелейді.

Бүгінгі таңда мен білетін Светқали үлкен тебіреніс пен сілкініс үстінде. Серпіні адырнадай қатты. Екпіні емен құлатардай қуатты.

Сабыр Адай

Светқалимен іле-шала әдебиетке келген Сабыр Адай да бірден-ақ көзге ілінді. Оның тепсеңнің топырағындай құнарлы тілі мен шұрайлы орамдары бәрімізді тәнті еткені сөзсіз. Әсіресе заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев Сабыр қаламынан туған «Әр қазақ – менің жалғызым» деген жолдарды тақырып етіп, ол туралы көлемді мақала жазғаннан кейін, оның есімі бүкіл елге кеңінен танымал болды. Ол сөз – жұрттың бәрі сүйіп айтар, сүйсініп қайталар сөзге айналды. Бәріміз де қазаққа ынта-ықыласпен құштарлыққа толы құшағын айқара ашып тастаған, әр қазақты маңдайындағы жалғызындай көрген ақынның мейірімге толы жүрегі мен көл-көсір пейіліне әбден риза болып едік. Көңілі қай қазақты да алалаудан ада мұндай іргелі ұлы сөзді қазақтың мұңы мен шерін бойына барынша сіңіріп алған ақын ғана айта алса керек. Мұндай ірі сөзді қарындас, құрсақтас қазақтың іргесі қаншама рет ханталапайға түсіп қалт-құлт етіп қайта түзелген тағдырын жан-тәнімен ұғатын тағдырлы ақын ғана жаза алмақ. Сондықтан да оның жаны әлі күнге дейін жұбана алмастай өксікке толы.

Шаттықтың мұңлы шұғыласын

Шарайна көзім ұрласын.

Маңдайым жібіп сәуледен

Таңдайым жырдан құрғасын.

 

Көр төгіп, қалқам, жырыңды,

Кеудеме өксік тығылды.

Сен болып сорлы найзағай,

Сорғалап келіп жығылды.

Түсінбес мұңсыз мұңымды,

Бұлдайсың кімге құныңды, –

Танауы талқан тағдыр мен

Тұлымы қан-қан ғұмырды!

Өткеніңді ойласаң, ғұмыр бойы басылмайтын өксік қой бұл!

Өмір – арпалыс. Өмір – жанталас! Егер сен еліңді ойламайтын ет жүректі ез болмасаң, жан-жағыңа қара! Етек-жеңіңді де, есіңді де жи! Кең даланы еркін жайлаған қазағыңның жан-жағынан сұқ көзін қадап, сұғанақ қолын созып тұрғандар бар. Егер сен өзіңмен-өзің абаласып, өзіңмен-өзің жағаласып жатсаң, біреуі таптап кеткісі, екіншісі қаптап кіргісі кеп тұр. Өзіңе өзің берік болмасаң, қапыда соғып қанқақсатып кетуі мүмкін. Мұндайда ешкімнің де етегіне оратылып елпілдеудің де, шалғайыңның шаңын қағып желпілдеудің де қажеті жоқ. Бірақ қанша қажеті жоқ десең де отаршылықтан қалған мінезбен ананың көңілін тапқысы, мынаның көңілінен шыққысы келіп жарамсақтанып, бірде басымызды иіп, бірде тіземізді бүгіп жатқанымыз өтірік емес. Егер сен біреуіне жарамсақтанып, екіншісіне жалтақтап бақтың ба, онда олар сені сахнадағы жіпке байлаулы қуыршаққа айналдырады. Қалай бұрса – солай бұрыласың. Билетем десе – билетеді. Ән салдырамын десе – ән салдырады. Бір сөзбен айтқанда терезеңді тең ұстамасаң, күнің қараң. Ондай елдің бостандығымен бірге болашағы да болмайды. Осылардың бәрін көкірегінен өткізіп, ойына түйіп келе жатқан Сабыр:

 

Өз елінде, өз жерінде күлмеген

Теңеседі терезесі кімменен.

Иіндерін илеп басқан заманы

Қоғамына сай болады адамы.

 

* * *

Енді біздің шыға қалмас үніміз

Жанда – ұлт жоқ,

қалды тоз-тоз түріміз!

 

Міне, солай, қоламтада күл қалды

Көктей солып бара жатыр гүл мәңгі.

 

Таң атты ма, күн батты ма керексіз,

Ер мұңаймас, ел жыламас себепсіз!..

 

* * *

Өз жеріңде, өз еліңде жетімсің,

Жетім көңіл енді қалай жетілсін?..

 

Алашымның жан-жүрегі шаршады…

Бұл да, міне, –

біздің Ұлттың Зар шағы.

Шаршады!

Шаршады! –

деп, айдалада қалып құлазығандай болып құмыға қамығады. Енді қайтсін? Жинала-жинала жүре­гін езген мұңын кімге айтсын, көкірегіне шемен боп қатқан шерін кімге тарқатсын? Әрине, мұңын айтқан, шерін тарқатпақ болған. Бірақ есту­ге құлақ табылмады, пиғыл да болмады.

Анау елге де, мынау ел­ге де жерін де, жерінің байлы­ғын да алтын табаққа салып беруге бейіл билігіңіз, өз еліне келгенде тоң-теріс. Оның шері мен мұңын құлаққа ілгісі келмейді, жүре тыңдайды. Кесірлік пен кесапаттық көрсетіп кергіп сөйлейді. Шетінен паң, шетінен тәкаппар. Өз халқын өздері, бөтен пиғылды адамдармен бірге, қараңғы, надан көреді. Содан да олар сол надан халықтың көзін ашып, көкірегін оятқысы кеп әр нәрсені бір әкеп таңады. Қазақ қоғамы, соның салдарынан беталды кеткен жүйесіздікке ұрынып, былық пен шылыққа батты. Енді олардың одан шығар түрі жоқ. Ең сұмдығы, олардың шылбырына жармасып, тізгінінен тартып «қой» дейтін қожа, «әй» дейтін ажа болмай тұр. Айта алатын азаматтардың оларға аяғы да, қолы да жетпейді. Айналасына қару-жарақты адамнан жеті қабат қорған салып қойған. Оны жарып өту мүмкін емес.

Міне, осындай адамды әбден қажы­тып, шаршатып-шалдықтыратын тір­шіліктерді көре-көре Сабыр ақынның бәрі- бір салы суға кетпейді. Қанша күйінсе де, күйреп күйзелмейді. Айбарын шақырып, намысын жаниды. Тек бізді намысты рух қана алып шығады деп шешеді.

Ай мүйізін асқар шыңға жаныған,

Сардар жігіт, сапқа тұр да сал ұран.

Намыс үшін,

Арың үшін от күре.

Ер Алаштың амандығын көп тіле.

Көк байрағы көрік алған аспаннан

Көк бөрім-ау, бәрі сенен басталған.

Намыс үшін,

Арың үшін от күре,

Ер Алаштың амандығын көп тіле.

Көтер басты!

Кеудеңізден күн шықсын, –

Көлеңкеңде көк аттылар тұншықсын.

Намыс үшін,

Арың үшін от күре.

Ер Алаштың амандығын көп тіле.

 

Маңдай термен атар алда көп таң бар,

Адам ба екен ар-ұятын сатқандар?!

Ойлан, Қазақ!

Арлан, Қазақ!

Өр Қазақ!

Арсыз болсаң –

Тірлік те азап, көр де азап!

«Әр қазақ – менің жалғызым» деп сөйлей алатын ақынның басқаша сөйлеуі мүмкін болмаса керек.

Маңғыстауда артық-кемі жоқ ширек ғасыр жүріп, оның бар ықылас-ниетін сезініп өткен мен ағаларым, інілерім жайлы аз ғана сөз айттым. Ұзақ-ұзақ сөз айтуға болар еді, бірақ ма­қала көлемі, не болғанда да шектеулі. Маң­ғыстаудан кеткеннен кейін, келіп көрген басқа орта, бас­қа адамдар бар. Онда да көргендерім аз емес.

Қолға алған дүниені жа­зып отырып та Маңғыс­тауға алдағы тарауларда оқ­тын-оқтын соғып оты­рамын. Маңғыстау – менің өмірімнің үлкен бір бө­лігі. Бірде үлкен бір бас­қосуда отырып: «Менің са­налы өмірім Маңғыстауда өткен», – деп едім, қаламдас інілерім Шәмші Пәттеев пен Нұртөре Жүсіп шамданғандай болып: «Сонда сіздің қалған өміріңіз санасыз өмір ме?» – дегені. Мен несіне жасырайын, тосылыңқырап қалдым да, әлгі әңгіменің арнасын қалжыңға бұрып жібердім.

Қалай болғанда да, менің Маңғыс­таудан алғаным, қай жағынан болсын мол болды. Ең алдымен, сол өлкеде шығармашылық тұрғыдан қалыптасып, белгілі бір дәрежеде Азаматтық деңгейге көтерілгенімді мақтан тұтам. Бұл сөзімді қай жерде де айтып отырамын.

Маңғыстауда жиырма бес жыл жүріппін. Ширек ғасыр. Бітірген шаруа­ларымның бастау көздері осында жатыр.

Маған адамдарының, Адайлардың өр мінезі ұнайды. Сонау 1992 жылы күнделігіме «Адай аты шыққан ел ғой. Сонан болса керек, маған кейбіреулер Адайға сіңіп кеттің-ау, оларға қалай сіңдің?» – деп таңданыс білдіргендей болады. Әдетте, осы бір құйтырқылау сөзге қыжыртып жауап берем: «Егер сен адайды қорқытамын деп өжектесең, ол сенің өңешіңді суырып алады, ал «ойбай, бұл адай ғой, ақкөз ғой», – деп, одан қашсаң – онда сенің көтенішегіңді суырып алады. Оны қорқытпа да, одан қорықпа да! Адам құсап сөйлес. Дос бол, сырлас, сонда ол саған өзегін суырып береді», – деп жауап берем.

Бұл сөз – тек адай туралы сөз емес екенін есті жұрт ұғар…

Осымен, әзірше, тізгін тарта тұрайық.

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір