ТОНЫКӨК ПЕН ТЕМІРХАН
Ілтеріс қаған
Қатулана атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,
Түрік елі құм астында қалар еді.
Күл астында қалар еді.
Шүкір!
Елім – ел болды.
Жерім – жер болды.
Ерлерімді былай қойғанда,
Құлыма дейін өр болды!
Тоныкөк
Алшайып жүрдім.
Талтайып тұрдым.
Темірхан
Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер «Илиада мен Одессея» дастанын қауырсын қаламмен қағазға түсірсе, көне түрік жырының бастауында тұрған Тоныкөк өз өлеңін тасқа қашап жазған. Мұнда әр сөз, әр буын өлшеулі, әрі қысқа, әрі нұсқа. Жарықтай жеңіл, табыттай ауыр. Кеңістік кең болғанымен, көйітуге уақыт болмаған. Қолда қалам емес, қашау, алдында қағаз емес, қара тас. Гомердің өлеңі мұхит сынды арнасынан асып, төгіліп жатса, Тоныкөк жыры арғымақтың тұяғындай асау түрік жүрегінің нотасын дөп басады. Темірхан ақын да, әр өлеңін Тоныкөк атасындай ақ параққа қаламмен емес, қара тасқа қайламен қашағандай жазады: «Қазір менің сыртым – бүтін, ішім – түтін. Сол түтін бықсып жанып, жан жүрегімді қамап, өкпе қолқамды қауып тұр… Сол түтінде мен білсем, қатерлі қауіп тұр. Ішкі әлемім одан сайын көк ала түтін боп бықсып кетеді. Көзімнен жас ыршып кетеді. Демім жетпей, алқынып қалам. Қайрат, қуаттан сарқылып барам. Мәртебелі мемлекет басшылары, түтін астында қозданып жатқан шоқ болады, ал шоқта ертең лап ете түсетін от болады! Соны түсінсеңдерші!»
Сүйегіне қына шыққан Тоныкөк пен небір «Ақтабан шұбырынды – алқа көл сұлама» орыс отаршылдығының ойраны, аштық пен революция, репрессияларды көріп, қазақ дейтін халықтың қара шаңырағын құлатпай ұстап отырған елдің шері мен уайымы әлі бір; арада қаншама ғасыр өтсе де, өзгермеген қалпында қалған. Ең өкініштісі – осы. Таңдайына татыған тарихи қасіреттен татымды тағылым ала алмаған не деген ел едік?! «Ұшсам – атты. Жүзсем – ау құрды. Жатсам – аттан салды. Жүрсем – қақпан салды… Содан бері күнімді санап жатырмын. Жарамды жалап жатырмын. Жұлқынып жатырмын, құрған аудан шыға алмай, жайындай бұлқынып жатырмын. Амалым бітіп, құрып тұрмын. Ақ қар, көк мұзда қақпаннан босай алмай, жүзінде қан сөлі жоқ боп-боз Айға қарап, Бөрідей ұлып тұрмын».
Кешегі көк түркінің нәсілі ұшты- күйлі құрып кеткен жоқ. Темірхан жырының басқамыздан гөрі тегеурінділігінің түп-төркіні осы ақиқатты алақанға салғандай, алдымызға жайып салуында жатыр. «Орнында бар оңалар» тұқымсыз қалсақ не істейміз: «Қабағы жауар бұлттай түйіліп, қастары адырнадай иіліп әрі сөзін жебедей қадап сөйлесе, мүлгіген жұртты дауылдай сілкілеп кеткен, әр сөзін еменнің шор көзіне шегедей қадап сөйлесе, естіген жұрт Күндей күркіреп кеткен Шерхан Мұртаза! Сен жел құсап, есіп сөйлейсің. Қылыш құсап, кесіп сөйлейсің. Сен көктегі бұлттардай көшіп сөйлейсің. Сен сеңдер соқтығысып жатқан асау ағысқа омыраулап кіріп, кешіп сөйлейсің. Сен кейде жауға соғыласың, жау да теңселеді. Сен де теңселесің. Сен кейде тауға соғыласың, тау да теңселеді. Сен де теңселесің. Опасызды көріп, күйініп тұрасың. Сондай кездерде жұдырықтай түйіліп, қаршығадай шүйіліп тұрасың. Ессізді көргенде, ашудан қабынып кетесің. Толқын ұрған жартастай, тас-талқан боп жарылып кетесің. Халқың сені арда туған арысым дейді. Жонына қол тигізбейтін барысым», – дейді Шерхан Мұртаза!»
Темірханның тай-құлындай тебісіп өскен құрбы-құрдастарын жоқтауына қараңыз: Көк Түріктің қандай оғыландары қасымызда жүрген! Оны біз байқамай қалыппыз, Темірханның қыран көзі ғана қиядан шалыпты: «Кеңшілік! Сен бәрімізден басқа, бәрімізден бөлек едің. Ерек едің! Сен бірде екпін, бірде серпін болатынсың. Сахнада тұрғанда да, көшеде тұрғандай еркін болатынсың. Сен ешуақытта да біреуге жақсам деп ойланбайтынсың. Содан ба, кейбір тымырсық отырыстарды бомба жарғандай ойрандайтынсың… Жамандықты да, жақсылықты да көңілге тоқитын едің. Өлең оқығанда да, мына лас тіршілікке қарағың келмейтіндей, көзінді тарс жұмып оқитын едің. Сен иілмейтін едің. Сен қырқылатынсың. Біз именіп ұмтылған жерлерге, сен кимелеп ұмтылатынсың. Күлсең де, мына өмірді мазақ етіп күлгендей күлетінсің. Жүрсең де, мына өмірді иығымен қағып жіберетіндей, қайқаң-қайқаң етіп жүретінсің. Өзге емес, өзінді-өзің тар жол, тар қыспаққа салып, қинайтын едің. Біз сыйған мына өмірге сен сыймайтын едің. Ақыры сыймай кеттің».
Темірхан Медетбек – қазақ жырындағы соны құбылыс! Кейбіреулер «Темірхан айтарын айтты, енді осы жерден тоқтай қалса» деседі. Бұл – шегіне май айналмайтын іші тар пенденің өксігі. Қазақ жыры нотасындағы Темірхан Медетбектің Көк Тәңіріден қуат алып, Көк Бөрімен шарболаттай шарпысқан Көк Түріктер сарыны адамзат тарихында үш мың жылдай асыр салған көшпелі салт аттылар тұяғының салқар симфониясына ұласқалы жатыр. Қазақ поэзиясында көне Көк Түріктер сарынымен алғаш бетпе-бет келген ақын осы – Темірхан Медетбек, сол симфонияны да онын өзі тәмамдап кетуі керек. Оған орта жолдан килігуге ешқайсымыздың моральдық қақымыз жоқ!
Ақын – ат үстінде! Ат жалын тартып мінген жұмырбасты пенденің өзі жаяу-жалпылы адамзаттан бөлініп, аруақтанып кетеді. Ал ат үстінде айдарынан жел ескен ақын тұрса, онын өзі бір кезде төрткүл дүниені өзіне жалт қаратқан түрік ақыны болса, әңгіме мүлде басқа: «Еңкіп-еңкіп соққанда, таудың денесінен тастар бұршақ боп құйылды. Серпіп-серпіп соққанда, үзіп жібердім шынжыр боп шырмалған, бұғау боп күрмелген түйінді. Күрсінгенімде, Күн күркіреді. Сілкінгенімде, Жер тітіренді. Ха-ха-хаулап жар салғанымда, аспандағы бұлттар жерге қонды. Аха-хаулап ән салғанымда, аспандағы құс біткен көлге қонды. Еңкейгенге еңкейдім, Шалқайғанға шалқайдым. Асқанның орманын отындай өртедім. Тасқанның көлдерін астаудай төңкердім. Қысқанда, қу ағаштан бу шығардым. Сыққанда, қара тастан су шығардым. Атанды асықтай аттым. Қарсы келгенді қазықтай қақтым. Алшаңдап жүрдім. Талтаңдап тұрдым».
Көк Түріктің қара шаңырағы біздің қазақ екеніне көз жеткізу үшін археологиялық қазба, генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шаң басқан көне тарихи мұрағаттарды ақтарып, төңкерудің қажеті жоқ, Темірхан Медетбектің «Көк Түріктер сарынын» оқып шықса жетеді. Түрік атауынын бір кезде бәрі текті, бекзат болғанымен, біздің қазақтың генетикалық болмыс-бітімі соның бәрінен мықты болып шықты. Сол қуаттың арқасында VIII ғасырда сүйегі қурап қалған Тоныкөк арқасына аруақ бітіп, ХХI ғасырдың басында Көк Тәңіріне қарап, Көк Түркінің нәсіліне қайта сөйледі. Қалай сөйледі десеңізші: «Алатауы бесік болып тербеткен, жарқылдаған от пен сарқыраған судың ішінде ер жеткен Көк Тәңірінің оғыландары, бүкіл түрік жұртының арландары мен қабыландары – Бумын қаған мен Істемі қаған таққа қонды. Елімді – ел етемін деп, жерімді көгертемін деп, оттай асау, оқтай ұшқыр атқа қонды… Қадырхан жерін басып жатқан жұртқа айналдық. Сілекей бал болып аққан құтқа айналдық. Кену тарманға дейін ел қонды. Суы сарқырап аққан, көлі жарқырап жатқан жер болды. Құлының өзі құл жұмсайтын болды. Күңіңнің өзі күң жұмсайтын болды…»
Бұл – Иоллаһ Тегіннің Күлтегін жыры. Оны Темірханға дейін де небір бір марғасқа осы заман тіліне тәржімаламақ болған. «Күлтегін» аудармашыларының алтын бастауында орыс әскерінің тұтқыны, швед офицері Филипп Иоганний Страленберг тұр. Күлтегін жазуы биіктігі 3,5; төменгі ені 1,32; жоғарғы жағының ені 1,22 метр зәулім тастарға қашалып жазылған. Филипп Иоганний Страленберг осынау жұмақ тастарға кез болғанда тарих парағының беті ХVIII ғасырдың басын көрсетіп тұрған-ды.
Содан бері үш мың жылдай уақыт өткен екен. Сол меңіреу тас шежіре «Орхон ескерткіштері» (VII–VIII ғ.ғ) деген айдарға ие болып, дүниежүзінің ғалымдарының отырса – ойы, жатса – түсінен шығар емес. Ғалымдар үшін ол түркі халықтарының тасқа қашалған құпия шежіресі болғанымен, кейінде оның әлемдік поэзияның классикалық озық үлгісі екені көзіқарақты жұртқа белгілі бола бастады. Қазақ лингвист-әдебиеттанушылары Филипп Иоганний Страленберг нұсқасынан жолма-жол аударма жасап шығарғаннан кейін Қадыр Мырза Әли 1970 жылы «Жұлдыз» журналында оның алғашқы әдеби нұсқасын жариялады. Бірақ ол нұсқалардың бәрі де қазақ оқырманын Күлтегеннің поэтикалық рухына кенелте алған жоқ. Ұлы шығарманы осы заманғы әдеби тілге қотару үшін аяқтан бұғау, қолдан кісен түсуі керек екен. «Игорь жасағы туралы жырдың» 1800 жылғы Мусина Пушкин жасаған тәржімасы мен Игорь Шкляревскийдің қолынан шыққан 1980 жылғы аударманың аралығында 50-ден астам тәржіма-тәжірибе дүниеге келген екен. Аудармашылардың атына қарасаң, атақ-даңқынан ат үркердей өңшең аузы дуалы шеберлер: Т.Шевченко, А.Пракофев, Н.А.Заболоцкий, Е. Евтушенко сынды ақындар, А.С.Орлов, Б.А.Рыбаков, Д.С.Лихачев сынды ғұламалар бар. Бірақ орыс халқы «Игорь жасағы туралы жырдың» әлемдік деңгейдегі әдеби нұсқасын әлі жасап біткен жоқ…
Темірхан Медетбек Күлтегін жырының көне түркі тіліндегі нұсқасынан осы заманғы қазақ тіліндегі әдеби нұсқасының алғашқы һәм кемел үлгісін жасап шықты. Бұл әлем әдебиет шежіресіндегі атап айтарлықтай ұлы оқиға десе болады. Алаш жұртының азаттық алуы қазақ ақынының арқасына аруақ қондырып, адамзаттық поэзияның аламан бәйгесінің алдына алып шықты. Бірақ қазақ әдебиеттану ғылымы қазақ әдебиетінде ел құлағын елеңдетерлік түк болмағандай әлі күнге дейін енжар, есінеп отыр…
Түрік Күлтегін XXI ғасырдың елең-алаңында өзбекше, қырғызша, қарқалпақша, тіпті түрікше де сөйлеген жоқ, қазақша сөйледі! Қалай сөйледі десеңізші! «Көк Тәңірінің өзі әкем Ілтеріс қағанды қуатты болсын деп, қара бұлтқа орап, төбесіне көтерген. Шешем Ілбілге қатынды шуақты болсын деп, ақ бұлтқа орап, төбесіне көтерген… Жаулары табандарына таптап, мал ғып кеткен халықты, қағанынан айырылып, қаңғып кеткен халықты, күлді көмеш күң боп кеткен халықты, құлағы кесік құл боп кеткен халықты азат еткен. Күні кеше билік құрған жауларын белдерінен бүгілдіріп, мойындарынан иілдіріп, мазақ еткен. Көнбегендерін күлге аунатып, құм асатып, жер еткен. Тентіреп кеткен төлім, тардауышты ел еткен. Ағам таққа отырып, қаған болды. Елі мен жеріне қара жартастан соққандай қамал болды. Ерлерінің намысын үрлеп, өрт қылды. Кедейін – бай, азын – көп қылды».
Қазақ поэзиясы қазақ халқын қара үздіріп барады. Еуразияны салт аттылар тұяғының шаңына көміп, төрткүл дүниені тітіркенткен, әл-Фарабидай дананы, Абайдай ақынды, хан Кенедей батырды туған қазақ елі өзінің поэзиясынан 300–400 жыл кейін қалып қойды… «Арғымақтар мінетін, тозбас тондар киетін; қара тастарды қақ жарып, қарағайдай қаптап өсетін, қара нарлары шудалары желкілдеп, қара бұлттардай көшетін; айғырлары Күнге қарап кісінеп, биелері Айға қарап құлындаған; Кетіссе, бұрылмаған; Сөздерін тасқа қашаған, алыпсоқтарының итаяғын оюлап, жезден жасаған; Алтайды жастанып жатса, аяғы Үрімге жеткен, керілсе Үрімнен де өткен; Кермелеріне айбурыл мен Керқұла байланған, Алты айшылық жолдарды, алты күнде айналған; Қамалдары құлжалар шыға алмас ақар-шақар құз болған, қағандары Күн астындағы Күнекей қызды алған; Күн жағы күміс діңгекті, Ай жағы алтын діңгекті ордада отырған, сол жақтан келгенді жапырған, оң жақтан келгенді опырған; желдей аңқылдап, сұңқардай саңқылдап сөйлейтін, даладай кең, таудай биік халық едік. Алып едік!»
Ұлт жер бауырлап, ұлттық рух аспанға жөнеп барады! Өткен ғасырдың 60–70 жылдары Азия, Африка елдерінде де ұлттық рух – ұлттық поэзияның аламан бәйгесі көзге айқұлақтана көрініп еді. Қазір сол ұлттық ренесанс дәуірі қазақ жұртының шаңырағына да қасқая қарап тұр. Елді қыл тамағынан буындырған сайын, оның ақындарының аузынан от шығады. Тоныкөк жырау Асан қайғы, Қазтуған, Ақтанберлі, Доспанбет, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали – бәрімізді қыдыра шолып, Темірханның қасына келіп, кілт тоқтады! Мына жырдың жұлын жүйесі осы күнгі қазақ поэзиясынан, мүлде бөлек. Күлтегін жырының XXI ғасырдағы соны сорабы, жаңа жаңғырығы секілді.
Темірхан Медетбек – мына жарық дүниенің есігін екі мәрте жұлып ашқан адам. Бірінші рет өз анасының құрсағынан ақын боп туып, 70-жылдары қазақ поэзиясының босағасын аттағанда қара өлеңге еуропалық озық өлең мәдениетін еселеп енгізіп, ғылыми-техникалық прогрестің әуен, ырғағын алып келсе, ел жұрты егемен болғанда, алаш анасының құрсағынан қайта туып, қазақ жырын көне түркіде қалған төркін жұртымен қайта табыстады.
Дәл бүгін түркі дүниесінде Темірханмен қанжығаласып қатар тұрған ақынның қарасы көзге шалынбай тұр. Абай: «Алланың хикметі – махаббат пен ғаділет сезім, біреуден біреу сол хикметті анығырақ сезінуімен артылады» деген. Күндердің күні адам баласы сол Абай ақиқатына ат басын шалдырмай қоймайды. Қазір дүниенің көзін шел басып тұр. Ұлылық пен сұлулыққа тұщынып, оны орнымен саралау жайына қалғалы қашан. Адамзаттық рухтан материалдық игілікті жоғары қойған ашкөз Батысты орнына қою үшін түркі жұрты абыройы айрандай төгілген Нобельмен пара-пар немесе одан да биік бір беделді сыйлық ойлап тапса, оның алғашқы иегері осы Темірхан болуы керек. Түркі жұртының Тәңіріне ғана тән бекзат болмыс-бітімін төрткүл дүниеге паш еткен осы – Темірхан жыры!
Сонау В.Белинскийден өзіміздің М.Қаратаевқа дейінгі аралықта «ақын деген кім?» деген сауалға қолына шырақ алып, жауап іздегендердің ұзын-қарасын түгендеп жатпайық. Менінше, ақын деген – Абайша айтқанда, махаббат пен ғаділет сезімді басқа пендеден гөрі анығырақ сезінетін адам, Хома Сапиенстің ең шырқау шыңына шыққан азамат болса керек-ті. Қазақстан Жазушылар одағында 700-ден астам ақын-жазушы бар. Солардың жүріс-тұрысына қарасаң, қазақ елінде 700-ден астам тірі классик жүргендей әсер қалдырады. Бірақ соның қайсысы Алланың хикметін Абайша сезініп жатыр?! «Айтып өткен ақында арман бар ма?!» бұл – Алаш жұртының арқасына аруақ біткен адуынды бір ұлы Мұқағалидің сөзі. Ұлттың өзегіндегі өксік өлеңге айналғанда жалғанның жарығына өлмес өнер туындысы келеді. Адамзаттың ақтық сөзін ақын ғана айтады. Халтурщик оны Құранның сүрелерін құлықсыз жаттап, дойыр догмаға салатын дүмше молдадай, халықтың миын ашытып, құлағын сарсылдырады. Ақынын сүйген ел ұлтқа, халтуршигін төбесіне көтеретіндер қыртқа айналып жатыр. Соның бәрі –Алланың хикметі – махаббат пен ғаділет сезімді терең сезіне алмаудың әлегі. Алла маңдайға не жазса, сол болады.
Орыс жыры «Игорь жасағы туралы жырдан» бастау алады. Қазақ поэзиясының бастау көзі Күлтегін жырында жатыр. Баян атты қыпшақ жырауының көкірегінен туып, орыс әдебиеті мен мәдениетінің алтын қазынасына айналған «Игорь жасағы туралы жырмен» көзін ашқан орман елі бүгінде төрткүл дүниенің төбесінен қарап, ұлы держава атанса, поэтикалық потенциалы мен көркемдік қуаты одан әлдеқайда әулетті Күлтегін жырының әулеті соның бодандығынан әлі күнге шейін құтыла алмай тұр. Бұл да – тарихи пародокс!
Алла тағала адамзат тарихында айрықша орны бар ақынды атажұртынан асқақ биікте самғау үшін жаратқан. Тобырдың тілін тауып, билік пен қазы-қарта асататын демиянбеднийшылдықтың ұлы мәртебелі поэзияға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтыны содан. Ресей қанша ұлы держава болып, жер шарының жартысының төбесінен қамшы ойнатса да, әлі күнге дейін Пушкиннің адамдық-азаматтық деңгейіне жете алған жоқ. Алаштың Абайға жетуіне де әлі қанша уақыт бар?! Әлемдік империя атанған Ұлыбританияның бүкіл қаракет-тірлігі Шекспирге мүлде керағар. Американың Уитменді түсінуден қалғаны қашан?! Ұлт пен ұлыс жер бауырлағанда поэзияның көкала бұлттарға сүңгіп, көк аспанда көлбей жүзуі Алла тағаланың бір тезі болуы мүмкін. Құранның «әл-Баһар» сүресінде «Алеф-Льям-Мим» деген сөз бар. Мағынасын бір Алла ғана біледі. Теологтер оның мәнін түсіне алмай, әлі күнге дейін әуре-сарсаңға түсіп жүр. Халықтың рухынан жаралған поэзия жарықтықтың сол елдің болмыс-бітімінен биік қанат қағуы да –осыған ұқсас құбылыс. Мұның да құпиясын бір Алла ғана біледі…
Бір заманда, бір ел, бір жерде Темірхан Медетбекпен ғұмыр кешіп жатқаным үшін Тәңіріме мың да бір рақмет айтамын!
2020-24 ж.ж.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Қаған ақын
Темірхан Медетбекке
Көк түріктер ұрандаған,
Самғап ұшқан қыран далам,
Жаугер сол бір заманда,
Жолығыпты Тұран бабам,
Алып сынтас – бағанға
Сөз қашаған Қағанға.
Әрбір әрпі – тас таңбалы,
Тасқа жазған дастандары.
Алақанын қан қылып,
Жұлдыздардай аспандағы.
Ғасырларға жаңғырып…
Тас бағандар – тас кітаптар,
Отқа жанбас мәңгілік.
Төтеп берген:
Дауыл… жауын…
Ойрандаса тобыр қауым,
Осып жатса найзағай…
Тартқызса да кәуір лаңын,
Орнатса да тозақ-ай,
Қаған жазған тас кітаптар,
Төзіп баққан, ғажап-ай!
Қаған ақын ел бас ұрған,
Йолығ Тегін сол ғасырдан.
Тіріліп кеп,
Бұл заманда,
Түрік рухын алға асырған!..
Йолығ Тегін қайта оралды:
– Сен айт! – деді айтар әнді!..
Сонда ұрпағы шырқатты әнді:
Намысы кем ұрпақтарды,
Рухы дімкәс сырқаттарды,
Бұрқыратып бұршақтарды,
Шашыратып жыр шоқтарды,
Бүлкілдетіп құрсақтарды,
Ежелгі әнді шырқап салды!
Қобыз үнін күңірентті,
Тау-далаға дүбір кетті:
«Мен – Көк түрік, қазақпын!..» – деп,
Жүрек сонда күбір етті.
Арғымаққа қарғып мінді,
Алаш рухы құдіретті!
Көк түріктің сарынымен,
Бабалардың арынымен,
Жүрегінің жарығымен,
Оятты ол ар үнімен.
Бар үнімен, нар үнімен,
Басқан кезде сарыуайым,
Атам қазақ аруағын!
Шырқап салды ел ұранын!
Ұйып қалған тамырларды,
Тұйықталған сабырларды,
Тірілтті ол,
Ғарыш Көкте,
Қолдап тұрған Тәңір бар-ды!
Орындаған аманатын,
Ортамызда Қаған ақын.
Қазағының қайғы-мұңы
Жүрегіне жамалатын!
Қашау оның қаламы боп,
Тасжүректен алады кек.
Тас қашаған Бәдізшінің,
Баламалы бағамы жоқ.
Бұл ғасырда қалады ол,
Поэзия Қағаны боп!
Тас балбалдың жүрегінде,
Мәңгі сөнбес жанады от…
Басын иген не бір хандар,
Мойындаған не бір паңдар.
Түрік барда, қазақ барда,
Ер Медетбек Темірхан бар!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
6 наурыз, 2025 жыл