Жамбыл мұражайына келушілер азайған емес
01.03.2021
803
0

Жамбыл музейі

 

«Тұрған жеріміз құлазыған кең, жазық дала еді. Сондықтан да мен балалық шағымда егісті де, бақты да, арықты да көрмедім. Жазық кең дала менің Отаным болды. Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді. Ағам, әкемнің інісі, белгілі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес едім. Он екі жасымда одан домбыраны үйрендім. Домбыра қолыма тигенде, бүкіл жан-жүйем елжірегендей болатын еді. Қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені қатты қызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда даусым бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім», – дейді жыр алыбы – Жамбыл «Менің өмірім» атты биографиялық еңбегінде. Бала күнінен әнге, күйге әуес болған талант иесінің бүкіл ғұмыры өнермен сабақтасып, есімі аңызға айналды. Ақынның немересі Салтанат Жамбыловамен сұхбат барысында ақын ұрпақтары мен Жамбыл жырларының зерттелу жайы сөз болады.

– Жамбыл атамыздан тараған бүгінгі ұрпақтары жайлы елдің білгісі келеді.Ақынның балалары, ұрпақтары жайлы айтып берсеңіз?

Жамбыл атамыз жүз жыл ғұмырында үш рет үйленген. Үлкен апамыз Момыннан: Қожаш, Қожамберді, Қожақ, Күнтәй атты үш ұл, бір қызы болған.

Екінші анамыз Талқайраттан: Тоққұлы, Аққұлы, Ақбала атты екі ұл, бір қыз болған.

Үшінші анамыз Қанымжаннан: Алғадай, Шыныбай, Ізтілеу, Тезекбай атты төрт ұл болған.

Қазіргі кезде осы аталар мен апалардан тараған ұрпақтардың саны жүзден асып жығылады.

Жамбыл атамыздың ата-бабалары жайлы сөз еткенде, ақын атамыздың көзі тірі кезінде өзімен ұзақ әңгімелесіп, сұхбаттас болған жазушы Сапарғали Бегалиннің – «Жамбылдың өмірбаяндық хикаяттары» деген еңбегіне сүйенген дұрыс. Романды оқып отырғанда, деректердің көпшілігін Жамбыл атамның өзі бергендігі анық байқалады. Осы деректі романға сүйенсек, Жамбылдың арғы тегі ұлы жүз ішінде Шапырашты болып аталады. Шапыраштыдан үш бала туады: Малдыстық, Желдыстық, Қалдыстық.

Малдыстықтан – Екей, Еміл, Есқожа; Желдыстықтан – Айқым; Қалдыстықтан – Асыл, Шыбыл; Екейден – Жәрімбет, Бейімбет; Жәрімбеттен – Ақтөбет, Бердіс, Әли, Қосай, Баянай; Бердістен – Өтеғұл, Өтеп, Солағай, Қадіршек, Текешек; Өтептен – Таңатар, Сопақ; Сопақтан – Сәдібек; Сәдібектен – Алтыбай, Жетібай, Ырысбай, Толыбай, Ыстыбай, Қартабай; Ыстыбайдан – Қазыбай, Жапа, Жадыра, Мәйке; Жападан – Тәйті, Жамбыл, Қоман тараған. Міне, қысқаша қайырғанда он бірінші атасына дейінгі дерек осылай дейді.

        – Жамбыл атамыздың әке-шешелерінің бейіті қай жерде?

Ата-анасының бейіті өзі өмір сүрген, қазір мұражайы тұрған Жамбыл атындағы (1938 жылдан бері) ауыл маңындағы қорымда. Жалпы, осы жерде өз атасы Ыстыбай бабамыздан бергі ата-баба, ана-апаларымыз жерленген. Одан ертеректе өмір сүрген ата-бабаларымыз өз елі Шапырашты тайпасының, оның ішінде бергі атасы Екей руының жерінде заман ағымына қарай көшіп-қонып жүрген.

Атамыздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ыстыбай бабадан тарайтын ұрпақтардың жатқан жеріне ескерткіш орнатылды, қорым қоршалды. Бұл іске Серік Үмбетов мырза ұйытқы болды.

Жамбыл жырлары – тағылымы мол, бай мұра. Енді осы мұраның зерттелуі жайлы айтып берсеңіз?

– Бұл ретте алдымен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Есмағамбет Ысмайылов, Сапарғали Бегалиндердің есімдері аталуы орынды. Жазушы ғалымдар қарт ақынмен 30-жылдардың орта тұсынан жақын араласа бастады да, 40-жылдары оның өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми зерттеулер жүргізіп, нақты-нақты ғылыми байламдар айтады. Мұхтар Әуезов 1938 жылы «Жамбыл және халық ақындары» деген кең тынысты, ойлы да терең мақаласын жариялаған. М.Әуезов осы және кейінірек жазған «Халықтың ғасырлық жыры» (1945), «Жамбылдың айтыстағы өнері» (1948) мақалаларында, жалпы ауыз әдебиеті, оның ішінде ақындық суырып салмалық өнер, айтыс туралы жазған еңбектерінде Жамбылдың өзіндік бітімін, ерекшелігін ашуға күш салды.

1946 жылы Жамбылдың академиялық бір томдық шығармалары жинағына алғысөз жазған Сәбит Мұқанов ақынмен бірге жүрген кездерінде байқаған, түйген жайларын естелік ретінде айтып, оның творчествосы туралы ғылыми негізделген тұжырымдар жасайды. Бұл – Жамбыл шығармаларының қашан, қалай хатқа түскені, жинақтарының қалай құрастырылып, өмірбаяндық материалдарының қалай жинастырылғанынан бастап, ақындық жолының басталуы, ақындық ортасы (ұстазы, замандастары) шығармаларының жанры, тақырыбы, көркемдігі әлеуметтік ортасымен байланыстырыла қаралған бағалы еңбек.

Қазақ зерттеушілері арасында Жамбыл творчествосын танытуға белсене атсалысқандардың бірі – Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Есмағамбет Ысмайылов болды. Ғалым – әдебиет тарихымен қатар, фольклорды зерттеуге елеулі үлес қосты. Ол көп жылдық зерттеулері негізінде «Ақындар» (1956) монографиясын жазды. Монографияның темірқазығы болып Жамбыл алынған. Онда ақынның өмірбаянына қатысты мәліметтер, ақындық жолының қалыптасып, дамуы, фольклорлық дәстүрді сақтап, жаңа дәуірде жаңа сатыға көтеріп, дамытушы болғаны жан-жақты қарастырылған.

Жоғарыда жеке бөліп көрсеткен ағаларымыздан өзге, Ғабит Мүсірепов, Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Мүсілім Базарбаев, Сұлтанғали Садырбаев, Серік Қирабаев, Мырзатай Жолдасбеков, Нысанбек Төреқұлов сияқты қаламгер, ғалымдардың Жамбылтану ғылымына қосқан үлестері ерекше.

Осы ағаларымыздың қатарынан мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы – Сұлтанғали Садырбаевты ерекше атар едім. Өйткені Сұлтекеңнің Жамбыл атамыздың, атамыз пір тұтқан Сүйінбайдың өмірі мен творчествосын зерттеуде, жинауда және кітап етіп бастырып, елге танытудағы еңбегі өлшеусіз. Жамбыл атамыздың соңғы 1982, 1996 жылдары жарық көрген екі томдық таңдамалы шығармалар жинағының жалпы редакциясын С.Садырбаев ағамыздың басқарғанын айтсақ та жеткілікті.

– Енді музей жайындағы нақты әңгімеге көшсек. Музей қашан салынды?

1938 жылы Жәкеңнің шығармашылық еңбегінің 75 жылдығы тойланды. Осы мерейтойға байланысты атамызға он екі бөлмелі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақын өмірден өткен соң өзі тұрған осы үй, Қазақстан үкіметінің шешімімен 1946 жылдың 8 шілдесінде Жамбылдың әдеби-ескерткіш мұражайы болып ашылды. Сол күннен бастап, мұражай ақынның өмірі мен творчествосын насихаттайтын үлкен ғылыми орталық болып халыққа қызмет көрсетіп келеді.

– Ал Ұлы ақынның мавзолейі ше? Бұл да архитектураның үздік ескерткіші ғой?

Кесенесі туралы мына бір жайды айтпай кетуге болмайды. Жәкең өмірден өтерде өзі өсиет етіп, сүйегін ата-бабалар жатқан қабірстанға емес, өзі тұрған үйдің іргесіндегі алма бағына жерлеуді аманат етеді. Ақынның осы өтініші орындалып, сүйегі жалпы қорымнан бөлек, өзі өсиет еткен алма бағының ортасына жерленді. Мүрдесінің басына, 1946 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойының қарсаңында, үлкен, биіктігі 18 метр болып, ерекше шығыстық архитектура үлгісімен (кесененің жобасын жасаған Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеев, архитекторы сол кездегі Алматы қаласының бас архитекторы болып істеген Белоцерковский болған) кесене (мавзолей) салынады. Кесенеге аракідік күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. 1971 жылы ақ мәрмәрмен қапталса, 1983 жылы күмбезі тағы да 4 метрге биіктетіліп, сән-салтанаты арта түсті. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Иран елінен арнайы алдырылған ою-өрнекті плиткалармен көмкеріліп, кесене алдына, өмірде өзіне желеп-жебеуші болған қызыл жолбарыстың мүсіні орнатылды.

  Жамбыл ата мавзолейі жанына атақты Нұрғиса Тілендиев ағамыз келіп мәңгілікке орын тепті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

 – Нұрғиса Тілендиевтің Жәкеңе туыстық жақындығы бар. Марқұм өмірден өтерде Елбасына: «Маған Жамбыл атамның жанынан екі метр жер берсеңіз», – деп өтініш айтқан екен. Осы өтініш қанағаттандырылып, Жәкеңнің кесенесінің жанынан мәңгілік орын тепті. 1998 жылы ұлы композитор өмірден озған соң, келер жылы қабірінің басына өзінің атақты «Аққу» күйін еске түсіретін қос аққу бейнесі мен өзінің түрегеліп тұрған, биіктігі 5 метрлік ескерткіш тұрғызылды. Қазір бұл көрініс Жәкең кесенесімен бірге тұтас бір ансамбль болып, келіп көрушілердің таңданысын тудыруда.

        – Жамбыл музейіне келушілерді осы төңіректегі атақты адамдар өмірі де қызықтырады.

Жәкең мұражайына келушілер ешқашан толастаған емес. Алыс-жақын шет елдердің өзінен, жылына мыңдаған адамдар келіп мұражайды тамашалауда. Әсіресе оқушылар мен жас ұрпақтың қызығушылығы артып келеді. Еліміз егемендік алғалы бері мұсылмандықтың дәні гүл жара бастады. Осының нәтижесінде Ұлы бабаға зиярат етіп келетіндер саны қаншама. Қазіргі кезде ауданымызда орнатылған Қарасай баба ескерткішіне, Сүйінбай, Сарыбай, Түктібай, Қайназар сияқты ата-баба басына тәу етіп келетіндердің саны күн сайын көбеюде.

Жамбыл атамыздың туғанына 175 жыл толуына орай көптеген игі шаралар көзделіп отыр. Өйткені Жамбыл тойы – жыр тойы, халық тойы.

«Жамбыл менің жай атым,

Халық менің шын атым», – деген ұлы Жамбыл бабамыздың биылғы мерейтойына байланысты өткізілетін түрлі шаралар мен іс-жоспарлардың жамбылтанудың мазмұнды да сапалы жаңа белесі болып өтетіндігіне кәміл сенеміз.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір