Тұрсын Жұртбай. Мүйізге байланған тағдыр…
22.02.2021
961
0

немесе  ЖЕТПЕГЕН ЖҮРЕК СӘЛЕМІ

Тұрсын Жұртбай

Ақын Тойланның жас кезі

Онсыз да әр сөйлемді қиналып жазатын мен үшін, кейінгі бір жарым ай, азаптың азабы болды. «Әнді айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» – деген тәмсіл бар ғой. Бірақ мені қинаған – сөздің қисынын табудың азабы емес, ар-ұят азабы. Ақыры, бәрінен баз кешіп, тау сағалап, дала кезіп, шет шығып кеткен шамырқанысымды зорлықпен бастым да, сол мені шамырқандырған хаттың жүлгесімен жүре отырып, толқу мен шабынудың барлығын сыпырып тастап, он жеті жыл кешігіп барып кездейсоқ  көз қиығым шалған өзіме арналған осынау бір «таңғажайып хаттың» иесі мен рух киесі туралы жадағайлап қана жазуға бекіндім. Шындығын айтқанда, мені бұлай шамдандырып, намысымды қамшылаған сол бір табиғаттан ажырамаған, баяғының жаяу салдары сияқты Алтайдың ең түкпір қойнауында жалғыз өмір сүрген пірәдар шайырдың киелі рухы болса керек. Өзімді  шамырқандырған сол рух киесінің иесі екенін жазу барысында және анық сезіндім.
Алтайдың шау бүркіті сияқты маңғаз, асықпай сөйлеп, аяғын бабымен салмақтап басатын, әулие болмысты Тойлан (Тойлыбай Құрмандолдаұлы) ақынмен сексенінші жылдардың аяғында Алматыдағы жазушылардың шығармашылық үйінде таныстым. Қатарлас оқыған құрбы ақын Кәкей Жәнжүнұлы мен марқасқа Мағауия ақсақал үшеуі сонау Монғолдың қағыр жотасының бөктерінен ресми сапарлай келіпті. Күндер өте бере ежелгі таныс Кәкейден гөрі Мағауия дегдарды, әулие болмысты Тойлан ақынды етене жақын тарта бастадым. Қарақоңыр жүзі, қарыстай талыс маңдайы,  ұйысып біткен қаба шашы, жалт етіп қадала қалатын қаршыға көзі, маңғазданғандай боп баяу сөйлеуі, маң-маң жүрісі, бойынан суылдап төгіліп тұратын мейірімі мен қайырымы өткен заманнан жаңа ғана келгендей сондай бір  алаңсыз табиғи тазалығы өзіне тартса керек. Кей мінезі мен  болмашыға бұртия қалатыны, бала сияқты бейқамдығы таңырқатқан тұста Мағауия дегдар: «Өзінің тумысы мен болмысы осы, сырты маңғаз болғанымен, іші шер мен буырқанысқа толы, жан-тәнімен ақын. Шарт кететін шаһарлығы да бар. Әттең, өз заманынан кешігіп, не ерте туғандығы ғана бойына мін», – деп мені сабырға шақырып еді. Сырластық, әңгімеміз жарасты, енді үйге дастарханға шақырмасқа болмайтын кезде, бір мәселенің ыңғайымен, әлде, визасының уақыты бітіп қалды ма, үшеуі де шұғыл еліне қайтып кетті.
Сол қоштасудан кейін он үш жылдан соң, ал менің қолыма он жеті жылдан кейін кездейсоқ тиген, жиыны отыз жылдың аманатын арқалаған «Қымбатты Тұрсын бауырым!» деп басталатын хатында ол күндерді былай еске алып: «Он үш жылғы ұзақ үзілістен кейін (Демек, біз 1989 жылы маусымда танысқан болып шықтық қой – Т.Ж.) өзіңе және Серік Негимовке дұғай-дұғай сәлем  жолдап, туысқандық кіршіксіз жүректен хат жолдаудың орайы әбден-ақ келген сияқты. Туыңды тіккен топырақта, тұлпар аттың жалында от басы – орманыңмен есен-сау, көңілің көктем, шабытың шалқар жүріп жатқан боларсың, бауырым. Ылайым солай болуына шын жүректен тілектеспін. маусымның сол бір мамыражай таңында көтеріп жүрген бір самауырын  арағыңды жөндеп те төңкере алмай, жылай да жылай қоштасқандай болып өзіңмен әзер айырылысқаным сол күнгідей есімде. Содан бері, мінеки, табаны күректей он үш жыл өткен екен. Зымыраған уақыт-ай десейші!»  – деп жазғанына қарағанда, шынында да қимай қоштассақ керек.
Кетерінде маған нағыз ежелгі қазақ үлгісінде соғылған ағаш сапты болат сапысын сыйлап, менен сол тұста әркімнің аяғына іліне бермейтін, қазір көрінгеннің жұлығынан табылатын шетелдік сүйретпе-шәркейімді: «Көзіңдей көріп сүйретіп жүрейін», – деп қалап алды. Таң қалдым. Оны әулиелік болмысына санадым. Жақсы, жылы әсермен  айырылыстық. Араға үш-төрт жыл салып барып Кәкейдің ұшақ апатынан қаза тапқанын естідік. Өкіндік. Амал не,  көңіл айтуды барған-келгеннен сәлем арқылы жеткіздік. Жылдар өтіп жатты. Астана ауысты. Ел көшті. Ұлы көшке біз де  ілесе кеттік.
Араға он үш жыл салып, сол сүйретпе-шәркейді бір бума етіп құнттап орап, ең сенімді «дін адамына» аманаттап Алматыға жолдапты. Ал мен ол кезде Астанаға қоныс аударғанмын. Ол сүйретпе-шәркей сол кезде Алматыдағы ғалым Серік Негимовтың  қолына түсіпті, оны телефон арқылы естіп, жеңіл қалжыңдасып алғамыз. Сүйретпені неге сүйретіп жазып отыр демеңіз, менің жанымды бір жарым ай жеген ұятты булығу сол сүйретпемен қоса оралып, он жеті жылдан кейін ойда-жоқта қолыма тиген  хат пен және ең бастысы, сол хатқа ілеспе ретінде қоса жолданған  аманаттан басталды. Екі мың жиырмасыншы жылы күзде қызметтес Еркегүл Арыққарақызының: «Тойлыбай ақынның қолжазбаларын тасқа теріп, жинақ етіп құрастырдым. Ол кісіні сіз біледі екенсіз ғой, алғысөз жазып бересіз бе?» – деген өтінішіне бірден келісе кеттім, әрине. Біраз күннен соң: «– Сізге жазған хаты бар екен. Оқыған шығарсыз. Оны да тасқа басып қойдым», – деді.
Қайдағы хат? Тойлыбай Құрмандолдаұлы дүниеден өтті деп естігеніме де біраз жыл болған. Хаттың көшірмесін жіберіпті Еркегүл. Хат қазақтың жөн сұрасу рәсімімен басталады екен. Сол кездесу күндерін бірге өткізген Кәкей дос пен Мағауия дегдардың жай-күйін: «Естіген де боларсың, сондағы біздің тамаша жолсерігіміздің бірі – аяулы да ардақты азамат, ақын-жазушы, ағартушы – Кәкей Жаңжұңұлы 1993 жылдың көктем айында самолет апатынан дүниеден өтті, оның артында қалған өлеңдері, прозасы, көсемсөздері де (барлығы екі том төңірегінде), үрім-бұтағы да арманда… Мезгілсіз үзілген өмірі де арманда… Мағауия ақсақал сау-сәлемет жүріп жатыр, айында-жылында бір кездесеміз (ол кісі аймақ орталығында, мен ауылдық жерде), Мақаң «Монғолдың құпия шежіресін» тәржімалау орайында «Монғолия мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер» атанды, одан соң қалмақтың батырлық эпосы «Жәңгірді» аударып бастырды, бүгіндері «Шыңғыс хан» деп аталатын романын аяқтау үстінде деп естимін. Әрине, өзге де көп-көп еңбектері баршылық  сияқты», – деп  баяндаумен басталыпты.
Бұдан кейін өзінің жай-күйін, тіршілігін, алаңы мен мұңын жеткізіпті: «Мен деген кісі бәз-баяғыдай туған жерімде тұрып жатырмын, бұл өзі аймақ орталығынан 200 шақырым қашықтықта жатқан таулы-далашықты сахара, кәсібім де бәз-баяғыдай – ауылдық мектепте мұғалім. Қызыл империя аударылып, дүние төңкерілгеннен кейін – бізде де сондай жай болған: көптеген қаламгерлер Қазақстанға қоныс аударды, әдеби-мәдени өмірдің шаңырағы ортасына түсіп сөнді, рухани жаппай жалаңаштық басталды, американизмнің айдарынан жел есті… Жабайы капитализм жаңғырды. Осындай жағдайда, тәулігіне бір ғана сағат мөлшерінде ұлттық тілінде радио хабарын тыңдай алатын, өркениеттен оқшау, бір кездері «варварлар» деп орыс отаршылдары жазатыны сияқты (Құдай оның бетін ары қылсын), нағыз «натурал» қазақтар осы өлкеде жасап жатыр десем, сенер ме едің?

Тегеш-тегеш ет асаған қазақтар,
Ол жайында тоннасымен жаз ақпар.
Жазатайым татып алса жынды су,
Сәуіріктей бәз біреуі қожақтар,
Білем-білем май асаған қазақтар, –
десем
, сенер ме едің?

Осындай, ортада, әлгі әдеби-мәдени өмірдің күйреп түскен шаңырағының орынында өзін  тірі классик, гений санайтын, мына сен секілдіні табытқа түсіре алмай әуре боп әлдебір халтурщик жүр десем, сенер ме едің?  Әдеби-эстетикалық дүниеден сауатсыз дерлік әлгі мырза бүйрегі бүлк етпестен сайланымсыз, құжатсыз қазақ жазушылары кеңесінің төрағасы деген лауазымға қонжиып, Алматыдай шаһардағы көңілшек ағайындардың көмегімен ғылыми үлкен атақ дәмеленіп жүрген сыңайлы десем, сенер ме едің? Бәрінен де қызығы, әлгі мырзаның шақыруымен алдағы маусым айының бас шенінде Мұрат Әуезов ағамыз ұлы суреткердің 100 жылдығы деген маршрут аясында Өлгийге келеді екен десем, сенер ме едің? Осыдан соң беті жылтырақ толып жатқан халтурщиктер мен шенеуніктердің ортасында ағамыздың төбесін көрудің өзі мұң болады екен десем, сенер ме едің?»  – деп ел-жұрттың өзгерген қас-қабағы мен бет алыс ауанын  кірпияз баяндапты Тойлан досым. Әрине, бұл оның өзінің жеке ашынуы десем де, жүрегімді шымшымдап түйреп өтті.  Ал әлгі «мырзаны» білемін бе,  жоқ па, білмеймін, әйтеуір есіме түсіре алмадым. «Натурал» адамның көңілі де «натурал», аңғал келеді емес пе.  Көңілінің бір қалған жері бар шығар – деп секем алып қана қойдым.
Бұдан кейін жазушы мен жазушының арасында болатын таза кәсіби әңгімеге ауысыпты. Шетте жүрген бауырмандардың ұлы отанына және оның рухани мұрасына деген құштарлығының – қандай жанкешті құштарлық екенін оқырман сезінсін деп, сонымен қатар  дүниені көркем қабылдауы, сыни көркем талдауы, көркем дүниеге деген сүйіспеншілігі табиғи қалпында сақталған  Тойлыбай секілді  оқшау таланттың рухани әлемі мен  көркем талғамынан да хабардар болсын деп, ол пікірді де толық келтіріп отырмын. Ол хатының «II» деп белгілеген дербес тарауында: «II. Бізде қазақ елімен рухани барыс-келіс  әлдеқашан, сонау тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ үзілген. «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Зерде», «Парасат» секілді басылымдар әлдеқашан көзден бұлбұл ұшқан. «Болды да партия, ел іші жарылды» (Абай). Арада өткен он неше жыл – толып жатқан сайлау, толып жатқан партия, толып жатқан тақ таласы… Осыдан соң рухани тіршілік турасында сөз етпесе де болғандай… Сонда да, қапысын тауып жүріп, әр кездері қазақ елінде жарық  көрген азын-аулақ әдебиетпен танысып шықтым десем – өзімді мақтап жатқаным болмаса керек.
Ұлы Суреткердің 100 жылдығы аясында жарық көрген мына кітаптармен танысып шықтым: «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», «Мұхтар мұрасы», «Мұхтар Әуезов әлемі»,  Мұғамила апамыздың естелігі, Әмен Әзиев, Гүлнәр Омарханова – апа-жездеміздің естелігі, «Мұхтар Әуезов», Энциклопедиялық  басылым. Таңдамалы.
Әрине, ұлы суреткер турасында көп жазылды, әлі де жазыла бермек. Десе де ұлы жазушы турасында сөз тербегенде көсемсөзде – Ш.Айтматовқа, көркем прозада – Ғабеңе («Достар қалжыңы», «Қарлы-жаңбыр астында»), поэзияда – Мұқағалиға («Елес жайлы естелік»), көркем естелікте – А.Пантиелеевке («Певец великой степи») жеткізіп айшықты да нақышты ой түю қиынның ең қиыны секілденеді (Әрине К.Федин, Н.Погодин, Е.Книпович, Гамзатов секілді алыптардың атышулы сөздері өз алдына). Осы орайда, қымбатты Тұрсын бауырым, сенің «Бесігіңді түзе!» деп аталатын екі кітаптық еңбегіңді ешқандай марапат-мадақсыз ұлы суреткердің рухына арналған көркем ескерткіш деп есептеймін.
«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», «Мұхтар Әуезов әлемі» аталмыш екі кітап көңілдегідей көркем басылып шыққан екен, әрине, аз-мұз әттеген-айлар баршылық көрінеді. Фотосуреттерді орналастыруда шалағайлық кеткені байқалды, Мұқаңның жұртшылыққа белгілі көптеген әдемі фотолары, неге екені белгісіз, жарияланбапты. Мәселен, 1960 жылы «Қараш-қарашта» жарық көрген жазушының жас шағындағы сұлу, әдемі фотосы, мінеки, қырық жыл бойында қайтып еш жерде жарияланбады, сол секілді Мұстай Кәрім, Ғ.Мұстафин секілді белгілі қаламгерлердің естелік-лебіздері назар төрінен тыс қалыпты. Ләйлә апамыз бен Ернар дүниеден қайтыпты (ылайым жәннатта дидары жарық болғай да!), жоғарыдағы кітаптардан жазушының осынау аяулы екі перзенті жайында жартылай ғана мағлұмат алған сияқтандым, жартылай әлі де жабық жатқан сияқтанады… Қазақ қаламгерлері, неге екені белгісіз, әсіресе, Ернар ағамыз турасында «айналып өтеді»…
Фатима апамыздың «Алыптар тағдыры» кітабын парақтап шықтым, тіпті, екі-үш мәрте қайталай оқыдым десем де болғандай, көп шындықтың беті ашылғандай болды, көп жайларға қанықтым… Өзге де көптеген басылымдарды қадағалай оқып шықтым, олардың бәрін тізбелеп жатуға уақыт та жоқ, орны да жоқ.
Тұрсын бауырым, ұлы суреткердің 80 жылдығы қарсаңында өзіңді  сонау Шыңғыс тауы баурайына тілшілік ете барған сапарыңнан 1977 жылдан білетін едім. Сондағы ұлы суреткерге арналған «Қазақ әдебиетінің» белгілі нөмерінде «Кебектің Қаражартасы» деп жазғаның әлі күнге есімде… Сондай-ақ  тәжік ақыны Лоик Шералиден тәржімалаған бір шоғыр өлеңдерді оқып, жап-жақсы ақындық қолтаңбаңды айнытпай ажыратқан едім. Көп ұзамай Қаллеки турасында жазылған «Дара тұлға» кітабыңды құмарта оқып шыққаным бар-ды; сөйтіп жүргенде, сексенінші жылдардың соңына ала әйгілі «Бесігіңді түзеңді»  «Жұлдыз» журналының әлденеше нөмерінен тамсана оқып қаламгерлік қарымды қалтқысыз мойындағандай болған едім;  тоқсаныншы жылдардың бас шенінде «Бізге рухани азаттық керек», «Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов» секілді көшелі көсемсөзіңмен баурап едің; өткен жазда «Талқы» кітабыңды үлкен сүйінішпен оқып шықтым, «Дулыға» кітабыңды әлдебір оқырмандар қолға тигізбей қағып әкетті… (Әрине, «Бейуағыңды» оқи алғаным жоқ, ол турасында жазылған рецензия, ұмытпасам, Асқар Алпысбаев болар, есімде). Осылардың барлығынан кемел еңбекқорлығың, кеңқұлашты қаламгерлік қарымдылығың, ең бастысы, тобырдың ортасынан асқақтап көрінер Азаматтық өр Тұлғаң байқалады, әмсе, мен осыған сүйініштімін. Осы орайда кандидаттық диссертацияңа құтты  болсын айтқым келеді, ілгері баса бер, сенің еткен еңбегіңе ел-жұртың да риза, ұлы суреткердің рухы да риза, бауырым!» 
– деп ағынан жарылыпты.

Қандай аңғал да таза таңданулар мен пікірлер. Қазақ әдебиетіне, соның ішінде Мұхтар Әезовке деген, сол арқылы мұқым қазақ руханиятына деген сүйіспеншілігі қандай таза, қандай аңсарлы құрмет. Өзгені былай қойғанда, «сөздің дертіне» ұшыраған қазақ жазушыларының өзі бірімен-бірі дәл осындай ағынан жарылып пікір алмаспағанына да жылдар, жылдар емес-ау, не бір заман өтті десеңші.

Алғауыңнан айналайын, Тойлан әулие! Мен үшін осы хаттағы бар машайық «Ш» деп белгіленген тараудан басталды. Бар гәп осында болып шықты. Сөйтсем, баяғы сүйретпе-шәркейді жайдан-жай «құнттап орап, кері жолдамапты». Өзі әулие мінезді Тойлан, оны Аязбидің босағаға ілген жұпыны шапанының орынына салыпты. Сол сүйретпе-шәркей арқылы менің есіме ескі күндерді  түсіре отырып, өзінің бар сыры мен шынын буырқана  баяндап, құсалы күндерінің белгісі ретінде:

Буырқанған өзендерім өткелсіз,
Кезеңдерім жонарқамнан өткен сыз.
Жария емес өлеңдерім – жан жырым,
Махаббатым секілді бір шектеусіз, –

деп басталатын өлеңдерін қолмен жазып, бір жинақ етіп құрастырып, «сенімді дін ада­­мынан» маған аманаттап  жолдапты:
«ІІІ. Тұрсын, ана жылы аяғыңнан сыпырып әкеткен (жоқ­шылықтан емес, ырым етіп алған едім) екі шәр­кейіңді енді өзіңе қайтарудың орайы келіп тұрған  сияқ­ты. Елге келіп киіп көрсем сенің аяғыңның  тұр­қы менің аяғымнан әлдеқайда үлкен екен (клас­сикалық күрес, еркін күреспен айналысып әйгілі палуан болып кетпегеніңе таңғаламын). Содан жа­з­ғы бұлақ жағасында біраз аяғыма іліп жүрдім де, аз-мұз түрі түсе бастаған соң бұлақ суына әде­мілеп жуып, тап-таза күйінде сандыққа тығып тастаған едім. Сондықтан да, он үш жылдан кейін өзіңе оралған осынау қос шәркейіңде әлдеқалай иіс бола қалса, шымды жердің,  керей топырағының исі деп түсінгейсің және де баяғыдағы секілді маусым айының жарқыраған бір таңында Алматының айнадай көшесімен аяғыңа іліп шыққай деп тілек етемін.

Бейне сенің қос шәркейің он үш жыл қиян асу қиырға жол жүріп, қос қоржын өлең теңденіп, өзіңе оралған сияқты… (Міне, емеуірін қайда жатыр – Т.Ж.). Енді қос шәркейіңмен ере (барған) қос дәптер өлеңді сөз етер болсам, өз басым бұл өлеңдерді бүгінгі қазақ поэзиясындағы нендей бір жаңалықтың қатарында есептемеймін, Қадыр, Тұманбай секілді ұлыларды былай қойғанда, жас шамасы қырық-елулердегі қазақтың көп-көп ақындары мына мен секілділерді көп қиналмай-ақ тақиясымен ұрып алатынын жақсы сезінемін. Сондықтан да, көкпар жарысты көп тұяқтың тозаңына көміліп қалмауға тырыстым… Әлбетте, өлеңдерім өздері турасында өздері айта жатар, қайталап айтайын, бұл жерде нендей бір реклама жапсырғым келмей тұр. Бұл өлеңдердің барлығы дерлік еш жерде жарық көрген емес.
«Кі­тап қып шығаруға көмектесейік, жылу ат­ай­ық», – деген жеке азаматтар болған, бірақ  еш­біріне ала­қан жайып жатпадым. Ауылға әлі ком­пью­тер келген жоқ. Бұл жақта кітап басу, саудалау, т.т., әлдеқашан ұмыт болған. Қазақ елінде де осындай-ау деп топшылаймын. Өйткені  көп-көп басылымдар әзер-әзер мың данамен басылған екен. Сондықтан да, менің өлеңдерім қазақ елінде кітап боп жарық көреді-ау – деп тіпті де үміттенбеймін.
Алда-жалда топтама түрінде нендей бір басылымға ұсынылар болса, сигналдық нұсқасымен алдын ала өзім танысып шықсам, жақсы болар еді (Ана бір жылы «ҚӘ»-де жарияланған бір шоғыр өлеңімді оқып, аяқ алып жүргісіз емле қателерін көріп, қараптан қарап отырып шарасыз хәлде пұшайман болған едім).

Осынау қос шәркейіңмен қоса ұсынылған қос дәптерден тысқары өз қолымда тағы да еш жерде жарық көрмеген екі дәптер өлең тұр: жастық, махаббат, туған жер, табиғат тақырыбы. Осыларға қосылып және де еш жерде басылмаған өмірі де, өлеңі де ұқсас, социализм жылдарында түрмемен  өмірі өткен монғолдың Мұқағали типтес ақыны Чойномнан жасаған бір кітап мөлшерінде тәржімә тұр. Әсіресе, Чойном өлеңдерімен мәдени өресі мен рухани-эстетикалық талғамы жоғары қазақ елінің поэзия жанкүйерлерін  таныстырсам деп едім…».
Қандай үмітке толы аңсарлы сөздер, қандай күдік-күмәнсіз аңғал сенім. Қандай жауапты аманат. Әрине, мен оның бұл аманатының бірде бірін орындаған жоқпын. Сол бір жазығымнан кешу сұрағандай боп, өзін куәға тарта отырып осы естелікті қолға алдым. Бұйыртса, ол арманы мен аманатының жүзеге асқанына куә болатын шығармын, енді қапы қалмаспын – деп қана ішімнен уәж білдіремін (Әкемнің қатаң талап еткен өсиеті бойынша, ешқашан, ешкімге ант, уәде беріп көрген жоқ едім).

Әрине,  Тойлан ақын жай ғана тақуа әулие емес, оқымысты, ұстаз, әдебиеттанудың тарлан сыншысы болатын. Оқыған, жиған кітаптары үйінің төрінде тау болып үйіліп жататынын, оқы­ғанын ауылдастарын жиып ап талдап, таныстырып беретінін  жақын дос-жарандары, шәкірттері аңыз қылып айтып жүретін. Оны өзімен аз күн дидар таныс болғандағы әңгіме ауанынан  да байқағанымын. Тойланның бір жазда оқыған кітаптарын кейбіреулер жылдап тауыса алмай жүргені де шындық. Ал  ол: «Өткен жазда ғана мына кітаптарды парақтап шығыпты: Ш.Айтматов  –   «Шыңғыс ханның ақ бұлты», Ғабеңнің екі «Күнделігі», Ғ.Ахмедов  – «Алаш  – алаш болғанда», «Х.Досмұхамедов», энциклопедиялық басылым, «Ә.Бөкейханов», эциклопедиялық басылым, «Құрманғазы»,  энциклопедиялық басылым, Қ.Жұмаділов – «Қалың елім, қазағым…», А.Сейдімбеков –  «Ой толғақ», Г.Толмачев  –  «50 встреч с Д.А.Кунаевым», «Сүйіншіден көңіл айтуға дейін», З.Елғондинова – «Менің ертегім», Ә.Ыдырысов – «Біртуарлар болмысы», Т.Молдағалиев – «Жаз да өтіп барады», С.Ақсұңқарұлы – «Адам ата – Хауа ана».

Сонымен қатар   оқырман ретіндегі ерік құқын да білдіріп: Жұмаділов ағамыз қыза-қыза келе ұлы Мұхаңа «ауыз салыпты». Оның айтуынша, «Өскен өркен» «сұрғылт-сұрқай» шығарма көрінеді, ал автордың «Өскен өркенді» жазуға құлшыныс  танытуы – «қазақы белсенділік» екен», – деп мағлұмат бере келіп, оқырмандық құқың мен талғамыңды да, Қабдеш ағаңа назыңды да: «Іштен жарымжан қалған шикіөкпені ауызың қисық, мұрының пұшық деп жату – ең берісін айтқанда адамгершілік этикаға жанаса қояр ма екен? Ау, айналайын, Алатаудың күн таласар алдындағы суретін Мұқаңдай суреттеген кімің бар? Алматы шаһардың ХХ ғасырдағы бейнесін Мұқаңдай етіп қайсымыз жаза алар едік? Айсұлу аруды Мұқаңдай етіп поэзия тілімен қайсымыз мүсіндей алар едік?»   – деп өз ойыңды жеткізіпсің. Уәжің – уәж. Тек, оны енді сенің өзің естімейтін болғандықтан да, сол уәж күйінде  жауапсыз қалатыны  аян.
Міне, «сенімді дін адамының» қолынан емес, жолай, кездейсоқ он жеті жылдан кейін қолыма ұстаған осы хатты оқыған соң, менің тұла бойым  булығып, өзімді өзім жазғырып, аңғал да әулие мінезді адал жанды ақынды соншама жылдар бойы жауабыма зарықтырып қойғаныма   қысылдым. Сол жылдары «Отырар кітапханасы» сериясы бойынша қазақтың 100 ақынының жинағын  Имаштың – Иманғалидың, менің айтуымша «Қара баланың» қатулы бұйрығымен жанталаса шығарып  жатқанбыз. Зады, Тойлан ақын содан хабардар болып, өзінің жинағының шығуынан да үміт етіп, ескі күннің белгісі ретінде сүйретпемен бірге қолжазбасын қоса жолдаған сияқты. Өмірінің бүкіл қалтарысы мен бұлтарысын, өзінің ой-мақсатын, тағдырын баяндаған хаттың да мәнісі сол болса керек. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін мені сұрастырып, сәлем айтып жүрді. Ал  мен қаннен-қаперсіз жүре бердім. Ол болса, иен таудың қуысында: 

Кескен терек секілді гүрс етпесім үшін де
Ажалыммен алысамын түсімде;
Ақын ед деп даңқты ертең шойын мүсінге
Әлдекімдер гүл қоймасы үшін де
Ажалыммен алысамын түсімде, –

деп, алыстағы қаннен-қаперсіз жүрген ағай­ын­­нан аманатының жауабын күтіп, тура мағы­насында, ажалдың мүйізімен алысып жүріпті.
О, аңғал ақын көкем! Әй, әулие Тойлан! Мен  оның сары даланың сағымындай сағынышқа то­лы аңсарын:

Беу, дүние, жазған соң күзің келіп,
Солғын тартып бара ма тұзың жерік,
Қанатында қиқулап қайтқан тырна
Қайтар жолға жатырмыз тізімделіп…  –

деп ескерте жеткізіп, келместің керуеніне тізімделіп жүргеніңді қайдан білейін.
Қол­­жаз­баңдағы өзің жазған:  «Қағыр тауда», «Мұң­лы һәм жабырқау» күйде, «Жалғыз жаяу» қалпыңда, «Жалғызаяқ сол бір  соқпақта»,  оның «қоңырқай өмірі» қоңыржай өтіп жатыр – деп ойладым ғой. Әйтпесе, мұндай аманатты аңсарына не уақытында жауап берер едім, не Баянөлгейге екі рет барғанымда, Алтайдың қолтық қуысындағы  Тойланды іздеп барып, аман-саулығын білер едім ғой. Маған аманатпен жолданған қолжазбадағы соңғы өлең:

 …Бүгін қайта қауырсыныңды ұштадым,
Торда несін томағалап ұстадым.
Қайырлы таң,
Қанатың жаз,
Әуеле,
Ұясынан ұшпай қалған құстарым!.. (2003),

деп аяқталады екен.

Құсың ұясынан ұшуын – ұшты-ау, бір­ақ  «сенімді дін адамы» мен дос-бауырдың  «ар­қа­сында» он жеті жыл бойы адасып жүріп, қолыма қапияда тиді. Жоғалып кетпегеніне шү­кір. Артында  мұрасын   қадағалайтын Дондог бауыры мен Еркегүлдей елгезек қарындасының болғанына да тәубе. «Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, Қайғыны жіберуші өзі сынар», – деп Абай айтқандай, қиянатқа ұшыраған аманаттың  өтеуі  Тойлаевың осы жинағы болса екен деп тілей­мін. Терісі кең, мінезі жанға жайлы  жігіт еді, әруағы назаланбас деп сенемін. Тек қолжазбаның жауабын күтумен өткен күндерінің алаңына және маған соншама сенген қылаусыз сеніміне кірбің түскені жаныма батады.

Ал енді жауапсыз қалған хатқа  келетін болсақ, мұны  оның өз қолымен жазып кеткен өмірбаяны, жан сыры, нала мен назы, арман мен аңсары деп қабылдауға толық болады. Сондықтан да   осы аманатты арқалаған бұл хатты сол күйінде, үзінді ретінде болса да жинақтың алғысөзі  есебінде ұсынуды лайық санадым. Бұл оның рухының соңғы  арылуы да шығар, бәлкім. Бір таң қалғаным, жинақтағы жүз өлеңнің тоқсан тоғызы Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы қазақ даласына арналған. Алыстан ауған аңсары  қандай ынтызарлы еді. Тіпті, маған арнаған ұзақ дастаны да түгелдей көшпелі қазақтың тарихы мен тағдырына арналыпты. Сол аңсардың қайтарымының ыс­тық табын сезіне алмағаны өкінішті.
Ең басты өкініш, үнемі тағдырдың мүйізіне байла­нып, тәуекелмен сүрген өмірінде,   адамды былай қойып, хайуанға  көрсеткен  жанашырлығының өзі – өзіне мүйіз боп қадалғаны қиянат-ақ.   Оны бұл жазатайымға душар  еткен –тумысынан табиғилықтан ажырамаған өзінің әулие болмысы. Аса тауқыметті тағдырды таңдаттырған диуаналық, мәжнүндік ессіз махаббаты. Оны осы хаттың соңындағы «IY» тарауда арыла айтыпты: «ІV. Хатым аяқталып келе жатқан сыңайлы. Көп нәрсені жаздым, көп нәрсе жазылмады. Асығыс жайда жазылған қисапсыз орашолақ сөйлемдерім үшін қайталай кешірім сұрауыма тура келіп тұр. Ал, Тұрсын бауырым, қос дәптер өлеңім Алатаудың ару бір қызының қалыңына татыр болса, сол қызды маған айттыр. Мен осы жасқа келгенге шейін үйленбеген, тіпті үйлену рәсімін істемеген адаммын десем, сенер ме едің? Бүгіндері 13 жасқа толған бақыр басты жалғыз баламның дидарын жарық дүниеге келгелі әлі көрмедім десем, сенер ме едің? Сол баламның тағдыры жолында түрме есігін тартуға шақ қалып, жартылай қуғын-сүргінде болдым десем, сенер ме едің? …Серікке, һәм өзіңе, жанұяңа, үрім-бұтағыңа зор денсаулық, ізгілік, бақыт тілеуіме қайталай рұхсат еткей. Дәм жазса, Кебектің Қаражартасында да болармыз, Еңлік сұлу мен ұлы Мұхаңа гүл шоғын тапсырармыз, сонан соң Алатау асып Қарқара – Ыстық көл – Шолпан – Атаға саяттап қайтармыз»,  –  деп емеуірін танытқан екен.

Е, Тойлан әулие-ай! Абайдың Лермонтовқа қарата: «Ол махаббаттан уланған дертті ақын», – деген дертімен сен  де ауырған екенсің ғой. Жансырыңды ашып салыпсың. Саған айттыратын ару да, Шыңғысты шарлататын мүмкіндік те табылар еді. Бірақ оны екеуміздің бірлесіп қызықтауымызға екі араға отыз жыл бойы жол жүрген хат та емес, сүйретіліп жүріп алған сүйретпе-шәркей де емес, «Көңілдің мөлдіреген бір шишасын жіберуіңе» «осы хатты тапсырушы (тапсырмаған – Т.Ж.) – сенің  бір кездегі шәкіртіңнің – Құдай жолы – Құран жолында жүрген имам болғандығынан» да емес. Оны бізге бұйыртпаған – Жалғыздың  жазмышы  деп есептеймін.
Осы жолдардағы сөздер шындығымен шымбайыма батқандықтан да, Қаржаубай Сартқожаұлынан мұның жай-жапсарын сұрадым. Расында да, «махаббатың дертімен уланып» өмір сүріпсің. Ең қиыны, осы хатты маған жолдағаннан кейін тіршілік тауқыметін бастан кешіпті. Өзін аялап күткен қарындасы ауыр науқасқа ұшырап, ұзақ жылдар бойы соны жалғыз өзі күтіпті. Ауыл­дас­тарының алғауында болса да, олар тосын және атаусыз емсіз дертке не істей алсын?!. Сондықтан да  ауылдан аттап шығуға мүмкіндігі  болмаған.  Оның ауылында малсыз күн көру мүм­кін емес. Соларға жем-шөп сала барғанында өзі бұзауынан әукесін сипап, бұқа қойған, салым­нан көзі қызарып келген қарасан келгір мүйізімен шайқай қағып жіберіп, жығылған соң да аяғымен тарпып, мерт  етіпті.  Сөйтіп,  жардың  орынына жар ретінде  балап, шексіз сүйіп, баласы ретінде мейірлене әлдилеген, тағдырдың мүйізіне  байланған өлең-өмір де  мүйізден мерт болыпты.
Міне, мына хат пен аманат қолжазбаның менің жандүниемді быт-шыт етіп, шырқымды бұзғаны да сондықтан. Алғысөзді басқаша жаза алмауымның себебі де сол. Шындықтан, жазмыштың жазғанынан бұра тартып кеткім келмеді.  Енді Тойлан әулиенің, ақын Тойлыбай Құрмандолданың артында қалған мұра-өлеңдерін қандай да болсын мейірсіз мүйіз қағып жібермесе екен – деп тілеймін.

Хаттың «P.S.» атты қорытынды тұсында кә­дімгі күйбең тіршіліктің аманат сәлемі айтылыпты.  Аманатқа қиянат болмасын, оны да келтірейін: «Тұрсын, өзіңді мұражайдағы қызметінен босаған деп естідім, мұражайда қызметтейтін Шынайбайқызы Гүлфариза қарындас бар болса, менен сәлем айтқай, сонау 1965 жылы балаң шағымда Әуезов туралы қалам тербеген «Шұғыла» журналының  өзімде сақталған бірден-бір нұсқасын ана жылы сол қарындастың қолына табыс еткен едім… Өткен 13 жылдың бедерінде көші-қон, қызмет орыны, пәтер алмастыру секілді сансақ ауыс-түйіс болғандықтан, біреуі болмаса біреуі табылар деген үмітпен осы хатты жолдадым. Сәлеммен: Тойлыбай Құрмандолда. Монголия, Баян-Өлгий аймағы, Дэлүүн сұмыны, 10 жылдық мектеп. 2002.05.27».
Шындығын айтайын, Гүлфайруз атты қарындасты танымайды екенмін. Менің тұсымда ондай қызметкер болған жоқ сияқты. Бірақ  қарастырамын. Аманатты арқалатып кеткен әулие достың осы жинағы көп қолына тисе, менің де жүгім жеңілдеп қалатыны анық. Әулие ақын ұшырған аманат-өлеңдердің  ғайып құсы болып елінің қолына қонатынына сенемін. Менің досым, марқұм Дәуітәлі айтқандай, тір­шіліктен көрген барлық «жұмағы мен тозағын» өлеңнің азабы деп сеніп, содан жұбаныш тапқан ақындар қандай бақытты, керісінше, киесінен де, иесінен де айырылып, соншама ауыр жүкті арқалап артында қалған жесір өлең қандай сормаңдай әрі  жанкешті еді десеңші.

Әу бастағы ойым: осы соңғы сөйлеммен басталып, творчество психологиясына сұғына бойла: иесіз, жоқтаусыз қалған, алдағы заманда да  іздеусіз қалатын әулие, бірақ бақ-талайсыз өмір сүрген, өлең­мен ғана жанын жұбатқан өткен күннің, бүгіннің, келер заманның мәжнүн ақындарының ортақ образын жасағым келіп еді. Бір жарым ай шабынсам да, оған шамам, ішкі қуатым, содан кейін шырматылып, шуатылып, шүйкеленіп кеткен азапты ойды тарқатуға төзімім жетпеді. Тойлан ақынның әруағы да желкемнен қадалып қарап тұрғандай болып, өзінен алыстатпады. Сондай бір булыққан сәтте,   осыдан он жыл бұрын Алатаудың қиян шатқалын кезіп жүргенімде, бір бұта мен қурай басқан қолтықтан шөкімдей боп үйілген топыраққа қадалған қадақтан: атпал десең – атпал азамат, ақын десең – айтулы ақын, қарапайым ғана өмір сүрген ақжарма досымның аты-жөнін оқып: «Уа, жалған, жалғандығың мен жанашырлығы жоқ жалғыздықты көзіме көрсеттің ғой. Оның сыбағасы осы ма еді!»  – деп құмыға қорланып кетіп, топырағын құшақтай бауырыма басып, оңашада өкіре жылағаным есіме түсті. Досымның тіршіліктегі аңғал бейнесі  ойымнан шықпай, иендегі бұта басқан қабір топырағы көз алдымнан кетпей  қойды. О, бұл сұм дүниенің, еске түсіре берсең, ондай мазағы көп қой. Сол өксіктің солығы әлі де басылар емес.

Тойлан арқылы тіршіліктің қызығынан баз кешіп, өмірдің уытынан жүрегі ашыған, өмірден ала алмаған есесі мен сыбағасын, көрмеген қызығын шығармасы арқылы өзін-өзі жұбатқан, нәумездікпен өмірі өксікке толып өткен, бұл өмірді қияметтің қылуетінде ғұмыр  кешкендей  ғып өткізген қияли әулиелердің, талай-талай талайсыз талант иелерінің кермекті тағдырын ашқым келіп еді. Ақыры оған жүрегім дауаламады. Өзімді де, өзгені де, Тойланды да қылуетке қимасам керек. Тойлан ақынның тағдыры, отыз жыл бойы жол жүрген аманат хат, мені осындай ойға жетелеп әкелді де отырды. Тіпті, соның шылауына еріп, өзіне жауап хат жазып, ақталып отырғандай болып ішінара екінші жаққа ауысып кеткенімді де аңғармаппын. Өзгертуге енді кеш. «Не жазылып кетсе, жайы сол» (Абай) болды.
Тек, өлілермен өзегі жалғасқан өлең өлмесін, жасасын өлең!

27.01.2021.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір