Дулат Исабеков. Қызығы мол сол жылдар…
22.02.2021
811
0

Бексұлтан Нұржекеевті (ол кезде қазіргідей «ұлы» емес «еев» болатын) баспасөз бетінде жарияланып жүрген әңгімелері арқылы сырттай білетінмін. «Жалын» журналында қызмет істеп жүрген кезімізде Төлен мені онымен «іштей» таныстырды.

Бірден достасып кеттік.

Бұған дейін Төлен екеуміз екеу болып «қыдыратын» едік, енді үшеу болдық. Менің сары «Жигулиім» бар. Үшеуміз машинаға отырып алып талай жердің табиғатын «тамашалауға» шығып жүрдік. Әрине, үйге кеш келеміз. Кешігу жиілеп кеткен кезде үйдегі «қожайка» (Қалихан Ысқақовтың «хозяйка» деген сөзді қазақшалаған түрі) «қайда болдың?» деген сұрақтың астына алмай ма? Айта-айта сылтауымыздың мәні сұйылып бара жатқан соң, жаңа себеп іздей бастадым. Тапқаным – Бексұлтан болды. «Қожайкаға» айттым: «Бексұлтан деген жазушы жігітпен танысып, достасып кетіп едік. Төлен үшеуміз ресторанға бардық. Бексұлтан арақ іше алмайды екен. Екі-үш рюмкадан соң мас болды да қалды. Төлен екеуміз оны үйіне апарып салдық. Арақ ішсе оның құсатын әдеті бар екен, жол-жөнекей құсып, машинаны әбден былғады. Оны үйіне апарып, әйелінің қолына табыс етіп болған соң Төленді үйіне апарып, олардың есіктерінің алдында арық ағып жатушы еді ғой, түн ішінде машинаның ішін жуып, тазартамын деп жүріп кешігіп қалдым», – деп едім, айтқан сылтауымның сәтті шыққаны сондай, «қожайкам» сөзіме құлай сеніп, «Ойбай, ондай адамнан аулақ жүр. Екі рюмка арақты көтере алмайтын болса онымен бірге жүрме», – деп мені қатты сақтандырып қойды. «Екі рюмкадан кейін құсса, жөндеп тамақ та іше алмаған шығарсыңдар?» – дегені бар емес пе? Айтқан сөзіме құлай сеніп тұрғанына риза боп: «Әрине», – дедім. Ол суып қалған асын жылытуға кірісті.

Арада бір жылдай уақыт өткен соң Ұзынағаш ауылында тұратын бір жас жазушының шығармасы журналға басылып, қуанғаннан ол үйіне шақырды, Бексұлтан да шақырылған. Төлен екеуміз әйелдерімізбен, Бексұлтан болса: «Ол жақта да ел бар ғой» деп әйелсіз шыққан. Бесеу­міз менің баяғы сары машинама отырып алып, шақырған жігіттің үйіне бардық. Бексұлтан да бірге баратынын есітіп, менің «қожайкам» қобалжи бастады. «Ойбай-ай, екі-үш рюмкадан соң құса бастаса ұят болатын болды-ау», – деп алыстан уайым қыла бастады.

Бардық. Дастарханға отырдық. Рюмкаларға арақ құйыла бастады. Бексұлтан болса, өзінің екі-үш рюмкадан кейін құса бастайтынынан бейхабар, арқа-жарқа әңгімесін айтып, тым еркін отыр. Арақ құйылған сәттен бастап менің әйелімнен дегбір қашып, Бексұлтаннан көз алмай қарап отыр. Іштік. Бексұлтан да қағып салды. Әйелімнің мазасы кете бастады. Екінші рюмка тағы құйылды. Үшінші, төртінші… Бексұлтанның құсатын түрі жоқ. Ол әрбір рюмканы ішкен сайын Төлен екеуміздің «қожайкаларымыздың» үрейлері үдей түседі. Менің «қожайкам» (аты Нұрғайша) Күлән екеуі (Төленнің жұбайы) Бексұлтанның әні-міні құсатынын күтіп, бір-бірімен сыбырласа бастады. «Ойбай, анау тағы ішті, қой десеңдерші», – дейді екеуі маған сыбырлап. Төлен екеуміз бір-бірімізге қарадық. Бексұлтан біз айтқан образдан мүлде алыстап бара жатыр. Құспақ түгілі лоқситын да түрі жоқ.

Темекі шегіп келейін деп сыртқа шықтым. Жол-жөнекей Төленді де иығынан түртіп сыртқа алып шықтым. «Әй, ананы қайтеміз? Өтірігіміз шығатын болды ғой».

Ойласа келе Бексұлтанды саусақпен іліп, сыртқа шақырдық. «Е, неге шақырдыңдар?», – деп қасымызға жетіп келді.

– Әй, Беке, – деді Төлен жалынышты да кінәлі үнмен. –Осылай да осылай. Ең соңғы рет үйге кеш келгенімізде айтатын сылтауымыз таусылып: «Екі-үш рюмкадан кейін құсады екен, соны үйіне апарып салып, машинаны жуамыз деп жүріп кешігіп қалдық» деп айтып қойып едік.

– Сонда мен не істеуім керек? – деді түкке түсінбеген Бексұлтан.

– Сен бізді құтқар, – дедім.

– Қалай құтқарам?

– Қазір бар да, бір рюмкадан кейін құс.

– Ей, жындымысыңдар. Мен неге құсуым керек. Мына үйден ұят емес пе?

– Тым болмаса, лоқсы.

– Әй, сен екеуің әйелдеріңнің алдында менің образымды әбден сүмірейткен екенсіңдер ғой. Құспаймын да, лоқсымаймын да.

Төлен екеуміз екі жақтап ал кеп жалынайық. Ақыры ол иілді-ау, мың болғыр. Дастарханға барып отыра берді де, бір рюмканы ұрттар-ұрттамастан лоқсып кеп бергені. Төлен екеуміз «Әп, бәрекелді!» деп оны сүйемелдеп сыртқа алып шықтық.

–Міне, шын достық осындайда көрінеді, – дедім оның арқасынан қағып.

–Оттапсыңдар!, – деді ол күлерін де, ренжірін де білмей. –Сонда, сендердің әйелдеріңнің алдында кім болғаным! Ішкіш, құсқыш болғаным ба?

– Ол жағын уайымдап қайтесің! Уақыт өтеді, адам өзгереді. Бәрі ұмытылады, – деп Төлен Платонның философиясынан трактаттар айтып, оның бетін бері қайтарды-ау!

– Ерегескенде бар ғой, – деді Бексұлтан үйге кіріп бара жатып, – бүгін сен екеуіңді мас қылып барып ұйықтаймын.

– Мейлің, бүгін саған бәрі кешірімді…

Бұл кезде Бексұлтанның «Күтумен өткен ғұмыр» атты кітабының жарыққа шығып, қалың оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленіп жатқан кез еді.

1976 жылы менің повесім бойынша түсірілген «Гауһар тас» фильмінің Одақтық экранға енді-енді шыққан кезі. Бексұлтанның қалауы бойынша оны Жаркент тұрғындарына апарып көрсетпек болдық. Көрсетілім «Жаркент санаториінде өтті. Көрермендер залға сыймай кетті. Көрсетілімнен соң оның үйіне барып, ас-су ішіп, сол жерде қона жаттық та, ертесіне Алматыға қайттық. Мен рольдемін, ішкілікті ауызға алуға болмайды. Бар қызықты Төлен мен Бексұлтан көрді.

Қайтып келе жатырмыз. Бізден басқа тағы бір машина бар. «Социалистік Қазақстан» газетінің Талдықорған облысындағы тілшісі С. Мұхаметшин, жазушы-журналист, «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері Әділ Дүйсенбеков әйелімен Сейдахметтің машинасында.

Жол-жөнекей суға шомылдық. Судан шыққан соң әйелдеріміз отырған талдың көлеңкесіне кеп солдаттардай сапқа тұра қалдық. Аман-есен «тазалық борыштарыңды орындап келгендерің құтты болсын!» – деп әзілдеп, олар шағын стакандарға арақ құйып, тізіліп тұрған «жауынгерлерге» ұсынды. Менен басқасына. Стаканды қолдарына ұстатып жатып Бексұлтанға келгенде әйелдер жағынан : «Ой, ұятсыз!» деген қосарлана шыққан дауыстар естілді.

– Ұятсыздықты қайдан көріп тұрсыңдар?

– Бәрінің іш киімдері су, Бексұлтанның іш киімі құрғақ! Тыр жалаңаш шомылған ғой!

– Әрине, – дейді Бексұлтан аспай-саспай. – Мен ылғи да қазақша шомыламын ғой…

Бұл кезде оның «Кәріс қызы» деген әңгімеcі шығып, жас оқырмандарымнан құшақ-құшақ хаттар алып жатқан кез еді.

Жаңа шыққан жақсы шығармаларды қалт жібермей оқып, оқырмандардың авторға хат жаудырып жататын кезеңдерді де көзімізбен көріп, басымыздан кешіріп едік-ау!..

Бір күні Жазушылар одағында драматургия жайлы үлкен жиналыс болды да, оған Ғабит Мүсірепов қатысып, кең масштабта сөз сөйледі.

Сыртқа шықтық. Күн ыстық. Бексұлтан, Төлен – үшеуміз менің машинама отырғалы жатқанымызда Ғабең де шығып, біздің жанымызға кеп тоқтады. Үшеуміз де атып шығып қолын алдық. Ол кісі машинасын күтіп тұр екен. Неге екені белгісіз, машинасы келе қоймады. Ғабең ренжи бастады.

– Ғабе, қымсынбасаңыз менің «Жигулиіме» отырыңыз. Үйіңізге апарып салайын, – дедім жалбақтап.

Ол кісі үшеумізге бір, сары машинаға бір қарап, сәл-пәл ойланып тұрды да: «Жарайды», – деп машинаның алдына кеп отырды. Төлен мен Бексұлтан артқы отырғышқа жайғасты.

Күннің шыжыған ыстығынан бензонасос қызып кетті ме, машинам оталмай-ақ қойсын! Стартерді баса-баса аккумуляторының тогы әлсірей бастады. Машинаның оталмайтынына көзі жетті ме, Ғабең іштегі ыстыққа шыдай алмай, «жарайды» деп сыртқа шығып кетті. Осы кезде ол кісінің күткен машинасы да келе қалды.

Үшеуміз ол кісіні машинасына отырғызып жібердік.

– Ал енді не істейміз? – деді Төлен.

– Не істейтіндерің белгілі. Жаңа көрдіңдер, аккумулятор әлсіз. Сондықтан сендер машинаны итересіңдер.

Екеуі бірден келісті. Мен рольге отырдым. Екеуі итеріп Абылай хан көшесіне шығарды. Абылай ханнан екінші Алматының вокзалына дейін ылди. Екеуі ылдидан төмен қарай итеріп-ақ келеді. Машина оталар емес. «Қаттырақ итеріңдер, сонда тез оталады!» – деймін арттағы екеуіне айғайлап. Обалы не керек, екеуі жанын салып итеріп-ақ келеді. Машина оталайын демейді. Олар ышқынып кеп машинаны енді екпіндете бастағанда бағдаршамда қызыл жанып қалады да, тормозды кілт баса қоямын. «Беліміз үзіліп кете жаздады ғой! Тормозды неге басасың?» – деп екеуі айқай салды.

Қойшы әйтеуір, бір жүріп, бір тоқтап жүріп, Мәметова көшесіне де жеттік-ау!

Төленнің үйі дәл сол тұста болатын

– Сенің машинаңды итеріп жүріп үйіме жетіп алдым әйтеуір, – деп иілген белін жазып Төлен үйіне кетті. – Ылди ғой, вокзалға дейін Бексұлтанның өзі-ақ итеріп бара алады.

Екеуміз оңаша қалдық. Дем алып алайын деп Бексұлтан машинаға отырды. Мен де өз орныма жайғастым.

Қолым қарап тұрмай, кілтті бұрай салып едім, құданың құдіреті, машинаның сар-р етіп отала кетпесі бар ма!

Көптен бері бүйтіп қуанып көрмеген шығармыз.

Бұл  Бексұлтанның «Бір өкініш, бір үміт» романының халыққа кең тарап, әдебиетшілер мен оқырмандарының назарына ілініп, қызу пікір тудырып жатқан кезі болатын.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір