Ғарышқа Қазақстан азаматы болып ұшатыныма сендім
20.11.2015
873
0
992276_1310529488_39711Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғарыштық технология дайындау бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің бірі. Оның бір дәлелі – күні кеше аспан әлемін бағындырып келген ғарышкер Айдын Айымбетовтың ұшу бағдарламасына енген «Кулонов плазмалық кристалы» тәжірибесі. «Кулонов плазмалық кристалын» университеттің ғарыш саласындағы алғашқы ғылыми тәжірибесі деуге болады. Осы еңбектің авторы, профессор Тілекқабыл Рамазановтың айтуынша, ғарышта алынған нәтижелер ғаламшардың пайда болу құпиясына үңілуге тамаша мүмкіндік сыйлайды.

Тәжірибені жүзеге асырған қазақтың үшінші және Қазғарыштың тұңғыш ға­рыш­кері Айдын Айымбетов 2015 жылы 2 қыр­күйек күні Халықаралық Ғарыш Бекетіне (ХҒБ) жасаған сапарына байланысты ҚазҰУ студенттерімен кездесті. Халық Қаһарманы кездесу аясында ҚазҰУ-дың ғарыш саласында жеткен жетістіктерімен танысып, нано-лаборатория мен ғылыми-техникалық паркты, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен бірегей әл-Фараби кітапханасын аралады.
Кездесу студенттерге ғарышкермен ер­кін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Әң­гіме барысында ғарышқа ертерек шығу үшін азаматтықты ауыстыру мәселесі де сөз болды. «Қысқа жолды таңдаған адам мәреге бірінші жетеді деген сөз емес. Мен ға­рышқа «Қазақстан азаматы» болып ұша­тыныма сендім. Сондықтан Халықаралық Ғарыш Бекетіне жасалатын сапарды 22 жыл күттім, – деді де, Айдын Ақанұлы – Қаз­ғарыш әлі де үл­кен жетістіктерге кө­теріледі», – деп нық сеніммен айтты.
«Қазақстан «кос­мос­тық» державаға айналып келеді. Сон­дықтан біз, Қазақ­стан Респуб­ликасы­ның ғарыш саласын да­мытуға көп көңіл бө­ліп жатырмыз. Осы салада білікті мамандар дайындап, үлкен ғылыми жұмыстар жазып жатырмыз. Және бүгінгі таңда университет дең­гейін­де жасалған қазақтың алғашқы «Фа­ра­би 1» наноспутнигі ғарышқа шығуға дайын тұр. Алдағы уақытта салмағы 50 келі болатын микроспутникті ғарышқа шығару жоспарда бар», – деп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик  Ға­лым Мұтанов университеттің Қазақстанның ғарыш саласының дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті.
Сонымен қатар, ғарышкер студенттерге ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген ғылыми тә­жірибе нәтижелері туралы да баяндады. «Мен нақты нәтижеге қол жеткізу үшін ұйқыға бөлінген уақытта бір ғана ғылыми тәжірибені бірнеше рет жасадым», – деді Айдын Ақанұлы. Сол арқылы ұжымдық жұ­мыстың жауапкершілігі тұрғысынан сту­дент­терге жақсы үлгі болды. Және де ас­қақ армандар тек жігерлі адамдарда ғана жү­зеге асатындығын тағы бір дәлел­деген­дей болды.
Кездесу соңында Халық Қаһарманы, «Қаз­ғарыштың» тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетовке «әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық төсбелгісі та­­быс­талды және ҚазҰУ базасында жұмыс жасайтын студенттердің бизнес инкубаторында дайындалған ғарышкердің портреті естелікке сыйға тартылды.
ПІКІР ҚОСУ