Мерей Қарт. Құтқарады бір құдірет – өлең деген
16.02.2021
740
0

          Бір мезет

Қарашаның алғашқы қырбақ қары

қаламызға қылаулап түсті бүгін.

Көңілімде күзгі әуен ырғақтары

жүрегімнің тарқатар ішкі мұңын.

 

Өңменімнен өттің-ау, қара суық.

Жүрегімді жылытар сөз қалмады.

Тіршілік жоқ қайнаған.

Қала сұлық.

Көліктер де көшеде қозғалмады.

 

Дәті берік, ойпыр-ай, базар неткен.

Шулап жүрген кешегі жұрты қайда?!

Ара-тұра аңсаймын ғазал көктем,

Шуақ түссе шомылып, шіркін ойға!

 

Жексенбі деп жатыр ма, бәрі бұғып,

Әлде жалғыз қалдым ба әлемде мен?!

Жабырқадым, мұңайдым әрі күліп.

Құтқарды бір құдырет – Өлең деген!

 

Паромда

Көзі – нұр,

Сөзі – мір,

Сұлуын-ай Күршімнің!

Ертістей толқыдым,

Алтайша күрсіндім!

Назардан ұзадың себебі.

Паромның зар үні үміттің отындай сөнеді.

Айдың да жарығы…

Сәл ғана мұңайып, «Қош…» дедің.

Қостады жаңбыр да.

Жауапсыз кейпімді кеш менің,

Жаппаймын кінәмды тағдырға!

Бұл күн де көшеді құм сынды.

Өмір ғой, қайтемін.

Көңілге күз түсті, мұң сіңді.

Айдала, айт емін!

Паром да тоқтады ырғалып.

Кім ұқсын қыз жанын!

Жағада қамыстай дір қағып,

мен де сәл мұздадым!

Шіркін-ай, Мен өпсем…

Жел өпсе

Сұлудың ақ жүзін қызартып.

Ғашықтық – қуат қой ерекше,

Ғұмырды тұратын ұзартып!

 

Дәурен

Махаббат,

Мұңсыз күй кешпей,

Өмір ме, қамы құлқынның!

Бізөкше киген бикештей

Сылаңдап өтер сылқым күн!

 

Шамдар да сөнді сығыр көз.

Таң атар лезде қылаңдап.

Ғайыпқа сіңер ғұмыр тез,

Түлкідей қызыл бұлаңдап.

 

Зарындай – заман зәрудің,

Қызыққа құрбан бір түндік.

Ең алғаш сүйген арудың

Тіліндей тәтті бұл тірлік!

 

Қимайсың бәрін, қимайсың,

Өң түгіл, сәтсіз түсіңде.

Әлемге сірә сыймайсың,

Аз ғана, бес күн ішінде!

 

Түп-түзу дейсің тағдыр қай.

Шаламыз басын әрненің.

Өткінші жылы жаңбырдай,

Өтпелі қайран дәуренім!

 

Күрсініс

Көкжиекте көгілдір тау күрсінді,

демі жетті тарылған.

Кім басады кеудемдегі дүрсілді?!

Қайысады қабырғам.

 

Қайран Ертіс, қалыпсың ғой қаймығып,

Қатер, дерттен, қайғыдан.

Менің дағы жас жүрегім шайлығып,

Азғындардан айныған.

 

Қала мынау қос өкпеден қысылып,

Азынап тұр азаннан.

Қайырымды жандар қолын ұсынып,

құтқармақшы ажалдан.

Төбемізді індет – бұлты торлаған,

Ашкөз ажал – жан алып.

Қолымнан да түк келмейді, қорланам,

Қабырғаға қамалып.

 

Ауаға да ауа керек тазарсын,

Қадіріңді білді кім?!

О, Тәңірім, науқастарды жазарсың,

Түрілсінші түндігім.

 

Құсойнақ

Ең сұлу аруды құшқандай,

Ерекше күй кештім.

Тіршілік – тәтті жыр, құстаңдай,

Қызығып, сүймес кім!

 

Қызғаныш құстардан дарыған,

Қайтемін қамығып.

Ал, бірақ күз келсе зарығам,

Көктемді сағынып.

 

Шіркін-ай, құстардың бал айы,

оятты құштарды.

Ертістің гүл жайнап маңайы,

Лағыл түн қысқарды.

 

Үмітім жап-жарық шолпаннан,

Құс жолы – қиялым.

Шік түсіп тыңдаймын, шалқамнан,

Аспанның күй, әнін!

 

Қауырсын қанатты туыстар,

Жүрегім ұядай.

Табиғат – сендермен тыныстар,

тартыңдар қиялай…

 

* **

 Біреуге ғашықпын шынайы,

Есімін білмеймін, түрін де.

Сағына беремін ұдайы,

Тылсым бар тым нәзік үнінде!

 

Кездесіп көрмедік, жолығып,

Тек қана құшады қиялым.

Ойлаймын оңаша, қамығып,

Қайдасың?!

Қарагөз ұяңым!

 

Белгісіз мекенің, тұрағың,

Құдай-ау, көз ілмей аңсадым.

Күн сайын артуда құмарым,

Сейілттің санамнан қанша мұң!

 

Сан мәрте ілестім сағымға,

Әлемнің сыртынан Сені іздеп!

Білмеймін бағым ба, сорым ба?!

Желпінем, жүрегім егіз деп.

 

О, міне бұлт шықты шөкімдей!

Сүйгендер таймайды сертінен.

Мен өлсем, өлермін өкінбей,

Ғажабы.., ғашықтық дертінен!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір