САУСАҚ БІРІКСЕ – ЖҰДЫРЫҚ, БІРІКПЕСЕ – ҚЫЛДЫРЫҚ БОЛАДЫ
12.02.2021
1019
3

Жақында интернет желісінде тараған ұлт мақтанышы Димаш Құдайбергенов жайлы алып-қашпа сөздерден елімізде рушылдықтың қай деңгейде екенін тағы бір байқағандай болдық. Қазақ қоғамын тұралатып, бірлігіне сызат түсіретін кеселден айығар мезгіл жетті емес пе? Алақандай ғана ұлттың мұңы мен қуанышы, тілегі мен азасы бір жерден табылмағы ләзі. Осы мәселелер төңірегінде ел қалаулыларынан пікір алған едік.

Дулат ИСАБЕКОВ

«Біз бұл дерттен арылмай ел бола алмаймыз!»

Біздің қазақ ел болмайтын секілді осы. Асқар Сүлейменовке «қазақ ел бола ма?» деп сұрағанымда, «Болады». «Болмайды» деп жауап берген. «Болады» деген не? Болады – егер руға бөлінгенін қойса. Болмайды – егер руға бөлінгенін қоймаса. Осы бір нақты, қатты айтылған сөз. Қазақты жалқау, жағымпаз десең отыра береді, руына тіл тигізсең атып тұрып ұрыс шығарады. Қайта Кеңес өкіметінің кезінде рушылдық мүлде жоқ еді. Руға бөліну адамдардың күлкісін шақыратын. Ескіліктің қалдығына баланатын. Өзім үш жарым мың адам жұмыс істеген телевидениені басқардым, біреуінің руын сұраған емеспін. Институтта директор болдым, қол астымда жетпіс адамдай болды, бірінің де руын сұрамадым. Жазушы баспасында директор болдым, бірінің де руын білген емеспін. Біреулері руын айтса, есімде қалмайтын. Осы ру, меніңше, Тәуелсіздікпен бірге келді. Тәуелсіздікке дейін адамнан адам ру сұраспайтын. Қазір орыс тілді азаматтардың өзі руды біледі. Тіпті, балабақшаның балаларында да рушылдық пайда болды. Шыңғысханды да әртүрлі руға апарып жатыр. Жақында Бөрте туралы жаздым, соны да өз руын жазды деп сан-саққа жүгірте ме деп күмәнданып отырмын. Сонда мен қазақта қанша ру болса, Бөртені сонша руға теңестіріп жазуым керек пе? Тарихи шындықпен жаздым, бітті. Енді келіп Димаш баламызға тиісіп жатырмыз. Бүкіл әлем «Самалтау» әнін қазақша айтуға тырысып, төл тілімізде шырқап жатқан шақта, сол бала арқылы қазақ жеріне құмартып жатқан кезде «ой, анау кіші жүз екен, қырғыз екен» деп, оны бөліп тастағалы отырмыз. Әлі ұлт ретінде қалыптаса алмағанымыз, тобыр ретінде ғұмыр кешіп келе жатқанымыздың белгісі – осы. Тіпті, кейбір тұлғаларымыз әлемдік даңққа ие болып жатса, «ол пәлен рудың адамы ғой» деп, селт етпейтін деңгейге жетеміз бе деп қорқамын. Біз бұл дерттен арылмай ел бола алмаймыз!

Дулат ИСАБЕКОВ

 

Смағұл ЕЛУБАЙ

«Әр қазақтың табылатын жері ұлттық тудың асты!»

Рушылдық дегенде оның бізге бір ғана пайдалы тұсы болды. Ауыл болып қауымда­сып, оның басында сол қауымның би мен батырлары тұрды.

Бұл белгілі бір жағдайда әскери тәртіптің ондығы сынды көшпелілердің құрылымы еді. Соғыс болған жағдайда ауылда ер адамдар қару алып, сол елдің намысын көтеріп, Алаш әскерінің туының астына жиналды. Осы жайттар өз заманында қазақ халқының мықтылығы болып есептелді. Егер қажет болатын болса, ру деген дүние бүгінгі күні тек қана бір жағдайда ғана қажет. Шындығында, жетіміңді жылатпау үшін, жесіріңді қаңғытпау үшін және кембағал болып қалған ағайынға туыстық құрып, соларды құтқару үшін керек. Өз ішінен шыққан байлар еліне көмек беріп жатқанын көз көруде. Алыстағы өкіметтің қолы жетпеген жағдайда ағайындықпен жәрдем беріп, тойда да, топырақты өлімде де жәрдем беру өте қажет. Біз бір уыс қана халықпыз. Ол бір уыстың саусақтары жиналса, жұдырық болады, ал саусақтарын жазса, қылдырық болады. Қазіргі халқымызға, жерімізге жан-жақтан қуатты елдер көз тігіп отырған жағдайда ру-ру болып ту көтерудің орнына, тұтас ұлт болып көтерілген туымыздың астында күн сайын табылып отыруымыз керек. Онсыз біртұтас ел болып өмір сүре алмаймыз. Бұл жерде де қазақтың ағайынгершілігі өте қажет. Қазақ үйіне келген адамнан «руың кім?» деп сұрамаған, сәлем беріп келген адамды алдыменен төрге шығаратын. Шамасы келгенше ағайын, құда болуға тырысатын. Бұл да бірлігімізге үлкен рөл атқаруға тиіс. Дәл қазір әр қазақтың табылатын жері – ұлттық тудың асты! Онсыз руың да, ауылың да, қала мен далаң да болмайды. Әрбір отағасы мен отанасы біркелкі ұлт болуға қызмет етуі ләзім.

Смағұл ЕЛУБАЙ

 

АЛАШТУҒАН

Димаш қырғыз болса, мен де қырғызбын

Генеология мәселелерімен айналысатын ең үлкен үш орталық Жапонияда (Осака), Канадада (Торонто), Мажарстанда (Будапешт) орналасқан. Ол ғылыми-зерттеу орталықтарының зертханалары адамның шығу тегінің бүгінгі ғылымға белгілі ең түпкі төркініне дейін (геномфактор, гаплогруппа) анықтап бере алады. Кезінде белгілі түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандоки бұл мәселелер төңірегінде, әсіресе, оның Мажарстандағы көріністері турасында көп айтқан еді. Қазақстанда трайбализм жоқ емес… Бар! «Ауруын жасырған өледі!» Бұл індет жоғарғы билік құрылғысынан бастап, ауылдың «қыршубайларына» дейін жұғып, тұрмысымыздан болмысымызға ұласып, бүтін бойымызды былғап болды. Биографияң келісіп тұрған жағдайда географияң келіспей қалып, я, керісінше кес-кестеп, бұл рухани азғындандықтан азап көрмеген рухты ұланымыз кемде-кем! Ұлттық ғылым Академиясының қарауындағы Тарих және Этнология Институты бар… тегіңді, тумысыңды анықтауға одан артық қандай ғылыми негіздеме (основная база!) керек?! Әйтпесе, «құралатын» Елдің қыруар қалың қолын, «бөлінетін» бейшара бит пен бүргеге айналдырып, азып-тозғанымыз… азып-тозған!
Димаш қырғыз дей ме?! Мен де – қырғызбын! Серік Ақсұңқар да – қырғыз! Біз – қазақтың өз ұлымыз, ей, нәйістер! Сендерге кім керек?! Не қажет?! Ғабитті – түрікпен, Мұхтарды – сарт, Махамбетті – қызылбас, Димаш атамызды – татар қылған сендерді тыңдап жүрген желөкпелерде не ақыл, не рух, не намыс жоқ, білем! Бізде ше, қазақ?!

АЛАШТУҒАН

 

Бауыржан БАБАЖАН

«Қазақ болу қандай қиын, шынында…»

«Біз мемлекеттік ойлау жүйесі (государственное мышление) қалыптаспаған ұлтпыз», – деп еді бір ағам. – Империя болатын ұлт өзгелерді өзіне сіңіре береді.

Мысалы, түрік – түрік болып жазылған кісінің, өзбек – өзбек болып жазылған адамның түбін қазбаламайды. Ал біз Махамбеттің түбі қызылбас екенін, Ғабит Мүсіреповтің түбі түрікпен екенін ешқашан ұмытпаймыз. Сөйте тұрып, «Біз ұлт болып қалыптаспай, рулық деңгейде қалғанбыз», – деп сұхбат берген Дулат Исабековтің жағасынан ала кетуге әзірміз».
«Ағамның жүйкесі жұқарған екен» деп ойлап едім сол кезде. Кешеден бері «Димаш — қырғыз екен», – деп бір-бірінен сүйінші сұрағандай болып, жарыса жариялап жатқан сайттардың «іс-әрекетін» көріп, сол ағамды түсініп отырмын.
Ау, ағайын, құдайшылығын айтайықшы, күллі әлемге қазақша ән айтқызып, әуежайларын қазақ тілінде «сайратқан» Димаштан өзге кімің бар? Әлемнің мен деген ақпарат құралдарына қазақша сұхбат берген Димаштан басқа қазақты естулерің бар ма?
Димаш тырнағына дейін қазақ қой.
Күллі әлемді «қазақ қылуға» ұмтылып жатқан алтын ұлдың үстіне кірдің суын төккеніміз қалай?
Ұлт пен руды шатастырғанымыз қай сасқанымыз?
Әй, ел болуымыз қиын шығар…
…«Қазақ болу қандай қиын, шынында»
(Есенғали Раушанов)

Бауыржан БАБАЖАН

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Дүр-әлемнің Димашы!

Ей, ғаламшар,
Ғарышқа озған санасы,
Бізге де бір көз тоқтатып қарашы.
Әніменен адамзатты әлдилеп,
Алдарыңа келді қазақ баласы!
Құлағың түр, құлыныма, әз ғалам,
Димаш – менің, өз перзентім,
өз балам.
Оның әні – Аққу үні көлдегі,
Боз інгеннің зары сонда боздаған!
Ұлы дала – Көк Түркінің тұрағы,
Көк бөрінің ұлығаны – Ұлы әні!
Әлдилеген үні сонда Анамның,
Атқа қонған батырлардың ұраны!
Соқпағына шиырламай соны іздің,
Бабам салған бағзы әуенмен егізбін.
Домбыраның шанағында күмбірлеп,
Күңірентіп Қорқыт тартқан қобызбын!
Ебі соққан енді іргемді қымтар кім?
Ерім деп ем еншілеген сұңқарға үн.
Ен далада еркін жүрген еліктің,
Тұяғының үні деп ем тұлпардың!
Тағдыр солай,
бізге ежелден таныс мұң.
Тебінгіге тер қатырып, қан іштім.
Азаттықтың жыры ма едің зарыққан,
Күркірі ме ең найзағайдай намыстың!
Төрткүл дүние,
теңесе алар қай балаң?
Әлем бүгін кең құшағын жайды оған.
Біздің Димаш – бозторғайы даламның,
Бұлбұл құсы ел бағында сайраған!
Міне, осылай әуелейді күй басы,
Ей, ғаламшар,
бар нәсілді жинашы…
Тамырында қаны ойнаған қазақтың,
Шықты алдыңа дүр-әлемнің Димашы!!!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 08.08.2021 | 13:43

Қалай ғане “ лас су” деп, мөлдір балаға сөз келдіреді. қырғыз десе аты өшіп қалмайды ғой. Қырғыздар да “мөлдір судай тунық махаббатпен сүйеді Димашты. Қырғыз десе кірлеп қалмайды. Қайта, мертебесі арта түседі. Б

Аноним 08.08.2021 | 13:52

Неге, сонша қызғанасыздар? Димаш, бүкіл түркі елінің перзенті! Абай мен Шәкәрім айтты ғой, түпкі тегіміз қырғыз деп, сонда олар дұрыс емес, қазіргі біздің айтып жүрген қырғызды қазақтан шықты деген тұжырыдамамызды дұрыс десеңиз әлем елдеріне күлкі боласыз. Бұл білімді адамның сөзі емес. Әлем тарих

Аноним 08.08.2021 | 14:05

Әлем тарихына оқуға қол жекіздік, тарихты бұрмалау қызғаныштан туады, бұл кешірілмес кунә. Сол себептен, ел намызына, тімей тыныш жүріміз абзал. Артымызда ұрпақ келе жатыр, тарыхтан, тегімізден жаңылсақ, олар кешірмейді. Алаштуған дұрыс айталы, бәріміз қырғыздан шықтық, әлемдін Абайы мен Шәкәрімдан ұлы емеспіз. Әр адам өзінің шыққан тегін дұрыс, анықтап алып, ұялмай айту парыз. Бұл ұрпақ алдында кім екеніңді білмей, қалай “әке- ана” бола аламыз?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір