Қуандық Түменбай. Аманханның айтылмаған сыры
08.02.2021
759
0

Аманхан асығып жүретін. Қимылы шалт. Жәй жүргеннің өзінде айналасын дүбірге бөлеп, асығып-аптығып, жер тарпып тұрады. Тірлігі біткенше бір тыным таппайды. Ол – уақыттың адамы. Дәуірге сай тіршіліктің бәрін бітіріп, жақсы мен жаманға үн қатып болып жаны тыншиды. Жер-жәһанның жаңалығын  да  қалт  жібермейді.  Бейсенбі  сайын  «Новая  газетаның»  бетіне  үңіліп,  РИО  агенттігінен  де  хабар  үзбейді.

Ол – білімді. Уақытқа сай нәрсенің қай-қайсынан да шет қалмайды. Білсем деп алабұртып тұрады. Бұл – бала күннен бойына сіңген дағды.

Ол инженер болса да темірдің тілін тапқан тәуір инженер болар еді. Журналист боп қалам ұстап, ежіктеп сөз қуып кеткен бір пенде ғой. Бойында ақындық бар, бар бәле содан, соны көрсетем деп  әрі-сәрі боп қаламның құлына айналды. Ол да дұрыс. Барды көрсеткенге не жетсін. Жоқты көрсетем деп тыраштанып жүргендерге таңқалам. Оның ақындығы қалай өзі? Ақындығы ана сүтімен бойына дарыған. Жаман ақын емес, қатарларының алды, өлеңі жұрттың есінде қалған, шайқап жүрген шайыр. Қараңыз:

Қас пен көздің, бауырым, арасында,

Асқақ кеуде соңына қарасын ба?

Басым кетіп барады білегінде,

Санам кетіп барады санасында.

 

Жаулап алған жанымды талма кеште,

Керемет күн кешегі қалмады есте.

Ернім кетіп барады ерінінде,

Шайқалады шаттығым алма төсте.

 

Кеш ұғынған қадірін тірегім бе,

Сол қыз қазір мұратым, тілегім де.

Көзім кетіп барады бұрымында,

Өзім кетіп барамын жүрегінде, – деген өлеңін бұл күнде үлкен-кіші жатқа айтады.

Бұл – энциклопедиялық өлеңге айналды.

Өлеңін  жұрт  жатқа айтқан ақын – бақытты дейміз. Ол біртіндеп сол деңгейге көтерілді.

Ақынды мақтап керегі жоқ. Есенин мен Рубцовты, Әбділда мен Мұқағалиды,  Төлеген  мен  Есенғалиды  мақтап ешкімге жақпайсың. Әсіресе, қазір біреуді мақтайтын кез емес.  Аманхан да Құдай  берген ақынның  қатарында.  Ол  да  тірісінде  өлеңін тосын   біреулер  жатқа  айтқанын  естіп  кетті.

Мен «Түркістан» газетіне шыққан «Көзбояуы жоқ көріністер» циклімде мынадай бір эпизод келтірдім.

«Аманхан – ақын.

Ол өтірік айта алмайды.

Мәскеуге, жас жазушылардың  кеңесіне бірге ұштық. Жолсерік әкелген котлетті  жеместен   терезеден   көк аспанға үнсіз көз салып отыр.

– Неге  жемейсің?

– Біріншіні күтіп отырмын…

Артынша жолсерікке: «Где мой первый?!» – деді өрекпіп, орысша сөйлеп.

Жолсерік  жымиды да қойды. Артынша  бой  бермей  бұлқынып, экипаж  командиріне  кетті. Олар ұшақта «бірінші» болмайтынын айтып, түсіндіріп, екінші  ұшқыш  орнына  әкеп  отырғызды. Сөйтсек,  Аманханның ұшаққа алғаш мінуі екен. Кейін  Алматы  мен  Мәскеудің  арасын    үш  ай  сайын  жол  қылып,  ұшақтың  айызын  қандырды.  КСРО-ның басына күн туған шақта, Жоғары әдеби курсқа түсіп, әңгімені «Мен Мәскеуде оқығанда…»  – деп бастап  жүрді.  Оның алдында оқып, КСРО-ның қызығын көріп келген Ұлықбек пен мен үнсізбіз.

Ақынға дауа жоқ.

Әсіресе, Аманханға…».

Осыны көп жұрт оқып, жастар телефон шалды. «Бұл кісі сондай деп естуші едік», – деп тамсанып, таңғала  сұрады.  «Борщ пен азаматтық борышқа Көк жүзінде де адал біреуді көргендей болдық», – дейді.

Ол малдас құрып отыра алмайды. Ауылда туғанмен қалада өсті. Біз ауыл мен қаланың арасында қалыптасқан ұрпақпыз. Бойымызда тұз бар. Сол тұз қазір  тұлабойымызды   сыздатады да тұрады. Біз беріспеуге тырысамыз. Ауыл мен қаланың айқасы да аз емес.  Ауылды  билікке  жолатпау –  бірінші   міндетке  айналды.  Одан  ауылдың  аяғы  ақсап  қалмайды.  Біз  қара  қой  мен  қызыл  бидайды  айтудан  шет  қалмаймыз.  Осыған  дейін  де   айтарымызды  айттық,  әлі де айтамыз. Қызыл тілге қамшы салдыртпаймыз,  іске  келгенде  салғыртпыз.   Кейінгі ұрпақты    соңымыздан ертсек дейміз. Бұл тұрғыда Аманхан өлеңсөзбен де, көсемсөзбен де көштің алдында жүрді. 

Дәуірдің сөзін көсемсөз арқылы айта білген қаламгер – өзін тапқан қаламгер. Аманхан соның нағыз өзі. Уақыт та соған сай кеп тұр. Алтыншы  ондыққа  толғанда  Бас  редактор  боп  «Ақиқат»-тың тізгінін ұстап, уақыттың ақиқатын  айтты. Осы басылым «Қазақстан коммунисі» боп шыға беруі керек еді деп ойлаймын кейде. Өйткені  ауылдағы ақсақалдар: «Осы «Қазақстан коммунисі» қайда кетті?» – деп сұрайды. «Біз науқаншыл халықпыз ғой. Ресейде «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», тіпті «Юностьқа» дейін атаулары өзгермей шығып жатыр. Коммунистік партия орнында. «Қазақстан коммунисі»  де, Аманхан бас боп шыға бергенде,   сол дәуірдің сөзін   сөйлеп,  колхоз  бен  совхоздың  мұңын  мұңдап тұра берер еді, ақиқаттан еш айнымас еді». Шалдардың сөзіне жауабым осы.

«Өз қатарымнан кім қай кәсіптің тізгінін ұстап отыр?» деп ойлаймын кей кездері пенделікке салынып. Аманхан ғарышкер боп, Тоқтардың орнында отырса да  қаламына адал болар еді. Қалам оның кеселі ғой. Зымыранның ішінде де өлеңін жазып, жазғанда  тек шабытпен ғана жазып, көсемсөзінің тақырыбын  дәл тауып,  парашютпен  қалықтап  аман-есен  жерге  түсе  қалса, Күләй   қарындасыма рахаттана  оқып беріп  отырар еді. Ол – уақыттың перзенті. Уақыттан еш кенде қалмайды. Құдай оны солай жаратқан.

Оны жастар ерекше жақсы көреді. Бойында  жұртты өзіне тартып тұратын,  жек көрсе де қайтып кеп ымыраға тез жығылатын жағымды қасиеті бар. Білімді адам – өтімді. Білімділігімен  де жұрттың есінде қалды. Талантын жұрт мойындап, іздеп жүріп оқиды десек, артық айтқандық болмас. Мұндай сөзге жұрт салқын қабақпен қарайды. «Әдебиет оқылмайды», – дейді. Әдебиет оқылады. Біз кітапты қонышына тығып жүріп оқыған халықтың ұрпағымыз. Ол   Д.Лондон мен Э.Хемингуэйді де, С.Есенин мен Әбділданы да жаңғақша шағады. Карл Марксті көп айтады. Бір жақындығы бар ма, білмеймін. Михаил Булгаковты да сүйіп оқиды. Оның «Собачье сердце»-сіндегі: «Следовательно, разруха не в клюзетах, а в головах» деген сөйлемді жанындай жақсы көріп, жатқа айтады. Бүліншілікке қаны қас. Әрдайым бірлікті қалайды, ымыра болса екен деп іштей тынып жүреді. Кім болса соны құр мақтай бермейді, ешкімнің көңіліне қарамай, барын бар, жоғын жоқ деп, Әдебиет институтының табалдырығынан   жалғыз  өзі  аттағандай  алған  білімін  көрсетіп,  жәбірейіл  тәлімін  тезірек  жеткізсем  деп алқынып  тұратын.

Қалтай ағам (Мұхамеджанов): «Мен мақтанбаймын, бірақ кейде мақтанғанымды білмей қалам», – дейтін. Сол кісінің тікелей ұрпағы ғой. Мақтанғаны өзіне жарасып тұрады. Осыны ақынға тән айшықтармен  байқатып та  қояды.  «Аманхан аға айтып еді» деген кейінгі жастардың ерекше бір ынтығуын да естіп қаламыз. Әдебиетке деген адалдық, білсем деген ынтызар көңіл мен құлшыныс олардың аржағында  жылт-жылт  етіп  көрініп  қалады.

Біздің ауылда  жалғыз  қожа  болды. Аузы дуалы, батадан жаңылмайды. Қолы жеңіл. Сүндеттеп болып, күл мен сормақтаны әрі ысырып қойып: «Осылай отыра береміз бе?» депті көпшілікке көзінің астымен қарап. Аяғы жеңіл бала жүгіріп барып келіпті. Ертеңіне: «Екі батаны бірдей беріп жіберіппіз ғой» депті шекесін ұстап, дәметіп. Әр нәрсе өз кезінде. Аманханның да өзіне тән сыры мен сымбаты бар. Ащы мен тұщының, апиын мен балмұздақтың дәмін тату – азаматтың өз еркінде. Кемелденген  социализм  кезеңі  бізге  көп  нәрсе  үйретті.  Оның ішінде Алматыға кеп өлең жазып, Абай ескерткіші мен «Арман» кинотеатрының арасында арлы-берлі жүрген ақынға…

Поэзия – қырық құпиялы әлем. Ол әдебиет сыншыларының еншісінде. Маған ақынның өлеңін талдағаннан гөрі өлең жазардағы осындай өрекпуін айтқан абзал. Соның кейбір сәттерін ғана сыздықтатып сыр ғып жеткізіп отырмын.

Бір-біріміздің білместігімізді білдіріп отырғанға не жетсін.

Уақыт аттандап алға шауып барады.

Ол – қаламға адал.

Өлеңі де, көсемсөзі де елдің есінде. Қашан да айтып жүреміз. Жақсылықты жеткізе білу де оңай емес.

Әдебиет әлеміндегі өнеге осы.   

Ол – шахмат  ойнайтын.  Ысылған,  тәп-тәуір  ойыншы. Шабуылға  бар  да,  қорғанысқа  жоқ.  Турканы  тура  жүргенмен  офицер  боп  қиғаштап  кете  алмайды,  жаяу  әскер – пешкаларына  жалтақтап  қарай  береді.  Хан  қамауға  келгенде  аңғал,  бұйрыққа  бағынбай  кері  шегініп,  пешкаларына  жас  ақындардай  жаны  аши  қарап,  қалай «мат»  болғанын  білмей  қалады.  Ойыны  да өмірдегі  өзі  сияқты. «Бес  жүрісте  «мат» қоям»  деп  жалы  күжірейіп  келіп,  хан  қамауда  мүлт  кетіп,  тұтқынға  қалай  түскенін  білмей  шаршы  тақтаға  шұқшиып  отырып  қалады.  Өзі  тарихтағы  тұтқындарға  аянышпен  қарайды,  генерал  Власовқа  да,  фельдмаршал  Паулюске  де бүйрегі  бұрып  тұрады.  Жекпе-жектегі  жеңіліс  үшін  қатты  қамығады,  бірақ «жауына»  кешірімшіл-ақ.  Бұртиып  қалғанмен,  түске дейін  ашуы  тарқап,  жақсының  ісін  істейді.  Бұны  аяусыз  қарсыласы  Аян  Нысаналин  айтсын.  Бәрі  де  өмірдің  өзіндей  көріністер.  Екеуі  тақтаның  екі жағында  қас  дұшпан  да,  тақта  жабылғасын  «техас»  боп  тізіліп  кетіп  бара  жатады.

«Көз  көргенін,  көсеу  түрткенін  біледі».  Көсеу – қаламмен  ақ  қағазды  тынбай  түрткілеп  жүріп,  көкірегіне  темір  тағып,  марапат  алып  мәз  болғандарға  жирене  қарайтындығын  да  аңғардым.  Орденін  пальтосына  тағып  жүрген   Өтежан  ақынның  қарекетіне  сүйсініс  білдіре  сөйлегені  есімде.  Аз  уақыт   бос  тұрған  бөлмедегі   Көк  Тудың  желегіне  малынып,  әжептеуір  боп  қалған  әріптесінің  қылығына  ашынып,  «Бар  көргені  осы  ғой»  деп  қасынан  өте  шыққанын  да  білем.  Пенденің  іші  мен  сырты  бірдей  емес.  Өзі  өмірден  өтерінен  үш  ай  бұрын  «Құрмет»  орденін  алып  қатты  қуанды,  «Еңбегіме  жасалған  құрмет  қой» деп,  экспресс-интервью  де  беріп  жіберді.  Жаны  жадырап,  жалы  күжірейді.     Көңілі  бір  атым   насыбайдан  Көкке  өрлеп,  бір  күнде   қоғам  адамы  боп  шыға  келді.  Бұл  да  Аманханға  тән  алабұрту.  Енді  қайтып  кеудесіне  темір  тақпайтынын  білгендей,  бір  апта  бойы  жүрек  тұсына  иегін  тигізіп,  кеудесіне  қайта-қайта  үңіліп  жүрді.  Бұл  марапат  бала  пейіл  ақынның  болашақ   мұражайында  ең  қымбат  жәдігер  боп  сақталады. 

Бала  мінезді  еді.  Айтысса  ақырына  дейін  айтысатын.  Әзілді  тура  түсініп, тұра  жүгіретін.  Темірхан  ағамыздың «Аманханның  амандасуға  келе  жатқанының  өзі  төбелесуге  келе  жатқан  адам  секілді»  деуінде  шындық  бар.  Ақжарма  ақын  көңілдің  кепиеті  осы  емес  пе?  Ол  өмірден  ақын  боп  өтті.

Өмірдің  бел  ортасында,  құбылыс  атаулыға  иығын  тығып  жүретін  қызу  қанды  еді.  Ерте  тұрып,  жалақы  алар  жұмыс  орнына  да  екі  сағат  ерте  келіп   отыратын.  Қарашы,  табиғаттың  уақытша  дағдарысы – мырзақамақ  басталғанда  тар  қуысқа  симай  арамыздан  сытылып  кетті.  Оған  да  бір  жыл  болды.  Енді оның  асып-тасып  сөйлейтін  сөзі  мен  ақжарқын  күлкісін  аңсаймыз.

Өмірден  өтерінен  бір  ай  бұрын  дейікші, «Қазақ  газеттерінің»  дәлізінде  кездесіп  қалды  да,  әй-шәй  жоқ  көсіле  сөйлеп  кетті.  Өңі  сынық,  көзінің  асты  көгеріңкі.

– Менің  70  жылдығымда   сен  баяндама  жасайсың, – деді  бастырмалатып.

– Оған  әлі  екі  жыл  бар.  Қожеке,  Путиннен  алты  ай  үлкендігің болғанмен,  юбилейге  әлі ерте  ғой.

– Жоқ,  сен  жасайсың…

– Оған  дейін  қаралы  митингі  бола  қалса,  сөйлерміз.

Бір  күліп  алды  да,  алған  бетінен  қайтпай  жауырыны  бүлкілдеп,  асығып  кетті.  Бұл – екеуміздің  ең  соңғы  диалогымыз  екен.  Біздің  диалогымыз  қашанда  осылай  өрбитін.  Көңілге  қарап,  көлгірсу  деген  болмайтын.

Өмір  қаралы   митингімен  аяқталды.  Ол  асықты,  мен  бұра  тарттым.  Құдай  ауызға  салған  сөзді  айтпай  тұра  алмайсың.

Бұл  да  – Аманханның  айтылмаған  бір  сыры.

Оған  да  бір  жыл  өтті.

P.S. 6 ақпанда  ақынның жылдығы  аталады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір