Димаштың өнеріне тамсанған француздар қазақ тіліне қызыға бастады
Егер адамзат баласы үшін қымбатты екі нәрсе бар десек, соның бірі – ана тілі. Зерделеп қарасаңыз, керемет жетістіктерге жеткен ұлылардың тұғыры мен тиянағы ана тілі болғаны шындық. Әйтпесе, алпауыт ойдың иесі Шекспир «Әкемнің парасаты, анамның тілі маған өмір бойы көмектесті, азық болды» демес еді. Алып Париж шаһарында, сондағы жергілікті француздар мен этникалық қазақтарға ана тілімізді үйретіп жүрген Құралай Алтунай бізге берген сұхбатында Парижде құрылған «Қорқыт-Абай» мәдени орталығының басты мақсаты, сол елдегі қазақ тілін үйренушілердің ынтасы мен жігері жөнінде айтып берді.
– Құралай ханым, сіз елден алыста, Еуропаның жүрегі саналатын Парижде жүрсеңіз де ол жақтағы бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретіп жүр екенсіз. Еуропада қазақ тілін үйренгісі келетіндер кімдер? Француздар ма, әлде, сол жақтағы қазақтардың балалары ма?
– Еуропаның кіндігі саналатын Францияның жергілікті ұлт өкілдерінің ішінде де қазақ тіліне қызығушылар аздап кезігеді. Мемлекеттік тілді құрметтеу жағынан француздар өзгелерге үлгі болуға лайық дер едім. Францияда ең алғаш тіл жайлы Заң 1490 жылдары, яғни осыдан 5 ғасыр бұрын қабылданған екен. Әрине, Франция елі де ана тілін қорғау үшін көптеген дау-жанжалдарды бастан өткеріп, тіл үшін күрестегі бай тарихының нәтижесінде қазіргі күнге жетіп отыр. Бүгінгі күні француз тілінде сауатты сөйлеу мен жазу мәдениеттіліктің, француз азаматтығының, халық рухының белгісі ретінде қарастырылады. Меніңше, олардың қазақ тіліне ықыласының оянуы – ең алдымен біздің тілдің түркі тілдерінің ішіндегі мазмұны мен мәнін жоғалтпай, толықтай осы заманға жетіп отырған бірден-бір байырғы тіл болғандығында. Франциядағы Қазақстан Елшілігінің жанынан ашылған «Қорқыт-Абай» мәдени орталығының қазақ тілі курсының бағдарламасында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын негіз ете отырып, тіл үйренушілерге қазақ ұлты жайлы жан-жақты білім беру көзделген. Осы жерде айта кетейін, «Қорқыт-Абай» мәдени орталығын құрушылар, қазақ өнерін Еуропада насихаттап, танытып жүрген қазақтың қос қарлығашы – Ә.Ерсайынова мен Ә.Матаевалар.
Мәдени орталықта ересектер және бүлдіршіндер тобы бар. Ересектер тобында «қазақ тілін меңгерсем, бүкіл түркі тілдерін тез үйренуге жол ашылады» деген ойда жүрген француз ұлтының өкілдері оқиды. Кейбір қазақ тілін үйренушілер: «Еуропа халқы табиғаттан өте алыстап кеткендіктен, үйреніп жүрген қазақ тілінің үнінен қазақ даласының самал желі, қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобыздың қоңыр үні, қыран бүркіттің саңқылы естілетіндей болып тұрады», – дейді. Тіл үйренушілердің біразының қазақ тіліне ықыласы – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Димаш Құдайбергеннің өнеріне қызығушылықтан туындап отырғанын баса айтып өтейін. Бүлдіршіндер тобында белгілі себептермен Парижге келіп қоныстанған Қазақстан азаматтарының және Түркиядан көшіп келіп, ұзақ уақыттан бері Парижде тұрып жатқан этникалық қазақтардың балалары оқиды. Сонымен қатар француз отбасында тәрбиеленіп жатқан қазақ балалары да ара-тұра келіп қатысып тұрады. Француз ұлтының өкілдері «кішкентай балдырғандар ана тілін, тарихын, салт-дәстүрін ұмытпасын» деген ниетпен қаракөздерімізге барынша жағдай жасауға тырысады.
– Еуропалықтардың бір жақсы қасиеті әр нәрсеге қызығып, құштарлықпен қарайды. Тіл үйретуде қандай жақсы методикаларды пайдаланып жүрсіз?
– Тіл үйренушілерге барынша қазақ тілді орта қалыптастыру – «Қорқыт-Абай» мәдени орталығының басты міндеті. Орталық тіл үйренушілер арасында қазақ ұлттық ойындарын ойнатып, бүлдіршіндер тобының қатысуымен қазақ ертегілерінен қойылым дайындап, әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізіп отырады. Қазақстан азаматтарының отбасында өсіп-өніп жатқан қазақ балаларының тілімізді ұмытып кетпеуі (күнделікті қарым-қатынас құралы болмағандықтан) үшін тереңдетілген сабақтар жүргізіледі. Түркиядан келген қандас бауырларымыздың отбасылық тілі көбінде түрік тілі, түрік тілі де бауырлас тілдеріміздің бірі болғандықтан оларға да қазақ тілін меңгеру аса қиындық тудыра қоймайды. Олар үшін басты қиындық – әліпбиіміздің әртүрлі болуы. Ал ересектер тобындағы тіл үйренушілер өздерінің қазақ тілін үйренсек деген зор ыждағаттарымен біршама жетістіктерге жетуде. Қазақ тілін оқытуда қандай әдістерді қолданып жатқанымыз туралы айтар болсақ, қазір адамзат үшін тілдік орта болмаған жағдайдың өзінде де басқа тілді меңгеру жеңілдеуде. Себебі бұл тұрғыда көмекке бірінші боп ғаламтор «келеді». Үйреніп жүрген тілді сол тілде еркін сөйлеушімен ғаламтор арқылы сөйлесе алу мүмкіндігі жоғарылады.
Қазақстан Республикасындағы «Отандастар» қоры жаңа шыққан қазақ тілін үйретуге арналған кітаптармен бізді үнемі қамтамасыз етіп тұрады. Тіл үйретуде көбіне осы жақта білім беру саласында қолданылатын тілдік әдістемелерді басшылыққа аламын. Себебі тіл үйренушілердің барлығы дерлік Франциядағы оқу саласында қолданылатын әдістемелерге көздері үйреніп қалған. Менің өзім француз тілін үйрену үшін тіл курсына барып жүрмін, ол жерде көрген, үйренген әдістемелерімді қазақ тілінің маманы ретінде ой елегінен өткізіп, өз оқушыларымның білім деңгейіне, психологиялық жағдайына қарай орайластырып қолданамын. Қазақстандағы білім саласында қолданылатын қалыптасқан тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерді қолдану тіл үйренушілердің тілді тез меңгеріп кетуіне кері әсер етуі әбден ықтимал. Өйткені олар ол әдістемелермен мүлдем таныс емес. Сондықтан Франция елінде мектепте қандай дәстүрлі әдістемеге үйренді, сол үлгіні пайдалануға тырысамын.
– Өзіңіз неше тіл білесіз?
– Өзім ана тілімнен басқа орыс тілін, түрік тілін білемін. Француз тілін меңгеріп жүрмін.
– Қазіргі көп қазақ жастарының арманы – шетелге кету, оқу, ақшалы болып оралу. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Шетелге барғандағы мақсатың айқын болып, білім алып, жақсылықты үйреніп, жамандықтан жиренсең, өзіңді жеке тұлға ретінде барған елде, аз да болса, мойындата алсаң, оның жөні басқа. Мұндағы басты мәселе – сенің еліңдегі мәртебең шетелге барғандағы мақсатыңа қарай өзгеретіндігінде. Егер сен сол жақта қалуға бекінсең – сөз басқа. Шетелге барып оқығысы келген жас ең әуелі қандай нәрсенің де байыбына барып, оңы мен солын саралап, айқындап алуы керек. «Барған жерде жұмаққа бөленіп, байып кетем» деген ойдан арылу қажет деп ойлаймын. Көпшілік жастар «бізді онда құшақ жая қарсы алып, жалақысы жақсы, мәртебесі жоғары жұмысқа алады» деген аңғал сенімде болады. Бұл, меніңше, қате ұғым (бәлкім, мен қателесермін). Шетелде де өзіңді көрсетіп, қоғамдағы орныңды таба алуың үшін күресіп, қолыңнан бірдеңе келетінін дәлелдеуің қажет, көп еңбек етуің керек. Ал мұндай күрделі істі өз еліңде істей алмай тұрып, тілі мен діні бөлек өзге елдерде жүзеге асырамын деу құр далбаса дер едім…
– Қазақ тілі елімізде мемлекет тілі болғанымен, әлі де толық бір тілде сөйлесе алмай келеміз. Бұның зардабы қаншалық деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе талайдың жүрегін ауыртатынын бәріміз білеміз. Әр адам өзінен бастау керек деп ойлаймын. Әр қазақ өзінің ана тілін шексіз сүюі қажет. Мысалы, біз күнде кездесіп жүрген француздар басқа ұлт өкілдерінің француз тілінде сөйлеуіне үлкен құрметпен қарайды. Французша қате сөйлеп тұрсаң да, саған әрқашан жанашыр болып көмек қолын созады. Сол әрекеттерімен ана тіліне құрметін өзгелерге дәлелдей біледі. Француздар ана тілін сүйетіні соншалықты, не туралы әңгіме болса да, ойларын әсем, көркем бейнелі тілмен ауызша және жазбаша жеткізеді, бір сөзбен айтқанда, туған тілі бүгінгі өмірлерінің басты қажеттілігіне айналған. Әрбір француз өз тілін, мәдениетін ең озық мәдениет деп санайды және оған кәміл сенеді. Тіліне, мәдениетіне зор құрметпен қарап, әлемге таратуға тырысады. Бізге де, яғни, әр қазаққа өз тіліміздің дамуына, мәдениетінің өркендеуіне дәл солай атсалысып, үн қосуымыз керек деп ойлаймын.
– Мейлі, қайда барсаңыз да, туған жер ыстық көрінетіні шындық. Шет жұртта жүргенде сағынышыңызды қалай басасыз?
– «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей, әрине елге деген сағыныш бойды кернейтіні жасырын емес. Бірақ қазақтың бір қызы ретінде Парижде өзімнің ана тілімді француздарға, қала берді осында тұрып жатқан этникалық қандастарыма үйретіп, ұлтыма аз да болса қызмет етіп жүрмін деген ойдамын. Мен үшін елге, жерге деген сағыныштан гөрі ұлтқа қызмет ету маңызды.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.