Туған жердің мұң-зарын арқалаған
08.02.2021
970
0

«Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең» деп отыратын марқұм әкеміз. Қай заман… Анау бір алыста – алты қырдың астында қалған балалық шақта! Ол кезде қайсы бірін түсініп, ұғындық. Бірақ құлақта қалып қойған… мүмкін, жүректе. Енді келіп, сол бір әуендер Қорқыт қобызының сарынындай болып әр жерден күңірене жететін сияқты ма-ау!.. Онсыз да күнделікті күйбеңнің көлеңкесінен, біреулердің «ойсыраған» ойсыздығынан көкірек қыжылға толғанда, осынау бір алпыс қырдың аржағын ашырқана еске алып отырғанымыз, сірә, өлең құдыреті болар. Ақын Мақсат Әлсейітовтың шабытты жырлары қайдағыны қозғағаны емес-ау, көкіректегіні дәл басып, ел көңілін елең еткізем бе деген асқақ ойдың үздіккен үні дермісің. Замана мұңын мұңдаған…

Бірақ оның жинақтағы жырларының гөй-гөй сарыны тек жалаң уайым ғана емес, мынау жалғанның бес күндік екенін ой-сана сүзгісінен өткізіп, кейде түңіліп, кейде ақын жүрегімен үздіге үңіліп, сонан айшықты өрнектер тапқан, ыстық пен суыққа қатар шарпылудан туған жырлар екенін аңғарасыз. Аңғарасыз да, ет-бауырыңыз езіле шамырқанасыз. Қолымыздағы – ақын Мақсат Әлсейітовтың «Жетімсайдың бойында жетім ауыл» атты шағын ғана жыр жинағы. Жинақтың атының өзі айтып тұрғандай, ондағы өлеңдерді оқи бастағаннан-ақ сонау бір қиырда, құм шағылдың бауырында бұйығы жатқан ауыл өмірінің мұңы мен сырына шым-шымдап еніп кете баратындайсың. Атшабардың аспаны. Жинақтағы алғашқы өлең осылай аталыпты. Жабырқау, жүдеу ауылдың кейпі, сірә, табиғи хәл емес. «Атшабардың аспанын мұнар басқан, Алтын күнім, қайдасың, тұманды ашқан…» – деп басталатын беташар өлеңмен желкен керген жыр жинағының сол алғашқы жолдарының өзінде қазақылықтың қаймана суреттері тегершігі алға емес, кері айналған сұрқай тіршіліктің көңілсіз әуеніне басады. «Тұскиізім қалшылдап дір-дір етті, Құлап түскен домбырам бір «зың» етті,…, «Туырлықты тулақша желпілдетті, Босағаға домалап бөркім кетті…» – деп қанға қадірлінің бәрінің кертолғау күйге түсуі жақсылықтың ырымы емес тәрізді. Тек ақыр соңындағы «Сексеуілдің томарын құрт қып сорып, Сыр бермей тұр әзірше ошақ қана», – дегенде, «ошағы аман болса, үміт отының сөнбегені де…» деп қана көңіл бірлейтіндейсің.

Жинақтағы келесі өлең де алғашқының жалғасы тәрізді. Өзгешелігі – мұнда әлгі ауылдың «Ойлысы – ақымақ, ойсызы – тақуа кіл» пенделері де сыр беріп қалады. Екі өлеңде де бар бәленің басы боп «керегеден гуілдей ескен жел», «көз аштырмас бір дүлей боран…». «Сұр есегі китіңдеп жол бермейтін, құрық ұстар ұлы жоқ, аты жауыр» сол ауылдың күйіне – «Атшабардың аспаны» ғана мұңға батып тұрып, іштей өмір тілейтін. Гүлге. Бәлкім болашақтың, бәлкім, көңіл-көкіректің үміт гүліне: «Жантақ өсті гүліме шырматылып, тамағына тырнағын тұр батырып. Ренішпен… гүлге өмір тіледі іштен, Атшабардың аспаны мұңға тұнып».

«Қара парта» өлеңінде де парта тағдыры арқылы ұрпақ тағдырының болашағына алаңдаған бір мұңлы әуен еседі де, замана күйінің тағы бір сырқатты пернесінен сұрғылт сыр тартады. «Қара парта – қарапайым ұлылық, қызуыңа өсіп едім жылынып. бүгінгінің парталары қаусап тұр, төрт бұрышы төрт шегеге ілініп… Сен тұлпарсың, мына парта жабыдай, кешір, тұлпар, кеттік сені танымай. Жабы мінген жеткіншегім күні ертең, ұсақталып кетпес пе екен тарыдай…». Өткен бір кеңестік жастық, балалық шақтың көңілге жылы лебі әлдебір мұңлы күйін сыңсытып өтіп, ақынның астарлы ойынан сыр тартып, ел болашағы мен ұрпақ тағдырының әлдеқалай ертеңіне меңзейтіндей. Шынайы өмірдің проблемасы екеніне дау жоқ. Әсіресе, қазіргі кезеңнің көкейкесті сөзі осы дерсің. Осы бір алғашқы екі өлеңдегі қоламтада жатқан ыстық шоқтай жарыла сыздаған сезімтал ойлар «Тау сілемі» өлеңінде онан әрі жалғаса түсіп, ендігі беталысында шамырқана шырқап, шарт кетуге шақ қалатындай әсер береді. Туып-өскен өлкесіндегі ең қадірлісін, яки – «Жоғалтқан тауларының нар бейнесін» – күндердің күні туғанда, көкірегіңе басарсың деп, көк дәптерге сақтап қоймақ болған ақын көңіл енді «Алпыс басты Алатау арланбаса, Жартас жасап кетейін қолдан қашап. Жартасымнан шартас ал, ең болмаса, Азу тісі мұқалған арлан қазақ» – деп, қордаланған қан қыжылымен өзінің де арлан тісін ақситып қалғысы келетіндей. «Көмілген шыңыраулар» да – осы бір мұңлы сарынның жалғасы. Бір сәт ақын өз тағдырын, өлеңінің тағдырын тұспалдап, өнердегі жолының қиындығына қапаланатын тәрізді. «Құтмағамбетке хат» өлеңінде ақын тарихқа нақтылап барып, тарихи тұлғаға айтар арзуын жеткізуге ұмтылады. Ел қорыған ерлердің «ереуіл» тіршілігінің тарихи сыры ашылып, баба рухына кейінгі ұрпақтың дат лебізін жет-кізгендей. Өлеңдегі оқиға нақтылығы оның бағасын арттыра түсіп, қазақ тарихының көпке беймәлімдеу бір құйтұрқы тұстарына сәуле шашып, кешегі ел қорыған ерлер рухын еске түсіреді. Сыр өңірінен өткен тарихтың ыспа құмдарымен шеттеп шығып, қиыр қонған, сол шетте жүріп, қиян даланың қорғаны да болған бір шөкім ел тағдырының мұңлы бейнесі оянады ақын жадында. Иә, ұлан даланың пұшпағын қорғап, ұлаған көштің қонысын қорыған есіл ердің рухына арналған, шетін тірлікке, шетқақпай өмірге айтар базына ма дерсің. «Қазақ жерін созып мың шақырымға, Қызылқұмда домбығып аты құмда, Шеттеп-шеттеп шегінтіп шекараны, Шетте қалған өзі де ақырында» ерлер тағдыры ел өмірінің өткен бір аумалы-төкпелі болмысынан нәумез күй шертетіндей. Кітаптағы «Жетімсай дәптерінен» деп айдар таққан алғашқы топтаманың түйіні «Ақшабұлт» өлеңімен түйіліпті. Мұнда ақын «Бір ерді мұқалтқан мың езден, Жиіркеніп, ақша бұлт, бездің бе, Сөйтіп сен аспанды кездің бе?..» – деп туған жер аспанынан жөңкіле көшкен ақша бұлтқа мұң шағады. Иә, алқынған арманы мен жан дүниесінің діл-дірілін ақша бұлтқа айтып арылуынан оның дәтке қуат қылып қармаған «жалғыз талы да» осы ақша бұлт екенін ұққандай боласың. Пәндәуи тіршіліктен адалдық аңсаған ақынның ішкі аңсары шымырлап жатқан тәрізді. Сол үшін де оның ақша бұлттың тезірек өткенін қалауы, алдағы бір арзу тіршілікке деген аңсауы тәрізді сезіледі. Бас-аяғы 10 шақты ғана өлеңнен тұратын алғашқы бөлім тұтастай бір мұңды ноталардан тұратындай көрінгенімен, әр өлеңнің астарында қайнап жатқан азаматтық аңсарынан ақын жанының жадаулау ішкі үні жоталанып жатады.

Жинақтағы екінші топтама «Қызылқұм дәптерінен» деп аталыпты. Айтса айтқандай, алғашқы өлеңнің өзі құм табиғатының әдемі бір жұмбақ сырлы иірімдеріндей боп өрілген: «Үйірі бұғы мүйіз сексеуілдің, Бауырында күйсеп жатыр көшпе құмның…», «Көзінен сексеуілдің сұрғылт түсті, Кесіртке тамшы болып жылжып түсті…» – тәрізді сиқырлы суреттер сұрғылт құмның арасында сырғып өтіп жатқан ғажайып бір тылсым тіршіліктің құпия бейнесін көз алдыңа әкеледі, осы бір жанды көріністер көңіл түкпірінде әлде бір жұмбақ сырлардың қылын шертіп өткендей болады. «Төртқұлақ там» өлеңінде ақын көңілін ғұмыр-тіршіліктің бейдауа өтпелілігі толғандырады. Атажұртта құм арасында қалып бара жатқан нар тұлғалардың бейіттері туған жерге басылған киелі таңбалардай төртқұлақ тамдарға айналып, тірі пенденің жер бетінен замана желі айдаған қаңбақтай домаланып өтер пәндәуи өмірінің бейдәрмен болмысын жыр ғып шертіп, «Қисаймай, шарт жүгініп отыра бер, Сіміріп аспан дейтін кеседен нұр» деп, «мәңгілік өмірдің» ұзақ әуеніне мұңлы сарын қосқандай тебіренеді. Иә, кешегі азынап өткен азуы алты қарыс жыраулар ізінен сораптанып қалған «қоғалы көлдер, қом сулар» әуенінің бір сарыны да. Тек бұларда жалпы абстракция емес, жан-жүректі ақынның ішкі күйзелісі үнемі желі тартып отырады. Жаныңды қоса күйзелтіп. «Қос батырдың мазарында» деп аталатын жырдағы ел қорыған ерлердің киелері «… екі көзі от шашқан алып мысық» туралы баян әсерлі шыққан. Мұнда да ақын қаламына тән табиғи қазақы сөз өрнектерінің бояуы айқын аңғарылып отырады: «Қостұрбадан» келеміз астан қайтып, құмдарды оқып парақтап, дастандай қып» немесе «білем-білем білектей бұйратыла, бұйрат құмдар шілденің күйді отына» деген тәрізді жыр жолдары ауыл баласының аңғаруындағы әдемі суреттер ғана емес, білектей-білектей шымыр жыр жолдары да. Мұндай шымыр шумақтар жинақта жетерлік-ақ. Өлеңдегі батырлардың кие­сі жолбарыс қазақтың киесіндей, ғайыптың құдыретіндей әсер етеді. Пәни тіршіліктің құпия сырларынан хабар берер тектіліктің түп тамырына тұспал жасайды. «Шағал, қарсақ, түлкі боп күн кешпесең, бұл өмірге сыймайсың жат қалпыңмен» деген өлең түйіні де аңыздың артында бүгінгі өмірдің ащы ақиқаты жатқанын меңзейді.

 «Ноғайлы дәптерінен» бөліміндегі өлеңдерінде де автор өзінің әсерлі сезімдері мен өрнекті ойларының ізінен жаңылыспаған. «Кавказға хат» өлеңінде Ноғайлы жұртының ежелгі ізін, туысқандық рухын аңсау сезімі – құмық, ноғай бауырлардың түркілік қанын, елдік, туыстық сезімін «Толқыннан хабар күтеді сағынып сені, Теңіздің арғы бетінен қаңқылдап ақ қаз..», – деп, «Сен мені бауырым, адаспай табар ма екенсің, Алау ғып қойсам жүректі жағаға жағып» – деген әсерлі, образды жыр жолдарымен беріпті. Әрине, әдемі жыр жолдары жанға қуат береді, көңілдегі көп күдікті оясына түсіріп, ағайынды бауырға тартқан сағыныш әуеніне тәнті етеді. «Самұрық» өлеңіндегі негізгі сарын да сол өшіп бара жатқан елдік рухты іздеу, соған қуат беру, тірілту, келешек ұрпақты рухсыздықтан сақтау мұратын аңсаудан туған жыр. Бұл игі мұрат жалаң ұранмен емес, әсерлі ой өрнектерімен өріліп берілген. «Самұрығым жайғанда қос қанатын, Қараңғылық қаптайтын аспан астын. Айдаһарлар кіретін тесік таппай, Арыстандар тығылып бас бағатын…» деген жолдардағы меңзеу сипатында беріліп отырған ежелгі түркілік рухты іздеу сарыны оқырман ойын ғасырлар тереңіне тартады. «Қаңқылдап ақ қаз» өлеңі де алдыңғы «Кавказға хаттың» мұңлы иірімдерімен өрілген. Автордың қолданысындағы «ақ қаз» ұғымы бір жағынан мифтік сарындармен астасып келіп, «қазақ» ұғымын береді. «Қобыздың зарын қайталап, қанатын қағып, Қаптауға «ошарсыз кеткен» туыстарын – сыңарларын аңсаған сырлы әуен ақ қаздың мұңлы сазымен астасқан. Сағыныш сазы, әрине. Мұңды саз. Сонымен бірге онда жай ғана сағыныштың емес, елдің кешегісін күңірене еске алып, ертеңін қамырыға ойлаған санашылдықтың сазы бар.

 «Сұлтаным, тыңда датымды» – бүгінгі ел өмірінің бір жаралы тұсын толғаған – елге оралған қандастарымыздың тағдыр-талайын қанмен жазған үшбу жыр, үшбу хат десек болар.

Біз көзінен тізіп отырып, біраз жырдың байыбына бармақ болғанымызбен, жинақтағы әдемі жыр жолдарын түгендеп болмасымыз белгілі және ол мақсат та емес. Бар ойымыз – осынау бір жүректен шыққан өрнекті де өзекті жыр жолдарының тағдыры да құмда қалған «Жетімсайдың» тағдырына ұқсап ескерусіз қалмаса екен деген бір игі тілек қана.

Жинақтан бірқатар әсерлі балладалар мен дастандар да орын алыпты. Солардың бірі – «Күшік» атты балладасы да сәтті дүние екен.

Жас немересі балалықпен енесінен айырып үйге алып келген кішкене күшіктің хәлін ойлап, түнімен көз ілмеген әже байғұс ол күшіктің баласынан ажырап қалған әлдебір жақтағы анасының да хәлін ойлап мазасы кетеді. Таң ата күшікті орнына апарып тастауын бұйырған қарт әженің тәрбиесі барша балаға ғана емес, әрбір адамға өнеге болғандай сауапті іс екені бала көңілінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз.

Біз ақынның жинақтағы өлеңдеріне азды-көпті өз пікірімізді білдірдік. Десек те, өлеңінің жайын әуелі ақын көкейі өзі жан-жүрегімен сезініп, «іштен шыққан шұбар жыланның» мінез-құлқын көңіл көзімен аңғарып отыратыны да бекер болмаса керек. Ойларымызды ақынның «Пері қызы» өлеңіндегі жолдармен түйіндегелі отырмыз. «Пері қызы ұшып жүр жел ішінде, Оған лайық ер бар ма ел ішінде. Өлеңімнің өрнегін содан алдым, Желге ұқсайды жырларым сол үшін де. Жанары бар, жаны бар, – бөксесі жоқ, Жүрегі бар, саны жоқ, өкшесі жоқ. Желге мініп періштем келген сайын, Мен жылаймын қасымнан кетпеші, – деп…». Иә, өрнекті жырлар мен өрелі ойларға кенде емес осы бір шағын жинақтың бірқатар кемшін тұстарына қарамастан, көңілде өшпестей қалып қояр мұңлы да сырлы әсері жетерлік.

Сонау алыста қалған «Жетімсайдың» баурайындағы «құмда ғана оңаша жолығып», ақын қиялын тербеткен пері қызының сиқырлы саздары періште көңіл ақын қиялында сиқырлы жалғасын тапқандай.

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір