Қазақты іздеген ақын
26.01.2021
1198
0

Қазақтың аса көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев туралы сөз айтылса, көпшілік жұрт, әсіресе, қаламгер қауым оны «Махабаттың жыршысы» деп бағалалайды. Әрине, дау туғызбас тұжырым бұл. Аталған тақырыпта Тұманбай Молдағалиевтан аты озған ақын жоқ.

Ақынның  тағы бір тақырыбы – арнаулар. Тұмаға бұл тақырыпта да ешкімге дес берген емес.

 Тұмағаның ел ескере бермейтін, нақтылап айтсақ, ескергісі келмейтін  тағы бір қыры бар. Ол – қазақты іздеуі. Ұлт тағдырына қатысты жазған жырлары түк ескерілмей келеді. Керісінше, «Тұманбай ұлттық мәселелерге келгенде шөп басын сындырған жоқ!» деушілердің қарасы көп.

Бұл – түп-тамырынан жаңсақ пікір. Қаттырақ айтсақ, ақынды кемсіту, қорлау.

Қазақ ақындарының ішінде шеттегі қазақты іздеген жалғыз ақын – Тұманбай Молдағалиев.

Еуропа елдеріне барған бір сапарында Тұмаға кезінде Қытайдан қашып, Түркияға барған Алтай Оспан атты қазақпен кездесіп, оның өмірінен «Алтай Оспан» деген поэма жазып, оны 1985 жылы «Біздің Отан» деген газетке бастырыпты. Поэманың соңында: «Стокголым – Алматы, 15 қазан – 31 қазан, 1985 жыл», – деп жазулы тұр.

Поэма кейіпкердің өз аузымен баяндалып, түгелімен тырнақшаға алынған.

«Алтайда дүниеге келген екем,

Атыммен ылғи бірге туған мекен.

Ел кездім жел айдаған қаңбақ құсап,

Оншама еш нәрсе жоқ мұнда бөтен.

 

Ұямнан кеттім қашып бір-ақ түнде,

Баратын бағдар қайда, мұрат кімде?!

Ұстадым өмір бойы бір-ақ дінді,

Сөйледім өмір бойы бір-ақ тілде.

 

Табиғат жаратпады ұқыпты ғып,

Қайғыны, қасіретті жұтыпты үміт.

«Қытайдың қазағы» деп айтады жұрт,

Сыртымнан саусағымен нұқып тұрып…» – деп басталған жерінен-ақ Алтай Оспанның кім екенін бірден аңғарасың.

Комунист Қытай өкіметінің қудалауына ұшыраған Шығыс Түркістан қазақтарының бір бөлігі Гималай асып, Түркияға босқаны туралы білмейтін қазақ жоқ. Алтай Оспан сол босқын қазақтың көшіне еріп, шетел асқан қазақ. Оның туған жерінен безіп, жат жұртқа тентіреп кетуінің себебін Тарлан ақын:

«Қалғаным жақсы ма еді мұнан да өліп,

Сенбесек, бәріне де күмәнді едік.

Шошынған ұясынан қарлығашпын,

Жеймін деп келе жатқан жылан көріп» – деген бір-ақ шумақпен жеткізеді.

«Болсам да осынау елге өгей, бөтен,

Өзіңді өз пиғылың демейді екен.

Шведтің бір жақсысы еңбегіңді,

Шіркіндер қарауланып жемейді екен.

 

Сөйтем де құлағымды елге түрем,

Әуенін естимін де тербетілем.

Туған жер биік Алтай – асыл ана,

Табам ба ондай жерді жер бетінен» – деп, зарлайды Тұмағаның туған жерін сағынған Оспан бауыры.

«Алтай Оспан» поэмасы арқылы ақын 20 ғасырдағы шеттегі қазақтың бүкіл тағдырын бейнелеген. Оның бұл тақырыпқа ат басын бұруы жайдан-жай емес. Тумысынан қазақты сүйген жүрегі бір өңірмен шектелмеген. «Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ» деген ұстаным Тұманбай Молдағалиевтың бойында әуел бастан болған.

Алтай Оспан есін жиып, тұрмысы түзелген бір сәтінде ұлын ертіп, Алматыға келіп қайтады. Оның сондағы жан тебіренісін оқып отырып, ет жүрегің езіледі. Көзіңе ыстық жас үйіріледі. Сезімтал ақын Алтай Оспанның осынау жан әлемін былай суреттейді:

«Алматым, көңіліңді ұқтым ояу,

Сәскеде самалыңды жұттым баяу.

Көшені араладым жаяу жүріп,

Шыңына Алатаудың шықтым баяу.

 

Заңдары қызық-ақ қой жаратылыс,

Жаныма алып қайттым жаңа тыныс.

Туысым жоқ болса да бұл қалада,

Секілді тұрғынының бәрі туыс.

 

Байсалды қалпында екен бай мекенім,

Алыста жүріп оны қайғы етемін.

Өзіммен тұңғышымды ала бардым,

Білсін деп қазағының қайда екенін.

 

Олдағы разы болды бұл барысқа,

Жанарын жаным балам салды алысқа.

Барып ем мысық құсап қайран елге,

Бейне бір ұқсап қайттым жолбарысқа»

 

Алтай Оспанның ендігі арманы – елге келіп өлу.

«Өмір ғой бірі келген, бірі кетіп,

Көрген жоқ ол сорлыны ол ірілетіп.

Шіркін-ай, елге барып өлсем деймін,

Тым құрса шеткі үйіне тірі жетіп», – деп, зарлағанда сай-сүйегің сырқырап кетеді. Тіпті, өзі болмаса, ұрпақтарының жат жерде қалмай, Қазақстанға жеткенін армандайды.

«Астықтан дәрия ағызып, тау орнатқан,

Туған жер қайда жүрсем маған мақтан.

Қазақтың күні тұрса биігінде,

Бізге де түсетіндей сонау жақтан.

 

Кеудемде талай менің қайғы ысталды,

Өсірсем жақсы еді-ау ұл ойға ұстамды.

Мен өлсем, балаларым барар елге,

Қумаңдар, жат көрмеңдер байқұстарды», – деп, келер күннен аппақ үміт күтеді, ұрпағын аманат етеді Алтай Оспан.

Міне, Отанға деген махаббат, қазақтың қазаққа деген сағынышы!

Қысқасы, ұлт мәселесін, алыстағы бауырлар тағдырын уайымдаған сәттерде, Ақынның сезімтал жүрегі тыныштық таппаған. Қазақтың ұлы тұтастығын қамыға ойлағанда, үнсіз қала алмаған. Кеңестік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған осынау қатал мезгілінде мұндай поэма жазуға тек Тұманбай Молдағалиевтың ғана батылының барғанын біз ешқашан ұмытпауымыз, өз деңгейінде бағалай білуіміз керек.

Шеттегі қазақ тағдырын жырлауда Тұманбай Молдағалиев «Алтай-Оспанмен» ғана шектелмейді.

Екінші дүниежүзілік соғыста Совет армиясының қатарында болып,  неміс әскерінің қолына түсіп, тұтқын болған қазақ жауынгерлерінің саны аз емес. Ауыр азап пен тозақты бір кісідей көрген қазақтар сол беті жат жұртта қалды. Кеңестік жүйе оларды «Сатқын!» деп атап, қазаққа қарсы қойып келді. Тіпті, Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де оларды іздеген пенде болған жоқ.

Міне, сол жерлестерімізді бірінші болып жоқтаған, жырға қосқан ақын тағы Тұманбай Молдағалиев.

Ақын  азаттықтың төбесі көріне бастаған елең-алаң шақта, 1990 жылы желтоқсан айында АҚШ-қа сапарлап барған. Дәл осы тұста Тұмаға Ұлы Құрлықтың әлем-жәлеміне көз тікпей, сол тұтқынға түсіп, жат жұртта қалған бауырларын іздеп, шабыты шарқ ұрады. Сол сапарынан «Америкамен бетпе-бет» деген атпен көлемді топтама өлең жазып қайтады. Өздерін «сатқын» сезініп, қамығып жүрген қазақтың аузынан ата-анасына, туген жерге, өскен елге деген сағынышы мен мұңын береді.

«Жол түсіп дүниені араладым,

Үйрендім жүргіншінің бар амалын.

Тек қана туған жерге бара алмадым,

Сағындым анашымның орамалын.

 

Сағынып анашыма жете алмадым,

Қайтейін, нар тәуекел ете алмадым.

Алдымда ажал деген үкім тұрды,

Айналып сол үкімнен өте алмадым», –  деп, боздайды байқұстар.

«Батқан соң тіршілікте бір кінәға,

Арыла алмайды екен шіркін адам.

Батырдың анасы деп сені халық

Қолпаштап жүрген шығар, мүмкін о да»,  –  дегізіп, көңілін жұбатады қайран Тұмаға!

Есіл Тұмаға туған жерден жырақта қалып, бүкіл өмірі қорлықпен, азаппен, сағынышпен қор болып өткен боздақтарды жұбатып қана қоймай,

«Жігіттер, Қазақстанға қайтпайсыңдар ма,

Бабалар рухына бір жылы сөз айтпайсыңдар ма?

Сенетін болып бару үшін де алдағы келер жат ғасырларға,

Қарамаймыз ба топтасып алға.

 

Сендерді күтіп туған жер жатыр, білдің бе, батыр,

Келе беруге болады Қазақстанға бұл күнде батыл», – деп, оларды туған елге – Қазақстанға шақырады.

 

«Бақ іздеп әуре болмаңдар сендер, бақ деген баба мекені екенін,

Білмегендерге, «білмейсіңдер» – деп, қаттырақ айтып төте кетемін…

Тілімді сақтап, дінімді сақтап, ділімді сақтап жүрген қазақты,

Бауырым демей, қауымым демей, қалайша бөліп, бөтен етемін», –  деп, ойлайды Тұмағаның үлкен жүрегі мен кең пейілі.

Елге шақырумен, жұбатумен шектелмей,

«Қазақстанға қайтпайсыңдар ма, айтпайсыңдар ма көргендеріңді,

Қуантпайсың ба, ұнатпайсың ба өзің келер деп құшағын жайып

келген еліңді.

Сендер келсеңдер, ұлан асыр той болар  бағымыз асып, дәриямыз

тасып,

Сол тойда шабар жаратып жүрмін қысы-жазы баптап көк дөненімді!!!» – деп, өзінің кең құшағын ашады, сағыныш пен мейірімге толы ыстық жүрегін жұлып бере жаздайды…

Шеттегі қазақ десе, біздің көп қаламгерлеріміз оларды шетелдегі атбайлары, аунап-қунап, ішіп-жеп қайтатын кең төрі санайды. Елге оралған соң, ұмытып кетеді. Артынан іздеп келген сол ағайындарды танымай қалып, салқын амандасып жататындарды көріп, бетімізден отымыз шыққан күндер де болған.

Құдайға тәубе, Қазақстан Тәуелсіздік туын көтерді. Шеттегі қазақ Атажұртқа атбасын бұрды. Тұмағаның сол асыл арманы орындалды. Және сол бақытты сәттерді өз көзімен көрді. Ортасында жүрді. Бірақ, соғыста тұтқынға түсіп, жырақта қалған анау боздақтарды Тұмағадан басқа іздеген, сұраған ешкімді көргем де, естігем де жоқ.

Мен білген, мен таныған Тұманбай Молдағалиев – осындай ақын!

Айтпақшы, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда, Тұмаға туралы жеті ұсыныс бергем. Мені тек сол ұсыныстардың ақынның 85 жылдығы қарсаңында атқарушы билік тарапынан ескерусіз қалғаны ғана қатты қынжылтады…

Ауыт МҰҚИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір