Ермек Аманшаев. Ібіліс пен Адам
26.01.2021
848
0

 Біреу тас төбесінен қойып қалғандай болды. Иә, жаңалық оған аса жайсыз тиді. Өзінің құдіретіне әбден сенетін Ібіліс бұл хабарды естіген кезде біраз уақытқа дейін есеңгіреп, есін жия алмай қалды.

        «Қалай?.. Менен асқан құдіреттің жаратылуы мүмкін бе?»… Оу, мен лаулаған оттан жаратылған жоқпын ба? Саз балшықтан… Япырмау, ешкім қажетіне жаратпаған меңіреу, сусыма сары топырақтан жаратылған неме, қалай менен үстем болады? Мынау берекесіз әңгімеге не жорық? Қайда екен, өзі? Көрейінші әуселесін! Тексерейін, түп-тұқиянын! Дүние шайқалып кетсе де, оның түбіне жететін қауқарым бар шығар. Қане, қайда екен, өзі? Топырақтан, саз балшықтан жаратылса, не көз тоқтатар ұсқыны, не белін тіктер ұстамы да жоқ шығар? Судырап, сусып, төгіліп, шашылып жатқан болар? Қайда, қане?..

     «Е.., Жаратушымыздың жаңа туындысы сен екен ғой! Бәсе, бәсе, шалқалап жатқаныңа қарағанда, ет-сүйектен жұрдай, сусыма судыр үйінді шығарсың? Оу, мынаның жаны жоқ қой? Ішін жел айдаған құр боскеуде ғой? Кіммен тайталаспақ бұл? Періштелердің үркігендері бекер болып жүрмесін!.. Іші қуыс, сырты саз, жаны жоқ, қуыршақ қой, мынау! Мына түрімен бұл кімге қарсылас болып жарытады дейсің? Мына меңірейген, қозғалыссыз қалпымен кімге зиян жасайды дейсің? Тексеріп көрейін бе? Мынау жамбас тұсы, мынау қызылкөзі… Алды-арты тесік қуыс, қане, кірейін де шығайын… Иә, рас, іші бос, саңғырап тұр. Аузы, ұрты жағы тағы да ашық есік… Шықтым… Енді ұртынан қайта кіріп, артқы жағынан шығып тағы желдіртейін… Иә, бос қуыс. Ауа да жоқ, су да жоқ, қан-сөлсіз бос, қуыс сүлде… Бұл не болғаны? Әлде мен түсінбей тұрған бір кілтипан бар ма? Қайдам? Бұл қалпында қауіп туғыза алмас. Маған бақталас болмақ түгілі, үгітіліп, шашылып-төгіліп, береке таппас. Бекер үрейленген екенмін. Бекер қапаланған екенмін. Сабама түсейін. Осы жатқан жерінде жайрата салсам ба екен? Бәлеге қаламын ау. Жаратушымыздың: «ізбасар көмекші жараттым» дегендегісі осы болса, оны да көрелік. Аласуан оттан жаратылған адуын жын артық па, топырақтан жаратылған қуыскеуде ол артық па, көрсін, өзі! Мынау маған бәсекелес бола қоймас! Жә, жөнімді табайын!

      – Қой, құр бекер сенделе бермей, үйреншікті ісіме кірісейін. Дегенмен  бір шарпып жіберейінші! Қанша дегенмен, оттан жаратылдым ғой!

      Ібіліс кенеттен, аузынан от шашқан айдахардай жалынын лаулатып, топырақ мүсінді күйдіре-жандыра бір шарпып өтті. Анау міз баққан жоқ. Тағы да шарпыды. Бүлк еткен жоқ. Жанбады, сынбады, үгітілмеді. Ібіліс оны от жалынымен тағы да бір лаулата шарпып еді, саз топырақ бұрынғыдан  қатая түскендей болды.

      – Жарар! Осы да жетер. Кеудеңде жаның болғанда көретін едім, әуселеңді! Осы күйдіргенім де жетер! Әрі-беріден соң, менің сенде еш жұмысым жоқ. Жат, осылай меңіреу қалпыңда! Кетейін, шаруа шаш етектен!..

       Ібіліс жұмақтың басқа қиырына аттанды. Шаруасы көп. Қай түкпірде жүрсе де, таңның атысымен күннің батысына дейін ойлайтыны, әйтеуір айласын асырып, жаратқанға бір қырсықтық жасау. Бір «үйлесімсіздікті», не «шектен шыққан құбылысты» тауып алып, оны Құдайдың бетіне салық ету. Қастық жасамаса да, ретін тауып, өз құдіретін, кейде, тіпті, көрегенділігін, білгіштігін жарқырата көрсету. Сөйтіп, өз маңыздылығын тағы да бір рет баса таныту. Өйткені ол түп-тұқиянында от жалыннан жаралған. Кейін, жиған-терген білімінің, түйген тағылымының арқасында періштелердің қатарына алынып, үлкен беделге ие болған. Оның бұл жолғы алаңдауында ерекше сыр бар: Жаратқан иеміз саз балшықтан илеп Адамды жасап, барша періштелерге: «Оған иіліп, жүгініңдер, мойындап тағзым етіңдер, өйткені мен оны өзімнің үмбетім етіп сайлаймын», – деген. Бұған Ібіліс қарсы болды. «Қалайша? Бұл құдіреті күшті, оттан жаралған, құрметі де, дәреже бағы мен сән-салтанаты да жарасқан Ібіліс болса, саз балшықтан иленген адамсымаққа үлкен басымен қалай иілмек? Қалай кішіреймек?! Жоқ, бола қоймас! Ібіліс әлі танытады, кімнің кім екенін! Жаратушының алдында әлі талай дәлелдейді, қателік болғанын! Қуыскеуде, балшық тәнді адам емес, оттан жаратылған бұған тәнті болу керек, барша періштелер, барша тіршілік иесі бұған жүгіну керек! Оның мақсаты сол – жаратушыға  наз айтып, өзінің құдіретін мойындату. Ал  мынау меңіреу, қуыс кеуде, оған бақ таластыра қоймас. Тым әлжуаз, тым нашар екен… Жаны да жоқ, тәні де жоқ, қуыскеуде… Кеттім ендеше!».

     Әлқисса, одан кейін біраз уақыт өтті. Жаратушы топырақтан жаратқан Адамға дем бүркіп, жан кіргізді. Денесін бекітіп, сүйек пен ет берді, оларды бір-бірімен жалғастыратын тамыр өрбітіп, ұйыған қан жүгіртті. Рух дарытты. Бір қабырғасынан Хауа анамызды жаратып, қосақ берді. Жәннаттың төрінен орын беріп, сайран салғызды.

      Ал  Ібіліс қапалы еді. Жаратушымыз Адам баласына барша жан-жануар, аң мен құстың, дүниенің сырын білгізіп, атауын ататып, тілін меңгертіп, қалауын жасатып, басқа періштелерді оған мойынсұндырды. Тағзым еткізді. Оған тек Ібіліс көнбеді. Өйткені ол оттан жаратылған, өр мінезді тәкаппар еді. Өйткені Ібіліс Адам жаратылғанға дейін періштелер мен жындардың арасындағы ең құрметтісі де, қаһарлысы да еді, ақыл-пайымы, құдірет күші, әлеуеті жағынан оған ешкім тең келмес еді. Сондықтан  Адамның Жаратушы сыйлаған құдірет, қасиеттерін Ібіліс мойындамады. Менсінбеді. Кек сақтады. Қызғаныш пен бақталастықтың көрігін қыздырып, аласұрды. Арамза айлалары мен қаскөй амалдарын сайлады. Аңдысын аңдыды. Ұрымтал сәтін күтті. Ақыры қақпанына түсірді. Әзәзіл жылан болып келіп, жұмақтың төрінде сайрандап жүрген Адам ата мен Хауа анамызды шырмап, азғырып, Хауа анаға Жаратушының тыйым салған – алма ағашының жемісінен дәм татқызып, абыройларын ашып, ақыры жұмақтан қуғызды. Бірақ олармен бірге өзі де қуылды. Алғашында қиянпұрыс ісінен ләззат дәмін татырған арамза амалдары кейіннен еш кетіп, қадамдары қара басты. Жұмақты қимағандай болғанымен, мұның қадірін бағаламаған Жаратушыға деген ашу-ызасы одан басым түсіп, құса мен қызғаныштан одан бетер қайнап, тұз жалағандай болды. Адам-пендеден мәңгілік кек аламын деген үмітпен онымен бірге жұмақтан аластатылып, қайнаған өшпенділігін арқалап, бірге Жер бетіне аттанды. Ол енді қалған ғұмырын Адам баласына қысастық жасауға арнайтын болып ант су ішіп, соған белін буды. Сол арқылы Жаратушыға өзінің мойындалмаған құдірет күшін дәлелдемек боп шарт бекінді…   

      Әлисса, адамзат тарихы әу баста осылай басталған сияқты…        

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір