ӨМІРШЕҢ ӨЛЕҢ — ӨРКЕНИЕТТЕР ӨЛШЕМІ
25.12.2020
1480
0

Ұлыстың Ұлы күнінен бастап біздің басылым «Әлем әдебиеті. Алпауыт ақындар» атты айдар аясында арғы ғасырларда ғұмыр кешкен кемеңгерлерден көзі тірі замандастарымызға дейінгі шартарап шайырларының шығармашылығымен «Қазақ әдебиетінің» қалың оқырманын таныстырып келген. Тоғыз айда жиырма төрт мемлекеттің отыз алты ақыны жайлы жазып, жауһар жырларының ана тіліміздегі аудармаларын жарияладық. Осы дүниелерді дайындау үстінде жүздеген жыр жампоздарының аттары аталып, тұғырлы туындыларына сілтеме жасалды.

Бағасын беріп, төрелігін айтатын өздеріңіз…

«Бәрі де бос әуре, түс болып озардай.
Жұлдыздың нұры да – ғұмырдай қиылған.
Адам да түк емес. Дүниеге – тозаңдай,

Жаһандардан да ауыр… жан дерті… бұйырған!» – дейді армян халқының ұлы ақыны Аветик Исаакян. Әлімсақтан арда ақындарға азабы мен ғажабы астасқан ғұмыр, табиғатын түйсікпен түсініп болмайтын тарпаң тағдыр, бояуы бөлек бүтін болмыс бұйырмыс-ты! Жырларына жан дертін ғана емес, жаһандардың жүгін артқан соры қалың, бағы кем жанкешті жауынгерлер де солар… Алпауыт Ақындар! Өміршең өлеңдері өздерінің өмірлерінің өрнегімен бірге, тұтас ұлттардың мәдениетінің дауысына, тарихының жылнамасына, бірегей өркениеттердің өлшеміне айналып кеткен адамзаттың ардасын басқаша бағамдап болар ма?! Бүгін назарларыңызға сол саңлақтардың сойы сұңқар сайыпқырандарын ұсынбақпыз. Бұл аталмыш айдардың қорытындысы болмақ… Алдағы уақытта айбоз ақындар жайлы кескіні кесек, келбеті келісті «ЖаҺан жыры» атты жаңа топтамаға  жол ашпақ ниетіміз бар!

АБУ-ЛЬ-АЛЯ  ӘЛ-МААРРИ

 Уа, жазушылардың тайпасы! Құлақтарыңды қызығы
Дүниенің арбар, ындынның үні, боп шыбын ызыңы.

Тұрғындары ғой түнектің, ақындар шыққан сендерден –
Мақтан мен ғайбат – азығы, қасқырдай қорбан сенделген.

Басқыншылардан да зиянкес, таратқан үрей, жүр бәрі
Егеуқұйрықша жымқырып,  ұрлыққа бейім жырлары.

Қайтейін, құрмет көріңдер мақтауларымды өздерің,
Балағат сынды өткір тым онда айтқан әрбір сөздерім.

Орталарыңда жоғалттым жылдарды гүлдей ең құтты,
Ал  қарттығымды сендермен бөлісе алмаймын мен тіпті.

Қоштасып болғам мен албырт, түйсіксіз жастық шағыммен,
Жырламан енді ар-рабаб һәм тамим қауымдарын мен!

* * *

О, адамзат нәсілі, қаулап өскен арамшөп,
Құрсауынан түнектің құтыларлық шараң жоқ.

Талай құдық адамдар тас қопарып істеген,
Шүмегінен ақылдың, сірә, қанып ішпеген.

Күштілерге әлсіздер бейне сойыс малдайын,
Басты қылыш қиярда анықтамас мән-жайын.

Көршілері қысқанда көрші отырған жақынын,
Ақымақтық оның да ығыстырар ақылын.

Семіп қалған жақсылық, семіруде зұлымдық –
Бейжай қарау сендерге жүк емес пе ғұмырлық?

Шыңға шықпақ болдыңдар  құбылғанша күн бірақ,
Қазір кері кеттіңдер шыңырауға құлдырап.

Бас бермейді, ақшаның билігінде күш барлық,
Жүгенсіз жүр құрдымға құлататын құштарлық.

О, адам, сен әлсізсің һәм бейбақсың қор болған,
Сен – құлқынның құлысың, маңдайына сор қонған.

ИМАДЕДДИН  НАСИМИ

Мына дүниені түсіну сыры, тәнті боп оған тұрғанда,
Махаббат нұрын тұшыну сыры, азапты кешу зынданда,

Ал  егер өзің екенсің сұлтан, Тәңірді таныр болса ынтаң,
Тақ пенен тәжді тәрк етіп бірдей, қоштасып, тәуба қыл, қамдан!

***

Мен – мәңгілік едім, соңы жоқ, шегі енді болмас, білемін,
Мен – жаратылыстың ғажабы, Тәңірдің құдірет нұры едім,
Мен – шарапбегімін шахтардың, толтырған ілім тостағын,
Мен – жарық сәулемін, жаулаған адамның барша жүрегін!

***

Жөн жолды Батыс пен біледі Шығысың,
Ақиқат дегенің Жалғыз Хақ дұрысы,
Ақиқат аңғармай, танымай Тәңірді
Жүргендер, анығы, шайтанның ұлысы!

ФРАНСУА ВИЙОН

Жұмағынан безінемін, тозағына тұрақтап,
Күйінішім сенім сыйлар бірақ та.
Барша жерде қабылданып, қуғын көрем жырақта!

* * *

Жылға үстінде кеуіп жатып кенезем…

 Жылап, күлем… еңбектенем, ойнаймын.
Бәрі өз үйім, тең тұрғандай терезем,
Жат жұртты да отаным деп ойлаймын! 

* * *

…Сенен өткен өрендер де бір-ақ үзім нан үшін,
Тас қопарған кеніштерде, кейін тастап намысын,
Ал  мен үшін елден ерек сені аяудың мәні не?
Сен ғана емес, төзу болмақ бұйырғаны бәріне.

* * *

Мен – Франсуамын!
Мұңды баста күнә көптін,
Жауыз да өлер бұйырғанда,
Не тартарын мына көттің,
Мойын білер… қиылғанда!

ИБН ӘЛ-ХАТИБ
МАҒАН ЖАҚЫН ТІРІЛЕР

Маған жақын тірілер, мен оларға алыспын.
Жеребеге көндігіп, көрмен де үнсіз табыстым.

Толас тапты тыныс та: шырқар әннің орнына
Тыныштық пен үнсіздік, ұмыт  болу орнығар.

Тірілердің тарланы ем, өліктен де өлімін,
Қонақжайдың дарханы ем,  енді құрттың жемімін.

Күн едім мен көктегі, кенет – қурап, қаңырап,
Түнерді аспан, қайғыдан боздап берді, аңырап.

Суырғам-ау қыннан көп, құдіретті семсерді,
Бақыттының бағын шарт шауып тастап мен сорлы!

Жерлеп еді-ау жұпыны-ақ қаһарманның қаншасын,
Сандықтарда қалдырып қамқа, бұлғын… баршасын.

Жауларыма: «әл-Хатиб өлді»  деген, бер хабар,
Олар мәңгі өлместі қайдан ғана енді алар?

«Қуаныңдар», – дегейсің, –зулап жалған алайда,
Мәңгі түнек бәріңді күтіп алар қалай да!

***********

Зиярат қып келген ем, қабіріңнің басына,
Елеп ерді ел сүйген, табылдым мен қасынан.

Қалай сені сүймеске, әділ, жомарт әміршім?
Түнекті ашып сендік нұр, түтін сынды қашырар.

Шерлі тағдыр қазаңды шегерсе егер, жырларым
Абыройыңды асырар, даңқ даңғылы ашылар!

Адырында Агматтың төмпешік боп тұр молаң —
Рухыңды есте ел ұстап, тәу етпекке асығар.

Ұлылықты, сен, асқақ сақтапсың-ау, өлсең де;
Баяғыша қымбатсың, өлі, тірі бас ұрар.

Тең келерлік өзіңе жан тумайды мәңгі енді,
Адамзаттан дарасың, даңқы — дария…тасыған!

АТТАР НИШАПУРИ

Әлдебір шаһар әміршілердің қайбірін
Күткенде, көз қып көрсетті түгел байлығын.


Әшекейлердің ең қымбаттарын тағынып,
Әрбірі құрмет қылумен болды сабылып.

Ал, байғұстардың зынданда жатқан, қолдағы
Кісеннен басқа көрсетер түгі болмады.

Үкімі жетіп, қиылған бастар табылып,
Зарығып зардан, жүректер жатқан жарылып.

Сорын қайнатып, шауып тастаған қолдармен
Әрледі, зындан қараңғы қапас болғанмен.

Қарсы алды қала ертегі күймен шахты елеп,
Шах болса, бәрін байыппен байқап,бақты ерек.

Үдетіп үрей,қылса да зындан көпті алаң,
Алдына соның қаһарлы шах кеп тоқтаған.

Разы көңілмен тұтқынды түгел алдырды,
Таратып алтын,кешірмек сөзін қалдырды.

Тіл қатты уәзір:»Алдияр,мұнда кідірдің
Кенеттен неге?Құпиясы не мұныңның?

Қала да көркем, дүрия,жібекпен зерленген,
Қаласаң сендік,бүтін байлық та сен көрген;

Табан астында маржандай шаһар жатты анық,
Хош иісі аңқып,сан түрлі жұпар ақтарып.

Әшекейлерге сәл ғана назар салып ең,
Көркейтер көңіл көркемдік көрмей бәрінен.

Неліктен ғана патшаның ұлық жанары
Қол, аяқ, бастың қан жуған кейпін қалады?

Мәні не аяудың тұтқынды алдырып қамақтан,
Қараудың сонша қол тұқылына қан аққан?

Қалдырмақ бұл жер жанға ізгі қандай із, белгі?
Жұмбағын шешіп, жауабын айтсаң бізге енді».

Шах айтты сонда: «Әшекейлердің бәрі асыл,
Көңілін аулап, қуантар ойын баласын.

Әр тұрғын мақтау естімек ниет, құмардан,
Көрсетіп өзін, байлығын түгел шығарған.

Жасырар шаһар жарқын жақтарын құттың бар,
Шын сыйды маған жасай алды тек тұтқындар:

Денелерінен бастар да сонау бөлінді,
Дәл осы жерден салғандығымнан жолымды.

Бұйрықтарыма бағынар мұнда ел күні үшін,
Сол себепті мен тежедім аттың жүрісін.

Анау тобырдың бағы да бүтін, рахат бар
Тірліктерінде,тұла бойлары тәкаппар.

Зындандағылар шаттық,бақытты білместен,
Шахтың қаһары азабы болып күн кешкен.

Бастауын шауып, қолдарын кесер,құсадан
Құтылу да жоқ, қайнаған соры тұсаған.

Мақсатсыз күтер, қорқыныш толас табар ма?
Зынданнан шығар, шөркеге басын саларда.

Бұл қапас маған бұйырған миуа бақтайын,
Сәт сайын сорлап, адал қызметке дап-дайын…»

Жиналсаң жолға, бұйрықты күткін аттанар,
Абақтыларға бас сұқпай қалай шах қалар?!

ШОТА РУСТАВЕЛИ

…Өлім біздің баршамызды теңейді,
Найзасы оның тұрады ажал төндіріп,
Абыроймен қаза құшқан мерейлі,
Күн көруден арсыздыққа көндігіп.

***********

… Тағылымдарын дәріптемекке анықтап,
адамдар үшін даналықтардан із қалып,
Дүниелердің үйлесіміне бағыттап,
ғұламалардың ілімі бастар бізді анық.

***********

… Сондай ғой адам жүрегі,
Тойымсыз, соқыр тағы да, ~
Зарығып мәңгі жүреді,
Таптырмай тыным жанына!

ПЕРСИ БИШИ ШЕЛЛИ

Лорд – Канцлерге (1817 жыл)

 

Уа, Аждаһа! Атажұрттан алған қарғыс-дертті зар,

Жер құртының жексұрыны, сойың-Жылан Жүзбасты,

Жәдігөйдің бәдігі өзің! Сатқын да сен сертбұзар,

Қылдың қызмет Ібіліске,ірің етіп ізгі асты.

 

Қарғыс атқан!Сот-сатымсақ,бәрі өтірік,тұманды,

Табиғатты төңкерсең де қайтпай қорбан қалпыңнан,

Алдап,арбап жиған алтын үйіндісі күмәнді,

Боздар,бейне,күн күркірі,алғанда Ажал алқымнан!

 

Кешіксе егер жан үйірер Періштесі Тәңірдің,

Тағдырыңның тауқыметі шақырса алар мазаңды,

Сонда ғана сәтін салар орындалар әмірдің,-

Ал,егер де зауал көрмей,алмай жүрсең жазаңды,-

 

Таспа тілсін,рухыңды осып әке зары дыраудай,

Көріңде өкір,қыз үміті табытыңды төңкеріп,

Кисең кебін қорғасыннан,лайық басқа қыраудай,

Түбіңе де қарғыс жетер,өз күліңе көмкеріп.

 

ҚАРҒЫС…Әке сезімі үшін,өзің қорлап,таптаған,

Үміттер мен жылдар үшін,пейілі арда пәк гүлден,

Жан жылуы,мұң-зар үшін,оймен кірпік қақпаған,

Бұйырмаған болмысыңа,болған саған жат мүлдем;

 

Сәбилердің сүйінішті күлкісі үшін сүйкімді,

Ощағымның жарқылындай жолаушыға түнекте,

Қараңғыны қиған сәуле сусып,кешті күй түрлі,

Аймалаған жан жарығы қымбат еді жүрекке;

 

Былдырлаған пәк тілі үшін періштенің,сөз-кесте

Зерлеуге әке ниетті еді,қалыбынан сырғымай

Аса дегдар даналықтың.Жоқ бізге енді кездеспек.

Сөз киесін былғайсың-ау!Неткен қорлық?!Сұмдық-ай!

 

Балалардың өсіп,өнген сәтін сезу бағы үшін,

Саф жылдардың гүлі толық ашылмаған кезіндей,

Қуаныш пен көз жасының бір байлауда бары шын,

Қамығулар һәм ең ащы қасіреттің көзіндей,-

 

Әрсіз,сүргін күндер үшін,жаныңды жеп жалданған,

Төзген бөгде тасбеттердің езгісіне соншама,-

Ей,бейбақтар,көрсоқырлар қараңғыда қарманған,

Жетімдерден сорлысыңдар,әкелерің болса да!

 

Кілең жалған сөздер үшін,бейкүнә жан айтқанда

Гүл біткеннің жапырағын заһар көміп тұратын,

Ырымдардай, шөлге салған сүрлеулерден қайтқанда,

Бар ғұмырын кісен табы, түнек улап тынатын, —

 

Тозағыңның қорлығы үшін, салтананатын ілкіден

Үрей, қылмыс, әумесерлік, құштарлық пен сор құрған,

Жалған үшін түртсін түлен, тұзақ құрып құм түмен,

Билігіңді тұрғызған ең, зор қылған ең сол құмнан,-

 

Қаскөйлік пен нәпсің үшін,қос әулекі әуелгі,

Алтын мен жат көз жасына ынтықтырған ындынға,

Аяр, әккі қулық үшін, дәйім саған тәуелді,

Тоят таппас күндеріңдей құлдыратар құрдымға,-

 

Жын-ойнақтың ордасы үшін,сонда дайын көр де бар,

Сонда сайқал күлкің тірі,қастық құрған қасынан,

Қолтырауыннан жұмсақ едің-жалған жасың сорғалар-

Өзге ақылды өткізерде диірменнің тасынан,-

 

Мәңгі орнаған жаулық үшін,мәжбүрлеген, жылдарға,

Әкені әке болдырмауға, сүйіп тұрып, сорлаған,

Зұлым қолдар табиғатты тұлдыр етіп тынғанда-

Үмітсіздік азабынан-өзіңнен де,оңбаған!

 

Үмітсіздік азабы,иә!Шыңғырмасқа шарам жоқ:

«Уа,менің перзенттерім,менікі емес және енді!

Менің қаным бойларында бұлқынсын өз қарам боп,

Жандары тек,сіңіреді-ау,Зұлмат,сенің бәлеңді!»

 

Қарғыс атқыр,құлсың тексіз,ал,мен кексіз адаммын,

Жер тозағын жұмақ етсең,қуатымен қос қолдың,

Бар қарғысым саған айтқан қабіріңе барар күн

Арашалар азабынан батам болар.Қош болғын!

РУБЕН ДАРИО

…Тұрлаусыз боп тұрса енді кібіртіктеп күйбеңге,
қилы ғұмыр,қиын жол келешекті келте ғып~
махаббаттан тұтанған тұңғиықты сүйгенде
өзіміздің отқа біз кетеміз-ау өртеніп!

             ***

Түнгі тыныштық,тыныштық ауыр күй кешер,
Ұйқысыз жанда,не діріл?Сырын түн білмек…
Лүпілі қанның сол әуеземенен үйлесер,
Күркірі күннің ми түкпірінде күмбірлеп.
Ұйықтай алмаймын!Ұйқы жоқ,оған шыдаймын,
Ойлаймын енді,бойлаймын тағы арманға:
Бір бөлшегімін құрылғысында құдайдың,
Сәнді сарайға сайлап сара жол салғанда.

 

ЖАЗМЫШ

(Рене Переске)

«Сендерде»,  – деп,  – «бар бақыт», ағаштарды сөктім де,
Бейқам тастың бәріне қызғанышпен қарағам,
Ұғынудан ғұмырды ащы ұғым да жоқ мүлде,
асқан ауыр жүк болмас, шын сарабдал санадан.
Ақиқатты танымай тұрған шақта – жоқ тұрлау,
көлеңкелі кетер күн, күйбеңі көп келешек…
Таңда оянбай қалудан қорқу, үрку, отты ұрлау
сорлатады ғұмырда, күмәндарда жоқ есеп,
шешілмеген жұмбақтар: бейне күшпен сиқырлы,
жүзім шоғы елестеп, нәпсі үйірсе, қайранбыз,
бұта көмген қабірде қайғылы аса күй тұрды…
сонда бара жатырмыз… Келіп едік қайдан біз?!

ШАНДОР ПЕТЕФИ
ИТТЕР ЖЫРЫ

Қыстағы құтырған құйындай

Ұлыған бұлтты, алыс түздегі,

Сырманың сыңары — тыйылмай,

Қар, жаңбыр үдеуін үзбеді.

 

Біздерге уайым жоқ тәрізді —

Ас үйден бұйырған жылы орын,

Егеміз жақсы адам жаны ізгі

Бекіткен бұрышы бұл оның.

 

Алаң жоқ, тамақтан құр қалман,

Қожайын сүйеді дәмдіні,

Орнынан егеміз тұрғаннан,

Қашан да біздікі қалдығы.

 

Сабаса — қамшымен, шындығы —

Ысқырта, шыңғырта тиеді!

Ышқынта батса да бір күні —

Иттердің мықты ғой сүйегі.

 

Қожайын жұмсарса,келеміз

Жанына жақындап,жанаймыз,

Аяғын ұсынса егеміз

Елпілдеп,ес — түссіз жалаймыз!

 

ҚАСҚЫРЛАР ЖЫРЫ

Қыстағы құтырған құйындай

Ұлыған бұлтты, алыс түздегі,

Сырманың сыңары — тыйылмай,

Қар, жаңбыр үдеуін үзбеді.

 

Қаңсыған ащы шөл — мекен бұл,

Бізге енді айналар мәңгілік,

Бұта жоқ, пана іздеу бекер құр,

Бойтаса таба алмай қаңғыдық.

 

Мұндағы суықтар тым қатты,

Бос құрсақ жаланған аштықтан —

Аямай, осы екі зұлматтың

Қинауы асады қастықтан.

 

Үшінші зұлмат та тағы бар:

Қағынар мылтықтар атқанда.

Аппақ қар қызыл түс жамылар,

Қанымызбен жуып жатқанда.

 

Бүйірімізді біздің оқ тескен,

Күнде үсіп суықта, аш құрсақ,

Мәңгі мұқтаж күйде, кектескен,

Еркінбіз — біздер… Тек… Қасқырша!

АДАМ МИЦКЕВИЧ

… Күндер өтер, қанат қағып жыл көшер,
Табытымды тағы тастап көрдегі…

 Кез де келер досыңды еске ап, тілдесер,
Көктен түсіп, оятарда сен мені!

 ***********

… Бір құлпытас қабірдегі қалпындай~
Дар ағашы, жан құтқармас ілмегі,
Әлсіреген әйел зары~даңқындай,
Жерлестердің кей күбірі мұңды еді.

***********

… Көктемгі сулар мұздардың бұзып талайын,
Жарық сәуле жүр түнгі түнекпен күресіп.
Армысың, арда азаттығымның арайы,
Құтқарар Күн де соңыңнан жетер ілесіп!

УИЛЬЯМ БАТЛЕР ЙЕЙТС

Жүректі жемдеп қиялдың наны,

қатыгездік бар қанда енді;

қаскөйлік, зорлық, зиянның дәмі

сезімге тұщы… сән берді…

 

 МАХАББАТ ҚАСІРЕТІ

Жарты аспанды жұлдыз жауып, ай толғанда көктегі,

Ернеулерді дүрліктіріп торғай шуы іргеде,

Жапырақтың жарқын әні сыпырып сап кеткені

Жер қайғысын – оның сазын тым көне.

 

Енді, міне, келдің өзің шертіп шердің қаншасын,

Голгофаның кезінен бар көздің жасы бірге еріп,

Ертіп алып зардап шеккен кемелердің баршасын,

Бар мыңжылдық зауалдары тұр көміп.

 

Жұлдыз түгел семіп, сөнер, ай бүрісіп шөккенде,

Ернеулерді дірілдеткен торғай дауы түрлене,

Жапырақтың әнін аулақ сыпырып ап кеткенде

Жер мұңының әуендері тым көне!

ЛЕСЯ УКРАИНКА

Мен жайлы нәзік деп, естіген шығарсыз,
Қарсылық көрсетпей, көнді деп тағдырға?!

Қалтырап па қолым? Әлде өзім тым әлсіз
Арынын дауысымның аңдатып алдым ба?

Ал  егер байқалса, үнімнен естілсе –
Шағымның сарыны, мұңды әуен тізбегі,
Бұлқынған бұл дауыл – көктемгі көшкін, сел,
Сіркіремес, сірә, жаңбырдай күздегі.

Күз болса да, мейлі… Түк те етпес, ол маңда
Гүл ашар біреуі, я, қурап тынады.
Тоғанның жанында сырғатал солғанда
Алтыңкүрең тартып, бояуы шығады.

Қыс келсе – қаһарлы шыңылтыр шақ тұрар
Жалаңаш орманды көмкеріп кебінмен,
Табыттағы гүлге асыл тас лақтырар,
Көмілген, қара жер қойнына берілген.

Жарайды, мен солай кешермін ғұмырды,
Тым-тырыс сәттерде толқындай тыншыған –
Мүлгіген айдыны тапқандай тынымды,
Ал теңіз күтуде… Кезбе су ыршыған!

ФЕДЕРИКО ГАРСИА ЛОРКА
ЕСТЕЛІК ЖАЙЛЫ ҒАЗАЛ

Көңіл хошын таба алар көлеңке боп қалсаң да,

махаббаттың мирасын сала көрме сарсаңға –

 

құрсауында қап қойған қап-қараңғы түнінің

қаңтардағы нәп-нәзік қарашие дірілін.

 

Ажалменен алысып сан сандырақ түсімде,

ғұмыр кешіп жатырмын бір  шаңырақ ішінде.

 

Көздің  жасы  хош иіс шырмауықша төгіліп,

гипс жүрек жұтқанда семіп тынар көміліп.

 

Көздерімнің өздері сенделгенде қаңғырып,

жабырқаулы жанарлар иттей болды әңгүдік.

 

Түні бойы бақ кезіп сандалғанда ну барлап,

заһар тұнған жидектер арасында уланбақ.

 

Қара желдің өтінде өліп түсер ызғар ма –

үрей көміп шайқалар, қиыларда қызғалдақ,

 

алагеуім сәтінде қошқыл тартар қыс таңы

қазтамақтың гүліндей дертке іліккен тұстағы.

 

Таңды күтер өлілер, ықыласы ырқында

сандырақтың түндегі есігінің сыртында.

 

Ақ түтінге ораған, құндағына бөлеген

жазираға жол тауып сол меңіреу денеден.

 

Доғал баған астында біз кездескен бұрынғы

жанып жатыр көп шырақ еске салып ғұмырды.

 

Көлеңкедей көрікті арқа-жарқа аттай бер,

тек ол жайлы жып-жылы естелікті сақтай гөр!

ИГОРЬ СЕВЕРЯНИН
ШАЙЫРҒА


Қолы жетер кемеңгерге тобырдың!

Кемеңгердің бәрі бірдей шайыр ма?!

Адаспағын бағытынан жолыңның,
Кімсің, не үшін, қайда жүрсің?.. Пайымда.

Тобырға айтпа! Айтпа тіптен ешкімге!
Жырға жырла, ойлап, болма енді алаң!..

Мейлі жырың – сәттің үні бос мүлде, –
Тыңдаушысы табылады, сен маған.

Тобыр, дәйім, қаралайды тұлғаны:
Топта ақыл жоқ, тән – тұрпайы тағылық.
Жағынба оған: жағу, ұнау  – құл бағы,
Ал, өзіңде – Патшалықтан бар үміт…

ГАБРИЭЛЯ МИСТРАЛЬ
БАЯУ ЖАҢБЫР

Сиқындай сырқат баланың,

Жаңбыр тым үркек, дәрменсіз,

Өберде жердің жамалын,

Қалар әл, демсіз.

 

Тынған жел, үнсіз тал, қайың,

Тыншытып түгел тастаған

Жаңбыр, ең нәзік жандайын

Мауқын баспаған.

 

Аспан, бір алып жүректей,

Қайғыда қайта қарманған.

Жаңбыр емес бұл, үдетпей,

Баяу тамған қан.

 

Адамдар сезбес үйінде

Аспанның ащы шерлерін

Биіктен судың күйінде

Ненің төнгенін.

 

Бөлінсе ылғал дүр кілең,

Ұзақ та баяу басқанда-ақ,

Жат жерге қалғып-мүлгіген,

Жата-жастанбақ.

 

Жауын…Құтырған шілбөрі,

Түнек те түнеп тауларда.

Жасақтап жерге жүр нені,

Жарық ауғанда?

 

Ұйықтарсың калай, төгілген

Таңға ұзақ кештен,су мына

Қарындас болып, өліммен

Қандас туды ма?!

ФЕРНАНДУ ПЕССОА

Болмыстың соқыр һәм керең,

Тартады қасаң жаны анық.

Ғұмырды бөлек әрлегем,

Мен түрлі күйге таралып.

 

Батасын беріп сананың,

Дүниені көрдім елітіп,

Бейкүнә көзбен қарадым:

Мүлде жоқ мұнда менікі!

 

Байқампаз болдым мүдірмей,

Бірігер бізге кез келді,

Есесіне еш кідірмей,

Әп сәтте өзім өзгердім.

 

Қиылған қыры сол шепте,

Әлемнің бұзық реңі де,

Бөлінем мың сан бөлшекке,

Тұлғалардың көп легіне.

 

Жаңа мен болып байқағам,

Назарымды алып бұрынғым,

Өзімнің өзім қайтадан

Тұңғиығыма үңілдім.

 

Иірімдер мен жер құрғақ,

Күмбездей, баста бар күнді,

Бірлігі бар-мыс, мен қылмақ –

Өзінікі емес һәм түрлі.

 

Қиылған қыры сол шепте,

Үзілген тұста бүгінгі,

Мен өзім – мендік бөлшектер,

Кешетін бөлек ғұмырды.

 

Сырт көзбен сынай қарадым,

Сол емеспін бе, сол ма едім,

Жанымның қайда барарын,

Соңына тастап жол көбін?

 

Ұлық ісіңе, Тәңірім,

Бейімделемін шынайы,

Амалдарың мен әмірің –

Өзгеру болмақ ұдайы.

 

Жаратушының ізімен,

Түзіп ем аңыздарымды:

Жеке жол, жаһан жүзі мен

Тек мендік таза танымды!

МҰХАММЕД ӘЗИЗ ЛАХБАБИ

Неткен нәзік туынды ек біз, жарандар!

Алайда Алланың ісінде,

Брахма мен Ата-Құдай үшін де

Жаратылыстың тәжі еді ғой адамдар,

жаралғалы ғаламдар.

Бірақ бір инфузория – болмашы,

я, түкке тұрмас микробтың ордасы –

еш күшеніссіз

өлімге бізді жеткерсе,

өмірден ізгі өткерсе,

көрге де түсеміз біз…

қандай шараң бар?

Уа, кімдер… қалай амалдар?!

 

КІМ КІМДІ ЖАРАТҚАН?!

О, қоладан құйған құдайлар!

Адам қолынан жалғанға мынау келгендер!

Өз болмысынан сендерді бөлгенде

өз бейнесін берген-ді ол сендерге.

Адамға құлдық ұрыңдар,

ол үшін дұға қылыңдар,

өйткені өтелмеген парыздарың көп көлден де,

бәрің де қарыздарсыңдар оған,

түптеп келгенде.

 

О, құдайлар тастан қашаған!

Қорқынышы жоқ, қуаты күшті сендерді,

үрейлері көп, әлжуаз адам жасаған…

Тұғырларыңның биігінде тұрып,

төменге салып зерді енді,

ғасырларға да тасырлап өткен тасадан

бермейсіңдер-ау аса мән;

Уақыт та, дауылдар да,

даурыққан қауымдар да

құдіреттеріңді қалай баса алар?

Ұлылықтарыңнан қалай аса алар?!

 

Ғұмырларыңды болдырған,

тұғырларыңа қондырған,

жарық дүниеге әкелген,

аяласаңдаршы пақырды,

аямасаңдаршы рақымды.

Туындыгерлерің сүйеді гүлдің көркемін –

құйындарың қырғын оларды жұлды,

ашуын шақырып ақырғы,

үлкен үрейі дерт еді –

микробтарың індет таратып,

сан алуан сырқатты сапырды,

қымбат еді оған өмірдің өртеңі –

миықтарыңнан күліп тұрғанда

күрт сындырасыңдар, келтіріп залал, зақымды,

Құдайлар, ұмыттыңдар ма,

жоқтан бар жасап,

фәниге сендерді кім шақырды?!

Тазартқан шаң мен тозаңнан,

қызықты қиып, иманға ұйып, қиырдан жиып ақылды,

қылған құлшылық, құрметі

тыс қалғаны ма назардан?!

Ғибадатханалар тұрғызды,

дүниә дәмін білгізді,

разы ғып сендерді, рахатқа батырды,

Қола мен тасқа, ағашқа да жан кіргізді,

болмыстарың болғай деп құнды, ізгі,

тәндерің толғай деп татымды;

Сендерге сыйындырып,

жерге дейін иілдіріп

сенімдегі сергек лапылды!

 

Алайда құдайы амалдарының,

ұдайы алаңдарының

жүріп ырқында,

Жаратушыларың жарылқамаған жүрекпен,

жасай алса да түр-тұлға.

Адамның кінәсі ғой (арғысын кім ойлар?!),

түкке де тұрмайсыңдар,

ізгілік қылмайсыңдар,

жүректен жұрдайсыңдар, құдайлар!

ПАВЕЛ ВАСИЛЬЕВ

Түтіндетіп тапталмаған түзді қар,
Борандарда құрымастай қамдандым, –
Қолғабыма сұқсам қолды қыздырар
Аптап еді, ауызындай арланның!

***

Билеушілер парасаты кем күн бе,
Жаулық көріп өрлігін де түсінбей,
Ақындарды құндақтайды кендірге,
Қолын бұрап бұл бір сордың ісіндей?!

 

Мүлде ісі жоқ… көрмейді екен ар тіпті,
Әлдеқашан сөз қадірлі емес-ті,
Қарғаларды қарық қылып,тартыпты
Жырдың алтын күрзісі де көмескі!

Жырым менің! Қанға қанды шетінен
Барша жауым. Өзің барда бұл күні
Қабылдаймын сойқан атын,жетіген
Желдірмесі болса~күннің күркірі!

***

Тыным тап та… Тыңда! Сонау түмен табын дүбірі~
Сүргін сүрлеу жолдарменен, таңғы шөптің шығында,
Тозғын тері тон жамылып, көшіп-қонған ғұн ұлы
Түздің обыр жәндігіндей ұмтылған-ды Ұрымға!..

Күні де ауыр от шарпыған, тұман тұтқан, ызғарлы
Көтерілген желі қыңыр, қаталдығы дүр тіпті.
Жусаны ащы құсасындай тұтқындағы қыздардың,
Ауылдардың зарлы әніндей, саңқылындай бүркіттің!

***

…Ащы жел сілкіп, жусанға туды ауыр күн,
Долан да қалды тұтқыны болып қауынның,
Отарлар~көркем, көркіне көздер сүрініп,
Атбасар жаққа қой легі жатыр бұрылып.
Дала көгінде қырандар қалқып, арындар,
Тобылдан ұшса Қарқаралыда дамылдар.

***

…Үрейсіз үңілдім әлемге, тым асқақ,
Гүл өссе құт тұнып, бір ғажап ұқтырып.
Жендеттің алдында өрлігін растап,
Қансыған қап-қатты сүйекке құлаштап,
Лақтырды жүректі – түнектің тұтқыны.

ЛЕОПОЛЬД СЕДАР СЕНГОР

Баяндап едім мен де елге, тым ұзақ бедеу шөлдерде,

Жалқылығыммен жанкешті шайқасып шексіз  көргем мен.

Арда жолыммен алысқам. Өнерім осы шерменде,

Ерлігім осы емделген, ақын арына дем берген.

 

СИНА ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ ТҮН

 Уа, әйел заты, жаныма жағар,

маңдайыма, жұпар аңқыған қолыңды қойып тұрғаның,

жанат жағадан жұмсақ-ты, қолдарыңның қамқа құндағы.

Тербетіледі пальмалар сонау шыңдағы,

түнгі самалдың алақанында аялы,

күбірлеседі, қалады үнсіз баяғы

аяулы бесік жырлары.

Әлдилесін бізді сол тыныштықтың ырғағы.

Сен оның әнін тыңдағын,

тыңдағын қанның қағысы

құмығып, баяу тынғанын,

тыңдағын, ұйқылы тұманда,

ну тоғайларда кіл қалың

жоғалып кеткен, құмдағы

ауылдарымның кеудесін кернеп,

Африканың жүрегі қалай ұрғанын.

 

Төбеден төмен ай жүзі құлап, таң қылар,

телмірген, тынық теңіздің төсегі солай жаңғырар.

Кілт үзіп күңгірт күлкіні, көмескі тартып еңсерер,

Ертегішілер қалыпты қалт-құлт теңселер,

танауларымен жер шұқып, қалғып-ақ ұйқы қандырар,

арқасында анасының  қалғыған бүлдіршіндейін әнқұмар,

Биші біткеннің аяқтары зіл тартып, қорғасын табын қалдырар,

салған салмақтан әнші дауысы қарлығар.

 

Жұлдыздардың туып сағаты, Түн ойға еркін шомыпты,

Бұлт шоқыларға сүйеніп, Құс Жолына жамбас көміпті.

Лашықтардың қозғап шатырын, дірілі нұрдың соғыпты.

Еһ, қандай құпия сырды сыбырлауда олар

шоқжұлдыздарға көрікті?

Ошақтарда сөнерде от,

үй иісінің толқындарымен көбікті

қараша үйлерді көміп тұр.

 

Шамды жақ, әйел, мөлдір май құйған,

жарқырат жалқы шырақты,

ұйқыға шому көз ілмей, сәбилер үшін сынақ-ты, –

тап солай түгел тіл қатсын бізге

Бабалар, кезген жырақты.

Арғы Аталардың үндерін тыңда.

Олар да біздей қуғында болған тұрақты.

Өлуден бірақ бас тартқан, құмдарда құрғап ұрығы,

қиылмасын деген құлап құр.

Ал өзім бүгін жан жүрегімді жылаттым,

жанашыр жандардың көлеңкесі кірген,

аруақтар жетіп қашықтан,

көк түтін көмген лашықта,

тыңдармын түріп құлақты.

 

Аптап кеудеңде алаулап басым тұрдым мен,

Бабаларымның иісін, терін сіңдірген,

 жұпарын жұту бұйырсын маған бұл күнде,

өз көмейіме салуды жазсын, тірісін теріп үннің де,

бабалар үні бұйырмыс болған кім-кімге?!

Жеткерсін мені үйреніп ғұмыр кешуді,

өмір сүруді соңғы сәт туған сүргінде,

жадымыз жадау тартарда,

ұмытылудың ең биік

тұңғиығына сүңгірде!

ТАУФИК ИСМАИЛ

 Естідіңіз бе? Сәбиі жылауда көршінің.

Аянышты үні, өксігі қатты өршіді.

Туғаны жаңа, әлі акушердің қолында,

Тіпті қан ізі құрғамаған да тәрізді,

Туар-тумастан мойнына іліпті оның да –

Он миллион рупий қарызды.

 

Диқан боп ертең, егінін ексе далада,

Күрішпен өтер қалалықтардың нәсібін.

Тұрақтап қалса қалада,

Байларға жалданып, өркендетеді кәсібін.

Салықтарын да берер ол,

Оқ-дәрісін де төлер ол,

Түбінде өзіне атылатұғын, әсілі.

 

Жөн сілтеп оған, ақылыңды айтып көр енді.

Түйіндеп үлгергеніңше –

Үстіңе сиіп, малмандай қылар денеңді.

РЕНДРА

Темір тор. Қамақта қыран.

Ол мүлдем тотықұс бола алмас.

Көкті алған мәңгі ол Жаратқанынан,

Ал торда құсадан оңалмас.

****************

Қорек еттік тамырларды шіріген,

Сендерде еді бидай толы қамбалар.

Сығылыстық, сығалап аң інінен,

Сарайларда ордаларың «жан бағар»…

Тек біздерге жазылған ғой заңымыз,

Сендерге оның еш қажеті болмады.

Өзендердің ағынымыз бәріміз,

Сендер — тастар, ең қатыгез жолдағы.

Бір анық бар жеткен күні бүгінге,

Тастарды да су талқандар түбінде.

ЛЕС МАРРЕЙ

Тілден басқаның бәрі,

біледі тіршілік мәнін.

Ағаштар, планеталар, өзендер,

уақыт та безерген

көрмейді жасырын жағын.

Сезем мен шындықтың жайын,

шырылдап пайым,

шығандап уайым,

шарқ ұрған шақтары мәлім;

Дәлелдер мұны олар дәйім,

сәттен сәт озған сайын,

жаһандай, қатпары қалың.

Тіпті түйсіксіз тәнім

татады ғұмырдың дәмін

жартыдан жарым,

жұлқынып жаным,

бұлқынып арым,

сорлының гүл қылып бағын,

қылар ма ем қамын…

Қандай қалды аңыз?!

Аңдаңыз,

алғыр ақылымның

сауапсыз зарын,

сауатсыз халін,

азалы азаттығы мен

шектеулі шеңбері барын!

***

Сен – барың сол, пендесің ойранқұмар,

махаббатты жаулыққа айналдырар.

Осы екі ұғым, мерт етіп, мертіктіріп,

сансыз елді бүлдіріп, қайғы алдырар,

сансыз ерді сындырып, сайран құрар!

***

Ол есікті қағып бір күн,

жүрегінің жақындағанын танып тұрды!

 

ДІН ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ

Діндер де жырлар ғой.

Санамызды ұйқылы һәм сергек,

серпілтер сан тербеп,

бастайды біздегі көңіл-күй, тынысты,

үйренген қимылды, жүрісті, тұрысты,

я, тума түйсікті ақылы кемелге,

шексіз ой-шеберге… Өлеңге.

Айтарға түгің жоқ, қыларға қол қысқа,

саңлақ сөз жібермей жол нұсқап,

олар да ең асқақ ақиқат бола алмас, дегенмен,

Өлеңдер, жауласқан діндерден гөрі кемеңгер.

Салыстырғанда, жауынгердің ләззатқа бөленген,

алғашқы некелі түнін көрем мен,

ал ертең, ол бейбақ, соғыста соры қайнап,

жан қияр өлермен.

Бірақ бұл — кішік дін, осыны түсіндім.

Негізгі дін басқа — мәңгілік махаббат, дүр дастан;

барша жырлардай, ол да сарқылмас,

қиялы — қияда, қаламы рухпен қарқындас қарымды ой,

ақынның өзіне ғана мәлім ғой,

шын шайыр ой сауып шарқ ұрмас.

«Алдамас дұғада жүрген жан, айтар тек шындықты», – дегендей, Геккельберри Финн сынды бір мықты,

өзіңді өзің ақымақ ете алмайсың,

кете алмайсың төңкеріп тірлікті.

Бұл – бір айнадай:

шыр айналып, жалынның жарқылын ұқтырғанды

поэзия деп атаймыз, шырайламай,

орнығып, нық тұрғанды

дін деп мазақтаймыз, шыдайды Құдай қалай?!

Ал Құдай – поэзия, қайсыбір діннің ауында қалған,

даурығып, дауында қалған,

алайда, абақтыға қамалмаған… амалдаған.

Айнадан ұсталған, Ол Өзі бейнеленген,

келбетін кейде көрген,

Өзі поэзия болған соң, өлеңге қарсы болмайды.

Поэзия барда, я, ол тапшыда (жориық жақсыға!),

діндер де діңгектей орнайды.

Екеуі де пайда болған сәттерде,

ұқсайды тотықұсқа, не кептерге,

қанаттарын бүктеп ұшқан,

сонан соң айқара ашқан,

соңында қайта қаттап… қайта қашқан!

АБДЕЛЬЛАТИФ ЛААБИ

сендерге айтамын үміттерімді қорыған

жандайшаптары түрменің

ұстаңдар

қаламым қолымнан түскелі тұр менің

мендік ашудың іргелі

жалқы қаруын таныған тура осы болса түрлерің

тынған-ау түйсіктеріңнің төбесі тесіліп

сындырып оны тастаңдар

есіріп

есімімді көріңдер өшіріп

шешен боп шығайын

шылбырым топта шешіліп

мешіттердің дүмше данагөйлерімен дүкен құрайын

қалмай кешігіп

ызаға булығып көрмеп пе еді олар өшігіп

тәлімді трендтерінің тілінде төсеп

көсемсіп көлдей көсіліп

дәріс берейін

дарабоз жырдың даңқын өсіріп

дабылдың сүйемелдеуіне қосылып

 

ділмарсығандардың ауыздарына құм құйып

сөзуарлардың арынын керек басуым

тар кезеңдерден талғампаз шыққан ашуым

жылтырап шыңдалар ерен

құлдырап құларда төмен

ақымақтықтың жүрегіне қойғандай сайлап

құланның қасуына мылтықтың басуын

мұндай мергендік иманын ұшырар

банктердегі ұрдажықтардың

су сепкендей басып тасуын

өнегелерінен өмірдің

жын перілерге тор тоқып жүрген қоңырмын

жасадым  құрал әмбебап

кісенбұзар кілтімді дәлдеп ап

таптым да түгел

 құтты құлыптарыңды бұздым

ашарда қамшы салдырмай

ҚАҚПАДАН ҚАҚПА ҚАЛДЫРМАЙ

үндеместерді сөйлетсем деп ем күшке сап

босатып тартпа айылды

қоғамы ашып аранын

адамын

сөзден айырды

мұңдарын мұңдап тілі байланған миллиондаған мұндардың

жанайқайларын тыңдармын

меңіреу мылқау пайымды

әлсіздер үшін үнсіздік

тағдыры болып тұрған күн

қайыршылық қылып қайырды

үн үстегіштерді байырғы

қолына берді сұмдардың

тілімді тартып безенбей

көмей безімді бұлдармын

түкірікке көмер талай нысана дайынды

АЙЫПТАЙМЫН МЕН ЗҰЛМАТТЫҢ БӘРІН ЗАҚЫМДАР

АЙТУҒА менің хақым бар

шекараларды талқандап

жайым бар жақындар

бойымнан менің иісі мүңкіп тағы аңның

үндесіп үңгірмен жұлдыз жұпарын аңқытсам

қос қолыма қосақтап

қосар дағыра қағармын

дүрліктіріп санасын қалғыған жандардың

                                топтарды жиып көз ілген

                                    төңкерісшіл төре сөзіммен

                                        баршасын бұзып заңдардың

 ал енді қарармын

қолымды қайырып

көзімді байлап

жалғанның жарығынан айырып

атыңдар мен өлмен

құр қолымменен қапысыз ұстап алармын

оқтарыңды о замандарда көнерген

мен олардан зырылдауық жасап абырой асырдым

перзенттеріне беріп үміттің

періштелеріне жиырма бірінші ғасырдың

қас қағып ойнап олар менімен

көз қысып қана қаратар

өткен кеткенге өлеңдерімді таратар

беттеріңе қарап күледі олар тегінде

кемпірқосақ көрем өңімде

көп халықтардың көгінде

қолдарын олар шырмауық сынды айқара

менің көргенім будан тайпалар

қаруы болған соғыстың

құлтемірлерді сындырып түгел жайпаған

есептегіш құрылғылардың тесімкарталарын

жыртып жай табар

керуендердің естідім түнде шуын мен

пұттарды таптап шайқаған

шырайлы шағын мыңжылдық жабайылықтан

кеткен есесін қайтарар

көз ілмен мен де қас қағып

әрбір белгіні бағып байқағам

мен адамдағы мазмұн мәнмін деп

АДАМИ АШТЫҚ ПЕН ШӨЛГЕ

тәнмін деп

АЙТА АЛАМ

БАХА ЗАЙН
ТАРИХ

 

Он ғасырға жетсе оның ғұмыр күні,

Соғыстан соң соғысты өткерсе де,

Жеңістен соң жеңісті көп көрсе де,

Жазар болса тарихты талай танып,

Болар еді оның да бар айтары,

Дәстүр қылып адамдар бұрынғыны,

Әлі өлтіріп жатқанын бірін бірі.

 

ҰЗАҚ АЖЫРАУДАН КЕЙІН

Еріндеріңнің тынысы нәзік тигенде,

Мойнымды кенет лебімен ғана сүйгенде,

Көзіңнің жасы алаңсыз

Жастыққа сіңіп, көлеңкедейін күйге енген,

Жүзіңнен сырғып, алқызыл бетің күйгенде,

Біздегі сезім берік болуды үйренген,

Тамғанда жасың…

***

Түн түнегі.

Жалқы қалып жүзі көктің,

Жартыкеш Ай бір түледі,

Аққудайын жүзіп өтті.

 

Ардақтым-ау,

Қалың қалай?

Тағы ұйқысыз қалмақпын-ау,

Қайдағы ұйқы? Дамылдамай

Сағынған Ай…

РАХИМИДИН ЗАХАРИ
АДАМ АТАНЫҢ АЙТҚАНЫ…

Хауаны жаныма бергін.

Жалқыны жылатпа мұнда.

Бойымда бір үрейдің барына көндім,

болған жай қайталануынан Жұмақ бағында.

  1. II.

Қамшы тілген қара тәнім қан қақсап,

Жан шарқ ұрып,

тізе бүктім… Тәубе қылдым Өзіңе.

Мен бір бейбақ.

Сен ұлықсың… Арда, асқақ.

Тас түнектен іздеген мән көрінбейді көзіме.

 

Таптыр тыным.

Өз «меніме» бойлап көрсем мен енді.

Шындығында, мен де жоқпын, бәрі – елес.

Аңғарғаным, ұстап көріп денемді –

дүниәуи құр қасаң қап, тән емес.

 

Көз жасына ерік бердім…

тән мен рухты таң көрдім.

Бар ұлықтық Өзіңдегі өзегімді өртеді,

сол саф күйге жете алмадым, дал болдым,

түкке тұрмас сезімдерім келте еді.

 

ПОЭЗИЯ ҰРЫСЫ

Мен ұрымын,

ну қарағайды жалғыз жайлаған,

қын толы әріптен пышағын сайлаған,

арда жырдың ақ тәнін аршымақ

ниетім, шаппасын мінсіз қайраған.

Қан ағар жолыма тамшылап,

Тұман жұтар санамды, қансырап.

 

Алдымда әліппе түгелдей тұрады тізіліп.

Иә, мен ұрымын, қарайтын үзіліп,

тонайтын тойымсыз

Ол тудырған сұлулықты,

ұрлайтын қызығып.

 

Уа, Жаратқан, мен ұрымын,

тізе бүккен құлдарыңның бірімін,

ғажайыптарыңның жағалалауларында тыңдаған

толқын дауысының дірілін.

Ұрымын мен.

Иә, мен ұрымын!

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір