ЕҢ БАСТЫСЫ, ӘДІЛДІК БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН…
23.12.2020
1132
0

Нұрғали Ораз есімі студенттік шақтан таныс, ыстық, жақын. Жазушының  сыршыл, сезімтал, саяқ, ақтұма әлемі жүрекке жылылық пен жіңішке сәуле құятыны бар. Сұхбат алуға келісіп, қаламгермен жолыққан шақта автор болмысы мен шығармалары арасында ешбір  алшақтық жоқтай сезілді. Бұл тұтастық әңгіме барысында да иірімін жазған жоқ.

Бүгінгі санға сұхбатпен қатар жазушының «Шыбын жан көкке ұшқанда» атты жаңа повесінен үзінді беріліп отыр. Повестің толық  нұсқасын «Жұлдыз» журналының 1-нөмірінен оқуға болады.      

АДАМ БАЛАСЫ  ТУАБІТТІ  ТАБИҒАТЫНАН АЛЫСТАП КЕТЕДІ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН…

 – Бір сұхбатыңызда «Әдебиеттің міндеті – тәрбие» деген сөзді айтып қалдыңыз. Әлі сол пікірдесіз бе?

– Әрбір жақсы шығарманың өзегінде ізгіліктің, өмірге деген сүйіспеншіліктің нәрі болады емес пе?! Әрине,  тәрбие туралы түсінік әр түрлі. Реті келген жерде таяқ та – тәрбие құралы. Бірақ өнердің, білімнің жолы да, жөні де бөлек. Кітап оқу, музыка тыңдау, фильм, спектакльдер көру, мұражайлардағы картиналарды тамашалау арқылы біз ең алдымен өзімізді тәрбиелейтінімізді кейде ескереміз, кейде ескере бермейміз.

– Шығармаларыңызда нәзік лиризим басым. Меніңше, адам дүние сырларына шынайы үңілген сайын нәзіктене беретіндей. Өмірінің соңында көзіне жас алғыш болып алған Горький секілді.

Рас, сіз айтқандай, «дүние сырларына үңілген сайын жаны нәзіктене беретіндер» де, керісінше, қаны қарайып, қатая беретіндер де көп. Бірақ, қалай десек те, адам баласы өзінің туабітті жаратылысы мен табиғатынан соншалықты ұзап, алыстап кетеді деп ойламаймын.

Ал М.Горькийдің «көз жасын» түсіну үшін, меніңше, К.Чуковскийдің «Күнделіктеріне» көз жүгіртіп өтудің өзі жеткілікті.

Ол большевиктер тұтатқан өртке күйіп, өзін де, өзгелерді де сақтау үшін жанталасқан жазушы. Қазір М.Горькийдің «Ана» романын ұнатпайтын оқырмандарға, өз басым, «Бұрын адам болғандар» («Бывшие люди») әңгімесін оқып шығуға кеңес бергім келіп тұрады. Кім болса да, оның талантын жоққа шығара алмайды.

«АЙ МЕН АЙША» – ҰЛТ ТАҒДЫРЫН ҚАНЫҚ БОЯУМЕН БЕЙНЕЛЕГЕН КӨРКЕМ ТУЫНДЫ

– Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы жөнінде не айтасыз?

– Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ең қомақты да салмақты дүние Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы деп ойлаймын. Себебі  ол – ұлтымыздың жиырмасыншы ғасырда басынан кешкен тарихы мен тағдырын үлкен полотноға түсірген кең тынысты шығарма.

Қазақ бейнелеу өнерінің көрмесі өтетін күндері Ә.Қастеев музейіне бара қалсаңыз, алуан түрлі бояулармен тіл қатқан картиналарды көріп, таңдай қағасыз. Алайда Қ.Телжановтың «Атамекенінің» алдына келгенде ерекше толғанып, басыңызды иетініңіз анық.

Меніңше, Шер-ағаңның «Ай мен Айшасы» да – ұлт тағдырын сондай қанық бояумен бейнелеген көркем туынды.

– «Сақалды қыз» әңгімеңізден адам баласының өз жаратылысына қарсы шыға алмайтыны, соңында мойынсұнатыны жайлы ой түйдім. Жалпы, шығармашылығыңызды оқығанда жаратылысыңыздың оңашалыққа бейім екенін сезінемін. Оңашалық сізге несімен қымбат?

– Ертеде адам баласының тасқа, пұтқа табынуының ең басты себебі –табиғи апаттардан кейінгі қорқыныштан, үрейден туды емес пе?.. Шын мәнінде, біз қазір де табиғаттың алдында дәрменсізбіз. Әлемдегі ең дамыған елдердің бірі – Жапонияның өзін қалтыратып, шарасыздыққа душар еткен ірі апаттарды еске алыңызшы…

Тау бөктеріндегі жап-жасыл желекке оранған әп-әдемі ауылдан алғаш рет сақалды қызды көргенде мен де сондай бір дүлей, тылсым күштің демін тым-тым жақыннан сезінгендей тілім байланып қалған еді…

Ал оңашалыққа келсек, негізі, кез-келген шығарманы оңашада ойланып, толғанып отырып қағазға түсіретініміз рас қой. Бәлкім, содан да болар, жалғыздықтың, оңашалықтың лебі есіп тұратыны.

– Қазіргі сын жанрына көңіліңіз тола ма?

– Жас күнімде, әсіресе, студент кезімде әдебиетке жан-тәнімен берілген жандарды көп көрдім. Солардың бірі – ҚазҰУ-де бір курс қана жоғары оқыған Жұмабай Әбілов деген жігіт еді. Ол үстіндегі киімінің «тазалығына», қарнының ашқанына қарамай қалтасындағы бар ақшасына кітап сатып алатын. Емтиханды жақсы бағаға тапсырмаса, стипендиясыз қалатынын ойламай, алдындағы сабағын жинастырып қойып, біздің әңгімелерімізді қолжазба күйінде оқитын. Ұнатқанын сөмкесіне салып, редакцияға қарай ала жөнелетін.

Содан соң сыншы Сайлаубек Жұмабеков ағамызға кезіктік. Бұл дүниеде тек қана кітап жинап, кітапты бағалап өткен ақ көңіл, адал, терең білімді жан еді. Таным көкжиегі өте кең болатын. Жазушы түйсікпен ғана сезе алатын тылсым дүниелерді олар жіліктеп, жік-жігімен бөліп бере алатындай көрінуші еді.

Кейін екеуі де жол апатынан қайтты. Бұл қазақ әдебиеті үшін ауыр қайғы болды.

Ал енді, жеке басыма келсек, олардан соң сыншылардың арасынан мені жанына жақын тартып, әдебиет туралы сырласқан жан бола қойған жоқ.

Соңғы жылдары жастардың, әсіресе, ҚазҰУ-дың филология факультеті студенттерінің шығармаларыма жиі назар аударып жүргенін байқаймын. Әр түрлі рефераттар, курс жұмыстары жазылып, әлеуметтік желілерде жарияланып жатады. Биыл олармен онлайн-сұхбат та өткіздік.    

Кім білсін, болашақ сыншылар сол студенттердің арасынан шығатын болар.

– Күніңіз неден басталады?

– Әрқалай басталады. Белгілі тәртіп, жоспар жоқ. Көңіл-күйім жақсы күндері тау жаққа барып, ойымдағы дүниелерді қағаз бетіне түсіріп қайтамын.

ӘДІЛДІК БОЛМАСА,  АДАМ ДА, ҚОҒАМ ДА МЕШЕУ

– Адам бойындағы бағалауға тиіс бір қасиет болса, ол қай қасиет?

– Меніңше, әділдік болмаса адам да, қоғам да мешеу. Жарымжан. Сондықтан  ең бастысы, әділдік болғанын қалаймын.

 – Шығармаларыңызда көбірек көрініс табатыны адамның жаны, ойы, мұңы, сезімі, аңсары-тілегі. Бірақ бір байқағаным, аз жазасыз.

– «Адамның жаны, ойы, мұңы, сезімі, аңсары-тілегі» — мұның бәрі де әдеби шығарманың өзегі, тіні емес пе. Ендеше оған қажетті компоненттердің барлығы дерлік бар деген сөз ғой. Өз басым, бағалай білгеніңізге тек қана рахмет айтамын.

Ал аз жазатыныма тек жалқаулығым ғана кінәлі емес. Кез-келген дүниені оқырманға ұсына беруге болмайды ғой. Жалпы, жазушы бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де талабы мен тілегін ескеруі тиіс. Өйтпеген күнде, әдебиетті публицистикамен шатастырып алуыңыз оп-оңай.

– «Аяқталмаған ертегі» атты әңгімеңізде «Өмір – ертегі емес…» деген тіркес бар. Меніңше, өмірде реализмнен гөрі мистика басымдай көрінеді. Яғни бір жағынан өмір ертегіге ұқсас сынды.

– Сіз әлі жассыз. Сондықтан өмірде мистика басымдау болып көрінуі мүмкін. Ал менің кейіпкерім – орта жастағы кісі. Есіңізде болса, әңгімеде: «Бұл оның жасы қырыққа толғанда, өзгелер үшін емес, өзі үшін ашқан жалғыз жаңалығы еді. Ол кейде оңаша қалғанда: «Ойпыр-ай, осы бір қарапайым ақиқаттың өзіне жету үшін қаншама жыл өмір сүруім қажет болған!..» деп таң қалатын» деген жолдар бар.

– Алда жаңа жинағыңыз шығуы мүмкін бе?

– Биыл «Қайнар» баспасынан «Қыз мұнарасы» атты жаңа кітабым жарық көрді. Онда соңғы жылдары жазған хикаят, эссе, этюдтерім топтастырылған. Алғашқы оқырмандар жақсы, жылы пікірлерін айтып та үлгерді. Осы сұхбатты пайдалана отырып, сол кісілерге алғыс айтқым келеді.

Әңгімелескен Батырхан СӘРСЕНХАН

         

Сен мықты қаламгерсің

         (Нұрғали Оразға)

 Білемін қабілетіңді сенің мықты,

Жерденсің «Қазығұрттай» өзің құтты.

Түбінен көкірегіңнің сыртқа шыққан,

Қазағың жанға жайлы сөзіңді ұқты.

 

Емессің ой-өрісін тұйықтаған,

Қашанда қаламгерсің биік бағаң.

Азғантай арнау өлең сыйпатынан,

Дерсің бе қадірімді біліпті ағам!

 

Қайтемін айтар сөзді енді тұсап,

Бұл күнде қатарыңнан кеттің ұзап.

Қазақтың жан тынысын жарқыратшы,

Қабілет қарымыңды шексіз жұмсап.

 

Бойдағы қуатыңмен ерен біткен,

Көркем ой, көз жазбадың тереңдіктен.

Білесің өз бағаңды өзің жақсы,

Мақтауға зәру жан ғой демен тіптен.

 

Қаламың қолыңдағы семсер еді,

Десем мен оған рас, ел сенеді.

Талантың тапқырлығың болжай алсам,

Асуды әлі талай еңсер еді.

 

Естілсе елең етіп шетте тысыр,

Сөзге еріп пайдасы жоқ кетпе қысыр.

Жүрегің жүріп тұрса кеудеңдегі,

Қазаққа талай тәтті шертеді сыр.

 

Әйтеуір қызықтамай сырт дабырын,

Білесің тартымды ойды жұрт танырын.

Жеткізсең сырлы сөзбен жас буынға,

Жеңіс қой бұл қазақтың түп тамырын.

 

                                                                                          Мінуар ӘКІМХАНОВ, ақын,

                                                                       Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір