Ең көне аспап немесе Ықылас музейі
16.12.2020
2670
1

Алматыдағы музыкалық халық аспаптары музейі 1981 жылы ашылып, 1990 жылы Ықылас Дүкенұлы есімі берілді. Музейде қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар әлемнің 50-ге жуық елінің мәдениетімен таныстыратын 9 экспозициялық зал жұмыс істейді. Бірінші залда музыкалық аспаптардың классификациясы мен археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған 10 ғасырдан астам тарихы бар көне жәдігерлер қойылған. Үрмелі және соқпалы-шулы аспаптар залында әскери жорықтар кезінде қолданылған дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, дудыға аспаптары мен күнделікті тұрмыста қолданылған сақпан, шартылдауық, тұяқтас аспаптары және сыбызғы, сазсырнай, желбуаз сынды үрмелі аспаптар бар.

Мемориалдық музыкалық аспаптар залында қазақ музыка тарихында «Алтын ғасыр» аталатын ХІХ-ХХ ғғ. өмір сүрген шоқтығы биік қазақтың әнші-жыршылары мен күйші-композиторларына тиесілі болған музыкалық аспаптар қойылған. Музейдің бұл бағалы коллекциясында Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Дина, Жамбыл, Қазанғап, Ақан сері, Біржан сал, Кенен, Сүгір, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев және т.б. қолданған домбыралар мен сырнайларды тамашалауға болады.
Залдағы ең көне аспап Махамбет Өтемісұлының екі ішекті, 13 пернелі, жұмыр шанақты домбырасы. Аспап ұзақ уақыт музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған. 1931 жылы музыкант қайтыс болған соң, домбыраны оның ағасы Қатеп Қызылордаға алып кетеді. 1933 жылы белгілі күйші-композитор Сейтек Оразалыұлы осы домбыраны іздеп Қызылордаға барады. Махамбеттің домбырасында 2 күн ойнап, аспапты өзіне сыйға сұрағанымен, ала алмайды. Қатеп қайтыс болғаннан кейін, домбыра Қатептің туысы Қажеттің қолында қалады. 1934 жылы Қажет қайтыс болып, анасы Ресейге көшкен уақытта аспапты өзімен алып кете барды. Ресейде аспап Елеу деген қарттың үйінде сақталған. 1974 жылы Елеу қайтыс болып, аспап оның ұлы Ысмағұлов Мұстафаның қолына өтеді. 1985 жылы аспаптың бет тақтайы реставрациядан өтіп, тарихи құндылық ретінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне табысталды.

Сонымен қатар, келушілердің назарын өзіне аудартып тұратын ерекше үш ішекті домбыра Абай Құнанбайұлына тиесілі. Абай бірнеше саз аспабын жасатып, өзінің төл ұрпақтары мен айналасындағы әнші-күйші, ақындарға сыйға берген. Ақынның өзінің жеке домбырасы – үш ішекті, 8 пернелі, қалақша пішінді. Оны Абай мен ұлы Ақылбай қолданған. Кейін жәдігер мұра ретінде Ақылбайдың ұлы Исраилға қалды. Ұлы ақынның немересі Исраил бұл домбырамен облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқау­ларға қатысып жүрді. 1959 жылы Исраил дүние салып, кейіннен қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырған. Ал 1981 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорына алынды. Абай домбырасының осы түпнұсқасынан басқа 4 көшірмесі жасалған.

Мемориалдық аспаптар коллекциясына соңғы қосылған аспап – Шәкәрім Құдайбердіұлының екі ішекті (бастапқыда үш ішекті болған), 13 пернелі, қалақша пішінді домбырасы. Шәкәрім қайтыс болған соң, аспап ұлы Ахаттың қолында қалған. Ахат қарттан Семейдегі бір мұғалімге, кейіннен ол мұғалімнен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректорының қолына өткен. Өз кезегінде оқу орнының басшысы аспапты Шәкәрім өнерінің жанашыры болып жүрген меценат Медғат Құлжановқа табыстайды. Медғат Кәрімұлы 2019 жылы жәдігерді музейімізге өткізді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптармен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет екенін айтып өткен. Осыған орай музей қорында сақталған мемориалдық музыкалық аспаптардың дыбысын қайта жаңғырту мақсатында «Жәдігер» музыкалық антологиясы жарыққа шығарылды. Антологияда музей қорында сақталған 24 мемориалдық аспапты қазіргі таңдағы ән-күй, жыр мектептерінің ірі өкілдері дыбыстандырып, әрбір аспаптың жасалу технологиясына бүгінгі таңдағы белгілі шеберлер сипаттама берді. Антология аудио және видео форматтарда басылып шығып, әйгілі өнерпаздардың өз аспаптарында орындалған шығармалары заманауи аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта жол тартты. Видеолар музейдің шеберлер залында арнайы проектор арқылы келушілер назарына ұсынылуда.

Бақсы-балгерлердің негізгі атрибуты саналған қобыз аспабына арналған қобыз залында ХVІII ғасырда жасалған Жарас бақсының қобызынан бастап, әр өңір бақсыларының қобыздары мен ХХ-ХХІ ғғ. шеберлердің қолынан шыққан аспаптар және Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Гүлнафис Баязитова сынды әйгілі қобызшылардың аспаптары орын алған.
Шеберлер залында бүгінгі таңдағы шеберлердің таңғажайып туындылары мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде екі жылда бір рет өткізілетін «Аңыз домбыра» республикалық байқауы жүлдегерлерінің аспаптарымен таныса аласыздар. Байқаудың негізгі мақсаты: насихаты кем түсіп жатқан дәстүрлі қолөнерімізді және оларды өмірге әкелуші шеберлердің еңбегін насихаттау, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, домбыраның көне қоңыр үнін қайтару. Байқау алғаш рет 2016 жылы Алматы күніне орай ұйымдастырылып, оған еліміздің әр түкіпірінен 65 шебер қатысты. Ал екінші рет 2018 жылы өтіп, оған 39 шебер қатысқан. Жүлделі орындарға ие болған домбыралар музей қорына алынып, экспозицияға қойылып отырады.

Сонымен қатар, келушілерге әр елдің музыкалық өнерінен сыр шертер түрлі аспаптарды тамашалауға мүмкіндік беретін «Түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптары залы» және «Азия халықтарының музыкалық аспаптары», «Еуропа халықтарының музыкалық аспаптары» залдары бар.

Алғашқы жылдары халық музыка аспаптары музейін ұйымдастыру барысында белгілі этнограф, музейдің ашылуына тікелей мұрындық болған Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен қазақ халқының ұлттық аспаптарын ғана емес, көршілес республикалар (ТМД) мен әлем халықтарының аспаптарын да жинақтау көзделіп, оларға арнап экспозиция залдарын жабдықтау жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жұмысқа сол кезеңде музей жанынан құрылған «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің қосқан үлесі зор. Ансамбль тек қана музей сахнасында ғана өнер көрсетіп қойған жоқ, сонымен қатар шет елдерге гастрольдік сапарларға шығып, барған елдерінен музыкалық аспаптар әкеліп тұратын болған.
Бүгін де шет ел аспаптарын музей қорына алу үрдісі жалғасын тауып келеді. Музей көптеген елдердің елшіліктерімен, мәдени орталықтарымен, тіпті жеке тұлғалармен іскерлік байланыс орнатып, нәтижесінде жыл сайын ондаған аспап салтанатты түрде музей қорына қабылданады.

Осындай бір үлкен іс-шара – 2018 жылы Алматы қаласымен бауырлас қалалар Минск, Вильнюс және Будапешт қалаларынан келген өнерпаздардың қатысуымен өткен «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары музей сахнасында» атты фестивалі. Фестиваль барысында аталмыш елдерден келген музыканттар ұлттық аспаптарында ойнап, халық әндерінен шашу шашты. Фестиваль соңынан өздері ойнаған музыкалық аспаптарын музейге сыйға берді. Сондай-ақ, Индонезия, Тәжікстан, Тайланд елдерінің ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшілері, Әзірбайжан елінің Мәдениет министрлігі өкілі музейге арнайы ат басын бұрып ұлттық музыкалық аспаптарын сыйлаған болатын.

Музейге келушілерді әр экспонат жайында толық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, музей залдары 2 ақпараттық киоскілер және бейне-контенттік проекторлармен жабдықталған. Киоскілер арқылы әр экспонат жайында ақпарат берілсе, бейне контенттен сол аспаптың дыбысталуы, аспапта ойналатын музыкалық шығармалары көрсетіледі.
Әрбір экспонат жайлы ақпаратпен қамтамасыз ету музейдің ғылым бөлімінің негізгі міндеті. Музей тек ағартушылық және насихат жұмыстарымен ғана емес, сонымен қатар музей коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен де тұрақты түрде айналысады. Осы ретте 2017 жылы «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілген болатын. Конференцияға Ресей, Өзбекстан, Тыва, Германия елдерінен ғалым-зерттеушілер қатысып, ХІХ-ХХ ғғ. әйгілі әнші-жыршылар мен күйші-композиторлардың аспаптарына зерттеу жұмыстары жүргізілді.

2019 жылдың 25 қазанында музейде «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның ерекше қонағы 25 жылдың көлемінде музыкалық археологияны зерттеумен айналысып жүрген норвегиялық ғалым, Осло университетінің профессоры, тәуелсіз зерттеуші Гермунд Колл­твейт болды. Доктор Коллтвейт Скандинавия елдерінің көне музыкалық аспаптары туралы зерттеулерін және тәжірибелерін ортаға салды. Сонымен қатар, 2014 жылы Алтай өңірінен табылған ішекті аспап пен Украина жерінен табылған қобыз аспабының көшірмелері таныстырылып, дыбысталып, конференция соңынан музей экспозициясына қойылды.

Музей 2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына-2018» І фестивалінде 16 аймақтан қатысқан 53 музейдің арасынан «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 500 000 теңгелік сыйақыға ие болды.
Қазіргі пандемия кезінде де музей жұмысын еш тоқтатпай, уақыт пен жағдаяттар талабына сай «онлайн форматта» жалғастырып отыр. Музей және музей экспонаттары жайлы онлайн-экскурсиялар мен онлайн-дәрістер, айтулы күндер мен мерекелерге орай онлайн-концерттер, онлайн-конкурстар, онлайн-шеберлік сағаттары музейдің күн тәртібінен түскен емес.

Ә.ҮМБЕТӘЛИЕВ,
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.04.2021 | 10:29

Дұрыс емес

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір