БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ АЙТЫЛМАҒАН ЕРЛІГІ
14.12.2020
32805
8

Бауыржан Момышұлы қаруын қаламға айырбастап екі ерлік жасады деп алғаш рет П.П.Вершигора айтқан еді.
Оның біріншісі, әрине, соғыстағы ерлігі. Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясы мен оның Бауыржан Момышұлы басқарған батальонының даңқы 1941 жылдың күзі мен қысындағы Мәскеу түбіндегі шайқастарда қатты шықты. Бауыржан сол абыройын соғыс аяқталғанға дейін түсірген жоқ. Батальон командирлігінен дивизия командирлігіне, аға лейтенанттықтан полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, атақ-даңқын одан әрі асыра түсті. Ал соғыстан кейін кейбір майдангерлер секілді естеліктер немесе деректі роман-хикаяттар жазумен шектелмей толыққанды көркем шығармалар жазып тағы таңқалдырды.

Елен ӘЛІМЖАН

Бауыржанды бағалаған П.П.Вер­шигораның да өмір жо­лын­да да қазақ батырына ұқсастықтар бар. Мәселен, ол да ұрысқа разведчиктердің жетекшісі ретінде кіріп, кейін партизан дивизиясының командирлігіне дейін көтерілген. Ал соғыстан соң жазған тамаша деректі шығармалары кәсіби жазушылардың назарына іліккен. Сондықтан да Бауыржан Момышұлының екі ерлігінің парқын білді. Бәлкім содан да қазақ батырының майдандағы ерлігі, ресми түрде лайықты бағаланбағанының орнын аз да болса толықтыру үшін де осылай деген шығар деген ой келеді кейде. Олай дейтініміз партизан құрамасының командирі П.П.Вершигораға генерал-майор шені мен Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. Екі рет Ленин орденімен марапатталды. Ал Бауыржан Момышұлына Жоғары әскери академияны бітіргеннен кейін де генерал атағы берілмеді. Тіпті Ленин ордені де бұйырмады. Ұсынылмай қалған жоқ, ұсынылды. Дивизия командирі И.Панфилов көзі тірісінде мұндай құжатқа ең алғаш 1941 жылы 7 қарашада-ақ қол қойған. Ұрысқа жаңа кірген Б.Момышұлының батальоны Кеңес әскері шегініп келе жатқанда керісінше жау қолындағы Середа деревнясына шабуыл жасап, Осташево, Становище деревняларын жаудан азат етіп, Красная Гора деревнясында кескілескен ұрыс жүргізіліп, Ивановское селосын жауға бермей, табан тіреп жатып алып, тек белгіленген мерзімі біткенде ғана шебін тастап, қоршауды бұзып шыққан болатын.
Горюныда жаудың жолын бөгеп, тағы да қоршауда қалған батольонның ерлігінің маңызы да айрықша еді. Бұл ерлігін де ерекше бағалаған Панфилов Бауыржанды 15 қараша күні екінші рет Ленин Орденіне ұсынады. Ал 16-20 күндері Горюны деревнясының түбінде Волоколам тас жолы мен Матренино темір жол бекетіне жауды жолатпай жатып алған батальонның ұрыстары бұрынғыдан да сойқан болатын. Осы шайқаста батальон немістің 600 солдатының көзін жойып, 6 танкісін, 6 станок­ті пулеметін, 12 қол пулеметін, екі зеңбірегін жойып, қалғанын «аса құпия» құжаттары бар жау штабының екі автомашинасымен қоса қолға түсірді.

Бұл қоршауды да Бауыржанның батальоны жеке құрамының денін сақтап тастүйін күйінде бұзып шықты. Бірақ 19 қараша күні генерал Панфилов қайтыс болғандықтан да, сірә, қайғы үстіндегі штаб Бауыржанды марапатқа ұсынбаған болар. Ал көп ұзамай келген жаңа комдив Бауыржанды «Панфиловтың еркесі» деп тіпті қырына да алғаны байқалады.
Біздіңше, Бауыржан Момыш­ұлы басқарған полктің 31 қарашадан 8 желтоқсанға дейін Крюковоны қорғаған ерлігінің мәні өте-мөте зор болды. Өйткені бұл село Мәскеу­ден отыз-ақ шақырым жерде орналасқан еді. Оны жауға беру Мәскеуге жол ашып берумен тең болатын. Сондықтан да полк командирі Бауыржан Момышұлының ұрыс картасының Крюководан арғы Мәскеу жақ бөлігін жыртып тастап, «картаның бұл бөлігі керек емес, өйткені одан әрі бір адым да шегінбейміз» деген сөзінің әсері сол кезде Дубосеково разъезінде В.Клочков айтқан «Артымызда Москва, бұдан әрі шегінетін жер жоқ» деген сөзінен кем түскен жоқ. Клочков та, оның қасындағы 28 жауынгердің көпшілігі де сол ұрыста қаза болғандықтан бұл сөзді «тірілтіп, жан бітірген» жазушы-журналист Александр Кривицкий болатын. Ал Бауыржанның айтқан сөзін тірілтіп, ерлігін куәландырудың қажеті болған жоқ. Өйткені ол карта сақталып қалған.

Бұл айтылғандардың барлығы Бауыржанның ұрыстың алғашқы айларындағы ерлігі ғана. Алда сондай шайқастарға толы төрт жыл жатты. Әсіресе, немістер өз жеріміз деп есептеп, қамалға айналдырып жіберген Шығыс Пруссияны, демек Курландияны (Ресейдің қазіргі Калининград облысы) қорғаудағы Б.Момышұлы басқарған 9 гвардиялық дивизияның ерліктері оқырманға әлі жеткілікті жеткен жоқ.

Ал енді осындай даңқты командирдің қандай жауынгерлік марапаттары бар дегенге келсек, ол жағы даңқына сай емес екенін көреміз. Рас, ол кісіні Серебряков деген дивизия командирі екі рет Кеңестер Одағының батыры атағына ұсынған. Бірақ аяқсыз қалған. Командирі ретінде Төлеген Тоқтаровқа, Мәлік Ғабдуллинге Кеңестер Одағының батыры атағын беруге өз қолымен ұсыныс жазған Бауыржанға бұл атақ бұйырмады. Төрт жыл соғысқанда ол бар болғаны бір орден, бір медаль ғана алған. 1942 жылдың 6 маусымында Қызыл Ту орденімен, ал 1944 жылдың 1 мамырында «Москваны қорғағаны үшін» медалімен марапатталған. Оған 1945 жылдың 9 мамырында алған «Германияны жеңгені үшін» медалі мен сол жылдың 6 маусымында марапатталған «І дәрежелі Отан соғысы» орденін қосуға болады.

Енді екінші ерлігі жайында. Баукең жігіттік шағында-ақ ғашықтық жырлар, достарына, жерлестеріне арнау өлеңдер жазған. Оның алғы шептен жазған мақалалары мен өлеңдері, аудармалары майдан газеттерінде, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» және басқа басылымдарда жарық көріп тұрған. Соғыстан кейін көптеген майдангерлерге ұқсап естеліктер жазумен шектелмей, көркем прозаға қалам тартуы Баукеңнің шынында ерлігі еді. Демек, оның өлең құмарлығы көп қазақта болатын ет пен терінің арасындағы желік емес, болмысында бар қасиет.

Болмысында барлығынан да оның шығармалары майдан шайқастарын суреттегені үшін ғана емес, көркемдік деңгейі жоғары болғандықтан да жақсы оқылды. Оның заманында атақтары жер жаратын небір авторлардың соғыс тақырыбындағы роман-хикаяттары дүниеге келді Кеңестер Одағы бойынша. Бірақ солардың ішінен Бауыржан Момышұлын шығармалары мен ол туралы жазылған Александр Бектің «Волоколам тас жолы» романы бүкіл әлемді шарлап кетті. Жалпы Момышұлының прозалары қазақ, орыс тілдерінде 102 рет басылым көріпті. Сондай-ақ ағылшын, араб, бенгал, болгар, қытай, корей, латыш, литва, монғол, хинди, эстон, венгер, испан, неміс тілдеріне аударылыпты. Мұншама қайта басылған кітаптардың таралымы да осал болмағаны түсінікті.

Бұл енді кез келген жазушының қолы жете бермейтін жетістік. Сонда оның сыры неде? Меніңше, бар мәселе соғыс тақырыбын жазуында емес, қалай және алдына қандай мақсат қойып жазуында.
Міне, осы жерде Бауыржан Момышұлының бұрын айтылмаған үшінші ерлігі шығады. Ол – Алаш идеясын қайта көтеруі. 1937-38 жылдары арыстарымызды атып тастап, олардың еңбектерін оқымақ түгілі аттарын атауға тыйым салған коммунистік-кеңестік билік ұлттық идеяны мүлдем басып-жаншыдық деп ойлады. Енді Қазақстан билігіне тек Мәскеудің айтқанын талқылауға салмай орындайтындар ғана отырады. Сондай кезеңде соғыс басталды. Сол соғыста көрсеткен ерліктері арқылы шыққан даңқы мен жиған беделін Баукең үй сұрап, тұрмысын жақсартуға емес, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға жұмсады. Оның алғы шептен республика басшыларына жазған хаттары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және басқалардың 1904 жылы Ресей Думасына жазған Қарқаралы петициясын еске түсіреді. Баукең өзінің ағалары секілді дін, шекара мәселесін сөз ете алмағанымен ана тілінің өрісін кеңейту, ұлт тарихын оқыту, салт-дәстүрлерді сақтау туралы көтерген мәселелері Алаш арыстарының хаттарымен мазмұндас. Баукең Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында мамандықтарына қарамастан қазақ тілі мен әдебиетін, тарихын оқыту уақыт талабы деп есептеді.
Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы М.Әбдіхаловқа жолдаған хатын ауыр жарақатына байланысты демалысқа Алматыға келіп кеткен соң жағдайды көзімен көріп, құлағымен естіп жазғандықтан ана тілінің мүшкіл хәлін нақтылы мысалдармен дәлелдейді.

Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа жазған хатында халқымыздың әдеті мен әдебінде үлкен тәрбие жатқандығын көрсетеді. Асық, жасырынбақ, жаяу жарыс, ақындар айтысы, көкпар, бәйге, аударыспақ, сайыс сияқты ұлттық спорттық ойын түрлерінің әрқайсысына жеке тоқталып сипаттама береді. Сөйтеді де, бұл ойындардың жауынгердің ептілікке тез ойлағыштыққа, тапқырлыққа, төзімділікке, тәуекелге, батылдыққа, барлығын жиғанда батырлыққа бастайтынын атап өтіп, оларды жандандыруды ұсынады.
Ал Мұхтар Әуезовке жазған хаттарында соғыс туралы жазылып жатқан шығармаларға пікірін білдіріп отырады. «Жазылып жүргендерінің көбі сол жазбаға жұмсалған қаражаттың жарты бағасына тұрмайтұғынын көріп-сезгеніңде, іш қазандай қайнап тісті қайрайсың», – дейді. «Мұқаңның Ә.Әбішевпен бірігіп «Намыс гвардиясын» жазып шыққандығы өте қуанышты, бірақ менің қаупім Әлжаппар дүмше молдасы құрғырдың осыдан жинап алған материалдарға толық түсініп, оларды Сізге айтып бере алды ма екен?» – деп қауіп білдіреді (18.10.1942ж.)

Шығарманы оқып шыққаннан кейінгі хаттарында «кінәнің молы Әлжаппарға болса да» оның жетегінде кеткен Мұқаңа да біраз ескертпелер айтады.
Бауыржан Мұхтар Әуезовке жазған бір хатында (18.08.1942ж.): «Знамя» дейтін журналдан Александр Альфредович Бек дейтін жазушы қайтадан келіп, айтып бергің деп телміріп отырып алды. Зерікпестен бір жарым ай ілесіп жүрді. Жаман да болса, әйтеуір қағаз бетінде қалады ғой деген оймен мен оған бастан өткен соғыстардың барлығын Мәскеуге дейін толық етіп, әрбір соғысты 2-3 сағаттан баяндадым… Бек – үлкен жазушы емес, жақсы стенограф, айтқандарыңды айтқанша жазады, оның қасиеті сол», – деп өзінің де қарап жатпағанынан хабардар етеді. «Намыс гвардиясының» бас қаһарманы Намысұлы (Момышұлының пратотипі – Е.Ә.) полк командирі Капровтың көлеңкесінде қалып қойған деп ренжіген Баукең Александр Бекке: «Егер сен менің батальоным туралы жазатын болсаң ондағы кейіпкерлердің аты-жөнін өзгертпейсің, әрі ол шығармаң «әскери көркем құрал» болуы керек», – деп шарт қояды. «Арпалыс» романындағы («Волокалом тас жолының» қазақша нұсқасы) Бауыржанның Намысұлы секілді орыс «ақылманның» (Панфиловтан өзге) көлеңкесінде қалып қоймауының, сондай-ақ Бозжанов, Рахимов, Исламқұлов, Мұхамеджанов, Танков сынды кейіпкерлердің де жарқырап көрінуінің басты себебі бас кейіпкердің осы шарттарында жатса керек.

Б.Момышұлы мен А.Бек арасында 1942 жылы ауызша, ал 1944 жылы жазбаша шарт жасалған. Бұл шартта автор мен бас кейіпкер өзара міндет бөліскен. Екеуінің арасындағы хаттарға қарағанда автор өз міндетін орындаған. Тіпті артығымен орындаған ба деп ойлайсың. Өйткені КСРО жазушылар Одағында романның жазылу барысы екі рет (1943, 1944 ж.ж.) талқыланғанда да шығарманың позицясын автор емес, бас кейіпкер Бауыржан Момышұлы баяндап, қорғаған.
«Көптің ой-пікірлерін, түрін, құлық-мінездерін байқап, басымыздан өткен тәжірибелерді қорыта ойлап, таразыға салып, олардан шыққан нәтижелі нәрселерді қорытып, көптің өзіне қысқа сөз арқылы жеткізіп отыруды өзімнің командирлік міндетімнің бір саласы деп таныдым», – деп жазады соғысты алты ай батальон командирі, екі жыл полк, бір жыл дивизия командирі болып өткізген Момышұлы 1946 жылы.

Қазір «Соғыс психологиясы» деген атпен белгілі бұл жазбалары да әуел бастан оқу құралы ретінде жазылды. Онымен романын жазу барысында Александр Бек танысты. Демалысқа келген кезінде қазақтың зиялы қауым өкілдері мен «Мосфильм» қайраткерлеріне лекция түрінде оқып берді. Тыңдаушылардың арасында кейіннен «Қазақ солдаты» романын жазған Ғабит Мүсірепов те болды. «Соғыс психологиясы» жазушыларға ғана емес, әскерилер, жоғары оқу орындары үшін де көмекші құрал. Осы жерде біздің ойымызға Орынбор қаласында 1921 жылы 31 қаңтарда Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының төрағалығымен өткен мәжіліс оралады. Онда көптеген Алаш зиялыларына мектеп оқулықтарын жазу міндеттеледі. Солардың ішінде мәселен ақын-жазушы М.Жұмабаев «Педагогика», Ж.Аймауытов «Психология», М.Әуезов «Жер жаратылысы» оқулықтарын жазып шықты.
Ғасырдың басындағы оқу-ағарту ісін қолға алып, ел рухын көтеру қажеттілігі соғыс кезінде де туындағанын Б.Момышұлы тереңімен түсінген сыңайлы. Сондықтан да бұл кезде Александр Бекке «Әскери көркем құрал» жазуды тапсырып, өзі «Соғыс психологиясымен» айналысқан. Өйткені мұндай құрал соғыс тақырыбына қалам тартатын нанталап жазушыларға ғана емес, командирлер мен жауынгерлерге, жалпы келер ұрпаққа керек еді. Майдандағы бұл әрекеттері Б.Момышұлының Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған қазақ әдебиетін ұйымдастырушы болғанын дәлелдеп қана қоймайды. «Міндетін кең түсінетін командирдің» Алаш арыстарының ісін өз мүмкіндігінше одан әрі жалғастыруға тырысқанын да көрсетеді. Майданнан ұлт мүддесін қорғаған батыл-батыл хаттар жазып, ал демалысқа келгенінде ұлттық рухты көтеру мақсатындағы дәрістер оқыған Момышұлын «современный Бөкейханов» деп атаған екен ұлтшылдықпен күрестің бір «қырағысы». Бұл теңеуде кекесін де, сонымен бірге сескену, шошыну да жатыр. Б.Момышұлының ұлт мүддесін қорғаған хаттары, жазбалары, лекциялары, тіпті «Соғыс психологиясының» да көзі тірісінде жарыққа шықпауы сол «қырағылықтың» әсері.

Сөйтіп, Коммунистік-кеңестік жүйе Бауыржан Момышұлының қайраткерлік жолын осылай қырықты. Соған қарамастан ол соғыс батыры ретінде де, жазушы ретінде де халықтың ең сүйіктісіне айналды. Оның баспасөздегі мақалаларында, сұхбаттарында, ресми емес мінбелерде (еңбек ұжымдары мен оқу орындарындағы кездесулерде, жол үстінде, қонақ үйлерде, демалыс орындарында) оның сөйлеген сөзінен ұлттық рух аңқып тұрды. Оның ұлттық құндылықтарды қастерлеу ұлттық мақтаныш тудыратыны, ал ұлттық мақтаныш ұлттық рухты көтеретіні, ұлттық рухтан жанқиярлық ерлік пен жасампаз еңбек туатыны туралы ұран-ойлары ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді.
Демек, қарапайым халық Бауыржанның бойында батырлық пен жазушылықтан да өзге бірдеңе барын білді. Бірақ ол «бірдеңенің» атын атап, түсін түстей алмады. Ал атын атап, түсін түстеуге тиісті оқығандарымыз советтік идеологтар «современный Бөкейханов» деп сескенген Бауыржанды «Алаш идеясының алтын көпірі болған қайраткер» деп өз атымен атауға енжарлық танытып келеді.

Сондықтан да Баукең күні бүгінге дейін соғыс батыры немесе жазушы деп қана насихат­тауда. Ал сол батырлығы мен жазушылығының айбарын асырып тұрған Алаш идеясының алтын көпірі бола білген қайраткерлігі екені мойындалмай жатыр. Шын мәнінде оның батырлығы да, жазушылығы да Алаш идеясымен суарылғандықтан да қалың қазақтың жүрегі мен санасына ерекше әсер етті емес пе?

Солай, 1937-38 жылдары арыстарымызды атып тастап, олардың еңбектерін оқуға тиым салып, Алаш идеясын біржола тұншықтырдық деген кеңестік-комммунистік жүйе қатты қателесіпті. Бауыржан сияқты ұлдардың арқасында Сталиннің заманында да, одан кейінгі Хрущевтің жылымығына дейінгі кезеңде де ұрпақ санасына жетіп отырыпты. Б.Момышұлының Қазақстан Жоғары кеңесі президумының төрағасы, Министрлер кеңесінің төрағасы болған ұлтшыл азамат Жұмабек Тәшенов жайлы жазбалары, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы, Мәдениет министрі Ілияс Омаровпен жазысқан хаттары, академик Кәрім Мыңбаевпен және басқа азаматтармен қарым-қатынастары оның жалғыз болмағанын көрсетеді. Бұл өзі арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып.

Елен ӘЛІМЖАН

ПІКІРЛЕР8
Аноним 15.04.2021 | 23:03

Мал

Аноним 22.04.2021 | 15:10

1941 жылы кузгы кыскы кескылескен шайкастар кезынде оз батальонын 27-рет алып шыккан

Аноним 13.10.2021 | 19:33

Өте қызықты оқиға екен

Аноним 25.01.2024 | 22:49

Неғо сендер үйтіп айтай беремендер сендер Б.Момышұлының қасында болдынба.Көп сөз боқ сөз.Сондықтан ауыздарының келгендерін айта бермендер

Аноним 25.01.2024 | 22:51

Мен тағы сендерге айтайын.Адамындеп ойланып сөле.Ауызым бар деп айта бересіңдер ме

Аноним 14.03.2024 | 20:37

Синоним

Аноним 09.04.2024 | 22:33

Өте тамаша жазылған бірақ сендер барып көрсетіңдер олай әр жерден көшіріп біріктіріп олай өтірік жазбалар дана халқымыз шындық өте ащы болады бұны жазған адам өтірік жазып кете берген жазасыңдарма дұрыс сөз ақылға қонымды сөз жазыңдар Бауыржан Момышұлын марапат алмаған деп жазбай

Аноним 09.04.2024 | 23:54

Көп әрі мағыналы..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір