Tәуелсіздік тағылымы
14.12.2020
1252
0

Әкім ТАРАЗИ, жазушы:
Ер етігімен қан кешкен алмағайып кезеңдерде ұлттың ұлы ұраны – Тәуелсіздік болатын! Елім деп еміренген жас боздаққа жалын берген, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген қасиетті сөз тағы да осы – Тәуелсіздік. Қазақ халқы осы арманға қол жеткізіп, бүгінде егеменді елге айналды. Әр адамның өмірбаяны болатыны секілді, әр ұлттың да өмірбаяны болады. Біздің ұлттың кешкен мехнаты, көрген қасіреті қаншалық көп болса да, бақыты да сондай баянды, мәңгілік болады деп сенемін.

Төлен ӘБДІК, жазушы:
Тәуелсіздік – кез келген халықтың ең үлкен құндылығы. Өйткені тәуелсіздік жоқ жерде еркін даму мүмкін емес. Бүгінде әлемге ықпал жүргізіп отырған озық елдер осы дәрежеге тәуелсіздіктің арқасында жеткені белгілі. Сондықтан Тәуелсіздікті қадірлеу, оны бағалай білу, сақтай білу – баршамыздың басты парызымыз деп білген жөн.
Рас, биылғы Тәуелсіздік күнін ауыр жағдайда қарсы алып отырмыз. Коронавирус індеті бізге ғана емес, бүкіл адамзатқа үлкен шығын әкелді. Әр күн сайын кім бар, кім жоғын түгендеп, соғыстағыдай күн кешкен уақыттар болды. Қазір, құдайға шүкір, беті қайтып келеді деп айтуға болады. Екпе жасайтын ем дәрілер жасалып жатыр. Бізге де жетіп қалар. Бірақ болжам бойынша, әлі де алда ауыр күндер болатын секілді. Сақтықта – қорлық жоқ.
Осындай кезде адамға қажет екі нәрсе бар, ол – сабыр мен сенім. Аңыз бойынша Сүлеймен пайғамбар қатты қиналғанда жүзігіндегі «Бәрі де өтеді» деген жазуды оқып, сабырын шақырады екен.
Бұл да өтетін шығар. Сенімімізді жоғалтпайық.
Тәуелсіздік күні құтты болсын! Алдағы жаңа жылымыз денсаулықтың, амандықтың, береке-бірліктің жылы болғай!

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы:
Адам, тұтастай алғанда, ұлт өз бақытының ең биігін Тәуелсіздігінен көреді. Өзінің еркін ел, тәуелсіз мемлекет екенін сол арқылы дәлелдейді. Осыған жеткен біз, әрине бақыттымыз. Жандүниеміздегі жаңғырып жатқан жасампаздықтың рухани қуатымен өркениетті өмірге бет алып бара жатырмыз. Ең басты мұраты – Тәуелсіздікке жеткен елдің ең басты сенімі – ертеңі. Өмірде болып жататын қат-қабат, қилы-қилы табиғи құбылыстардың қай-қайсысында да сол сенім арқылы абыроймен алға баса береміз.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНАН ЕШКІМ КЕШІРІМ СҰРАҒАН ЖОҚ

Жастардың бұл көтерілісінің сипаты туралы саяси пікірді коммунистік партияның басшылығы «ұлтшыл элементтер», «тобыр», «бұзақылар», «арамтамақтар және қоғамға жат адамдар», «маскүнем, нашақор, көргенсіз бұзақылар» қатысқан бас көтеру ретінде сипаттап, оған «шектен шыққан (махровый, ұлтшылдық)» деген сипаттама бергені есте. Осындай пікір 1986 жылғы 18 желтоқсан күні жарық көрген СОКП-ның Саяси бюросының мәжілісінде қабылданған «Алматыдағы оқиғаға байланысты шаралар» туралы ресми қаулысында орын алды. 1987 жылы шілде айында СОКП Орталық комитеті қабылдаған арнайы қаулыда Желтоқсан қозғалысы «қазақтардың орыстарға қарсы шығуы» ретінде сипатталып, бұл көтеріліс ұлтшылдардың бас көтеруі деп атап көрсетілді. «Ұлтшылдарды айыптау асқынып тұрған» сол заманда мұндай тұжырымның салмағы аса ауыр еді. Алайда күні бүгінге дейін осындай, қазақ халқының беделіне нұқсан келтіретін сипаттамалар үшін ешкім кешірім сұраған жоқ. 2006 жылы Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығы ресми түрде атап өтілмей, бұл мәселе Астанадағы қонақ үйлердің бірінде өткен шағын ғылыми конференцияда ғана ауызға алынды. Бұл бүгінгі қазақтың және оны билеушілердің ұлттық қозғалыстарға немқұрайлы да немкетті қарайтынының айқын көрінісі болды.
Дегенмен де тарихшылар мынаны жақсы біледі: Алматыда Брежнев атындағы алаңға жиналған жастар қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын ұрандар көтеріп тұрды. Оларда орыс халқына қарсы сөздер болған жоқ. Ал енді сол заманда бұл ұрандарға социализм жағдайында коммунистік идеология қолданатын кейбір сөз тіркестерінің еніп кеткені де белгілі. Солай бола тұрса да кеңестік билік көтеріліске қатысушыларды бәрібір «ұлтшылдар» атандырды. Қанша мән бермесек те бұл бас көтерудің тарихи маңызы зор. Күллі әлем Желтоқсан арқылы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарусыз қолмен қарсы тұра алатын айбарлы да айбатты, ар-намысты, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоя алатын қазақ деген жүректі халық бар екенін білді. Сонымен қатар мынаны да ұмытуға болмас: 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – бірнеше ғасырларға созылған ұлтымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы қантөгіс соғыстары мен жанкешті ұлт-азаттық көтерілістерінің сабақтас жалғасы, және бүгінгі тәуелсіздігіміздің саяси беташары.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір