ЖЕЛТОҚСАН ЖАРАСЫ
14.12.2020
1510
1

«Бұл жұртпен дұрыс қарым-қатынас жасау керек: өлсең жылайтындай, тіріңде сыйлайтындай» деп жазыпты бір жазушы. Өмірдің мәні мен мағынасының өзі де осы емес пе?! Әрине, дұрыс ұққанға осылай. Өкініштісі, жұрттың бәрі бірдей елдің мұң-шерін сезініп, қиыншылығына иығын тоса бермейді. Жаңбыр-жаңбырдың арасымен өте шыққанды, жеңілмен пайда тапқанды білгендік, ақылы асқандық көретіндер кезігіп қалады. Ондайлар қазағының қаралы күнін де өз пайдасына асыруға тырысады. Солай екенін 1986 жылдың желтоқсанында көрдік. Жасымызды тия алмай жүрсек, енді біреулер қазақтың намысын жыртып алаңға барған жастарды жазғырды. Қайтсем орнымды сақтап қаламын, қалай сөйлесем өктемшіл орыстарға жағамын деп жанықты. Халқына жақпаған күйесі қалмады.

Рақымжан ЕЛЕШЕВ, академик

Міне, сол уақытта мен проректор едім. Бұрынғы Брежнев атындағы алаң тура іргемізде. Ол жаққа бара жатқан жастар институттың алдынан тізіліп, лек-лек боп өтеді. Бізбен бірге көшеге шығыңдар деген жастар ғимаратымызға келеді. Сондықтан болар, желтоқсаншы қыз-жігіттер арасында біздің институттың студенттері көп болды.

17 желтоқсан күні күндізгі сағат он бір шамасында ректоратқа жоғарыдан қоңырау шалынып, «алаңға шыққан студенттеріңді алып кетіңдер» деген шұғыл тапсырма берілді. Бүкіл декандарды жинап алып, алаңға барсақ, екі-үш мыңдай кісі жиналып тұр екен. Жұрттың ренішін құлағымызбен естідік. «Қазақсың ба? Онда қазақтық қасиетің қайда? Намысың қайда? Әлде тірі өлік болдық па?» деген жан күйзелістерінен шыққан ашулы сөздері жүрегімізді ауыртты. Студенттерімізді қайтару қайда, әлгі жанайқайдан соң басымыз салбырап кері қайттық. Біз мың жерден шырылдағанмен, бұның арты жаман болады деп қанша айтқанмен, сөзімізді өткізе алмайтын едік. Жан-жақтан алаңға ағылған елді көрдік. Бірер сағаттан кейін үлкен алаң теңселіп тұрды. Сөйткен Желтоқсан көтерілісі еді ғой, соңы немен біткенін бәрі біледі.

«Зиялы дегеніміз – өз ұлтының мұңы мен мұқтажын сезіне отырып, халқын ешнәрсеге сатпай, қорғай білетін азамат», – деп анықтама беріпті қазақ ұлты үшін ақырғы сәтіне дейін алысқан, алған жолынан айнымаған Мұстафа Шоқай. Бүгінде «зиялы – зиялы ма, жоқ әлде зиянды ма?» деген сауал жиі-жиі алдымыздан көлбеңдейді. Халқыңның ауыр сәтінде болыса алсаң, бұл – батырлығың. Қиналып тұрып, үндемей қалу да ерлік екенін сол бір желтоқсан күндерінде айқын ұқтық. Үлкен жерде отырып: «Алаңға барған, көшеге шыққан жастардың кез келгенін буындырсам, қолым қалтырамас еді!» дегендерді де ұшыраттық. Бірақ, бәрін уақыт өз орнына қойды. Әсіре патриот, әсіре қазақ боп көрінгендердің опасыз қылығын уақыт әшкереледі. Қазағының, халқының бетіне қарай алмайтын хәлге жеткізді. Бірақ, ондайлар ұятсыз боп келеді екен. Оны да көрдік.

Ең ауыр тиетіні, сондай алмағайып сәтте қазағын күстаналағандар әлі де билікте отыр. Қазақ елінің атынан сөз сөйлеп, елшілік құрып басқа елдерде жүр. Әрине, өкінішті!..
Десе де Желтоқсан көтерілісі – қазақтың жан жарасы боп қалды. Уақыт алға озған сайын осы бір оқиға дейміз бе, әлде кейінгі жылдары көбірек айта бастағандай көтеріліс дейміз бе, қалай десек те Қазақ тарихынан ойып орын алатын күрес болып қала беретіні, бағасы арта беретіні күмәнсіз.

19-шы желтоқсан күні Орталық Комитеттен Ауыл шаруашылық институтына Қазақстан Компартиясының жаңадан сайланған бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин мен КПСС Орталық Комитетінің мүшесі Михаил Сергеевич Соломенцев және Алматы облысының бірінші хатшысы Марат Меңдібаев барады деген қоңырау шалынды. Тез арада аудиторияны толтыруымыз керек болды. Ректор жаңадан тағайындалған кісі. Әрине, бүкіл салмақ бізге түседі. Айтқан уақытта бас корпустың үлкен 84-аудиториясында жиналып, келеді деген кісілерді күттік. Тура сағат 3-те әлгі айтылған кісілер бастаған топ кіріп келді. Ең ауыр тигені облыстың бірінші хатшысының сөзі болды. «Студенттерге дұрыс тәрбие бермегенсіңдер. Сондықтан ұлтшылдық саналарына сіңген» деп шүйілді. «Олардың бәрін жазалау керек. Оқудан шығарылсын, партиядан, комсомолдан қуылсын. Ешкімге аяушылық болмасын», – деп дікеңдеді. Бірақ дәл солай емес екендігін бәріміз де білеміз, алайда ешқайсымыз үндей алмай құмығып отырдық. Енді кім сөйлейді, біреу шығуы керек қой. Мінберге ректорымыз Шах көтерілді. «Айтқандарыңыздың жөні бар, тәрбие ісінде қателіктер жіберілді, оны мойындаймыз. Алда осы бағытта жұмыс істейміз, жіберілген ағаттықтардың бәрін жөндейміз, дұрыс ізге саламыз», – деген секілді жалпылама ой айтты. Одан кейін институттың ғылыми істер жөніндегі проректоры мен сөйледім. «Әлгінде айтылды ғой, кемшіліктер кеткені рас. Бұл бір бізге ғана қатысты келеңсіздік емес, қоғамның ортақ кемшілігі. Бірақ осы жерде бәріміз ескеруге тиісті бір жай бар. Алаңға тек қана қазақ жастары шықпаған, басқа ұлттың өкілдері де ұсталды. Сол жағын неге ескермейміз? Екінші ойға алатын нәрсе, әркімнің құқығы туралы мәселе. Қаншама жылдар бойы республиканы басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына басқа бір жақтан ел білмейтін кісіні әкеліп отырғызу жастарға қат­ты әсер еткен шығар. Басқа ұлт өкілдерінің де өз ойларын айту үшін алаңға баруы бекер емес. Сондықтан бұл ұлтшылдық екен деп бір жақты тұжырым жасау асығыстық болады. Мен осы ойымды өз өмірім арқылы да дәлелдеймін. Осындай академиктік дәрежеге жетуіме Ресей ғалымдары айрықша ықпал етті. Академик Вольфкович, академиктер Янишевский, Ягодин және басқалардың тәрбиесін алдым. Олармен ойым үндес, мақсатымыз ортақ.

Бүгінде Москвада ВАК-тің мүшесімін. Сан ұлттың өкілдері мені академик етіп сайлады. Әлгіндей орыс жолдастарым болса, олармен тонның ішкі бауындай аралассам, олар менің мүддемді қозғаса, мен өз тарапымнан оларға жақсылық тілесем – қалай ғана ұлтшыл болайын?! Бұл мүлде болмайтын жағдай. Өз тұрғымнан осылай десем, енді халқыма келейін: қазақ – туабітті қонақжай халық, Сіз бұл жағын өте жақсы білесіз, – деп Соломенцевке бұрыла қарадым. – Михаил Сергеевич, Сіз көп жыл Қазақстанда қызмет істедіңіз. Оның көп жерінде болдыңыз. Қазақ азаматтарымен жиі араласып, қатар жүрдіңіз. Араларыңда тапқан достарыңыз да бар шығар. Солармен дидарласа жүріп, халқымыздың дәстүр-салтын биік ұстайтынын білдіңіз. Біздің қазақ – тамағының тәттісі мен дәмдісін қонақтарына сақтайтын халық. Қонақтарын алаламайды, бәрін төрге оздырады. Тың игеру жылдарындағы қазақтардың орыстарға деген ықыласын көзбен көрдіңіз, болмаса соны білетін кісілермен араластыңыз. Бұл бергі жағы. Ал, одан арғы сан жыл бұрынғы жағдайға ой жүгіртейікші. Қазақтар бүгінгідей сауаттанбаған жағдайда жүріп Евгений Онегиннің Татьянаға жазған хатын ән етіп шырқамады ма? Қарапайым қазақтар, білім дәрежесі жоқ қазақтар, орыстарға деген ақ ниетті қазақтар ешбір ұлтқа жамандық жасаған емес, қайта қиналып келгендеріне қамқор болған. Біз солай едік қой! Одан кейін де бұзылған жоқпыз. Екі ұлт арасындағы ықылас, ынтымақ, жарасты тірлік тереңдеді. Мариям Жагорқызын еске алайықшы. «Дударай» деген ғажап ән бар. Сіз, Михаил Сергеевич, бұл әнді де талай естідіңіз, мазмұнын жақсы білесіз. Қазақ жігіті мен орыс қызының арасындағы махаббат керемет емес пе? Күллі қазақ екеуінің махаббатын әлі күнге дейін жыр етеді. Екі күннің бірінде ол ән радиодан беріледі. Ол әнді білмейтін қазақ жоқ. Егер қазақ ұлтшыл болса, солай етер ме еді? Сондықтан, жолдастар, тағы да айтамын, алаңдағы орын алған оқиғаға ұлтшылдық сипат берген жөн емес. Бұны тәрбиеде жіберген ағаттығымыздың бір көрінісі деп қана ұққанымыз дұрыс. Қателік жіберілді, бұл – ортақ қателік. Енді содан сабақ алып, жағдайды жөндеуге тиіспіз. Осылай екенін коммунист ретінде мойындаймын және осы сөзіме жауап беремін…»

Менің екпіндеп айтқан сөздерім трибунада отырғандарға әсер етті. Біразы қозғалақтай тыңдады. Соломенцевтің жүзі жылып, жымия қарады. Жиын соңында қатарласып тұрдық. Тіпті суретке де бірге түстік. Колбин бәріміздің түскен сол суретіміз отбасылық архивімде сақтаулы.

Айтпақшы, осы жерде тағы бір еске түсетін жағдай: жиналған жұрт сыртқа шығып, мен де солармен бірге ілесіп бара жатқанымда Хайдар Арыстанбекұлы Арыстанбеков жаныма жанаса келіп: «Ой, айдарлым-ай! – деді мейірленіп. – Арыстаным-ай, мен сені бауырыма бекерден-бекер тартпаппын. Сенің осылай боларыңды, алмағайып сәтте алабөтен мінез танытатынды білгендей тәрбиелеппін-ау! Жаным-ай! Мен айтсам ба деп көңіліме жұптаған сөздің бәрін әп-сәтте ағытып тастадың ғой. Разымын. Аман бол» – деп, аялы алақанымен арқамнан қақты. Мен сонда көрініп қалайын, өзімнің кім екенімді көрсетейін деппін бе? Ұлы Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезов «қиянатқа көнбе, әділдікке атса да көн!» деп ұлағат еткендей күш бітті. Айтылуға тиісті сөзді айттым. Бәлкім, менің орнымда болған кім-кім де айтуға тиісті сөз шығар бұл. Әйтеуір өз басым осылай деймін. Бірақ сол сөзім Меңдібаевқа түрпідей тиді. «Сенің айтқаныңның бәрі жай пәлсәпа», – деді тыржиып. «Мен пәлсәпа соққан жоқпын, өзім білетін, өзге жұрт көкейіне жұптаған ақиқатты айттым. Бұл қазақты қорғайын деген сөз емес, шындық ой», – дедім.

Көтеріліс дүмпуі басылып-жаншылғаннан кейін жазалау науқаны кең етек алды. Алаңға шыққан, атойлаған жастардың бейнелерін видеокассеталарға, фотоаппараттарға түсірген қоғамдық тәртіптің жандайшаптары Алматының оқу орындарын тіміскіледі. Кім шықты, бәрін қамауға алуға, жазасын беруге жанықты. Жансыздар институтымыздың әрбір бұрышын аңдумен жүрді. Жатақханаларды шарлады. Осының ішінде сендердің қыз-жігіттерің болса, өздерің тауып беріңдер деп қыспаққа алды. Біреу болмаса біреулер көрсетіп, бізден де біраз студент қармаққа ілінді. Біраз деймін, тіпті қанша екендігі де есімде. 187 кісі тізімге алыныпты. Ректорымыз Борис Петрович Шах бізді өзіне шақырып алды. Институттың партком хатшысы Дүйсенов болатын. Ол кісі жанында отыр.

– Әлгінде ғана обкомнан 187-сін де оқудан шығарыңдар деген тапсырма берілді. Біз обкомның талабын орындамауға қақымыз жоқ, бәрін де оқудан қууымыз керек, – деді. Мен ғылым жағын басқаратын проректор едім.

– Жоқ, өз басым бұған келіспеймін! – деп бірден өре тұрдым.

– Неге келіспейсің? – деді ректор.

– Келіспейтінім, осының бәрі ай-шайға қаратпай оқудан қуып шығатындай қылмыскер емес шығар. Ішінде қосақ арасы боп бара жатқандары да кезігуі мүмкін. Сол себепті бәрімен сөйлесейік, кім екенін білейік. Не істеп, не қойғандарын өздерінен сұрайық, – дедім.

– Олар көп қой. Ал, берілген тапсырма өте шұғыл. Бізге тезірек не істеп, не қойғандарың жөнінде есеп беріңдер деп дігерлеп жатыр.

– Жоқ, Борис Петрович, өткізуге тиіспіз. Бұл жерде адам тағдыры туралы мәселе боп отыр, – деп қасарысып бақтым. Сол кезде жалғыз емес екенмін, арамыздан мені құптаушылар да табылды.

– Сөйтейік, обал боп жүрмесін, – деді олар да.

Сонымен, түстен кейін, сағат үштер шамасында кірісіп, келесі күні таңғы жеті жарымда әзер бітірдік. 187 қыз-жігіт көз алдымыздан өтті. Бәрін арашалай алсақ, тіпті жақсы болар еді. Оның орайын келтіре алмадық. Алпыс жетісі ғана оқудан шығарылатын болды. Шыны керек, оларға ара түсе алмағанымызға әлі күнге дейін өкінемін… Бірақ солардың өзі кезіккен сайын:

– Рақым аға, сізге ризамыз. Біз үшін, әрбіріміз үшін шыр-пыр болдыңыз ғой, – дейді.
Желтоқсан сүргіні мені де айналып өтпеді. Алдындағы өзіміз құрған тексеру комиссиясының кезіндегі жанашырлық әрекетім аяқсыз кетпеді. Меңдібаев па, әлде соған ұқсаған бір «мықтының» әрекеті ме, әйтеуір нысанаға іліндім. Мені желтоқсаншы жастардың қамқоршысы, қорғаны, жанашыры деп соңымнан шам алып түсті. Жүрген, тұрғаным бақылауға алынды. Көрінбей қызмет істейтіндердің тірлігі.
Адам қаншалықты мінсіз болса да, жұрттың бәріне бірдей жаға бермейді. Арамызда менен ұлтшыл жасағысы келгендер де кезікті. Ректорлық қызметке ұсынылып тұрған жерімде, желтоқсан кезіндегі іс-әрекетімді шіркеу етіп алдыма тартты, аяғымнан шалды.
Иә, бәрі есте, бәрі де көз алдымда… Жоғарыдан түскен қатал талап бойынша, Абай мен Фурманов көшесінен ары өткендердің бәрі де кінәлі болуға тиіс болатын. Кім болса ол болсын, қалай оқыса олай оқысын – оқудан шығу керек! Жоғары курстың студенттері де, оқуға жаңа түскен бірінші курстықтар да бар. Ауылдың балалары аңқау келеді, міне, солардың аузына «Сен Құрманғазы мен Фурманов көшесінен әрі аспай жүрдің ғой, алаңда болған жоқсың» деп сөз саламыз. Бұл ойымызды бірі түсінсе, бірі түсінбейді. «Жоқ, мен алаңда болдым. Бірақ ештеңе істеген жоқпын» дейді. Ештеңе істемесең істеме, алаңда болдың ба – бітті, қылмыскерсің, кеңестік саясатқа қарсысың, партияның шешіміне қарсысың дейді. Міне, осындай да қасіретті жағдайды бастан кешкенбіз…

Арада екі-үш күн өткенде мені МХК-ға Шекота деген бастығы шақырды. Таңертеңгі сағат оннан түнгі үшке дейін есігі алдында сарылтып қойып, әрең дегенде қабылдады.

– Ұйымдастырушылардың бірі шығарсың, бәлкім? Әйтпесе неге студенттерге «подсказка» бересің? – дейді шегір көзімен тесіп жіберердей, шүйіле қарап.

– Бірінші курстың балалары не біледі? Олар әрбірден кейін Алматыға әлі үйреніп болған жоқ. Әлде машина өртегенін, қолына қару алғанын айғақтайтын материал бар ма? – деймін.

Борсықтан семіз адам бар,
Өгізбен егіз надан бар…
(Қ.Мырза Әлі).

Надандар не демейді?! Бәлкім, өздерінің қолынан ондай іс келмегеннен кейін күйініп те айтатын шығар… Білгені сол болса – айтсын, өресі сондай екен – жазсын, жазғырсын. Кімнің кім екенін ел біледі, жұрт біледі. Бір кісіні иландырғанмен, жүз кісіні сендіру мүмкін бе? «Рақым аға, бізге туған әкеміздей арашашы болдыңыз» деген желтоқсаншы қыз-жігіттердің сөзінен артық не бар? Кезінде жазықсыз оқудан қуылып, қыспаққа ұшырағандардың көбі кейінірек келіп оқуға қабылданды, курсын ары қарай жалғастырып, бітіріп кетті. Тіпті Уызбек Есіркепов деген азамат өзіміздің оқу орнымызда ұстаздық етіп, ғылыммен алаңсыз айналысып жүр. Мен үшін солардың сөзі қымбат. Өмірлерінің өрнекті болғаны мақтаныш.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.09.2023 | 00:36

Сіздей батыл, жанашыр ағаларымыз көп болса жаулардың тісі батпас еді — ау!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір