Малайзия… мейірім мен мінез
03.12.2020
1243
0

Малайзия мәдениеті туралы сөз қозғалса, міндетті түрде ол поэзия жайлы баяннан басталмақ. Оның өзіндік себебі бар. Бұл елде халық түгелдей өлеңге құштар. Ғасырмен құрдас қария да, қаршадай ғана бала да, ел тізгінін ұстаған қайраткер де, қарапайым жұмысшы да – жаппай жырқұмар, баршасы сөз қадірін білетін өрелі ұлыс бұл! Алғашқы әдеби нұсқаларын VII-VIII ғасырларда дүниеге әкелген дәулеттің біздің заманымызда әдебиеті кемелденіп, өлеңінің өрісі кеңейе түскені түсінікті дүние болар. Малайзияның мәдениеті аса биік, әдебиеті көркем әрі бай екендігін Азия құрлығы ғана емес, жалпы жаһан мойындап қойған. Жыл сайын наурыз айының жиырма бірі күні ел астанасы Куала-Лумпурде Дүниежүзілік Поэзия күні тойланады. Ондай ауқымды шараның жоғары деңгейде өтуіне ел үкіметі тиісті қаражат бөліп, қажетті жағдайды жасап беріп отыр. Он бес түрлі әдеби қоғамдардың басын біріктіріп отырған ГАПЕНА атты ұйымдары мыңдаған қаламгердің қара шаңырағына айналғалы алпыс жылға жуық уақыт өткен. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда үш жүз малайзиялық ақынның қатысуымен жиырма төрт сағатқа созылған үздіксіз поэзия марафоны болып, ешқашан ешбір елде болмаған бұл жыр мерекесі Гиннесс рекордтар кітабына кірген еді. 1976 жылы тұңғыш рет, 2004 жылы екінші рет ең үлкен Поэзия фестивальдерін өткізіп, бүкіл әлем ақындарының басын қосқан да «поэзия шаһары» атанған осы Куала-Лумпур болатын. Осындай бастамалар жиі ұйымдастырылып тұратын мұсылман мемлекетінің тағы бір үлгі аларлық тұсы, бұл мерекелік шаралар да, нәтижесінде басылып шығатын кітаптар да түгелдей тегін!

Қазақ тіліндегі зерттеулердің, аудармалардың жоқтығына қарамастан, малай ұлттық әдебиеті әлем тілдеріне көп аударылған, терең зерттелген әдебиеттер қатарында тұр. Ежелгі малай әдеби туындыларын, орта ғасырлардағы араб, парсы әдебиеттерінің ықпалымен дүниеге келген поэтикалық үлгілер («Ескендір Зұлқарнайынның баяны», «Пайғамбар өсиеті», «Малай жылнамасы») мен үнді дастандарының ізімен джави жазуымен (малай тіліне ыңғайланған араб әліппесі) жазылған туындыларды айтпаған күннің өзінде, гуриндам, пантун секілді дәстүрлі поэтикалық формалар кейінгі үш ғасырда Еуразияға кеңінен танылып, біраз елдің бірегей ақындарына азық болғанға ұқсайды. XIX ғасырда бірінші болып неміс ақыны Адельберт фон Шамиссо малай пантунының өлшемін өз шығармашылығында пайдаланып, кейінірек бұл үлгі В.Гюго, Ш.Бодлер, К.Бальмонт, П.Варлен, В.Брюсов, А.Адалис, Н.Гумилёв, Г.Лоркалардың туындыларынан көрініс тапқан екен. Олардың әрқайсы бұл жыр нұсқасын өзінше түрлендіріп, мазмұн мен бейнені жаңғырта жеткізуге ұмтылғаны анық. Алайда аңғарымпаз оқырман классикалық малай өлеңін еуропалық сипатында да жазбай тани алады.

Малайзияның тәуелсіз федерация (Малайзия конституциялық монархия ұстанымындағы федерациялық мемлекет) ретінде ғұмыр кешіп жатқан алпыс үш жыл дәуренінде де бұл дәстүр дамылдаған емес. Ұлттық әдебиеттің өркенінің өсуіне Малайзияның екі мәрте Премьер-Министрі болған Абдул Рахман Махатхирдің ел билігіне ие болып тұрған шағында, қырық жыл бұрын құрылған Ұлттық тіл және әдебиет кеңесінің ықпалы зор болып тұр. Осы күні Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең үлкен зерттеу әрі баспа орталығына айналған мемлекеттік мекеме бес жүзге тарта ғылым мен техника салаларын қамтып, мыңдаған оқулықтарды, сөздіктерді, сол шамалас әдеби шығармаларды кітап күйінде басып шығарған. Ұлттық тіл және әдебиет кеңесінің ұйытқы болуымен жүздеген жас таланттардың білім алуына, тұрмыстық жағдайының оңалуына мүмкіндік жасалған. Үкімет басшысының өзі де, орынбасары да, ең негізгі жоғары оқу ордасы саналатын Малайя Университетінің ректоры да ақын екенін ескерсек, Жаратқан жар болып тұрған бұл елдегі әдебиет пен мәдениеттің айы оңынан туып тұрғанына таң қалмаса да болатын шығар!

Тұлымды ұлы да, бұрымды қызы да жырға ғашық бұл елдін біздің ұлтпен ұқсастығы өте көп. Біздегі қыз бен жігіт айтысы секілді бозбала мен бойжеткеннің өлеңмен сайысуы бұл ұлтта да бар дәстүр. Ауылдың алты ауызының баламасы іспетті фольклорлық үлгілер де Малайзияда кең тараған. Қала берді, әр өңірдің өз ақындық мектебінің қалыптасуы мен мүшәйра түріндегі жыр додаларының тұрақтылығы да қазаққа тым таныс көрінеді, білем. Хәкім Абайдың мерейтойына орайластырылып Куала-Лумпурдегі Малайзияның Ұлттық кітапханасы жанынан Абай атындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылуы да осы рухани туыстықтың заңды нәтижесі сияқты.
Біз бүгінгі баянды заманауи Малайзия поэзиясына арнағандықтан, бірнеше ақынның өлеңдерін оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. Қайсыбір ақынның жыры талғамдарыңызға сай келіп, енді бірі таңсық көрінуі де ықтимал. Дегенмен дау тудырмайтын дүние – малайзиялық ақындардың туындыларындағы мол мейірім мен мінсіз мінез. Діні берік, рухы мығым елдің жырлары сондай арда болса керек.

Осы елде өткен Әлем поэзиясының мерекесіне барған Мәскеулік орыс ақыны Елена Танева малайзиялық «Брита Хариан» газетіне берген сұхбатында: «Малайзияда поэзия ауадан төгіліп, құнарлы да жомарт топырақтан өніп шығып жатыр», – деген екен. Ақынның дуалы ауызынан шыққан сөздерде шындық бар. Көп жылдардан бері Малайзияда тұратын керемет лексикограф, аудармашы, дипломат әрі журналист Виктор Погадаев 2018 жылы «Ключ-С» баспасынан «Гости вечерней зари» атты заманауи малай поэзиясының антологиясын жарыққа шығарыпты. Осы жинақ қамтыған қырық сегіз ақынның өлеңдерін түгелдей Малайя Университетінің профессоры өзі аударған екен. Жасы жетпістің төртеуіне жеткен ақсақалдың малай, орыс тілдерінде жазған жүзден аса еңбектерінің ішіндегі шоқтығы биігі әрі біздің бүгінгі шолуымызға ең пайдалысы да аталмыш антология болды. Орыс әдебиетін малай тіліне, Малайзия әдебиетін орыс тіліне аударып жүрген қарт қаламгердің осы жинаққа топтастырған ең үздік малай ақындарының ішінен біз де бірнешеуін таңдап алып, «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына таныстырмақпыз.

I. Рахимидин Захари. Көзі тірі Малайзия ақындарының ішіндегі ең таланттыларының қатарында тұрған жыр жүйрігі 1968 жылы Келантан штатында дүниеге келген. Бала күнінен ауылды жерде ауыз әдебиетінің нәрімен сусындаған Рахимидин елге ерте танылып, Малайзия ғылымдар Университетінің әдеби шығармашылық бөлімін бітірген. Ұлттық Эссо-Гапена сыйлығының, Ұлттық тіл және әдебиет кеңесінің сыйлығының, АСЕАН қаламгерлері сыйлығының иегері атанған ақын,«Бір уыс топырақ» жинағы үшін Малайзия Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.

И СКАЗАЛ АДАМ…

I.
Дай мне Еву.
Я одинок.
В саду Эдема
мне страшно, что история повторится.

II.
Ноящие раны
на теле моём, исполосованном плетьми.
В смятении души
я преклоняю пред Тобой колени.
Я ничтожен.
А ты велик.
Я ищу смысла в темноте ночи.

Дай мне покоя.
Я хочу уединиться
в самом себе.
Я, которого нет в реальности.
Я касаюсь тела
и обнаруживаю только грубую
физическую оболочку.

Я плачу
от странности тела и духа.
Я плачу от Твоего величия,
которого не могу постигнуть
ничтожностью своих чувств.

АДАМ АТАНЫҢ АЙТҚАНЫ…

I.
Хауаны жаныма бергін.
Жалқыны жылатпа мұнда.
Бойымда бір үрейдің барына көндім,
болған жай қайталануынан
Жұмақ бағында.

II.
Қамшы тілген қара тәнім қан қақсап,
Жан шарқ ұрып,
тізе бүктім… Тәубе қылдым Өзіңе.
Мен бір бейбақ.
Сен ұлықсың… Арда, асқақ.
Тас түнектен іздеген мән
көрінбейді көзіме.

Таптыр тыным.
Өз «меніме» бойлап көрсем мен енді.
Шындығында, мен де жоқпын,
бәрі – елес.
Аңғарғаным, ұстап көріп денемді –
дүниәуи құр қасаң қап, тән емес.

Көз жасына ерік бердім…
тән мен рухты таң көрдім.
Бар ұлықтық Өзіңдегі өзегімді өртеді,
сол саф күйге жете алмадым,
дал болдым,
түкке тұрмас сезімдерім келте еді.

ВОР ПОЭЗИИ

Я вор,
проникнувший в сосновый бор
с ножом из букв,
заточил свой тесак идеально,
чтобы вскрыть тело стиха.
И кровь капает на моём пути,
И от потери крови туманится сознание.

Весь алфавит
стоит передо мной.
Да, я вор,
который ненасытно
крадёт и ворует
красоту, созданную Им.

Господи, я вор,
который склоняясь безмолвно,
слушает голос волны,
бьюшейся в берегах
Твоих чудес.
Я вор.
Да, я вор!

ПОЭЗИЯ ҰРЫСЫ

Мен ұрымын,
ну қарағайды жалғыз жайлаған,
қын толы әріптен пышағын сайлаған,
арда жырдың ақ тәнін аршымақ
ниетім, шаппасын мінсіз қайраған.
Қан ағар жолыма тамшылап,
Тұман жұтар санамды, қансырап.

Алдымда әліппе түгелдей тұрады тізіліп.
Иә, мен ұрымын, қарайтын үзіліп,
тонайтын тойымсыз
Ол тудырған сұлулықты,
ұрлайтын қызығып.

Уа, Жаратқан, мен ұрымын,
тізе бүккен құлдарыңның бірімін,
ғажайыптарыңның жағалауларында
тыңдаған
толқын дауысының дірілін.
Ұрымын мен.
Иә, мен ұрымын!

II. Хашим Якуб. 1949 жылы Келантан штатында, Танах-Мелах қаласында туған. Тұрмысы төмен отбасынан шыққандығына қарамастан, білім мен өнерге ерте араласқан ақын, МАРА Технология институтын, Лондон университетін тәмамдаған. Ғылым докторы, профессор Х. Якуб бертінге дейін Малайя Университетінің ректоры қызметін атқарған. Бірнеше жыр жинақтарының, көптеген ғылыми еңбектердің авторы. «Арғы бетке аман өтсем болғаны» жинағы үшін Малайзия Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған.

Я ВСЕГО ЛИШЬ ХОЧУ НА ТОТ БЕРЕГ

Из ствола ченгала сделаю лодку,
Вёсла прочные и прямые.
Парус повешу из волокон капока
На мачту крепкую из нибунга.
Флаги сшиты рукою любимой
Из волшебной ткани сулук атма.

Завтра лодку спущу я на воду.
Побеждая волны и бури,
Бороздить океан она будет,
берег покинув.
Небольшая лодка
Против сурового океана.

Успокойся, море, затаись в заливе,
Злой волной не бей мою лодку.
Ветер, дуй в паруса,
Чтобы лодка не встала.
Не ломайся весло,
Не порвися, мой парус.
Мачта, выдержи бурю.
Господи,
Я всего лишь хочу на тот берег.

АРҒЫ БЕТКЕ АМАН ӨТСЕМ БОЛҒАНЫ

Қайығымды жасап ченгал діңінен,
Берік һәм тік ескектерді сайладым.
Капоканың талшығынан желкенімді тігіп ем,
Нибунг текті дүр діңгекке байладым.
Сиқыры көп сулук атма матасынан түнімен
Өз қолымен дайындаған сүйіктім бар байрағын.

Қайықты ертең түсіремін суға анық.
Ол мұхитты шарлап еркін өтеді,
Дауылдарды жеңіп, толқын туралып,
Жағалаумен қош айтысып кетеді.
Шағын қайық соңында зор
шу қалып,
Мейірімсіз мұхит болмақ мекені.

Тыншы, теңіз, шығанаққа жасырын,
Дүлей толқын соғып,
оны әбігерге салмасын.
Желкендерді үрле, ерке жел, асылым,
Қайран қайық еш тұралап қалмасын.
Сынба, ескегім, жыртылмасын
желкенімнің жел жағы,
Шыда, діңгек, дауылдарға жолдағы,
Уа, Жасаған, арғы бетке аман өтсем,
болғаны.

III. Ахмад Камал Абдуллах. Әдебиет әлемінде Кемала псевдонимімен белгілі ақын 1941 жылы Куала-Лумпурде дүниеге келген. Малай әдебиеті бойынша диссертация қорғаған ғалымның философия докторы дәрежесі де бар. Мистик ақын Хамзах Фансури дәстүрімен дүниені поэтикалық-фәлсафалық сипатында тану бағытын ұстанатын шайыр Нусантара елдеріне ортақ «Ұлы Малай Нусантарасы» халықаралық ұйымының негізін қалаған. Дүниежүзілік Поэзия мерекесін жыл сайын Малайзияда атап өту идея­сының авторы да Кемала ақын екен. Бірнеше ғылыми еңбектердің, жиырмаға жуық жинақтардың туындыгері. «Мим» жинағы үшін Малайзия Мемлекеттік сыйлығының, Селангор Сұлтаны сыйлығының иегері атанған. Тайланд, Индонезия үкіметтерінің, АСЕАН әдеби сыйлықтарымен марапатталған.

СЛОВА

Есть слова, что не являются вовсе
словами.
Есть чувства, которых не видит глаз.
Отточенные яркие фразы
И затаенные в сердце, у вас и у нас.
Это, как тайна, в комнате ночью.
Тайна, что манит,
Печаль, что зовёт.
Вернись с семи гор, о скиталец!
Поведай, как слово любовью поёт.

Есть слова, что становятся словами,
Есть слова, что излучают любовь.

СӨЗДЕР

Сөздер болады, болмысы бөлек
сөздерден,
Сезімдер де бар, көрінбейтұғын
көздерге.
Өткір де жарқын тіркестер мәлім
біздерге,
Жасырын жатар жүрек түбінде
кез-келген.

Құпия сынды қараңғы жайда түн қатқан,
Үн қатқан шердей, шақырған құпия,
жұмбақтап.
Жеті қат жерден оралғын енді,
жиһанкез!
Жырлап бақ, сөз де сезімнің
жырын тыңдатпақ.

Сөздер болады, сөз болып қана
өткен құр,
Сөздер болады, махаббат кернеп,
төккен нұр.

IV. Усман Аванг. Қазіргі малай әдебиетінің классигі 1929 жылы Куала-Седилиде туған. Кәсіби әдебиетші өмірінің соңына дейін (2001 ж.) Малайзия тіл және әдебиет кеңесінің белді қайраткері болған. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жапон тұтқынына түсіп, Сингапурде айдауда болған. 1946 жылы еліне оралып, әдебиет майданына бел шеше кіріскен. Бірнеше жыр жинақтарының, жиырма пьеса мен бір романның авторының шығармалары әлемнің он бір тіліне аударылған. Усман Авангтың Малайзияда «Ұлттың ұяты мен ары» деген бейресми аты бар.

ЗАЧИНЩИКИ

Дома стали чёрными,
И небо чёрным,
И только закат по прежнему красен,
И улицы красны от крови,
И вода в Кланге красна,
И рубашка невинной жертвы.

БҮЛІК БАСЫ

Үй біткен қарайып,
Түнерді қара аспан,
Іңір тек түнекпен қызара таласқан,
Көшелер, қызыл қан суша ағып,
Клангтың өзенін қызартып, әрі асқан,
Бейкүнә құрбанның жейдесі…
қызыл түс жарасқан.

V. Баха Заин (Бахаруддин Зайнал). 1939 жылы Перак штатында туған. Малайя Университетін тәмамдаған соң, көп жылдар баспасөзде басшылық қызметтер атқарған. Малайзия тіл және әдебиет кеңесінің тұрақты мүшесі Баха Зайн Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең танымал ақындардың бірі. Малайзия Мемлекеттік сыйлығының, Оңтүстік-Шығыс Азия әдеби сыйлығының иегері. Шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған ақын қазіргі малай әдебиетінің абызы болып есептеледі.

ИСТОРИЯ

Если он проживёт десять веков,
Наблюдая войну за войной,
Победу за победой, и
Если захочет написать историю,
Он только и сможет поведать,
Что люди продолжают убивать
друг друга.

ТАРИХ

Он ғасырға жетсе оның ғұмыр күні,
Соғыстан соң соғысты өткерсе де,
Жеңістен соң жеңісті көп көрсе де,
Жазар болса тарихты талай танып,
Болар еді оның да бар айтары,
Дәстүр қылып адамдар бұрынғыны,
Әлі өлтіріп жатқанын бірін бірі.
ПОСЛЕ ДОЛГОЙ РАЗЛУКИ
Губ твоих дыханье нежно
Вдруг коснулось моей шеи.
Твои слёзы безмятежно
На подушку, будто тени,
Плавно по щекам стекая,
Наши чувства укрепляя,
Падают…
* * *
Ночь поздна.
В одиноком небе
Половинкой Луна
Проплывает, как лебедь.

Дорогая моя,
Как дела?
Больше мне не уснуть,
Мне теперь не до сна.

ҰЗАҚ АЖЫРАУДАН КЕЙІН

Еріндеріңнің тынысы нәзік тигенде,
Мойнымды кенет лебімен ғана
сүйгенде,
Көзіңнің жасы алаңсыз
Жастыққа сіңіп, көлеңкедейін
күйге енген,
Жүзіңнен сырғып, алқызыл
бетің күйгенде,
Біздегі сезім берік болуды үйренген,
Тамғанда жасың…

* * *
Түн түнегі.
Жалқы қалып жүзі көктің,
Жартыкеш Ай бір түледі,
Аққудайын жүзіп өтті.

Ардақтым-ау,
Қалың қалай?
Тағы ұйқысыз қалмақпын-ау,
Қайдағы ұйқы? Дамылдамай
Сағынған Ай…

АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір