Әнес САРАЙ, жазушы-драматург: ШЫҒАРМАНЫ ҚЫЗЫҚТЫРЫП ОҚЫТУДЫҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ӘЛІ МЕҢГЕРГЕН ЖОҚПЫЗ

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің біріккен жобасы – «Асыл сөз» сұхбат алаңында белгілі жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Сарай қонақ болды. Коронавирус пандемиясына орай, Елордадан арнайы сапары жоспарланған қонақпен онлайн сұхбат өтті. Жазушы сұхбат барысында өзінің соқпақты тағдыры хақында сөз қозғап, белгілі азаматтар туралы естелік әңгімелері мен өсиетін айтты. Сұхбатты әдеттегідей Кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы жүргізіп отырды.

Әділ Қаженбайұлы ҚОЙТАНОВ
ӘЙЕЛІМ НОҒАЙДАН БОЛАР МА ЕДІ…
– Астраханьның Володар аймағында дүниеге келдіңіз. Балалық шағыңыз зұлмат соғыс жылдарында өтті. Сол, ауыр болса-дағы бүгінде сағынышпен еске алатын бала күніңізден бастасақ әңгімемізді.
– Менің туған жылымды, дүниеге келген уақытымды білесіздер. Ауыр кезең еді. Соғыс басталғанда төрттен беске қараған болуым керек. Бес жасар баланың есінде, жадында өз заманы туралы көп дүние жатталып қалады екен.
Халықтың күйзелгенін, елдің ауыртпашылықты қандай жанкештілікпен көтеріп жеңіске жеткенін түгел көрген адаммын. Сол кезде жадымда жатталып қалған жағдайдың бірі – елдің азаматтарын түгел жинап, параходқа тиеп әкеткені.
Осы параход маңында жергілікті үкімет кісілері барлық ауыл жұрты мен майданға аттанып бара жатқан азаматтар арасында қоштасу рәсімін өткізді. Тайлы-тұяғымызбен түгел жиналдық. Әскер қатарына алынған жігіттердің қабақтары түксиіп, қатын-қалаш, бала-шаға мен қариялар алдында сыр бермеуге тырысып тұрғаны, жарын соғысқа аттандырған әйелдердің зары, бата берген қариялардың кемсеңдегені, балалардың аң-таң болған сәби бейнесі, бәрі-бәрі көз алдымда. Оны әсте ұмытпаспын. Біздің жадымыздың ертерек жұмыс істеуіне осы ауыр бала күніміз себеп болды ғой.
Бір елдің атқамінер азаматтарын арқалап бара жатқан параход та ауыр қозғалды. Елмен қоштасқандай боздап, ысқырып, ақырын көкжиекке сіңіп кетті. Аңтарылған жұрттың бір-біріне деген көзқарасынан, қолдауынан адамгершіліктің иісі аңқып тұрғанын сезіну қиын емес.
Жаңағы параход алып кеткен кісілердің ішінде әкем де бар еді. Біз әкемізді аттандырдық солай. Жылай-жылай көзі бұлаудай болып іскен, бір-біріне сүйенген әйелдер түрі, әкесін, ағасын аттандырған жастар мен балалар… Осы көрініс көз алдыма келген сайын еріксіз жас тығылады жанарыма.
Астрахань облысында кезінде 360 мың қазақ болған. Оның басым көпшілігі – Бөкей өлкесінің қазақтары. Кейін Бөкей өлкесін Қазақстанға бермеген соң Ресей қарамағында қалды. Бірақ бұл аймақтың бағына орай Н.Крупская сияқты Құдайға қараған адам келді. Біздің жұрт 27 жыл бойы Крупскаяның қамқорлығын көрді. Ұлттық мектептер ашылып, педучилищенің негізі қаланып, ауылдық жерлерде дәрігерлік бөлімшелер пайда болды. Бұл – Орда жерінің шығысындағы жай еді. Кейін бұл жаққа да Ресей иелік ете бастады. Әйтпесе ширек ғасырдан астам уақыт бұл аймақ қазақтың меншігінде болған.
Басқа ұлттардан 130 мың халық болды. Басым көпшілігі – ноғайлар. Бұл екі жұрт бір-бірімен етене араласып, жақсылықтарын, мерекелерін бірге өткізетін. Қаланың ішіндегі демографиялық үлесі – 100 мың адам. Шаһардың Примановский, Приводский деген екі ауданын ноғайлар мекен етті. Ноғай мен қазақ бір-біріне «кет» деп айтпаған ағайын еді. Жеңгелеріміздің көбі ноғайдан, осылай құдандалы болып араласқан жұрттар ғой. Тіпті, менің өзім ауылда қалсам, әйелім ноғайдан болар ма еді деп ойлаймын (күліп).
Шекаралық аймақтың тұрғындарында «шектеу» ұғымы бола қоймайды. Шекаралық жердегі адамдардың ұлтаралық, еларалық қарым-қатынасқа көзқарасы бөлек, көңіл көкжиектері кең болып келеді. Бір дастархан басындағы астан қазақ та, ноғай да, орыс та, қалмақ та, татар да дәм татады. Содан кейін бір-бірін жатсыну қайдан болсын?
Ұлтаралық қарым-қатынастың озық үлгісін осы мен туып-өскен аймақтан көруге болады. Тату күн кешкеніне қоса мереке-жиындарда сахнаға көтерілген әрбір ұлттың өнерпаздары өз киімін киіп, өз тілінде ән шырқап, өз салтымен жүретін. Міне, осыдан кейін жергілікті аймақтың тұрғындары арасында бір-бірінің ұстанымына сүйіспеншілікпен, қажет болса сабырмен қарайтын психология қалыптасады. Мен осындай ортада ер жеттім. Бұл өзі бұрынғы Хазар хандығының жері ғой. Батыс түркі немесе Хазар түркі деп атауға болады. Астрахан – сол елдің астанасы болған шаһар, бұрынғы атауы – Еділ қаласы. Кейін бұл аймақты Ноғайлы мекендеді. Сонымен қатар бұл – біз жаттап өскен белгілі эпостардың туған жері. «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» сияқты дастан-қиссалар осы жақта туған.
Володар, Краснояр, Черный гор деген жерлер бар. Бұл жерлерде Хазар бейіті, Ноғай бейіті, қазақ бейіті бір жерде жатыр. Барлығы бір ғана алақандай жерде тұр. Бұл бейіттер ортақ психологияның қалыптасуына әсер етеді. Аймақтың тілдік саясаты да өте күрделі: ноғай тілі, қазақ тілі, қалмақ тілі, татар тілі. Жергілікті тұрғындар осы тілдерді араластырып сөйлей беретін.
Мені Құдай сақтап қалған! Біздің совхоз орталығында Әбу Сәрсенбаев екі жыл парторг болыпты. Жұмыс істеп жүргенде Қазақстаннан шыққан барлық әдебиеттерді сол совхоз орталығының кітапханасына алдырыпты. Кітапхана мен танысқан кезде қазақтың эпос-жырына толы еді.
Ол жырларды өзім оқып қана қоймай, кешқұрым ауылдың барлық жұрты жиылған жерде мақамға салып, әндетіп отырып оқып, айқайға басып көпшілікке жеткіздім. Ошақ басындағылар жым-жырт болады. Біз осындай күндерді бастан кешірдік қой…
Қазақстанда екі жерде ғана он жылдық қазақ мектебі болды. Біреуі – Қызылжардағы Байбекте, екіншісі – Астрахань облысының Седой Бугор деген жерінде. Үлкен қазақ ауылы еді – бұл. Бір шеті мен бір шетіне көз жетпейтін-ді. Кеме жөндейтін, кеме жасайтын орын болды бұл жерде. Мен осы жерде оқыдым. Кейін ол ауылды Володарға қосты. Әлі күнге дейін сондағы қазақ балалары онжылдықты сол жерде оқиды.

ЭЙНШТЕЙННІҢ ЫҚТИМАЛДЫЛЫҚ ЗАҢЫН ТҮСІНБЕППІН
– Батыстың баласы Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмәмдайды да, балық шаруашылығымен айналысады. Неліктен?
– Мен бұл фактіні кішкене өзгертейін. 1966 жылы Атыраудың пединститутына түстім. Кіммен оқыдым дейсіз ғой? Ә.Тұяқовпен, Ф.Оңғарсыновамен, Қ.Бекбаевпен, Қуанғали дейтін әнші жігітпен бірге оқыдым. Мен бұл оқу орнының физика-математика факультетіне түсіп едім, кейін жақтырмай тастап кеттім. Сөйттім де, біржола балық шаруашылығына көштім.
Менің осында оқығанымды көпшілік біле бермейді. Қыркүйектен Жаңа жылға дейін осындай жерде де оқығанбыз. Бір мұғалім бар еді, есептен сабақ беретін. Сабағының аты – «Теория вероятности». Тиынды лақтырып, не бүгінен, не шігінен түседі деп айтады. Мен жаспын, қызып кетіп «осыны да ғылым дей ме екен?» – деп ашуланатынмын. Сөйтсем, бұл – Эйнштейннің ашқан ықтималдылық заңы екен. Мен түсінбеппін, олар түсіндіре алмады. Солармен айтысып жүріп шығып кеттім ғой.
Сол уақытта әскерге жасым жетті де, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанғанмын. Екі жыл міндетімді атқарып барып, Алматыдағы КазҰУ-дың филология факультетіне түстім.
Фаризаны сол кезде екі-үш рет сыртынан көрдім. Тілдескенім жоқ, естуімше, ақын қыз екен. Кейін университеттің ректоры болған кісінің үйінде жатып оқыды. Әмин Тұяқов екінші курста оқиды, бірге жаттығу жасайтынбыз.
Мен Атырау облысының еркін күрестен 1956 жылғы чемпионымын. Белдігім де болатын. Кейін әскерге кеткенде біздің киіз үй өртеніп, белбеуім, дипломым бірге кетіпті. Қазіргі күнге дейін чемпиондығымды ешкімге дәлелдей алмай қойдым. Әмин Тұяқовтан басқа куәгер жоқ қой бұл оқиғаға.
– Еліміздің іргелі басылымдарында, беделді баспаларында біршама қызмет еттіңіз. Десек те, бас редакторлық «Жазушы» баспасынан ғана бұйырыпты. Сіздің шығармашылыққа толық бет бұруыңызға қызметтің де әсері болды ма?
– Мен 1960 жылы оқып жүргенде Шерхан Мұртаза шақырды. 1963 жылы тәжірибеден өтіп жүргенде Қали Мыңбаев деген кісі өндірістік бөлімнің басшысы еді. Газеттің аға редакторы – Шерхан Мұртаза. Жай редакторы – Мұқағали Мақатаев. Үшеуінің ұйғарымымен мен шеф-редактор болып тағайындалдым. Маған орын жеткен жоқ. Газет салатын кішкентай үстелшеге отырдым. Сол бөлмеде отырып Шерханның «Лениншіл жасқа» редактор болғанын естідім, көрдім. Кетіп бара жатып:
– Мен кішкене тиянақтанып алайын, сосын келсең болады, – деді.
Содан 1963 жылдың 3 қазаны күні «Лениншіл жасқа» жалақы алатын қызметкер болып орналастым. Ол кезде үшінші курсты енді бітірген студентпін. Барсам, сол жерде әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып Әбіш Кекілбай жұмыс істейді екен. Осындай кісілермен қарым-қатынаста болдым.
Оқу бітіргеннен кейін Атырауға үш облыс бойынша «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі болып кеттім. Собкор болып осы аймақта 1969 жылға дейін жұмыс істедім. Сол кезде Атыраудың тарихымен терең танысып, мына «Еділ-Жайық» романының барлық материалдарын жинадым. Бұл аймақта собкор болуымның үлкен әсері тиді.
«Егемен Қазақстанның» тілшісі екеумізге ортақ бір жеңіл көлік бөлінген. Бірақ ол – үлкен кісі, өзіне меншіктеп алған. Төрт жыл меншікті тілші болғанда сол көлікке бір рет отырмадым. Дегенмен, Алматыдан машина үшін қаражат жіберіліп тұратын. Біз өзіміздің алдымыздан шыққан кез келген көлікке отырып жүре беретінбіз. Атырау өлкесінде мен баспаған жер жоқ. Жүк көлігімен, атпен, түйемен, жаяу жүре беретін едім.
Нарын құмындағы елді аралау қажет болды. Құм ішінде ертеңіне таңертең малшылар тойы болмақ. Қасымдағы көлік ұсынған жігітке:
– Машинаға мінбеймін, атпен барамын, – дедім. Ол:
– Ағай, атпен жете алмассыз. Тоқсан километр жер. Ертең ертемен той басталады, – деп тұрып алды.
Жетсек жетерміз, жетпесек оның да бір мәнісі болар деп атпен тартып кеттік. Жас кезімізде атпен көп жүруші едік. Тойға жеткенде екі сан талып қалыпты. Бір-екі сағаттан кейін әрең жазылды.
Елді аралауға деген адамның сүйіспеншілігі желге, шаңға, құмға қаратпайды. Атырау облысындағы мұнай шығатын орындардың ашылғанын да экспедиция құрамында жүріп көрдім. Ол науқанның өзі тойға бергісіз мейрам еді. Сол жүрісімнің барлығы көңілімде сурет болып жатталып қалды. Жазушының көзі – фотоаппарат, жүрегі – микрофон. Жүрегінде жазылады, көзінде қалады. Ал жазушы болу үшін бұлардың барлығы – таптырмайтын құндылық.
Ертеде Максим Горькийдің бүкіл Ресейді жаяу аралағанын білесіздер. «По Руси» деген кітабы бар. Өзім қатты жақсы көремін. Горький мен Гумилев деген кісі біздің ауылда болған.
Журналист болып жүріп жазушы атануым кездейсоқтық емес. Әуелі үлкен шығармаларыма кейіпкер болған тұлғалар туралы очерктер, телевизиялық пьеса жаздым. Ол пьеса төрт серияға жоспарланған. Екі сериясы түсірілді де, бастықтар өзгеріп, екеуі түсірілмей қалды. Олардың қайда, қай бұрышта жатқанын білмеймін.
НОҒАЙЛЫ ЖҰРТЫНА СӘУЛЕ ТҮСІРГЕН – МҰХАҢ
– Драматург ретінде құнды дүниелер жаздыңыз. Кейінірек тарихи тақырыптарға, оның ішінде түркі әлемін, ноғай жұртын, батыстағы тайпаларды, империялық дәуірді зерттедіңіз. Бұған не түрткі болды?
– Мен сол кезде Ноғайлы дегеннің кім екенін білмейтінмін. Ғалымдар Ноғайлы деген дәуір болған шығар деп болжайды. 60-жылдары Мұхтар Мағауиннің жыраулар туралы кітабы шықты. Ең бірінші Ноғайлы жұртына сәуле түсірген – Мұхаң. Олардың төрт ақыны – Шалкиіз, Қазтуған, Асан Қайғы, Доспамбет туралы мен жаздым. Содан кейін іздене жүріп, бір күні идея келді. Ізденіс барысында Құдай адамның ойламаған жерден басын ашып, сәуле түсіргендей болады. Мен де солай ойландым: «Ноғайдың тарихын неге жазбасқа?»
Мәскеуге тартып отырдым, Ноғайлы туралы шыққан еңбектердің барлығын алып келдім. Бірақ материалдың бәрін қорытып, сын көзбен ажыратып тани білуің керек.
Батыста ноғай-қазақ деген жұрт бар. Олар өзі төрт рудан тұрады: Қазанқұрақ, Қояс, Үйсін, төртіншісі есіме түспей отыр. Бұлар 1700 жылдары Астрахан түбінде Қоңырау деген жерде отырған. Жергілікті халқы Ресей жақтағы қозғалысқа қатысқаны үшін Орал облысына көшірілген. Содан бері көпшілігі Жәнібекке жиылып қалған. Бұл жұрттың балаларымен бірге оқыдық, әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Тарихын да жақсы білемін.
– «Көнеліктер», «Бес мейрам», «Исатай-Махамбет» сияқты нақты тақырыптар жөнінде терең зерттеу жүргіздіңіз. Самара-шумер тарихына, Арқадағы арғындар тарихына қалам тартуға қызықтырған не құдірет?
– Мен Кіші Жүз ішіндегі рулардың тарихын оқи қалсам, ізденіп жүрсем бәрінің ішінде арғындар кездеседі. Қарлұқтар да кездеседі. Бұлар үлкен ру болған. Содан кейін арғындар туралы мағлұмат жинап алмай Кіші Жүз тайпалары туралы бірдеңе жазу әсте мүмкін емесін түсіндім. «Бес мейрам» сондай ойдан кейін туған шығарма еді.
Біздер Керей, Жәнібектен бастап айтып жүрген хандарымыз, жасыратыны жоқ, арғын тайпасының хандары болған. «Бес мейрамнан» кейін арғынның «Жеті момын» дейтін тармағы бар. Атығай-Қарауыл, Тобықты сияқты рулар осы тармақта.
– «Қазақ хандығы Орыс ханнан басталады» дейсіз. Оны дәлелдеп, Орыс ханның Есенбұғаны паналап Талас бойында ту тіккенін айтасыз. Осы туралы және осындай тарихи шығармаларыңызға, тосын пікірлеріңізге негіз болатын деректерді қайдан, қашан, қалай алғаныңыз туралы тарқатып айтсаңыз.
– Жаңағы Жәнібек пен Керейдің бөлініп кеткенінен кейін ғана Қазақ хандығы құрылды деген жаңсақ пікір бар. Барлығы осы пікірдің ыңғайымен кетіп қалды. Бірақ «Керей мен Жәнібек кім еді?» деген сұрауды қоюымыз керек еді. Сонда жауабы анық шығады. Өйткені, Жәнібек пен Керей – Орыс ханның шөберелері ғой. Орыс ханнан Құйыршық туған, Құйыршықтан Барақ туған, Барақтан барып Жәнібек туады. Орыс хан хан болса, Құйыршық та, Барақ та хан болады. Орыс хан Сығанақ қаласын астана еткен.
Барақтан кейін баласы Жәнібек Сығанақта отырған кезде Әбілқайырдың қуғынына ұшырайды. 1448 жылы Әбілқайыр Сығанақты тартып алады. Жәнібектер далалық аймақтарда жүреді. Шежіре бойынша бұлардың барлығы Орыс ханның ұрпағы болып шығады. Керей – Орыс ханның бірінші баласы Тоқтақиядан туған. Орыс хан 1377 жылы Тоқтақия әкесінің орнына алты ай хан болады. Оның беклербегі – Қобыланды батыр.
Тоқтақиядан Болат, Болаттан Керей туады. Бұлардың арғы жағын қаза түссек, тегі Ақ Ордаға барып тіреледі. Ақ Орданың ханы – Орыс хан 1368 жылы хан сайланады. Оны халықтың қалауымен хан көтерген.
Орыс ханнан Керейге дейінгі аралықта хан болмай қалған баласы жоқ. Барақтың өзі бір мемлекеттің негізі болатындай ұлы тұлға. Содан кейін Жәнібек пен Керей хандық жолмен барып Орыс ханға тіреледі. Әрі олардың барлығы Қызылорда жеріндегі Сығанақ дейтін қалада отырған. Барлығы заңды. Басында олар «алаш» деген атауды пайдаланды, «қазақ» атауы кейін барып қана қалыптаса бастады.
ӘРУАҚТЫ ТАҚЫРЫПТЫ ӘРУАҚТАР РҰҚСАТ ЕТПЕЙІНШЕ ЖАЗУҒА БОЛМАЙДЫ
– «Исатай-Махамбет» тақырыбына түсуіңізге не түрткі болды? Бұл тақырыптағы шығармаңыздың материалдарын қайдан жинадыңыз?
– Кейін Исатай-Махамбет тақырыбына түстім. Оған себеп болған мынау: мен Астрахан облысының Қырық үйлі беріш деген ауылында өстім. Барлығының айтатын әңгімесі – Исатай мен Махамбет еді. Жас кезімде сол кісілер туралы естіп, шығармаларын оқып өстім. Сұрастыра келсем, біздің ауылдың беріштері Әбдікерім мен Рахмет деген әкелі- балалы кісілерден тарапты. Ал ол екеуі – Исатайдың жеке жасағынан, қолбасшы болған. Олардың ұрпағы, тіпті, әйелдеріне дейін «біз ұранға шыққандармыз»,–деп айқайлап шыға келетін. Менің Исатай мен Махамбетке арнаған қызыл дәптерім болды, естіген фактілерді сонда жаза бердім. Бір күні қарасам, Исатай мен Махамбет тарихы толуға жақындап қалыпты. Содан не керек, бұл шығармаға бас қойдым. Әруақты тақырыпты аруақтар рұқсат етпейінше жазуға болмайды. Мен Исатай мен Махамбеттің басына үш рет бардым. Бір күні түсімде біреу «Нарын құмын арала, арала!» – деп айқайлады. Түсімде әуежайға барған екенмін деймін, ұшақтан шығып аспанға қарап тұр екенмін, бір үлкен сәуле көрінді де менің бойыма ток тарады. Денем әппақ болып кетті. Таңертең тұра сала «Исатай-Махамбетті» жазып жүре бердім. Әруақтар рұқсат етті деген – осы.
Жазушының эмоциясы мен шындығын айыру қиын. Сезімге берілгіш халықтың өкілдері барлығын өз бойынан өткізіп барып қағазға түсіреді. Жазушының жадында бала күнінен бастап барлық штрихтар сақталып отырады. Кейін болмашы бір нәрсе түрткі болып, жадымызда сақталған кейбір дүниелер қайтадан қалқып шығады.
– Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы өз деңгейінде өтті ме? Сіздіңше, Алтын Орда тарихын қаншалықты насихаттай алып жүрміз? Сарайшық қаласы туралы көкейіңіздегі ойыңызды білгіміз келеді.
– Президентіміздің өзі «Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өту керек», – деді ғой. Бірақ барлық шара өз деңгейінде, өз биігінде өтіп жатқан жоқ. Оған мына бір пандемия дегеннің де кері әсер еткені анық. Халық ішінен «жақсы бір тақырып қозғалып еді-ау» деп қыңқ еткен жоқ.
Осыдан бірер жыл бұрын «Жошы ұлысы» дейтін мақалам «Егемен Қазақстанның» екі нөміріне басылды. Сол мақалада мен Алтын Орданың тарихын, алғашқы жорықтарын, Австралиядан кері қайтқан тарихын жаздым. Бұл мақала орыстың жылнамалары бойынша жазылды. Өзімнің Алтын Орда жерінде туғаныма байланысты мойыныма жүктелетін жүкті шама-шарқымша атқардым деп ойлаймын.
Қазір барлық газетті қарап отыру маған қиын. Бірақ теледидардан Алтын Орда туралы бірде-бір хабар көрмедім. Бұл мерейтой жартыкештеу жағдайда өтіп жатыр. Тіпті, Путиннің өзі әзілі не мысқылы екені белгісіз «Бату – біздің ханымыз», – деп еді. Орыстар да қазір Алтын Ордаға көзқарасын өзгертті. Алтын Орданың бір қабырғасын орыстың жігіттері қайта қалпына келтірді. Бұл жер бүгінде туризмнің үлкен ордасына айналып отыр. Реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Сарай қаласы байырғы қалпына келіпті. Бұл – он шақты жыл бұрын атқарылған жұмыс. Өзім әлі онда бара алмадым.
Бұрын орыстар «Алтын Орда» дегенде ат-тонын алып қашушы еді. Тіпті, айтқызбауға, тыңдамауға тырысатын. Бүгін тарихи көзқарас өзгерді, заман бағыты басқаша кейіпке енді. Орыс дворяндарының елу пайызы Алтын Орданың түлектері ғой. Соны мойындауға жақындаған сияқты.
Сарайшық – ертеде Сыбан деген қала болған. Алтын Орданың саяжайы ретінде дүниеге келген, солай тұрғызылған қала деп айтады. Ол – қате. VІІІ ғасырда бұл жерде қала болған. Ғұндардан қалған шаһар ғой. Кавказияны мекендейтін Сванетия деген халық бар. Солардың алғаш көтерген қалаларының бірі – Сарайшық. Дегенмен, бұл шаһардың гүлденген дәуірі – Алтын Орда заманы. Сол заманда бұл қала сауда-саттықтың, өркениеттің ортасына айналды. Тоқа Темір ханның пантеонына айналды. Хандар кездесуі осы жерде өтіпті деседі.
Шернияз дейтін ақын:
«Сарайшықта бар еді,
Тоғыз ханның моласы», – деп жазып кеткен ғой. Оның сыртында Ноғайлының билері де жатыр. Бұл қала – Ноғайлыға астана болған жер. Қай биі жатқанын мен бір мақаламда жазғанмын. Едігенің өзі сол жерде жатуы мүмкін. Қарасай мен Жүсіптің, Жүсіптің тұқым-тұяғы да осы маңда жатыр. Сарайшық – біздің тарихымыз көп жинақталған үлкен кешен ғой!
ПИКАССО ҒАЛАМ МЕН АДАМ ҮЙЛЕСІМДІЛІГІНІҢ НЕГІЗІН ЖАРТАС СУРЕТТЕРІНЕН АЛҒАН ДЕП ОЙЛАЙМЫН
– Сіздің: «Өнердегі ең үлкен жаңалық – түріктің «Жартас живописін тірілту» деген сөзіңіз бар. Бұған қол жеткізе аламыз ба?
– Түрікте екі мыңнан астам жартас суреті бар. Кейбір жерлерде жаңа суреттер жүздеп кездеседі. Осы суреттерді мен «Түріктердің жартас живописі» деп атаймын. Мен ғана емес, кейбір ғалымдар да осылай атайды. Бұл суреттерді байқасаңыздар, өзіндік ерекшеліктері бар. «Бұл түрік – баяғы түрік емес: түріктің ішкі дүниесі өзгерді», – деген идея айтылған. Суреттердің барлығы ассимметрия тәсілімен жасалған. Адамның басы менен қолы бірдей келмейді, мойыны қисайып тұрады.
Осы суреттер 1800 жылдардың аяқ шенінде Еуропаға енген. Түрік суреттерінің жағдайы, астары, мән-мағынасы ғылымға түсіріле бастады.
Адамның пиғылы, көзқарасы, адамгершілік туралы түсінігі өзгерді. Еуропа жұрты «осыны живопись ретінде қалай береміз?» – деп жүргенде осы түрік суреттеріне жолығады. Алғаш рет Пикассо деген кісінің үлкен полотносында ғалам мен адамның, табиғат үйлесімділігінің негізін жартас суреттерінен алған деп ойлаймын.
– Аға, айтыңызшы, артыңыздан келе жатқан жас қаламгерлерге, зерттеушілерге қаншалықты көңіліңіз толады?
– Қалыптасқан өміріміздің өзгеруі ұлы заман өзгерістеріне тап келді. Сондықтан біздің өзгеруіміз қиынға соқты. Ендігі жастар өз бетінше, өз заманының ағымымен әрекет етуі керек. Жаңа заман жаңа әдебиет туғызады. Бірақ бір ғана кінәрат бар. Ол – бізге дәл қазір капиталистік дәуірдің қай сатысында тұрғанымызды айтып бере алатын бір кісінің табылмауы.
Жаңа заманның әдебиеті классикалық әдебиеттің өзегінен тарауы тиіс. Француздың классикалық реализмі орысқа жеткен кезінде шырқау шегінде еді. Ресейдің әдебиетінің серпілісі сұмдық болғаны сонша, Толстой, Чехов, Достоевскийлер Еуропаның классикасын жолда қалдыратын шығармалар жазды.
Он тоғызыншы ғасыр – Ресей әдебиетінің алтын ғасыры. Жиырмасыншы ғасырға таяу орыс әдебиетінің күміс дәуірі басталды. Мықты ақын-жазушылар туды, олар әдебиетке еңбек етті. Ал дәл қазір орыс әдебиетінде ештеңе қалмады. Бұл ел өз әдебиетін жаңадан құруы тиіс. Оның қалай боларын жаңа заман ұрпағы өзі-ақ тауып алады.
Енді аз уақыттан кейін біздің дәуірімізде оқылған классикалық әдебиет жастар үшін антикалық еңбектермен бірдей деңгейге түседі. Біздегі Әуезов, Абай, Мұқанов, Майлин сияқты марғасқаларға да біз антикалық қазақ әдебиеті деген көзбен қарауымыз мүмкін. Оқылмаған әдебиет – өлген әдебиет. Егер жазылған шығарма оқылмаса, онда ол – оқырманның, халықтың көңілінен шықпаған еңбек. Жазушы жаңа еңбегін жария еткеннен кейін оқырман оны ынтығып, жапа-тармағай оқуы керек. Шығарманы қызықтырып оқытудың технологияларын біз әлі меңгерген жоқпыз. Әлі сол ұзын-сонар баяндау стилі жалғасып келеді. Егер қолыңызға жақсы кітап түссе, оны міндетті түрде оқу керек.
Біздің ақындарымыз жақсы. Ақындарымыз өлеңдерін оқыта да алады, заманға қарай өзгере де алады. Менің жиі оқитын ақынымның бірі – Маралтай. Өзім ақындар қауымына ризамын. Олар арқаларына үлкен жүк көтеріп жүр.
Мен әлі күнге дейін Әбішті сағынамын, Әбішті жоқтаймын. Әбіш сияқты кемеңгерлеріміздің ерте кетіп қалғаны өзекті өртейтін өкініш.
– Аға, біздің жобамызға қонақ болып, көрген-білген, жазған дүниелеріңіз туралы ғибратты әңгіме айтқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Өзіңізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
– Айналайындар, көп жасаңдар! Еңбектеріңе табыс тілеймін!
– Рақмет!