Сәуле ДОСЖАН, жазушы: ЖАЗҒАНДАРЫМНЫҢ БӘРІ – АДАМДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ
20.11.2020
1299
0

– Әпке, әңгімеңізде бір отбасының басындағы шырғалаңды сипаттай отырып, тұтас дәуірдің келбетін бедерлеген екенсіз. Бұл туындыңыздың идеясы қалай туды?
– Бұл біздің қазіргі өміріміз ғой. Менің замандастарымның өмірі. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде тап осы өмірді өз көзімізбен көріп, ортасында жүрдік. Сол дәуірдің көптеген қиындықтары, адасқан, тіпті адасқан деуге келмейтін болар, өздерін дұрыс бағытта жүрміз деп ойлаған бауырларымыздың күйі біздің де жанымызға батты. Әңгімеде айтылғандай, адамдар сол кездегі өмірлерін дұрыс деп ойлады. Коммунизмге жетеміз деген ұмтылыста өмір сүрді. Ол кезде, шындығын айтқанда, көп адамның көкейінде ұлттық намыс, қазақтың ар-ұжданын ойлау деген ұғымдар болған жоқ. Қарынының тойғанына, пәтер алғанына риза кейіпте жүрді көбі. Осындай көріністерден жүрегімде қалған ой осы әңгімені жазуыма түрткі болды.

– Иә, қос қоғамдық жүйенің ауасымен тыныстаған Жайсаңғали, Салиқалардың Жора, Светаға айналуы қайткенде де белгілі бір кезеңдегі заман шындығы. Сөйте тұра бұл кейіпкерлеріңіздің ішкі әлемінде қазақылыққа деген сағыныштары атойлап  тұрғандай.
– Мен дәл сол тұстағы кейіпкерлерім тектес адамдардың қазақылыққа деген сағынышы болды деп айта алмас едім. Олар «біздің Отанымыз – Совет одағы» деген түсінікпен жүрді. Кеңестік кезеңді мақтаныш тұтты. Мүмкіндігінше, орыстарға жақын жүруге тырысып, бір ауыз орысша сөйлесе, соған қуанатын. Яғни, оларда ұлттық құндылықтарға деген сағыныш болды деп ойламаймын. Тіпті қаланың халқы бізді – ауылдан келгендерді менсінбейтін. Өзім де сондай оспадарлықтың қорлығын өте көп көрген адаммын, замандастарымыз бізді адам екен демейтін. Сол тұстағы уақыт шындығының жүрегімде ұзаққа сақталып қалғаны да сондықтан шығар. Қазір де солардан қалған бірен-саран көне көздер бар, ескі әдеттеріне сала кететін. Біршама уақыт бұрын қазақ тілділерді жақсы қызмет орындарына орыстілділерге қарағанда аздау алады дегенді естіп қалдым. Бірақ оған сенгім келмейді.

– Әңгімеңіздің желісінен, жалпы сіздің туындыларыңызда  жағдайдың күрт өзгеріп, кейіпкерлер болмысының да кенеттен мың-сан құбылып отыратынын байқаймыз.
– Иә, менің шығармаларымдағы кейіпкерлер мінезінің күрт өзгеріп, ситуацияның кенеттен құбылып отыратынын дұрыс байқаған екенсің. Жазғандарымның бәрі – адамдардың тағдыры. Өзі адамның өмірі күн сайын өзгеріп отырады емес пе? Күнделікті өмірде бәрі жоспарлағандай бола бермейді.

– Бұл шығармаңыздағы есіл өткен өмірдің негізгі ескегі кімде немесе неде деп ойлайсыз?
– Әңгімені оқыған адам шығармаға арқау болған өмірдің ескегі кімде екенін аңғарады ғой деп ойлаймын.

– Қазір не жазып жүрсіз? Алдағы уақытта қандай тақырыптарға қалам тербегіңіз келеді?
– Алдағыны Алла біледі. Алла аузыма қандай сөз салады, соның барлығын қағазға түсіруге тырысамын. «Көрдемшенің қасіреті» атты хикаятым бар. Оқырмандарым: «Осы хикаяттың жалғасын жазыңызшы» деп жиі сұрайды. Дәл қазіргі кезде жүрегімді толғатып жүрген дүние – осы туындымды ұлғайтып, үлкен шығармаға айналдырғым келеді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір