Талыстай көшелерде «талтайып» тұрғандар кім? Дүкенбай Досжан кім?
10.04.2023
156
0

Facebook әлеуметтік желісінде әлеуметтің назарын аударған жазушы Сәуле Досжанованың жазбасы жарияланды. Сәуле Досжанованың жазуына қарағанда, Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс IV сессиясының 2021 жылғы 30 сәуірдегі №33 және Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 4 мамырдағы №2\259 бірлескен шешімі мен қаулысы негізінде Алатау ауданы «Мәдениет» шағынауданындағы 35-көшеге көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның есімі берілген.
Жазушыға берілген көшені көзімен көру үшін Сәуле Досжанова Алматыдағы Бурындай, Көкөзек деген ауылдармен шекаралас «Мәдениет» шағынауданына барады. Көшені көзімен көріп, көңілі түсіп қайтқан Сәуле Досжанова: «Сонша жердегі ауылдан бір есі дұрыс көше болса ғой, бас-аяғы 400 метрлік тұйық көше. Жанында атақты Асқар Сүлейменовке де дәл сондай көше берген, дәл сондай 400 метр. Ауылды көлігіммен шарлап шықтым. Атын да, затын да білмейтін біреулердің атасына, руластарына ауылды қақ жарып, үлкен-үлкен көшелерді қиыпты. Ең қиыны үш-ақ үйге «Д. Досжан көшесі» деп үй нөмірімен жазылған тақта іліпті. Оның өзін мазақтағандай дәретхананың есігіне қыстырып қойыпты. Қызымыз екеуміз мына сұмдықты көріп жылай-жылай қайттық…» деп жазды желідегі парақшасына.
Әлеуметтік желіде суретімен жарияланған бұл жазбаға көпшілік пікір білдіріп, ономастика саласын қадағалайтын мекемені сынға алып, қазақ еліне, руханиятына еңбегі сіңбесе де талыстай көшені алып, «талтайып» жатқан небір «тұлғаларды» атады. Сәуле Досжанованың өзі де: «Алматының қақ ортасынан «Сергей Дьяченко» көшесі дегенді көріп, ішім қан жылады. Өзінің жауһар туындылары арқылы әйгілі, талантты да отаншыл тұлға, ұлт жоқшысы, 11 роман, жүз әңгіме жазған Дүкенбай Досжан кім? Ассамблеяда ғана қызмет етіп, депутаттықтан басқа қазақ қоғамына еңбек сіңірмеген Дьяченко кім? Ал қазақ әдебиетінің мақтанышы, атына сай Асқар Сүлейменовке кім 400 метрлік көшені әрең қиған?» дейді жазбасында.
Алматы қаласындағы ономастика комиссиясының салғырттығы осылайша жұрттың ашуын тудырып, ардақтыларының атына берілген көшеден көптің көңілі қалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір