Жұлдыздары сәуле шашқан қара түн
13.11.2022
1568
0

Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

* * *
Жанжалдар менен вокзалдар
қалған артымда,
Ғасырлап жиған алатын үлгі
шашылып жатыр халқымда.
Ата-дәстүрде, әдет-ғұрыпта, салтымда,
Өлеңге келсең, жаңбырлы түнгі
найзағайдайын жарқылда.
Белеңге шықсаң, тартылған
судай сарқылма,
Өтінем, сенен, қарқыл қоспағын қарқылға.
Мен жайлы өсек желіні бойлап ұшады
көкке құстайын,
Ғайбат­ты торға, айбат­ты қолға
қалайша қысып ұстайын.
Қайран да қайран, көңілім менің, көңілім,
Қостанайдағы өртеніп кеткен тұстайын.
Сарыарқадағы сақылдап
тұрған қыстайын.

Айнаға барып сәнденген қыздай жас ақын,
Сыраханаларда шөлдерін ағаң басатын.
Қаламақысын уыстап тұрып шашатын,
Машиналардың тасқынын
көрмей қашатын.
Теңселіп кетіп бара жататын мас ақын.

Білемін, онда Құдайға ғана бағындым,
Халқыма ғана басымды идім, табындым.
Кеудемді қысқан шерімді қозғап лағыл мұң,
Қаншама рет сыбағамнан мен қағылдым,
Алаңсыз сол бір кезімді, шіркін, сағындым.

Есіме түсті әппақ ай жүзген сол түндер,
Есіме түсті келмеске кеткен сол күндер.

* * *
Арт жағымда қанша қимас қабір қап,
Поэзия әлемінде жабырқап.
Қайран өмір, өтіп, кетіп барады,
Алдымдағы кеткендерге таңырқап.

Аспан жақта жұлдыз болып жана алмай,
Сахараға таңғы нұр боп таралмай.
Көп Қасымның бірі болып өт­тім мен,
Қара өлеңде қасқа бір жол сала алмай.

Ел білетін ескі жолмен кет­тім бе?
Күн астына жалғыз сапар шектім бе?
Кей сәт­терден зәрем ұшып қорқамын,
Иір-қиыр жолдан аман өт­тім бе?

Күтем күнді мәңгілікке кететін,
Көктем қайда құстар ұшып жететін?
Поэзия – мәңгі жұмбақ, тылсымым,
Сырларым ол сүйегіммен кететін…

* * *
Қонақ үй бұл, қарсы алатын таңымды,
Кеше кешке тоқтаған.
Құлазыт­ты жабырқаған жанымды,
Бір мас дауыс біреулерді боқтаған.

Ел дегенмен…
ештеңе де шешпедік,
Сұрықсыз күн, ырду-дырду той ұнап.
Адам құсап жөндеп ғұмыр кешпедік,
Алдымызға асқақ арман қойып ап.

Арың кейде бұза ма екен ұйқыңды,
Елді тонап шекарадан асқандар.
Көргім келмес сүмірейген сиқыңды,
Бәрін тастап қашқандар.
Ел дегенде білектерін түретін,
Елеусіздеу… ірілерден іріміз.
Қан майданға ойланбастан кіретін,
Біздер бармыз, тіріміз.
Қара түнде ағыл-тегіл жылайтын,
Сабыр етші, жүрегім.
Сұрауыңды ұлдарың бар сұрайтын,
Жабырқама, ұлы елім.

* * *
Берерім қанша қалды елге менің,
Білімге қаршадайдан шөлдеп едім.
Санама Тәңір құйған терең ойды,
Қазақтың мақамымен зерделедім.

Кездескендер айналып кейіпкерге,
Елеңдеп шабандоздар, сейіт­терге.
Жылдардың тасасында қалып қойған,
Қарайлап жүрдім мұңлы бейіт­терге.

Осылай өт­ті түндер, өт­ті күндер,
Жетпеді, армандарға жет­ті кімдер?
Көйлегін шешіп берсе бір бейтаныс,
Қасымдай жігіт екен деп біліңдер.

Меселін пенделердің қайтармадым,
Ормандай сахарада жайқалмадым.
Өзіңе деген шексіз махаббат­ты,
Қазағым, қара сөзбен айта алмадым.

Қайран ел, әппақ үміт күт­тіріп ем,
Менімен Көкмойнақтар шықты кілең.
Мүмкіндік болған кезде айтып тұрмын,
Жүректің бірер сөзін түкпірінен.

* * *
Неге үйірсек қаршадайдан маған мұң,
Пайдаланбай керегіне қоғамның.
Қандай ауыл, қандай көше, қандай үй,
Түкпірінде қалып қойған санамның?

Өткізбедім ойымдағы тойымды,
Жүрер жолға кедергілер қойылды.
Жанарларға жас ірікті, дариға-ай,
Бір өкініш өртеп өткен бойымды.

Сағыныштар тербетеді өзекті,
Күте-күте бір келетін кезекті.
Қыр астында қалып қойған бұлдырап,
Бала кез бе терген қаппен тезекті?

Тезек теріп жүрген кезгі армандар,
Ғасырлардан ғасырларға жалғаңдар.
Кездескенде бір жылы сөз айтуға,
Үлгере алмай қалмаңдар!

* * *
Өт­ті бастан қилы-қилы көп күндер,
Қиялымда елес болып өт­тіңдер.
Жас кезімде бірге жүрген көп достар,
Неге мені жалғыз тастап кет­тіңдер?

Жастық шақта бірге сайран салдыңдар,
Дүние базар, бәрің бірге бардыңдар.
Ес жиғанда бірің жоқсың жанымда,
Мені тастап, қайда кетіп қалдыңдар?

Жалғыз қалып, талай сәт­те жабырқап,
Дүниеге қарап тұрдым таңырқап.
Өзімді өзім оңашада жұбат­тым,
Жырларымды оқыр-ау деп сан ұрпақ.

Жас толтырып жанарымның шарасын,
О дүние мен бұ дүниенің арасын.
Аң-таң болып адамдардың пейілін,
Айыра алмай кейде үнсіз қаласың.
Орды көрдім алдымды орап қазылған,
Поэзия, қуат алдым сазыңнан.
Бұл ақындық тағдырым ба, жан достар,
Пешенеме өшпестей боп жазылған?

Түс. Тылсым дүние

Түнде, тағы түсімде,
Түсін мейлі, түсінбе!
Түсініксіз әрекет бар ісімде.
Ес білгелі басталған,
Жалт-жұлт етіп көкке
қарай қашты арман,
Жер бетіне қай ғасырда тасталған,
Шықтар тамды жас талдан.

Қай атамда алғыс бар?
Қай атамда қарғыс бар?
Хош иісті арасымен гүлдердің,
Қуанышты сезіп сол сәт үлгердім.
Қасиетін сезіп жарық күндердің,
Қасіретін біліп қара түндердің.
Алға қарай алып қашты жарықтар,
Мен секілді қыран ғана қалықтар.
Дүниеде жүз сексен мың халық бар.
«Қазағым» деп айғай салдым жаңғыртып,
Жер бетіне қойған неге қаңғыртып?
Бұл арада төленбейді салықтар,
Қарықтырды көздерімді жарықтар.
Үнсіз ұқты мені түрлі халықтар,
Кімдер бұны парықтар?

Таңғажайып әлем қайта көрініп,
Өз денемнен жаным шықты бөлініп.
Қалықтадым көкте мен,
Демімді алып кеудемдегі
кәдімгі қос өкпемен.
Алла өзі сақтасын,
Айқара ашып аспан жақтың қақпасын,
Сезем ғайбат бұл арадан іздеп
мені таппасын.

Бұнда ешкім бөлінбейді атаға,
Қиянат­тар жасалмайды ботаға.
Мұңлы әуендер ноқталанбас нотаға,
Маған ұнап бара жатыр осы ара.
Туннельдердің ортасында барамын,
Қош болыңдар, қарағым!

Ешбір пенде жасай алмас төрелік,
Таңғажайып махаббатқа бөленіп.
Галактика ойын түгел түсініп,
Ойларымды құс қып көкке ұшырып.
Жеп-жеңілмін, қауырсындай салмақпен,
Ұштым, ұштым сапарымды жалғап мен.

Сендіре алман мен сені,
Жеті қат­та – уақыт­тың өлшемі.
Секундтар ғасырлармен пара-пар,
Аман болсаң, әйтеуір бір таң атар.

Қарсы алдымнан гүлзар бақтар көрінді,
Сағынғандай алыстағы елімді.
Нүктедейін жарқыраған көлімді,
Қақ төбеден көріп тұрдым жерімді.

Жанұшырып жосып кеткен киіктер,
Қандай күйге түсер екен сүйікті ел?
Сәуле шашпай етпетінен жатыр Ай,
Неге адамдар естімейді, апыр-ай?

Жердің бетін жылап жатқан егіліп,
Қырат қырдың қыртыстары сөгіліп,
Көздің жасы өзен болып төгіліп.
Жанып жатыр өртеніп,
Кет­тім бе әлде, ерте өліп?

…Ағаштағы шырындарға тоярмын,
Бойдағы бар кемшілікті жоярмын.
Қимай, қимай сол бір тылсым дүниені,
Жылап жатып төсегімде ояндым.

Жер бетінде…
Жер бетінде түрлі, түрлі сұмдық бар,
Майданыңда, айлағыңда кім құптар.
Қара жолда қабырғасы қақырап,
Шырқырайды шындықтар.

Жаңбыр бүркіп өткендігін сезесің,
Жердің бетін рухыңмен кезесің.
Екіжүзді, ғайбат пенен өсекке,
Қалай үнсіз төзесің?

Жұлдыздары сәуле шашқан қара түн,
Қос көлеңке қайыңдарға баратын.
Махаббат бар жас боп тамар аяулы,
Аңыз болып қалатын.

Айтыс-тартыс, өзі жеген өз етін,
Амалсыздан бәріне үнсіз төзетін.
…Қара түнде көтеріліп қабірден,
Рухтар бар жердің бетін кезетін.

* * *
Бұл дүниеге бақыт іздеп келгенмін,
Барлығын да көргенмін.
Жүрегімді паршалаған аяусыз,
Анам менің өлген күн.

Бұл дүниеге бақыт іздеп келгенмін,
Жалаңаяқ қырдың гүлін тергенмін.
Теперіштің жеті атасын көргенмін,
Армандарды көмгенмін.

Мен дүниеге бақыт іздеп келгенмін,
Өн бойыма аямай-ақ берген мұң.
Айбат­ты едім, адал едім, ақын ем,
Ғайбат­тардан өлгенмін…

* * *
Күйеу болып барғым келген сол ауыл,
Бұл жалғанда махаббат­тың жолы ауыр.

Таулар қоршап, өзендері сарқырап,
Қарсы алдымнан шыққан едің жарқырап.

Әлі күнге сыздатады жүректі,
Бермеген соң Алла ғазиз тілекті.
Содан бері қырық қанша жыл өт­ті,
Еске түсіп, сорлы жүрек дір ет­ті…

* * *
Қаршадайдан неге жаздық өлеңді,
Бәрін айтқам, не айтайын мен енді.
Аурухана төсегінде тосамын,
О, дүниеге алып кетер кемемді.

Тосар дегем, неге мені тоспадың,
Күл-талқан боп, быт-шыт болды жоспарым.
Әлдеқайда шақырады түсімде,
О дүниеге кетіп қалған достарым.

Қош болыңдар, жердің беті тартысты,
Ыстық күнде көңіліме қар түсті.
Ойланбай-ақ тартар едім, сәби мен,
Еске үйдегі кінәсі жоқ жар түсті…

* * *
Жер бетінде адам бар ма іздейтін,
Кемшілікті қара жіпке тізбейтін.
Жамандасын, ғайбат­тасын, өсектеп,
Менен күдер үзбейтін.

Жалғыз адам – анам еді, ол да жоқ,
Бірер достың кет­ті бірі молда боп.
Бірі кет­ті…. тағы бірі бұрылды,
Бақыт деген анау жатқан жолда деп.

Осылайша қалдым жалғыз өлеңмен,
Келем, қалқам, белең, белең, белеңмен.
Менен бұрын кеткендердей елеңдеп,
Өлең, сенің ақ жолыңда өлем мен.

* * *
Алматыға тағы айналып күз кепті,
Өз жөніменен қыз кет­ті.
Бұлдыраған бұлдыр-бұлдыр елес күн
Неге бүгін іздет­ті?

Күзгі жаңбыр аспан жақтан саулатқан,
Сұлулық-ай, жүрегімді жаулатқан.
Сағыныштың шаһарында осы сәт,
Құстар үні естілмей тұр тау жақтан.

* * *
Қаршадайдан артымыздан сөз ерген,
Ерініміз талай-талай кезерген.
Алапат бір қайғы таптап кеудемді,
Тұрғандығын сезер ме ең.

Жүзіп өт­тік «өмір» дейтін өзеннен,
Сол сәт­те оның түпсіздігін сезер ме ең.
Сонша неге өзеуредің, қарағым,
Мен төзгенге төзер ме ең?

Армандай бер, тағы арманда, арманда,
Оңашада жалғыз өзің қалғанда.
Ит талаған ештеңе емес, жазылар,
Сөз талаған жаман екен жалғанда.

Алуан түрлі тарағанда ғайбат­тар,
Дүрліккенде ауылдар мен аймақтар.
Ертең мені халқым іздеп табады,
Ал, сен, бүгін тойлап қал.

Құлындының
даласы…

Алпысқа толған кезімде астаналық жас этнограф-журналист інім Алтынбек Құмырзақұлы мені Бай Өлкеге қонаққа шақырды. Астанадан көлікпен Моңғол даласына қарай жолға шықтық. Кереку жақтағы шекарадан өтісімен Құлындының даласы басталды.
Ұшы-қиырына көз жетпейтін жазық дала…
Орыстар әлі күнге дейін атын өзгерте алмапты. Жол бойы көзімізге көрінген «Кулундинская степь» деген жазуды оқып отырдық. Көлікті бірнеше жерде тоқтатып, самалына бетімді тосып, бұлағының суын іштім. Шөлім қанбады. Көңілімді бір белгісіз мұң басты…

Құлындым-ай, Құлындым-ай, құлдығым,
Шекара жақ сәл дүрлігіп тұр бүгін.
Астаң-кестең неге мынау құрлығым,
Күрсінеді көкке қарап мұңлығым?
Сәл түсініп аяр дейсің кімді-кім,
Тағдыр кімге даярлап тұр сұмдығын?

Құлындым-ай… кісінейсің шырқырап,
Ай астында жусан иісі бұрқырап.
Асты – бұлақ, өзегі – өзен, сырты – бақ,
Ана қырда қадірлімнің жұрты қап.
Ұлы дала етегінен қырқып ап,
Жүрегімнің тең жартысын жыртып ап.

Бейіт­терім күңіренген беткейде,
Ары-бері жолаушылар өтпей ме.
Желді жұмсап маған тағы жет дей ме,
Мәңгі-бақи көкейіңнен кетпей ме.
Ұлы далаң өзегінен теппей ме,
Сағыныштың ақ жаңбырын төкпей ме?

Кеше қалай тұтас тұрып жарастың,
Ортасында алыс-жұлыс, таластың.
Жан-жүрегін өртедің ғой Алаштың,
Шекараның сызығынан ары астың,
Қимай-қимай әрең бат­ты қараш күн.

Құлындайын кісінеп тұр Құлынды,
Мұңға бат­тым арнағым кеп жырымды.
Ақтарғым кеп көкейдегі сырымды,
Сағым сіңген көрдім қанды қырыңды.
Көлігіміз Алтай жаққа бұрылды,
Қарашыққа құйып алдым нұрыңды.

Жат­та қалған, қайран, біздің Құлынды,
Аңсап тұрмын тұтастықты бұрынғы.
Қызғалдағың жұлынымдай жұлынды,
Мен ғана ұғам сенің шерлі сырыңды.
Жылап алмай жаза алмаймын жырымды,
Көргім келіп көкпар тартқан қырыңды.

Неге кеше шекарамыз сырылды,
Неге сұлу киіктерің қырылды.
Неге ары өзендерің жырылды,
Елім қалай мың пәлеге ұрынды?
Келтіретін қалыбына бұрынғы,
Бәрін түгел қайтаратын беу, дүние-ай,
Қазақ қашан туар екен бір ұлды?
Қоңыр кием
Қоңыр кием, қайдасың, қорға мені,
Торға қамап мына жұрт сорлап еді.
Сыналатын шақтарда жалт бұрылып,
Тастап кете көрмеші орға мені.

Қоңыр кием, ұзама, алыстама,
Бірге болған жоқпыз ба жарыста да.
Қазағым деп өзегім өртенгенмен,
Бірге кеткім келеді ғарышқа да.

Қоңыр кием, ғазизім, жұмбағым ең,
Қапталдасып қалмайды жын да, білем.
Маңып бара жатқанда түнге сіңіп,
Сүйеп қалдың, сезгенмін, сында кілең.

Қоңыр кием, әулием, сестім едің,
Көкірегімде бір арман өшті менің.
Бүкіл шерім жырыма көшті менің,
Іздеген сәт, кей кезде естімедің.

Қоңыр кием, тастама, кетпе менен,
Өзің болсаң жетеді, өкпелемен.
Бұндай күйді басымнан кешпеген ем,
Жаңбыр жасты жанардан төкпеген ем.

Қоңыр кием, бойымнан кетпеген ең,
Өзегімнен ешқашан теппеген ең.
Көзқарасым әлі сол текке деген,
Тарыққанда тек өзің жетпеген ең.

Қоңыр кием, шешемнен ауысқан ең,
Көңіл шіркін секірген сауысқан ең.
«Елім-ау» деп еңіреп туғандарды,
Маған дейін сорлатып тауысқан ең.

Қоңыр кием, бағымды несие ет­тің,
Жүректесің мәңгілік, қасиет­тім.
Анам айтқан баяғы қоңыр кеште,
Сенде жатыр өзегі өсиет­тің.

Қоңыр кием, сүйеген момыным-ай,
Өмір өтіп барады тоңып ұдай.
Менің мұңлы ақындық тағдырымның,
Жақсы болып бітсе екен соңы, Құдай.

* * *
Жарық дүние санамда көргендерім,
Жаралады жанымды өлгендерің.
Қат­ты бат­ты уақыт­тың қаталдығы,
Бірте-бірте алыстай бергендерің.

Менен мәңгі алыстап кеткендерің,
Іздеп кет­тік өмірдің өткелдерін.
Көктемдерім қоштасып
кеткеннен соң,
Осы биік болды ғой жеткен жерім.

Жарық дүние барады бас бұрғызбай,
Бейіт­терге кетпедік тас тұрғызбай.
Қас қылғызбай қара жер қағып алды,
Мөлдіреген жанарда жас тұрғызбай.

Ол жылдарды бүркеді сағым қылып,
Уақыт бізді әкеткен бағындырып.
Табындырып достарым, жақындарым,
Сағындырып кет­тіңдер, сағындырып.

Оятқалы бір мұң кеп түртіп мені,
Жылы алақан жанарды сүртіп пе еді.
Көрмесін деп бұрылдым інішегім,
Дірілдеген тамшыны кірпіктегі.
Қайран, бос кетіп жатқан уақыт…

* * *
Қайран, қырық, темір үзер қуат­ты,
Мені бұлар сол қырықта жылат­ты.
Етбетімнен сүріндіріп түсіріп,
Шалқамнан да қаншама рет сұлат­ты.

Жабырқатар қойып түрлі сұрақты,
Қаншама рет жүректі қан жылат­ты.
Бейбақтарға менен тағы не керек,
Осыменен нешінші рет құлат­ты.

Төңкерілді суға салған қайығым,
Алыстады Еділ менен Жайығым.
Қайран, елім, сұрайыншы кешірім,
Алдыңда бір болса егер айыбым.
Құлатқанмен жылағам жоқ өкіріп,
Жанашыр аз, мақтағаны өтірік.
Мен баратын кейбір жерге оп-оңай,
Халтурщиктер өте шықты секіріп.

Қайран, қазақ, кінәламан бірақ та,
Бір-біріңді өтінем, тек жылатпа.
Қара терге түсіп жатып оянам,
Жауап таппай кейбір жұмбақ сұраққа…

* * *
Ұйыған қаннан жаралып,
Өмірдің ашқам есігін.
Ақ сүт­тен алғаш нәр алып,
Тербелген ағаш бесігім.

Айырып шықтым белеңге
Шөп пенен шөңге арасын.
Қостым мен асқақ өлеңге,
Жер менен көктің арасын.

Аязы бойды қариды-ай,
Жолымды жүрер тапқасын.
Түсімде көрдім дариға-ай,
Жеті қат көктің қақпасын.

Оң менен қалған солыңда,
Бас имей ата заңдарға.
Пенделер көрдім жолымда,
Айналып кеткен аңдарға.

Шекара асып қашып жүр,
Жасырып жүзін жарықтан.
Қалайша жерді басып жүр,
Жерініп туған халықтан…

* * *
Бір келіншек
Басынан аппақ шыңның бір көрінсек,
Алыстан қолын бұлғар бір келіншек.

Бір келіншек күні-түн қорған болған,
Төңірегі армандай орман болған.

Бір келіншек жаны ашып шырылдаған,
Бір келіншек артына бұрылмаған.

Білетін дала сырын, қала сырын,
Бір келіншек анамдай жанашырым.

Қоғам анау жөн сөзге тоқтамайтын,
Ақын мынау ала жіп ат­тамайтын.

Жеңгендерді ешқашан жақтамайтын
Үмітіңді кейде рас, ақтамайтын.

Күндер мынау қиырға ала қашқан,
Ақын өтіп барады қарамастан.

Бір келіншек жүректің қақ төрінде,
Бір келіншек жыр жазған дәптерімде.

Дәптерімде, жүректің қақ төрінде,
Түсіме енген қиналған сәт­терімде.

Бір келіншек жұмбақ сыр, мұңлы мақам,
Кімді іздеймін, білмеймін, кімді ұнатам.

* * *

Өңім түгіл, түсімде де жылатқан,
Ару едің қаршадайдан ұнатқан.
Атар деумен келем ертең бір ақ таң.
Есіл күндер желдей есіп жоғалды,
Бір хабарды күтуменен жырақтан.

Бас қатқан соң алуан түрлі сұрақтан,
Сыр іздедім ағып жатқан бұлақтан.
Тағдыр ма екен сүріндірген, құлатқан.
Ғайбат сөздер мен туралы боратып,
Кім сыртымнан сыпсыңдауды ұнатқан.

Қазақ осы, Абайды да сабаған,
Ауыл иті қабаған ғой, қабаған.
Алғың келсе, тағы алып қал жағадан.
Асқақ басып түнге сіңіп жоқ болар,
Қарсы алдыңда тұр ғой соңғы абадан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір