«…Көркем шығарма өмірдің көшірмесі емес»
06.11.2020
3172
0

Соңғы он-он бес жыл бедерінде әдебиетке келген толқынның белортасындағы ең елеулілерінің бірі – оралдық жазушы Мира Шүйіншәлиева. Төрт-бес кітабы жарық көрген қаламгердің үнемі ізденіс үстінде екені анық байқалады. Шым-шытырық оқиғалар, сюжет құраудағы шеберлік пен тапқырлық, ой тереңдігі мен тіл жүйріктігі жазушының талантын бұрынғыдан да мойындата түсуде. Адамдар арасындағы қарым-қатынас, махаббат сезімі мен сыны, сан қилы тағдыр шарпысы қызықтырса, керісінше сатқындық, ар-намыстан аттау секілді күйбең тіршілікте кездесіп отыратын құбылыстар оқырманды ойландырмай қоймайды. Мираның бұл бағыттағы азды-көпті еңбегі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен аталып өткені өте орынды болды. Балаларыммен жасы құралыптас Мираны студент кезінен қызым деймін. 2018 жылдың қоңыр күзінде Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының сол кездегі директоры, көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгерееваның тапсырмасымен Мираның шашбауын көтеріп туған жері Бөкей орда ауданына бардым. Кезінде Жәңгір ханның ордасы, Бөкей облысының орталығы, Орда ауданының орталығы болған қала, ауыл аттарын иеленген қазіргі Хан ордасы ауылы жылжыған жылдардың бедері мен бет-бейнесін көз алдыма әкелетін мұражайға айналғандай. Бұл топырақты басып тұрғанда өн бойыңа бір ыстық леп тарап, әлдебір тылсым рух – күшін сезінгендей боласың…

Мира Хамзақызы осындай тарихы терең, шежіресі сындарлы өлкеде туып-өсті. Ол қаламгер болуға міндетті сияқтанады маған.

Иә, содан Хан ордасы ауылындағы Мәдениет үйінде жазушы Мира Шүйіншәлиева жерлестерімен жүздесті. Өте ғибратты, мазмұнды, әсерлі шара болды бұл. Бөкей орда жұрты жерлес жазушыға құрмет-қошемет көрсетті. Бір байқағаным – кездесуге келгендер Мира Шүйіншәлиеваның кітаптарын қызыға оқыды. Бұл жетістік қой!
Кешті өнерлі қызымыз Ажар Балабасова жүргізді. Оның есімін естігенде елең еттім. Аты емес, тегі көңілімді аударды. Сиректеу кездеседі ғой мұндай фамилия. Сөйтсек, Ажар – облыс көлеміне аты әйгілі айтыскер ақын, әнші-күйші – әмбебап досым Кенжеғали Балабасовтың қызы екен Ажар.

Сонымен кездесуде Ажар Мираның соңғы жылдары республикалық «Үш қиян» баспасынан шыққан «Ар азабы» кітабындағы «Ақынның тағдыры» атты драмасы «Кенжеғали Балабасовқа арналған ба?» – деп сұрады. Рас, бас кейіпкер Еркінғали Дарабасов – ақын. Ажардың әкесі – Кенжеғали Балабасов та ақын. Ажардың «әкем туралы ма?» деп сұрауы орынды. Шығарма авторы Мира Шүйіншәлиева кеңінен мағұлмат берді. Мен де «көркем туынды – өмірдің көшірмесі емес» деген бағытта ой өрбіттім. Алайда Ажар «Ақынның тағдыры» драмасын отбасының намысына тиетін дүние ретінде қабылдап, күні бүгінге дейін авторға өкпе-наз айтумен келеді екен.

Әр қаламгердің лабораториясы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ айқын бір бағыт бар. Ол – автордың өмір тәжірибесі. Яғни, көргені, естігені, білгені, түйгені. Шығарма осылардан келіп туады. Мира Хамзақызы Бисен ауылындағы орта мектепте оқып жүргенінде Кенжеғали Балабасов музыка пәнінен сабақ беріпті. Ағып тұрған ақын, биік дауысты әнші, жүйрік күйші Мираға қатты әсер етсе керек, ұстазы ауыл, аудан аумағынан асып, облыс көлеміне танылды. Бірақ, сүттей ұйып отырған отбасын, яғни, туған анасын, жарын, шиеттей балаларын тастап, жас сұлумен қолтықтасып кете барды. Өмірде болатын жағдай ғой бұл. Кенжеғалиды көпшілік даттады, азшылық түсіністікпен қарады. Ақындық албырт сезімге берілгені ғой деп кешірім танытқандар қатарында болдым өзім.

Иә, Мира Шүйіншәлиева «Ақынның тағдыры» драмасын жазарда ұстазын көз алдына әкелгені шындық. Алайда бұл шығарма Балабасов отбасының тарихы ма?! Меніңше, олай емес. Еркінғали Дарабасов – Кенжеғали Балабасовтың көшірмесі ме? Жоқ! Жоқ! Жоқ! Мақала авторы қолына қалам алмас бұрын әдебиет ауылы мамандарымен хабарласты. Осы сәтті пайдаланып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орданың ой-пікірін келтіруді жөн санадым.

«Әдебиет – өмірдің көркем шежіресі. Себебі мұнда өмірде болған тарихи оқиғалар не тарихи тұлғалардың басынан өткен қилы тағдырларының көркем бейнесі суреттеледі. Көркем образ бен прототипті – (өмірде болған адам) шатастыруға болмайды. Тарихи тұлғалардың өмір жолын бейнелеуде жазушы кейіпкердің жиынтық бейнесін жасау үшін жиналған материалдарды ой қазанынан өткізіп сұрыптайды, фантазияға ерік береді. Қаламгердің шығармашылық лабораториясында қайнап піскен, қиялымен тоғысқанда ғана кейіпкер типтік бейнеге көтеріледі. Типтік образ жөнінде академик З.Қабдоловтың: «Реалистік образ – типтік образ. Ол бізге күнде көріп жүрген етене таныс секілденгенмен – «таныс бейтаныс», көптің бірі көрінгенмен – бірегей. Өйткені өнердегі шыншыл образ өмірдегі бір адамнан ғана көшірілген жоқ, бірнеше адамнан жинақталып және творчестволық қиялға суарылып шығарылған», – дейді. Ғалымның «таныс, бейтаныс» деп отырғаны бір қарағанда таныс сияқты, бірақ ол кейіпкерді сіз танымайсыз. Себебі, ол – сіз танитын бір адам емес, бірнеше адамның мінез-құлқының, қасиеті мен өмірінің жиынтығынан жасалған көркем образ.


Көркем шығармада өмірдегі өзекті мәселелер жазушының негізгі идеясына қызмет етеді. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбай, С.Сейфуллиннің «Көкшетауындағы» Абылай хан, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоты» пьесасындағы Науан қазірет, т.б. образдар біржақты бейнеленді. Неге? Себебі, автор өмірде болған тарихи тұлғаларды өз идеясына қызмет еткізді. Көркем шығармада жазушының фантазиясы шектелмейді және өмірде болған адамдарды өз идеясына қарай икемдеуге құқы бар. Ол кейіпкерін өз қалауы бойынша сомдауға ерікті. Көркем шығарманың негізгі ерекшелігі де осында. Қазақ әдебиетінде жекелеген ақындардың өмірі мен шығармашылығы туралы еңбектер жетерлік. Бұл қатарда драмалық шығармалардан Ә.Таразидің «Ақын, періште, махаббат», «Муза» (Абай-Мұқағали), С.Тұрғынбектің «Мұқағали», Р.Отарбаевтың «Абай: сот», «Фариза мен Мұқағали», Н.Ораздың Мұқағали туралы «Дөп-дөңгелек дүние» пьесаларын атауға болады. Көркем туындыда ақындардың өлеңдерін пайдалану да заңдылық. Бұл – өнер заңы, әдебиет заңы.

Жазушы Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» кітабына енген шығармаларының негізгі өзегі – жалпыадамзаттық құндылықтар. Жазушының негізгі кейіпкерлері – өзіміздің қасымызда жүрген замандастар. «Ақынның тағдыры» пьесасына айтыскер ақын Кенжеғали Балабасовтың өмірі негіз болған. Басты рөлдегі ақынның қилы тағдырын өмірдің көшірмесі деп қабылдауға негіз жоқ. Қаламгер ойын оқырманға жеткізу үшін жанынан оқиғалар, сюжеттер қосуға құқылы. Драматург қолда барын бағаламай, сезім жетегінде жүріп адасқан Еркінғалидің өмірімен «кие», «алғыс», «қарғыс» ұғымына жіті назар аударады. Атадан балаға мирас болып қалатын қара шаңырақтың киесі ұруы, ананың теріс батасының қалыс кетпеуі атағынан ат үркетін ақынның трагедиялы өмірімен шынайы суреттелген. Әулет жүгін арқалаған Пәтиқа, отбасы жылуын сезінбей көбелекше ұшып-қонған Ақбике, Еркінғалиға қартайғанда сүйеу болған үшінші кемпірі Зұлқия – бір-біріне кереғар жандар. Әдебиеттегі көркемдіктің бірі – контрасты (қарама-қарсы) бейнелеу. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, шығармадағы әйел-аналардың да біркелкі еместігі олардың күнделікті тыныс-тіршілігінен байқалады. Ауыз әдебиеті үлгілерінен жалғасып келе жатқан көркемдіктің бір түрі – дамыта суреттеу (градация). Қаламгерлер алдыңғы сөзден кейінгі сөзді, алдыңғы ойдан кейінгі пікірді, алдыңғы оқиғадан соңғы оқиғаны дамыта суреттеу арқылы тартысты шиеленістіре түседі.

Драмалық шығармалардың негізгі ерекшелігі – оқиғалар желісі үздіксіз қақтығыс пен шиеленіскен тартысқа құрылуы. Осы ойымызды драматургия жанрының теориясын жете зерттеген академик Р.Нұрғалидың «Трагедияның тағы бір маңызды сипаты – басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бұл – әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің еркінен тыс, оның идеал-мұрат­тарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті, тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады», – деген пікірі растайды. Әдебиетте қалыптасқан осындай дәстүрлер бойынша драмада қазақ әйелдерінің өр тұлғасын көрсету мақсатында жекелеген сюжеттердің қосылуы, оқиғаның дамыта суреттелуі әбден мүмкін. Басы артық сюжеттерді, қиялдан туған кейіпкерлерді, оқиғаларды неге қостың деп драматургты ешкім кінәлай алмайды. Себебі, әдебиет – сөз өнері. Өнердің өз заңы бар! Егер шығарма оқырманға ой салып, елең еткізсе, онда жазушының өз-өзін әдебиетте дәлелдеп, алдына қойған мақсатына жеткені. Көркем дүние жекелеген адамдарға емес, мыңдаған оқырманға арнап жазылатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан «Ақынның тағдырына» бола дауласудың, кейіпкерлердің тағдырына бола жүйкені тоздырудың еш қисыны жоқ, – дейді ғылым докторы Г.Орда.

Қарымды қаламгер Мира Шүйіншәлиева осы шығармасын қаншалықты дәлелдей түссе де, «Пьессадағы Дарабасов – менің әкем. Пәтиқа – менің шешем. Ол кісілер олай айт­қан жоқ, бұлай істеген жоқ» деуден танбай келеді Ажар әлі күнге дейін. Осы мәселеге орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, PhD докторы Айдарбек Ақболатов былай дейді: «Қазіргі қазақ драматургиясына хәл-қадірінше үлес қосып, тарихи терең тақырыптармен қатар, заманымыздың бейнесін, уақыт пен кеңістіктегі құндылықтар мәселесін адам проблемасымен, оның әлеу­меттік тыныс-тіршілігін біршама психологиялық иірімдерімен аша білген қаламгерлер баршылық. Олардың қатарында Д.Исабеков, С.Балғабаев, Р.Отарбаев, Р.Мұқанова, С.Асылбекұлы, Т.Ахметжан, т.б. атап өтуге болады. Мира Шүйіншәлиеваның қаламына ілінген тақырып өнер адамының, оның ішінде ақынның тағдыры. Басты кейіпкер – Еркінғали Дарабасов. Жалпы қазақ әдебиетінде өнер иелерін орталық кейіпкер ретінде алу прозада, драматургияда қалыптасқан дәстүр. Қаламгерді толғандырған тақырып – өнер адамдарының қалыпты тіршілікке сыймаған асау басы, тағдыры, ішкі рухани музасын таба алмаған, қоғамдық ортадан жатсынған, ашылмаған әлемнің жұмбақтары. Қай кезеңде болмасын, өнер адамдарын, оның ішінде сөз өнерінің иелері ақындардың ішкі буырқанған әлемін қоршаған ортаның түсінбеуі жиі кездесетін өмірлік мысалдар.
Еркінғали Дарабасов – ұлттық айтыс өнерінің саңлағы. Бұл авторлық идеяның негізінде алынған өмірлік суреттер, Еркінғали Дарабасов типтендірілген, яғни жинақталған образ деп түсіну керек. Автор өмірде болған адамның тағдырын қатып қалған қалыпта қағазға түсіре салған жоқ. Олай етсе, әдеби шығарма емес, қарабайыр мақала болып шығар еді де, оған ешкім ешқашан көңіл аудармас еді. Тақырып таңдау авторға өзінің өмірлік дүниетанымдық мұраттарын көркемдеп жеткізуге мүмкіндік береді. Автордың өмірден таңдап алған тақырыбы өмірлік ақиқаттан алынса да, ол көркем дүниеге айналғанда авторлық фантазия, авторлық дүниетаным, авторлық идеяның жетегіне ергенде мүлдем басқа сипат алады. Сондықтан, көркем әдебиет өмірдің көшірмесі емес, көркем әдебиеттің өзіндік шындығы бар. Пьесадағы Еркінғали Дарабасов өмірде болған Кенжеғали Балабасов емес, автор дүниеге әкелген мүлдем басқа адам, яғни нақты дерек пен жазушы қиялынан туған әдеби кейіпкер».

Жоғарыда екі филолог ғалымның пікірін келтірдік. Мұндағы мақсат, әдеби процестен қарапайым оқырманды хабардар ету болды. «Түптеп келгенде шығарманың тағдырын шешетін – ой. Көркем әдебиеттің ең үлкен қасиеті – адам таныту» деген екен Ғабиден Мұстафин. Орыстың ұлы сыншысы Белинский: «Шығарманың идеясы дегеніміз, көркем шығарманың өн бойына тартылып жатқан ой мен сезімнің мығым бірлігі», – депті. Демек «Ақынның тағдырын» зерделеп оқыған оқырман жазушының не айтқысы келгенін түсінуі тиіс. Оған, Дарабасовтың кәрі анасынан бата сұрай келгендегі мына бір жолдар дәлел бола алады.

«Еліктей сұлу келіншекпен қол ұстасамын деп қауесетке қалған Дарабасов ақыры төсек тартып жатқан шешесінен бата сұрайды. Баласының «сүрінгенін» сезген кейуана ауыл-аймақ түгіл, шақырайып терезеден төніп тұрған Күннің көзінен ұялғаннан жүзін жасырып, бүк түсіп жатып қалады. Содан дырдай азаматқа: «Әй, сенің тағдырың анау шиеттей бала-шағаң, Пәтиқаң емес пе? Сонда бір үйлі жанның өмірін, болашағын, тағдырын талқандаймысың? Әйел, бала-шағаңды кімге аманаттайсың? «Кәрі қойдың жасындай жасы қалған мына маған ба?! Етегіне сүрініп-қабынып, бар шаруаны тындырып, титықтап біткен Пәтиқаға ма? Ол да тірі жан! Отанаңды аясаң етті, мына мені аямасаң да», – деп кейістік білдіреді.

Осымен іс бітеді. Өмірдің ағысымен әркім тіршілігін жасай береді. Жылдар алға озады. Ақынның анасы Тайжан «қонақты» болады. Туған шешесінің соңғы сапарына келген құрлы жұрттан именіп, қуыстанып, қақаған суықта бүрсеңдеп, сықырлаған қарды шұқылаған Еркінғали: «Жазамды дәл бұлай тартамын деп ойламаппын. Жұртпен бірге салар бір уыс топырақ анамның жүрегін жібітер дейсің бе? Өкінішім ортаяр дейсің бе? Шешемді емес, мені жерлеп, мені көміп жатқандай. Тірі өлігі бұл үйдің мен болдым!» – деп налиды. Ал Пәтиқа ше? (Долы дауыспен ышқынып): «Айрандай ұйыған отбасын тастап, балаларын жерге қаратып, апамды жылатып, жас қатын алған қалай екен? Бәрімізді бір залымға айырбастап кеткенде бізден ақыл сұраған жоқ қой. Шешесінің көз жасын көл қылды. Ол анау сайқалға үйленген күні – апамның жаназасын шығарып, жүрегін лақтырып, айдалаға тастап кеткен. Шешесі тірісінде: «Мен өлсем келіп көмуші болма! Топырақ салма. Мені ұмыт. Мен енді тірі өлікпін!» – деген. Енемнің осы айтқанын есімнен шығармаймын. Көзім тірі тұрғанда бұл босағадан аттауға оның қақы жоқ! (Жүгіріп барып қолына шоланда жатқан айбалтаны алып келеді. Үй толы жұрт шошып кетіп Пәтиқаға тосырқай қарайды). Міне, көрдіңдер ғой. Бұл балтаны өзіммен бірге алып жүремін. Түнде басыма жастанып жатамын. Анау сатқын аяқ астынан кіріп келсе, басын шауып түсірейін деп дайындап қоямын! Бұл үйдің еркегі де, иесі де, киесі де осы – балта. Мықты болсаңдар, балтамды қолымнан тартып алыңдар», – дейді жалғыздықтың азабынан ығыр болған Пәтиқа.

Оқырманға түсінікті болу үшін пьесаның шарықтау шегінен аз-мұз үзінді келтірдім. Ашу-ызамен қолына айбалта ұстаған Пәтиқаның бұл мінезін – Ажардың «Бұл біздің отбасына жағылған қара күйе», – деп бірінші жақпен қабылдауы, намыстануы орынсыз, әрине. «Ойы жоғары, тілі алғыр шығарма қашанда естен кетпейді» депті бір ғұлама. «Ақынның тағдыры» аты айтып тұрғандай, оқырманның құйқасын шымырлатып, жүрегін сыздатып, бойыңды тітіркендіретін дүние. Мен өмірді көрген, жасы егделенген адам ретінде Ажар Кенжеғалиқызы Балабасованы жақсы түсінем. Кітап шекараны білмейді. Алыс-жақынға тарайды. Көп адамдар оқиды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың Абай туралы жазғандары жарық көре бастағанда, әдебиет әлемінен бейхабар адамдар көркем әдебиеттегі Абай мен өмірде болған Абайды салыстырып, қарсы дау-шар айтқан екен. Ол заман өтті ғой. Содан бері қанша ұрпақ алмасты! Әдебиет теориясымен мектеп қабырғасынан таныс болатын қазіргі буын мәселенің түп тамырын көре білсе абзал ғой.

Көңілге медет, жазушы Мира Шү­йіншәлиеваның кітаптары сөрелерде шаң басып жатып қалған жоқ. Оқырман қауымның қолында жүр. «Ақынның тағдыры» драмасы да «Ар азабы» пьесасы секілді сахналана бастады. Көркем шығарма әсерлі жазылса, ол туралы алуан-алуан пікір-таластар тууы әбден заңды. Демек, бұл автордың діттеген жеріне жеткені. Талантты жазушы Мира Шүйіншәлиеваға оқырманды одан әрі ойландыра түсетін кейіпкерлер галлереясын жасауды тілеймін!

Айтқали НӘРІКОВ,
ақын, Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір