Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН: КӨПТІҢ КІСІСІ, ТҮЗДІҢ АДАМЫ
02.11.2020
1433
0

Қазақ арасында «көптің кісісі, түздің адамы» деген ұғым-түсінік бар. Рас, бұрын да сиректеу қолданылатын үшбу сөз тіркесі бүгіндері қолданыстан мүлдем шығып қалғандай. Оның да орынды себебі бар. Бұрындары ортақ мүддеге қызмет қылу, алдымен ортақ шаруаны тындыру, көптің жұмысын бітіру азаматтық парыз саналып, қасиетті борыш, киелі міндеттей көрінетін. Ал қазір ең бірінші кезекте қара бастың қамы, жеке бастың гөй-гөйі, қалғаны «күл болмаса, бұл болсын»! Сөйте тұра міне, осындай заманның өзінде өзінің жұмысын жиып қойып, өзгенің шаруасына жүгіріп кететін айналайын адамдар бар. Сонау 1988 жылдың жазында абитурент кезімізде танысып, сосын ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бес жыл бойы бірге оқып, бүгінде бірге туған бауырдай болып кеткен менің курстас досым Мұқашев Серікқали Жүнісбекұлы әне, сондай азаматтың сойынан.

 Қазақтың аса көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Студенттер» деген өлеңінде:
Бес жыл бойы қызартып, имендірген,
Біреуі үшін қуанып, күйген бірі
Бірін-бірі ұзатып өз қолынан,
Бірін-бірі қолынан үйлендіріп… – деп келетін шумақ бар. Бес жыл бойы бірге оқы­ғанда біздің курста кім үйленді, кім тұр­мыс­қа шықты, солардың бәрінің тойының жақ­сы өтуіне, тойға дейінгі қарайған ша­руа­ның үйлесуіне қал-қадірінше үлес қос­қан бір адам болса, ол біздің Серік. Біз­дің студенттік дәуреніміз қоғамдық фор­мацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген, жылдар бойы қалыптасқан ру­хани құндылықтар аяқасты болып, жаңасы әлі санаға орнықпаған, инфляция ноқта-жүген көрмеген асаудай аспандап, көкке шапшып, тапқаның тіпті талғажау қыларға жет­пейтін өте күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Өтпелі кезең, өлара шақ дегеніміздің өзі әлденеше жылға созылып, сабырды сар­қып, төзім-тағатты тауысып, діңкені құрт­ты. Міне, осын­дай қысқа жіп күрмеуге келмейтін күрделі кезеңнің өзінде ілуде біреу болса да, адамгершіліктен ауытқымаған, адалдықтан айнымаған адамдар болды. Сондай биіктен менің Серік бауырым көріне білді. Жас жұбайлар сәбилі болды ма, енді жас ананы перзентханадан шығарып алатын көлік керек пе, ерлі-зайыпты студенттер жатақ­хана ала алмай жүр ме, не болмаса, журфак­тың әлдебір студентінің әкесі немесе анасы қайтыс болып, студент перзентінің марқұмды соңғы сапарға шығарып салу үшін ұшарға қанаты жоқ, ұшаққа билеті табылмай жатыр ма, әйтеуір осындай қиюы келісе бермейтін қиын шаруалардың бел ортасында Жүнісбектің Серігі жүретін. Және бір таңқалар­лығы сірә, жанын салып һәм барын салып кірісетіндіктен шығар, Секең колға алған шаруаның барлығы дерлік оңтайлы шешілетін. Қайыр-хош, әсерлі күндер мен әдемі түндерден, көңілді күндер мен көгілдір түндерден құралған студенттік жылдардың көш-керуені желдіріп өте шықты. Біразымыз Алматыда қалып, кейбіріміз астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына) қоныс аударып, ал басым көпшілігіміз,

Біздерді тосады,
Туған ел құшағы, – деп әндетіп, дипломды жас маман ретінде туған өлке-өңірімізге оралдық. Өзіміздің курстың Салтанаттай иман жүзді, ибалы мінезді, көрікті де қылықты қызына үйленген Серіктің отбасы әуелі Ал­матыда қалды. Кейін араға бірер жыл салып, алғашқы лекпен еліміздің жаңа астанасына қоныс аударды.

С.Мұқашев күні бүгінге дейін ел га­зеті «Егемен Қазақстан», Қазақстан Рес­пу­бликасы Президентінің Әкімшілі­гі, Кіріс министрлігі, Қазақстан Республи­ка­сының Бас прокуратурасы, Қазақстан кәсіподақтарының орталық аппараты сы­қылды біраз құзырлы мекемелерде жауапты қызметтер атқарып үлгерді. Қайда һәм қандай қызмет істесе де, Серікқали Жүнісбекұлы лауа­зым­дық міндеттерін мінсіз атқарып, қыз­мет бабында да оның тек жақсы аты шықты.

Жастау кезімізде, Алматы әлі астана болып тұрған жылдары өзге өлке-өңірлерінен еліміздің бас қаласында өтетін жиналыстарға баратын болсақ, Алматыда қалған курстастарға алдын-ала хабарласып, «Мен Алматыға іссапармен бара жатырмын. Пәленше күні Алматыда боламын, әуежайдан немесе вокзалдан күтіп алыңдар!» – деп міндетси хабарласып, сырнайлатып-кернейлетіп жететінбіз. Жастық шағымыздың шырқау шыңы – студенттік дәуреніміз өткен біз Алма­тыны, Осында қалған достарды сағын­сақ, олар да бізді сағына күтіп алатын. Сосын студенттік жылдардың жадымыздан өшпейтін, есімізден кетпейтін естелігін маздатып, әр күн сайын бір курстастың үйінде қонақтық…

Бертін келе жас ұлғайды, ұл ер жетті, қыз бой жетті, ұлды ұяға, қызды қияға қон­дыр­дық дегендей, провинциялықтар елор­далықтарды бас-көз жоқ мазалаудан тартына бастадық. Сөйте тұра әлдеқалай жаңа астанаға жолың түскенін Серік Мұқаш біле қалса, бітті дей бер, сенің құрметіңе көз жетер жердегі курстарды арнайы шақырып, үйінде кемі бір күн қонақ қылмай жібермейді. Сон­дай қонақжай, меймандос, ақ пейіл! Ал Серіктің Салтанатының үй ұстауы, дәмі тіл үйірер неше түрлі дәм-тағам даярлап, дастарқан жаюы, бәйек болып қонақ күтуі қандай, шіркін! Екеуінің шаңырағында соңы курстас қыз-жігіттердің ду күлкісіне ұласатын жарқын естеліктердің тиегі ағытылып, жастық шағымыздың жаңғырығындай ретро әндер шырқалып, олардың отауынан Ұлықпан хә­кімдей бәріміз бір жасап қайтамыз! Бұл аздай, Серік пен Салтанат енді облыстарда тұратын курстастардың еліміздің бас қаласына оқуға түскен ұл-қыздарын жылына бірді-екілі арнайы қонаққа шақырып, құрмет көрсетуге көшті. Тіпті кейбір курстастардың перзенттері өз университетінен жатақхана алғанша олардың пәтерінде бірер ай, бірнеше апта тұрған кездері де болды.

Бұрынғылар:
Тобылғының түбінде торғай да бар,
Бір жақсы мен бір жаман әр қайда бар,
Екі жаман қосылса, күнде жанжал,
Екі жақсы қосылар күн қайда бар?.. – деп армандаған екен. Анам Сағира жарықтық та, «Екі жақсы ілуде бір қосылады» деп ай­тып отырушы еді. Меніңше, екі жақсының қосылуының бір айқын көрінісі, айшықты мысалы, классикалық үлгісі – Серік пен Салтанаттың жұбы. Біздің Секең нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ал ендеше келіңіз, біздің Секеңнің сегіз қырын санамалайық: Қай тақырыпқа қалам тартса да, қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай қылып мақала-материал жазатын бесапап журналистігіне қоса, ол – әнші, ол – боксшы, ол – суретші, ол – фотограф, ол – пародист әрі юморист. Бұйра шашы мен бет-бейнесі «Кино» тобының әй­гілі әншісі Виктор Цойдан аумайтын Серік Мұқашев гитармен оның әндерін орында­ғанда келмеске кеткен В. Цой қайтып келгендей көрінеді. Ал бес-алты жыл бокспен айналысқан досымызда боксшыға қажетті қарым-қабілет пен қадір-қасиеттің бәрі бар. Өжет мінез бен қайтпас қайсарлық, күш-қуат пен ептілік, серіппелі қимыл-қозғалыс пен жойқын соққы осының бәрі бір Секеңнің бойынан табылады. Егер бокстың соңына түскенде Жүнісбек қарттың бұл «жүгермегі» талай биікті бағындырары сөзсіз-ді.

Ал енді суретшілігіне келер болсақ… 1991 жылғы күздің жаймашуақ күндерінің бірі еді. Төртінші курстың студентіміз. Соңғы сабақ­тан шықсақ, дәлізде сағат 15.00-де уни­вер­ситеттің кең аудиторияларының бірінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен кездесу өтетін жөнінде хабарландыру ілініп тұр екен. Бақытжан Әлімқұлов досым екеуміз сонда тарттық. Келсек, әлі ертелеу болғандықтан орын баршылық көрінді. Кісі қарасы сиректеу бір қатарға жайғаса бергеніміз сол еді, бізден бірер орын әрі отырған көзі әдемі қызға менің бірден көзім түсті. Дөңгелек жүзді, өріп қойған ұзын бұрымы беліне түскен бойжеткеннің жан дүниесінің тазалығы мөлдіреген жанарынан сезіліп тұрды. «Танысу керек!» Бірақ, қалай? «Қарындас, атыңыз кім?», «Қарындас, сағат неше болды?», «Қарындас, қай факультетте оқисыз?» деген қыз біткен әбден жауыр бол­ған таптаурын-трафарет сұрақтармен бұл «қамалды» ала алмасым анық. «Енді не істесем екен?..» Осылайша ойым онға, са­нам саққа бөлініп, дағдарып отырғанда Құдай айдап, қасыма Серік Мұқаштың келіп отырмасы бар ма?! Ой, мұндай қуанбаспын! Өйткені, Секеңнің тіке қарап болсын, бір қырындап болсын, қасындағы кісінің суретін сала беретіндігін 1988 жылы «сельхозкадан» пойызбен қайтып келе жатқаннан бері білемін. Ол сол жолы менің өзімнің суретімді кәдімгі аутоқаламмен айнытпай салып берген еді…

– Секе, – дедім оған жәймен сыбырлап, – Менің сол жағымда отырған қыздың суретін салып берші.
– Неге?
– Танысу керек болып тұр…
– Қазір, «айн момент!»..
Содан Секең «жұмысқа» қызу кірісті. Мен оны барынша қалқалап, қызға оның іс-әрекетін байқатпауға тырысып бақтым. Шамамен 10-12 минуттан кейін қыздың бір қырынан отырған сурет-сұлбасы дайын бол­ды. Серік көркем қыздың бейнесін келістіріп-ақ салыпты, тіпті құлағындағы кү­міс сырғасына дейін ұмытпапты. Мен суреттің астына «Бейтаныс қарындасқа, жур­фактың студенті Бауыржаннан» деп жаздым да, әлгі парақты ортасынан бүктеп, біздің «Барбаросса» жоспарымыздан бейхабар отырған бұрымды бойжеткенге ұсындым.

– Кімге? – деді ол сұраулы жүзбен.
– Сіздің өзіңізге. Ашып қарасаңыз…

Ол бүктеулі парақты жазды да, өзінің бей­не­сін көріп, маған қарап маржандай тістері тізіліп, әдемі жымиды. Әлқисса, әрмен қарай әңгімеміз жарасып жүре берді… Көз-жанары мөлдіреген сол бұрымды бойжеткен бүгіндері біздің әулеттің сыйлы келіні, менің перзенттерімнің анасы, шаңырағымның шамшырағы Балдай ханым. Секең салған үшбу сурет арқылы танысқанда КазГУ-дың геофагының екінші курсының студенті екен…

Серік досымның фототілшілік әлеуеті ол студент кезінде студенттердің «Өркен» газетінде тілші болып жүрген кезінде-ақ танылды. Ал енді Секеңнің пародистігін айтайын, егер оның ән айтуға әуес, алайда әншілік қабілеттен жұрдай дос-жарандарының дауысын салғанын көрсеңіз, күлкіден шегіңіз түйіліп қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ ол «Угадай мелодию» телехабарының жүргізушісі Валдис Пельштің сөйлеу мәнерін де қатырып салады. Бұған қоса, Жүнісбектің Серікқалиы «Курстастар келбеті» айдары аясында әдемі әзіл, орынды қалжыңмен өрнектеп, біразымыз туралы керемет эссе-очерктер жазып шықты.

Біздің Секеңнің сегіз қырын түгендеп болсақ, ендігі кезекте «бір сырына» келелік. Өз басым бес жыл бірге оқығанда Серіктің Салтанаттан өзге сұлуға сөз салғанын да, көз салғанын да көрмеппін де, естімеппін де…

Қараша – Жүнісбектің Серігі жарық дүниеге келген, жарқын өмірдің есігін ашқан ай. «Ақ Жайықтың ақ ашағаласы» атанған Ақұштап ақын «Елу деген түк те емес, Қайта оралған жиырма бес!» деген екен. Қос 25-ің құтты болсын, бауырым!

 

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір