ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫ «АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫМЕН» АШЫЛДЫ
27.10.2020
1221
0

 

15 қазанда қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры 95-маусымын «Абайдың жұмбағы» премьерасымен ашты. Театр директоры Е.Жуасбек, Қазақстанның Халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, директордың кеңесшісі Е.Обаев, Әдебиет бөлімінің меңгерушісі М.Омарова, режиссер А.Оспанбаевалар жаңа маусым мен қойылым туралы және алдағы жоспарлар жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Біз жаңа қойылым туралы пікірлер топтамасын ұсынып отырмыз.

Асанәлі ӘШІМОВ, Халық әртісі, еңбек ері:

Абай өмірі ескірмейді. Қытайдың Конфуцийі, ағылшынның Байроны, немістің Гетесі секілді қазақтың ұлы адамы – Абай. Абай – мәңгілік. Дегенмен Абай – ауыр тақырып. Оны сахнада сомдай алудың өзі әртіс үшін үлкен еңбек. Абайдың өлеңдерінен, қара сөздерінен спектакль жасау оңай тірлік емес. Абайды білуге деген талпынысымыз бен ізденісіміздің өзі бір жетістік деп ойлаймын. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, шығармашылық топ шамасы келгенше сапалы дүние шығаруға тырысты. Жалпы, спектакль толық ашылуы үшін ошақтың үш бұтындай режиссура, кәсіби шебер актер, мінсіз драматургия керек. Осы үшеуі орайлы үйлесім тапса ғана ұлы шығарма туады.

Бөлек-бөлек болса, халтураға айналады. Бүгінгі әртістерге көңілім толмайды десем, көбі ренжіп қалуы мүмкін. Толады десем – шындыққа жанаса қоймас. Жас, талантты әртістерімізбен жұмыс істей білуіміз керек. Бұрындары режиссерлар актермен жұмыс жасайтын. Сөзінің астарын ашатын, не ойнап жатқанын айтатын… Бұндай үрдіс қазір жоқтың қасы. Шахмат ойнауға, доп ойнауға болады. Бірақ әртіс рөл ойнамауы керек. Актер – кейіпкер, образ жасауы тиіс. Кез келген адам ойнай алады, сомдай алатыны – мыңнан бірі. Спектакльден кейін көрермен үйге: «Апырмай, шебер сомдаған екен?» деген терең оймен қайтса, бұл – актердің жемісі. Әр заманның өз сұрқылтайы болады. Қазір өнер академиясында әртістікке жарамаған, кезінде курстан шығып қалған ұстаздар сабақ береді. Олардан оқығандардан қандай әртіс шықсын? Десе де, мен әртіс біткеннің бәріне кінә арта алмаймын. Қарға, қарғаның көзін шұқымайды ғой.

Болат ӘБДІЛМАНОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

– Абайды ойнау – әр актердің асыл арманы. Әзірбайжан Мәмбетов: «Құр талантпен Абайды ойнау қиын. Абайды ойнау үшін сыртқы тұлғасына актердің жан-дүниесі сай болуы керек», – дейді. Ал орыстың ғұламалары: «Мінсіз актер жоқ, бірақ оң жамбасқа келетіні болады», – деп тұжырады. Яғни сахнада Абай рөлін айшықтау үшін талантты болу – жеткіліксіз. Абайдың суреті – әр қазақтың үйінде тұр. Сондықтан сахнаға Абай шыға келгенде халық Абайды көруі керек. Актер болмысы Абайдың табиғатына, сыртқы кескін-келбетіне, ішкі жан-дүниесіне, үніне, дауыс тембріне сәйкес келуі керек. Баритон үнді, мығым денелі, кең тынысты, поэзияны меңгерген, кескін-келбеті терең ойлы болуы шарт.

Бұл спектакль Әуезов жазған Кеңестік идеология ықпалындағы «Абайдан» сәл өзгешелеу. Пьесада қазақтың құндылыққа толы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын әуелі Зере әжеміз бен Құнанбай арқылы көрсетуден бастадық. Қойылымда Құнанбай: «Абай, сен әлі менің деңгейіме жете қоймапсың. Менің деңгейіме жетуің үшін мендей ұрпақ тәрбиеле», – дейді. Яғни, осындай азын-аулақ элементтер арқылы Құнанбайды ақтауға тырыстық. Одан кейін Абайдың Тоғжанға деген махаббаты да үлкен толғаныс тудырады. Абай Тоғжанға ғашық болғанда Құнанбай ұлына: «Балам, екі адамның махаббатынан да биік махаббат бар. Ол – еліне, жеріне, дәстүріне деген махаббат. Сондықтан да сен ата-баба дәстүрін сыйлай отырып, өзіңнің атастырылған қызыңа барасың, менің ақ батамды аласың», – дейді. Сонда Абай: «Түсіндім әке», – деп, өзінің «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңін дүниеге әкеледі. Бұл арқылы біз ата-баба дәстүрінен аттамайтын, әдет-ғұрыпты сақтайтын, әкені сыйлайтын Абайды сахнаға алып шықтық.

 

Аридаш ОСПАНБАЕВА, режиссер:

– Әу баста Абай шығармаларына қатысты кастинг өтуі керек еді. Бірақ Болат Әбділманов ағамыздың жазып алып келген пьесасын шығармашылық топ қабылдап, ары қарай Мадина Омаровамен жұмыс істедік. Жұлдызбек Жұманбай да өзінің қарасөздерінен құраған интерпретациясын көрсетті. Кейіннен «Абай жұмбағына» үш құрам бекітілді: Болат Әбділманов, Жандарбек Садырбаев және Жанат Тыңбаев. Үшеуі – үш түрлі Абай. Неге? Себебі әр адамның ішкі манерасы әр түрлі болады. Ал спектакль жас Абайдың деңгейінен философ деңгейіне көтерілу процесін қаузайды, Абайдың өміріндегі кульминациялық сәттер өріледі. Яғни Тоғжанмен айырылысуы, Құнанбайдың, Әбіштің өлімі. Пьеса «Абай жолы» мен ақынның өз шығармашылығының мотивтерінен құрылған. Спектакльдегі Абайдың жұмбағы – символикалық шешім. Әр адамның жұмбағы болады. «Абай Құнанбайұлының жұмбағы дәл осындай» деп айту қиын. Бұл жерде мәтінге мән беру керек. Шығарманың кульминациясы – тамұқ сахнасы. Халықпен дау-дамай сахнасын біз тозақ ретінде алып, адамдардың деградациясын көрсетуге тырыстық. Демек, маймылдан адамға емес, адамнан маймылға айналу процесі жүреді. Абайдың жұмбағын осы заманның құндылықтарына жығып бергіміз келді. Дегенмен Абайдың бір ғана жұмбағын шешу мүмкін емес. Спектакльде жаңаша интерпретация бар. Бірақ ол мүлдем жаңа нұсқа деп нық сеніммен айтуға келмейді. Әндердің де, қазақша билердің де мотивін өзгертуге тырыстық. Жаңашылдық жастарға ұнайтыны сөзсіз, ал бұрынғының көзін көргендер «Абайға қарсы әрекет етті» деуі мүмкін. Біз кез келген сынды қабылдай аламыз. Сондықтан «Абай жұмбағы» алға қарай ұмтылыс жасауға, жан-дүниенің тазалығын сақтауға, кез келген әрекетке мән беруге үндейді. Мүмкін сіздің де ішкі әлеміңізде бір Абай жүрген шығар?!

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір