Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы: Шведтіктер бес повесімді жақсы бағалады
27.10.2020
1665
0

Кешегі күндері ауыл мен Алматының арасында ғана оқылатын әдеби шығармаларымыз бүгінде алты құрлыққа таралып, әлем тілдеріне аударылып жатыр. Алдымен өз оқырманы сүйіп оқыған қаламгерлердің таңдаулы шығармалары өзге тілдерге саяхат жасап, өрісін кеңейтуде. «Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз» деген Ғабит Мүсіреповтің тағылымы қазіргі қазақ жазушысының бағдаршамы іспетті болуы керек. Біз жақында ғана бір жинағы Альфред Нобельдің Отанында Швед тіліне аударылған жазушы Дулат Исабековке арнайы барып шағын сұхбат алдық.

– Швед тілінде бір кітабыңыз шығыпты деп естідік. Құтты болсын!
– Рақмет!

– Оларды қай кітабыңыз қызықтырды?
– Бұл осыдан бір жарым жыл бұрын басталған шаруа еді. Сондағы Англина деген кісі маған хат жазып: «Сіздің «Гауһар тас» повесіңіз бен «Қабылан» атты әңгімеңіз біз жақта жоғары бағаланып жатыр. Повестеріңіз бен пьесаларыңызды жақсы білеміз. Ағылшын тілінде бірнеше кітабыңыз шықты. Енді, шығармаларыңыз Швециядан шықса деген ойдамыз», – деген мазмұнда хат жазған. Сосын ол қыздан: «Сіздерге, Швед оқырмандарына қандай шығармалар ұнайды?» – деп сұрап едім, олар: «Қазақтардың бүгінгі өмірі, кешегі хәлі туралы жазылған шығармалар болса», – деп жауап берді. Сол үшін «Гауһар тас», «Сүйекші», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты бес повесім мен «Қабылан», «Социализм зәулімі», «Сақтық күзетшісі» деген үш әңгімемді жолдадым. «Мамырда кітапты басып шығарамыз» деп еді, ыңғайы келмепті. Себебі ол жақта басқа тілден Швед тіліне аударатын аудармашы өте қат екен. Бір сөздерінде: «Сіздің кітабыңызды аудартсақ деген мықты аудармашыны көп күттік. Ол бұрын орыс жазушысы Солженицын мен Достоевскийдің көптеген шығармаларын, қазақ жазушысынан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» тәржімалаған», – деп айтып қалды. Осындай себептермен кітап шығару ісі кешігіпті. Олар 20 қазан менің туған күнім екенін білетін. Соған орайластырып үлгеруге тырысқан екен. Маған жиырма данасын жіберді. Әуелгі жоспар бойынша, 20 қазанда Стокгольмде кітабымның тұсаукесері өтуі керек еді. Бәріміз дайындалып отырғанбыз. Бірақ сондағы біздің елшіміз Қайрат Әбдірахманов телефон шалып: «20 қазан өте асығыс болады, сол үшін бұл шараны алдағы жылдың мамыр айының алғашқы он күнінен қалдырмай өткізсек. Мен бұл игі істі «Рухани жаңғырудың» аясында қазақ әдебиетінің мерекесі етіп өткіземін. Сіздің кітабыңыздың Швед тілінде шығуы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінен» кейінгі екінші жеңіс болды. Сондықтан, асықпаңыз, мамыр айына жоспарлайық», – деген өтініш айтты. Сол жақтағы баспаның мамандарымен сөйлесіп көріп едім, бұл идеяны олар да құптады. Сонымен, аманшылық болса, мамыр айында кітаптың тұсаукесері өтеді.

– «Кітаптың жиырма данасын қолыма алдым», – дедіңіз, қалай шығарыпты? Сізге ұнады ма?
– Әрине, өте сапалы шыққан. Суретті таңдау да аса машахатты болды. Мәскеуде шыққан кітаптарыма басылған суретті жіберіп едім, сапасыздығын айтып жаратпады. Еліміздегі Таңсық атты суретші қыз менің портретімді салып бітірген. Сосын олармен сөйлесіп, әлгі салынған суретті жібердім. Құдайдың құдіреті, Таңсықтың сол суреті оларға ұнай кетті.

– Кітабыңыз қанша тиражбен шығыпты?
– Қазірге мың данамен. Ары қарай кітаптың сатылуына байланысты тағы көреміз деп отыр.

– Бұны сіз үшін, қазақ әдебиеті үшін үлкен игілікті іс деп білеміз. «Біраз қаламақы келіпті» деп те естідік.
– Иә, алғашқы қаламақысын жіберіпті.

– Сіздің шығармаларыңыз бұған дейін де бірнеше тілге аударылды. Бірақ Швед тіліне аударылуды Нобель әдебиет сыйлығына бір табан жақындау деп түсінемін. Осы тілде шыққан кітабыңызды Нобель сыйлығына ұсыну ойыңызда бар ма?
– Жоқ. Бұны айту әлі ертерек. Бір байқағаным, мен жіберген бес повесть оларға қатты ұнапты. Соның өзі мен үшін мәртебе. «Енді осы бес повесті ағылшын тіліне аударсақ» деп отыр. Соған қуанып отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет!
– Саған да рақмет!

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір