Түні де туған жердің алабөтен…
17.10.2020
1000
0

АСАНҚАДЫР  ИСАБЕК

ЖЕТІСУ

 «…Пай, пай, пай, киелі неткен жер

Мұқағали

Көсілген кең жазира, көркем мекен,

Көркіңді жырға қосып мен тербетем.

Шашылған әрбір тасыңтұнған тарих,

Шаншылған ана бір шың семсер ме екен?!

 

Асқардан алыпұшып аңсап аққан,

Бойыңа жеті өзенің нәр таратқан.

Құйылып жүрегіңде жыр боп ағар,

Жиылып мың бұлақтар шартараптан.

 

Текесім, Лабасыдан бас алатын,

Бартоғай, Шарын, Іле, Бақанасым.

Талас, Шу татулықпен жалғап жатыр,

Қазақ пенен қырғыздың екі арасын.

 

Көксу, Лепсі, Тентек пен Қараталым,

Ақсуымәрі жуас, әрі асауым.

Иірсу, Кеген менен Қарқараның

Бойында өтті менің бала шағым.

 

Толқыған көк шалғыны киелі өлке,

Төсіңді таң самалы сүйер ерте.

Құлаған қырандардың арманы жоқ,

Топшысын топырағыңа сүйеп өлсе.

 

Көкше мұз, найза шыңдар көк тіреген,

Мерейің биік болсын деп тілеген.

Қасқайған Хантәңіріне қарап тұрып,

Тумауы мүмкін емес өткір өлең!..

 

Қоршаған көгілдір тау әр қапталы,

Сапта тұр кең өлкені қорғап бәрі.

Теріскей, Жоңғар, Іле Алатауы

Таралған ТяньШаннің тармақтары.

 

Талай мәрт арнайы кеп көрген өлке,

Өтейбойдақ емдік шөп терген өлке.

Абыз жырау, әулие Қаблиса,

Батасын Сүйінбайға берген өлке.

 

Жамбыл, Көдек, Құлмамбет шыққан өлке,

Дәнеш, Кенен әндері ұшқан өлке.

Қарасай, Өтеген мен Райымбектің

Қайратынан қалың жау ыққан өлке.

 

Таусылмайтын ырыс, құт кең қойнауы,

Қарқара, Шәлкөде бархан жайлауы.

Өзен, сулы, баурайы баққа оранған,

Қазақтың Жетісудай бар ма аймағы?!

 

Таңдары тамылжыған Талдықорған,

Баулары маужыраған ол бір арман.

Аптығып Мұқырыдан әрі өткенде,

Шығады Быжы, Көксу қарғып алдан.

 

Ешкіөлмес, Арқарлы, Алтынемел,

Айғайқұмды табиғи әнші көрем.

Кеш аттанып Кегенге бара жатып,

Көртоғай шатқалында сан түнегем.

 

Көсілген кең жазира көркем мекен,

Көркіңді жырға қосып мен тербетем.

Шашылған әрбір тасыңтұнған тарих,

Шаншылған ана бір шың семсер ме екен?!

 ***

Жұмыс.

Жоқ тыныс.

 Алқыныс, аптығыс.

Қалада пұл табу

Қатты күш

(автордан)

 

Рөлдемін.

Күнде осы күнім менің.

Қала егер

Қисса жазар қағаз болса,

Мен оны қаншама рет тілімдедім!..

 

Арғымағым!

Орнынан көрсең оның орғығанын.

Ойнаймын құлағында «арғымақтың»,

Шанағын шертпесем де домбыраның.

 

Көшедемін.

Келеді табысымды еселегім.

«Келсе…» деп, қанша бала күтіп отыр,

Әкелерін.

 

Бір Алла деп,

Жазатын көшеде әлі «шығарма» көп

Бас ұрып жүрем ылғи Жаратқанға,

«Баста Күн тұрар мадеп!..

Атқан оқтай,

Көліктер зуылдайды бет қаратпай.

Бір Алла жар болмаса, бұл зуылдан

«Құдайың» сақтамақ қай?!

 

ТҰСАУЛЫ ТҰЛПАР

Тұсаулы тұлпар,

Тұсалғаныңай!..

Тұсауладыңай, қу тірлік!

Қанатың жазып

Ұша алмадыңай,

Ұшуға болмай мүмкіндік.

 

Тұсауыңды алса

Құлшына шауып,

Қара үзіп көптен кетпес пе ең?

Тұсаулы тұлпар,

Тұрсыңау налып,

Оза алмай тұғыр мәстектен.

 

Шіркінай, өмір!

Сыңсымай көңіл,

Шұрқырай желер кез қайда?!

Дүркірей шапқан

Дүбірлі топтан

Тұсауын алсаозбай ма?!

 

Шатынап жанар,

Қақырап қарар

Тұсынан өткен тұғырға.

Тұсаулы жұрттың

Тағдыры осы,

Жыбыр дажыбыр, жыбыр да!..

 ӘКЕМНІҢ ПӘЛСАПАСЫ

Қалаға қарап әкемнің кейде

Тынысы қатты тарылар.

Әйтпесе, бәрі жетерлік үйде,

Ауа да, ас та,

Бәрі бар.

Бұлқынып кейде

Бөлмеге сыймай,

Көршіні кезіп кетеді.

Күңкілдеп қоям:

Тыныш отырмай

Тыныш отырса, нетеді.

 

Қала емес, құрғыр,

Қамау ғой мынау,

Көршіге көрші кірмейді.

Қазақтығыңа алаңдаймынау!.. –

Күйініп, көгі кірлейді.

 

«Өмір ме, мынау?!»

«Өмір ме, мынау?!»

Ғұмырды аңсайды ол ажарлы!

Көңілде қырау,

Қөзінде сұрау

Тұғырды аңсайды ол базарлы.

 

Келмеске кетті,

Кезеңнен өтті

Желілеп бие байлаған.

Күндері қайда,

Жусатып ойға,

Мыңғыртып мың қой айдаған?!

 

«Өмір ме, мынау

Өмір ме, мынау

Ылай су ішіп, ыс жұтқан?!»

Таба алмай құрбы,

Аша алмай сырды,

Күрмеліп іштей, қыстыққан.

 

Жайлауды, белді,

Қырқаны зерлі

Кезіп бір кетер қиялы.

Налыма, налы,

Даланың шалы

Қалаға қайтіп сияды?!

 

Көргендей дәйім

Қаладан уайым,

Даланы аңсаймын мендағы.

Жұпарын жұтсам,

Жотама шықсам

Басыма бақыт қонғаны.

 

... Қанымды қала

Қарайтқан шақта,

Келеді сол бір көмескі ой.

«Өмір ме, мынау?!»

«Өмір ме, мынау?!»

Өмір ме?..

Өмір емес қой!

* * *

Жалғаған өзегіне тамырымды,

О бастан жазы мұңды;

Туған жер елестейді маған ұдай,

Әкемнің ой қажаған қабағындай.

 

Аспаны бола қалса бұлттан ада

Арудың арман тұнған жанарындай.

Көрінер шөпке қонған шық та дара,

Сәбидің талпынған жас талабындай

 

Жаныңды тәнті етеді бір ғажайып,

Бір ғажап ұстахана:

Кеудеңе таулар құлар,

Аулаға шық та, қара.

 

Түні де туған жердің алабөтен,

Аспанға аунап түсер қаламекен!..

Ғарышқа Байқоңырдан алатұғын

Стартты ауылымнан ала кетем!..

 

Әнеки, алтын қабақ,

Қайқиып Түнге асылды Ай.

Қояды салқын қарап мен тақпаған,

Мен таппаған арудың сырғасындай.

 

Ұйыған мамырлықтан мият таба,

Мөлдіреп таң қарсы алар.

Қызымның сағынышы сияқтанған

Бозторғай сазды ән салар.

 

Күн көзі шашу шашып тас төбеңнен,

Самалды сәске тұрар.

Шаруасын қауқылдасып, ептеген ел

Балғасын төске ұрар.

 

Ұқсаған АруДүние ұятына,

Ауылдың кеші қандай?!

Бар сәуле асығады ұясына,

Шұбырып, есі қалмай!..

 

ҚАРҚАРА

«Қарқаражердің жайлауы,

Өмірдің бар ма, байлауы?!»

Халық әні

Қарқара!

Құр Қарқара!

Жел Қарқара!

Талайды тамсандырған, өр Қарқара!

Төсіңе кіндігінің қаны тамған,

Қабыл ал, төл перзентің келді ортаңа.

 

Үйсіндей мемлекетке болған пана,

Тарихын тасқа басқан

Қор Қарқара!..

Көміліп Құмтекейдей құм астында,

Ашылмаған сырлары мол, Қарқара.

 

Қолы ашық қонағына кең Қарқара,

Пейілі аспанменен тең Қарқара.

Мыңғыртып майсасында мал өргізген

Албанға атақоныс

Төр Қарқара.

 

Заманның зілді бұлты төнген қара,

Кеудесін өксік қысқан шер Қарқара.

Алпауыт ақ патшаға айбат шегіп,

Атылған жолбарыс боп

Ер Қарқара!

 

Далиып жатпаса да дәу картада,

Көлбеген кенересін тау, Қарқара.

Бәрібір орыс шапсын, ойрат шапсын,

Ешқандай ала алмаған жау, Қарқара.

 

Аспаны бейне мөлдір көл, Қарқара,

Төскейі толқыған гүл,

Зер Қарқара.

Шоқан, Ілияс аялдап, ат шалдырып,

Әуезов айлап жатқан жер, Қарқара.

 

Қарқара. Жел Қарқара. Құр Қарқара.

Тарихы таусылмайтын жыр, Қарқара.

Оқшауоқшау өңкиіп обалары,

Талай сыр ішке бүгіп тұр Қарқара.

 

Қарқара. Бұл Қарқара сол Қарқара

Көпестер көш түзеген

Жол Қарқара.

Көрші елдерден ағылып саудагерлер,

Нелер асыл бұйымдар толды ортаға!..

 

Осындай өткені бар

Нар Қарқара,

Қойнықұт, суы шәрбат, бал Қарқара.

Жайқалған жазы нәрлі, қысы кәрлі,

Жататын алты ай бойы қар, Қарқара.

 

Ешкімге өзің барда болман таба,

Өзіңнен тылсым қуат қонды арқама.

Иіткен мейірімді туған жерім

Жасарып,

Мәңгі жайнай бер, Қарқара!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір