Бақыттың белгілері: леп пен сұрақ… көп нүкте (?!…)
17.10.2020
1059
0

«Ау, байғұс құсымау,

қанатың керіп жаймайсың,

Күндіз кеудемде,

түнде төбемде сайрайсың.

Шырылыңменен шыңытып алып, жанымды

Қайғыңмен неге қайрайсың?!»

Мұқағали мұзбалақтың қабірінің басында туған Бақыттың бұл өлеңінде өзіне мәлім, өзгеге тәлім өмір шындығы бар. Қанатты демесеңіз, қандыбалақ досындай сырласар сыралғы кейіпкерінің сыны мен сипаты айқын, сұхбатының мезгілі мен мекені анық ақжарма жырын сұрақ белгісі мен леп белгісін қатар қойып қайырады, оқырманға ой тастайды.

Ары қарай ақынымыз анау аяулы құсқа құсаға бергісіз беймаза күйін күтімі келісті күбіде піскен асау қымыздай ақтарып салады:

«…Ау, байғұс құсымау,

келеді кейде маған да ой,

Ойсыз деймісің?

Тәніңді емдеген жаман ғой!

Ал менің жаным ауырады.

Өмір, өмір ме? Амал ғой!

«Жан емдейтіндерге барайын» деймін,

Барсам, қайта алмай қалам ғой

Уай, бар дейсің бе?

Жоқ, әлде, қал дейсің бе

Жаратқанның жаймашуақ жарығына жадырап, жеті қат жерде жүрек жылуына жарып, жалғанмен жағаласпай, «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ» болып, желекті жасы жетіліп, жеке басы жетісіп жүрген жан көп пе біздің безбүйрек, бедеу бүгінгі қоғамда?! Жан жарасын қарайған қаны қатпарланып қатаймай, арланшығар атайдай жалап жазған адам аз ба – жақынымен жауласып, ақынымен арбасқан, тақымы бос терлеген, ақылды дос көрмеген, қаһарын төккен, заһарын сепкен зауалды біздің зымиян заманда?! Жан сарайының сақа тартқан сырқатын, апат артқан тұрпатын тұспалдамай тура айтып, өзі де шерменде, шырылдаған өлермен құсқа бағыттаған баянын өзегін өртеп бара жатқан өмір сауалына жалғайды жүрегінің жүзі жабырқау, шарасыздықтан шаршаңқы шайыр:

«… Ессіз күніме ес болатындай, ей, құсым,

шыршыр етесің

менің қамымды жеймісің?!

Тірімде қасымнан табылмағандар,

өлгенде басымнан табылар деймісің?..

Жә, жарайды, ол да боп қалар,

Оған дейін біреуі молда боп қалар

Қайдан білейін?!»

 

Жанкешті ақынға жанашыр құсты, я, құдды құлағына құдірет құйғандай тіршілік тамырын тап басып, қоғамынан күй күтпес, заманына илікпес жыршы жүректі аяу қажет пе?! Жоқ, әрине… Арда рухты айбоз ақынның аһуалы емес, жыр жүйрігі атын атамаса да түсін түстеген пенделердің жадағай һәм жәдігөй жайлары ғана аянышты, шамасы…

Солқылдай соққан сойқан жүрек пен салқынқанды сараптауға бейім, сабырлы саралауға бейіл сайыпқыран сана сонда да  өз көмейін күйттеп, жанын сақтап күн кешкен, өз көлеңкесінен үркіп, үрейімен үндескен «үзеңгілестерінен» күдер үзбейді, үлпілдеп тұрған үміті бар! Ақын артқан сенімде де сауал бар…

«Дем салу» атты жырында Бақыт былайша толғайды:

«…Қайдан келген зауал еді?

Қарымтасы ма иттіктің?

Анау, дерттің құлағыма

жетпегейдеп, зарәуені,

үй ішінен моладай ғып үй тіктім

Сосын,

әлгі сексеуілдің

түбін қыршып түбірлі,

суыр інге тығылды.

Жерге қарап, ит ұлып,

дөйдалаға жүгірді

 

Бұл не сұмдық?

Өз басына көрінсін!

Тілеуіне көмілсін!

 

КөктеТәңір!

Аспан астыкөкбауыр.

Көкбауырдай бөлінбейміз, көп бауыр!

Ар мен Рухын бір сілкіп ал, пендеңнің

барға — патша, болып жүрген жоққа – құл?!

…Уа, Көк Тәңір, Көк Тәңір!»

Заманауи зауал зарлатып, «моладай ғып тіккен» егілген елдің үйі де, жалпы жаһанның жаралы, жадау күйі де бар Бақыт ақынның бұл жырында! Қоғам құлазып, адам азғанда сумаңдаған суыр да беймезгіл ұлып, құт қашырған бассыз барақ та, бауырлардың бірлігіне бек сенімді, шүбәсіз шайырдың Жаратқанға жолдауы, дүр дүниеге дем берер құдіреттен дәмелі дұғасы да осында…

Бақыттың ерен те ерек екпініне еріп, өзім де бұл жинақы жазбамда белгілерді берекелі бердім, білем… Себеп біреу – өзім сезінгеннің сырын сіздерге  әсерлі жеткізу! Бақыттың да тыныс белгілеріне жүктеген ұлық міндеттері мен мінсіз миссиясы бар. Метафора мен теңеу теңгере алмас ауыр салмақ бар ол белгілерде. Ол турасында ақынның айшықты поэзиясының аса бай көркемдік кестелерімен қатар тарқатып, келісті кескіндеуге қалам қажып, қол қысқалық қылмас-ау, кесімді көлемдегі жол қысқалығы амалсыз аялдатты ақтарар ағыл-тегіл ой легін… Айтпағымыз көп еді! Түйер түйін төмендегідей:

Тынысы кең тарланның тыныс белгілерінде жүректің үні жүр, өмірдің өзі бар… Аңдадыңыз ба?!

Ержан Алаштуған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір