КӨП НҮКТЕ…
03.06.2022
2855
0

… Сен ол қызға жақындап келесің, жақындап келесің. Жақындағаның сондай, ол қыз сенің ішкі дүниеңді жаулап, сірестіріп тастады. Бұл ешнәрсе емес. Көкірегіңдегі сан ойың бір-бірімен шатасты. «Бұл дұрыс, жоқ, бұл дұрыс емес» деп өз-өзіңмен арпалыстың. Әлгі дастандарда, хикаяттарда, аңыз-жырларда кездесетін, «әй, ақымақтар-ай» деп өзің мазақ еткен жайттар енді басыңа келді. Бұл ауырмай-сырқамай естен айырылу болды. Осы қалпыңды ешкім білмейді дедің. Бірақ әр оғаш әрекетің сырт көзге айқын аңғарылды. Сол себепті өзіңе жүктелген қарапайым отбасы тірлігі күннен күнге әдірем қалып бара жатты. Істеген ісіңнің әрбірінен береке кетті.

Кейде мелшиіп бір орныңнан қозғал­ма­дың. Аяқ астында жатқан күрек, тырнаны көрмей, оңбай сүріндің. Ол да ешнәрсе емес. Кейде өзіңмен-өзің сөйлестің. Түн болса ұйқың қашты. Сықырлаған ағаш төсекте дөңбекшідің. Көз алдыңда бір ғана кейіп, бір ғана бейне тұрды. Сол бейнемен күбірлестің. Оны ойша өптің. Ойша құштың. Таң қылаң бергенше осылай жанталастың.
Күндіз оңаша бөлмеде телеарнаны көріп отырғандай, қосып қойдың. Шынында он­да­ғы қым-қуыт хабарға қарамадың. Теле­жүр­гізушіні көрмедің, тыңдамадың. Өстіп өзіңді алдарқаттың.
Ешкіммен кездескің де, тіл қатып сөйлес­кің де келмеді. Қораның арғы бетіндегі 30 жыл­ғы көршіңнен «мені көрмесе екен» деп аулақтандың. Оңаша, жеке, бір өзің ғана болуды қаладың. Қасыңдағы жалғыз жарың­ды да жақтырмадың. Одан не болса содан кінәрат тапқың келді. Бір дастархан басында реті келсе бірге отырмауға тырыстың. Еш жазығы жоқ оның «мынаны ішсейші, мына­ны жесейші» деп өбектегені шаншудай қадалды. Қабағыңды тыржиттың. Ол сенің бойыңдағы өзгерісті «Ауырып жүр ме екен?» дегенге жатқызып, одан сайын қамқорлық пейілін көбейте түсті. Бұл қылығы сенің қарадай ашуыңды қоздырды. Іштей оған айтарың «көрінбеші, көзіме!» болды. Бірақ мұны сен сыртыңа шығара алмадың. Бәрінен үндемей құтылдың. Үнсіздігің сені күн сайын біртүрлі етіп көрсетті. Қасыңдағы жазықсыз пенде бұл қылыққа шыдасын ба? Ол да шаршап, ашуға басты.
Ауырдың ба, жөніңе ауыр! Есі ауысқандай болып жүрме! Айтсайшы, саған не болды? Жын айналдырып жүрсе жындыханаға жат!
Арыңа тигізе сөйлеген бұл сөзге сен күрсіндің. Сосын барып «Ым-м-м» дедің. Сөз таластырмадың.
Бүгін есік алдына шығып бақшаға беттедің. Бұл бақша негізінде тынымсыз еңбек еткен әйеліңнің еңбегі. Осы маңайдағы жеке үйлердің ішіндегі өнімді мол беретін, ең әдемі бақша. Бұтақтары жеміске майысқан көк алма, қызыл алма, сары өрік, қара өрік, қызыл жиде, қоңыр жиде, алмұрт, шие толып тұр. Қарасаң көз тоймайды. Сен солардың бірінің түбіне тоқтадың. Ойың әлі аласапыран, тереңде. Сол жерде қанша уақыт тұрғаныңды білмедің.
Әй! – деді, ана жақтан әйеліңнің дауысы құлағыңды жарып, – Құдай-ау, сол өріктің түбінде неғып сілейіп қалдың, а?! Бір сағат болды ғой, тұрғаныңа!
Тәпішкесін сүйреткен әйел саған қарай келе жатты.
– Саған дұға оқып тұрмын! – дедің сен қырсыға тіл қатып.
– Қашаннан бері дұға білетін болып қалдың? Менде нең бар? Оқысаң өзіңе оқы! Жынды болып жүрген! Ана көршінің картобына колорад қоңызы келе бастапты. Капусталарына да қызыл қоңыздың қонып жүргенін байқапты. Көршілерден бізге жетіп келмесіне кім кепіл? Ана керсенге сабынды су ерітіп дайындап қойдым. Соны аямай картоп пен капустаға себеле. Айтпақшы, ана алманың түбін әкпен ағартам дегенің қайда? Күн жылынған соң құрт-құмырсқа өрмелей бастайды. Көрдің бе ана қанатты қоңыздарды?! Пәлелерді құрту керек!
Әйелі нұсқау беріп, кері қайтты.
«Дұрыс болды кеткенің!» Сен өзіңе күбірледің. Орныңнан жылжып, шет жақта сап-сары гүлдері ашылып, көлемі алақандай болған асқабаққа келдің. Өзің тіреу қойған ағашқа асқабақтың сары гүлі ерекше сән беріп жоғары өрлей түсіпті. Бір жағымды иіс сезілгендей. Қызыл бұрыш, ақ бұрыш, қияр мен қара қарбыз олар да гүлдерін енді жара бастапты.
Сонау жоғарғы тау сілемдерінен сендердің бақшаларыңа тартылған ұзын құбырдан төмен қарай, күн көзімен ақ күмістей тұнық су сылдырай бұралаңдайды келіп.
Шымшықтар, бозторғай, қаратөс торғай, аракідік шиқыл қаққан жемсаулы қызылтұмсық жағалай қатарласқан балқара­ғай мен аққайың, теректердің бұтақтарына ұшып-қонып жүр. Дәл осы жазда торғай тектес құстар балапандарын басып шығарса керек, сенің қораңның аумағында көбейген сияқты.
«Құстарда махаббат жоқ. Рахат! Бұлар сүймейді. Күймейді. Қанаттары бар ұшады. Қалаған жағына кетеді. Біз, адамдар, нағыз сорлымыз. Сүйеміз. Күйеміз. Бірақ ұша алмаймыз. Ешқайда кете алмаймыз. Бір орында айналшықтап жүргеніміз. Осы кімге және неге, кім үшін керек? Мен құс болсам, осы жерден бәрін тәрк етіп, ұшып кетер едім, соның қасына. Құс болсам, тым болмаса мына кішкене торғай болсам…» деген ой келді басыңа.
Құс махаббатын ойлап жүріп әйелің тапсырған жұмыстың біразын тындырдың. Қашан, қалай бітірдің, оны білмедің. Ендігі бітпей тұрған басты жұмыс – қалтаңда үнсіз тұрған телефонға қарау. Уатсапты ашу. Телефон ішінде сені «жынды» қалыпқа түсірген қыздың жазған жауабын білуің еді. Абажадай саусақтарың дірілдеп телефонды аштың. Уатсапты қарадың. Уатсаптан қыз шықты күлімсіреп. Сен телефондағы суретті ерніңе тақап ұзақ сүйдің. Сосын барып жазылған жазуды көрдің. Оқыдың.
Кешір! Бұл сөзден кейін ретті ме, ретсіз бе ұзақ көп нүкте қойылыпты. Содан кейін барып: «Бүгін сағат 18:00-ден кейін саған уатсап жабық. Ендігі тілдесудің еш реті жоқ. Хош…» тағы да көп нүкте қойылған.
Сен есеңгіреп қалдың. Бірден ішіңе біреу қанжар сұғып алғандай «Уай!» деп айқайлап жібердің. Екі көзің шарасынан шықты. Кеше ғана су жіберілген, балшықты арыққа келіп етпетіңнен бар пәрменіңмен құлап түстің. Дауысың ебедейсіз жарықшақтанып шығып жатты. «Ақыры осылай болды… ақыры осылай…» дедің өкіріп. Үсті-басың түгел балшыққа малынды. Осы кез қасыңа әйелің келді. Ол сенің бұл қылығыңа еш таңғалған жоқ.
Әй, оңбаған! Бұл жатқаның әлгі қатын­ның қайғысы ма? Қарай гөр, жасың жер ортадан ауғанда! Құтырған неме! Ол қатын саған жоқ! Болмайды да! Мені ештеңе білмейді деп жүріп пе ең? Мен ақымақ емес­пін. Кетті. Көшті. Мен конторына барып айқайды салдым. «Бастық болсаң бастық болыпсың» дедім. «Жұрттың байында нең бар?» дедім. «Осы күнге дейін кәрі қыз болып, сені еш күйеу алмаса мен кінәлімін бе?» дедім. «Жоғарыға арыз жазам, екі күн срок, кет!» дедім. «Кетпесең сенен жоғарыға арызданам!» дедім. Тағы айттым: «Сайқал неме! Уатсабыңды тез жап! Ана тұрған үйіңді өртеп жіберем!» дедім. «Ал, қайтесің маған?» – дедім… дедім… дедімдер әрмен қарай айтылып жатты, айтылып жатты.
Сен болсаң бұдан әрі еш сөзді естімедің. Батпаққа малынған күйіңде арықты жұдыры­ғыңмен тоқпақтай бердің, тоқпақтай бердің. Басыңды шайқай бердің. Ақыры сол түні сол батпақты арықта жатып таңды атырдың.
Тұра сала қолыңа телефонды алып кешегі жазылған сөзге тағы бір қарағың келді. Бірақ телефон да батпаққа малыныпты. Жейдеңмен сүрткіштеп, уатсапты ашып, қайыра көз жүгірттің. «Кешір!..» (көп нүкте) «Ендігі тілдесудің еш реті жоқ… (тағы да ұзақ көп нүкте) «Хош… (көп нүкте). Басыңа бір ой сарт етті. Көп нүкте неге қойылады, а? Грамматика бойынша әлі ой тұйықталмаған кезде, әлі айтар сөз не ой желісі бұзылып, оның жалғасы барын білдіретін кезде қойылмай ма? Демек бұл көп нүктелер бекер емес. Ол қыз менен біржола күдер үзген жоқ. Ол менімен хабарласады.
«Иә, біз хабарласамыз. Конторында анандай айқай шыққан соң амалсыз көнді. Амалсыз кетті. Амалсыз көшті. Ол мені сүйеді. Білем, ол мені сүйеді. Аңқау басым неге соны түсінбегенмін, а?!»
Көп нүкте! Айналайын, көп нүкте! Көп нүкте! Көп нүкте! – деп, таңды жара айқайлай бердің, айқайлай бердің…

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір