ФОТОКӨРМЕ АШЫЛДЫ 
20.09.2020
94
0

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде отбасы күніне орай фотокөрме ашылды. Іс-шараның мақсаты – отбасы институтын насихаттау, көп балалы және көп буынды отбасын құрметтеуге тәрбиелеу, фотообъектінің призмасы арқылы қазақстандық қоғамның көпқырлылығын көрсету. 

Шараға көпбалалы аналар – этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен белсенді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Құттықтау лебізін Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Ләззат Құсайынова арнады. «Отбасы күніне орай қоғамда белсенді жұмыс атқарып, еңбекте табысты болған, іскер әйелдердің фотокөрмесін ұйымдастырып отырмыз. Барлығы 24 әйел мен олардың отбасыларының суреттері бар. Ассамблея жанында бірнеше қоғамдық құрам қызмет атқарады. Солардың бірі, әрі бірегейі елордалық ҚХА-ның Аналар кеңесі. Кеңес мүшелерінің фотосуреттері де осы көрмеге қойылған», – деді Л.Құсайынова. 

Биыл ҚХА-ның 25 жылдығына орай, шығарылған төсбелгілерді Аналар кеңесінің белсенді мүшелеріне көрме аясында Ләззат Құсайынова табыстады. Олардың қатарында Наталья Рудой, Сәрсенкүл  Зиявдинова, Камета Ибраева, Ханифа Мациева, Шапағат Нурахунова бар. «Аналар кеңесі алға қойған барлық міндеттерді іске асырып келеді. Елімізде орын алған төтенше жағдайларға қарамастан, қоғам белсенділері саналатын нәзік жандылар қайырымдылық іс-шараларымен қатар, психологиялық қолдау көрсету функциясын атқарды. Бүгінгі фотокөрме, әйел-аналар өз жанұясының қорғаушысы екенінің дәлелі, – деді Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова. 

«Мама» фотокөрмесінің салтанатты ашылуынан соң келушілер басқа да көрме кейіпкерлерімен танысу мүмкіндігін алды. 

ПІКІР ҚОСУ