Файзулла Төлтай: ЕКІНШІ ЖИНАҒЫМДЫ МАДРИДТЕ БАСҚЫМ КЕЛЕДІ…
09.10.2020
1304
0

Жуырда жас ақын Файзулла Төлтайдың «Қос есікті түстер» атты тырнақалды жыр кітабы Стамбул қаласында жарық көрді. Жыр даңғылына өзіндік стилімен қадам басқан Файзулладан алғашқы жинағы мен Түркия әдебиеті турасында сұрап көрдік.

– Файзулла, алғашқы кітабыңыздың жарық көруімен құттықтаймыз! Бұл жинағыңызды күткендердің, баспадан шығып, оқырмандарға жол тартқанына қуанғандардың қарасы көп. Өзіңіз қандай күйдесіз? Әрі тұңғыш жинағыңыз Түркия Республикасында шығып отыр…

– Көңіліңіз бен ақ пейіл жүрегіңізге алғысым шексіз. Иә, расында, өзіме қарағанда өзгелердің, айналамдағы адамдардың ерекше қуанғанына таң қалғанымды жасырмаймын. Оларға Құдайдың нұры жау­сын. «Өзге адамның қуанышына қуана білген адам – ең жақсы адам» деп еді бір досым. Сол рас-ау, шамасы. Өзім қандай күйдемін? Шынына келгенде, асыр салып қуандым деп айта алмаймын. Кітапты баспаханаға дайындай бастаған сәттен бері бір ғана дүние ойладым: кітап толыққанды аяқталған ба? Әрине, әр кітап құрастырушы яки өзге ақындар секілді өлеңдер жинағын табиғат жайлы, махаббат жайлы т.т. бірнеше бөліктерге бөліп алып, керегі бар, керек емесі бар, барлық өлеңдерді кітаптың ішіне топтастыруыма болатын еді. Олай жасауға әуелі өзімнен ұялдым. Жарияланбаған өлеңдер алдағы уақытта басқа да жинақтарда өз орындарын табар, таппаса – тағдыры солай болар деп шештім. Сонымен, таңдалған өлеңдер бір кітаптың жүгін арқалап тұр ма, кітап толыққанды аяқталған ба? Міне, осы бір сауал, кітап баспадан шығып, Түркия мен Қазақстанға таратылып жатқан уақытта да, қазір де ойымнан шығар емес. Ал кітаптың шет мемлекеттен шыққанына келетін болсақ, ол бәлкім біздің әдебиеттегі сирек кездесетін жағдайлардың бірі шығар, бәлкім басқа шығар, мен білмеймін. Бірақ ес кіргелі тек «Жас толқын» мен басқа да мемлекеттік тапсырыстағы кітаптардан көз ашпағанымыз белгілі ғой. Ал мен мемлекетшіл адам емеспін. Тіпті бір де бір шығармамның өзім ұнатпайтын мемлекет жүйесіне байланысты болғанын қаламаймын. Мұндай әрекеттер мен стереотиптер мен үшін мақтаныш емес. Солай болуы тиіс жағдаяттар ғана. Стамбулдағы баспаханадан кітаптарды қолыма алғанда да бойымда ешқандай қобалжу болған жоқ. Барлығы қалыпты жағдайлар секілді көрінді. Алла амандығын беріп жатса, алдағы уақытта екінші жинағымды Мадридте басқым келеді. Қорыта айтқанда, бұл әрекеттер менің өз мемлекетімнің жүйесіне протестік көзқарасым деп есептеуіңізге болады.

– Жинағыңыздың алғы сөзін азаматтық көзқарасының азаттығы мен, поэзиядағы тың сүрлеуімен есімі әйгіленген Мұхаммед Салық ақынға жаздырған екенсіз. Сіздің де жыр жазудағы стиліңіз бөлек.

– Иә, Салық мырзаға алғы сөз жазуды өзім өтіндім. Мұны жасырудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ жазып бер деп жалпақтамадым. Себебі ондай дүние болмысыма қайшы. Бірде Олжас Сүлейменов жайлы сөз қозғалып, оның өзбекшеге аударып басылған «Айналайын» атты жинағына алғысөз жазғанын айтып қалды. Сол кезде алдағы уақытта жинақ шығарғым келетінін және сол жинаққа алғы сөз жазып беруін өтіндім. Екі ауыз сөзге келмей қуана келісті. Себебі оған дейін де менің шығармашылығыммен таныс еді. Жиі-жиі өлең жайлы, мәдениеттер жайлы әңгіме-дүкен құратынбыз. Бірнеше уақыттан кейін өлеңдерімнің өзбекше және түрікше нұсқаларын жібердім. Осылайша, алғы сөз жазылды. Бұдан кейін бірнеше адамдардан неге қазақ әдебиетіндегі ақын ағаларға жаздырмадың әлде алғы сөз жаздыру керек пе деген сарындас әңгімелер өрбіді. Әрине, маған бір адамның пікірі яки алғы сөз әсте қажет емес. Бірақ Салықтың жөні бөлек және мұның өзіндік себептері бар. Ең алғашқы және бүгінге дейін бірнеше рет қайталап айтқаным секілді: Салық – қазіргі таңда Түркістан елдеріндегі ең биік және ең құрметті ақын. Оның үстіне оның шығармашылығын өзім жоғары бағалаймын.

– Түркия әдебиетінің даму беталысы турасында айтып берсеңіз. Түркия халқының әдебиетке деген сүйіспеншілігі жоғары деңгейде ме?

– Түркия – кешегі Османлы Империясының жалғасы. Ол жақтағы әдебиет біздің әдебиетпен салыстарғанда даму деңгейі мүлде бөлек. Ол туралы бірнеше беттік мақалалар мен анализдік қорытындылар жасауға болады. Бірақ оған қазір мүмкіндік жоқ. Жолда келе жатырмын. Бірақ мына дүниенің үстіне баса, астын сыза айтқым келеді: біздің елге келіп жүрген бірнеше Түрік ақындарының деңгейін көріп жалпы Түрік ақындары мен оқырмандарының деңгейін өлшеуге болмайды. Шынымды айтсам, олар Түркия оқырмандарының сұраныстарындағы ақындар емес. Олардың оқырмандарының көбі бізге қарағанда әлдеқайда сауатты әрі білімді. Ал сұраныстағы ақындары болса, бізге мұқтаж емес.

– Түркия жастарын көбіне қандай жанрдағы туындылар қызықтырады?

– Мына бір жанр деп кесіп айту қиын. Бірақ әлем оқырмандары секілді Түркия оқырмандары немесе жастары проза оқуға әуес. Және сапалы өлеңдер оқиды. Осы орайда тағы бір дүние қосуды жөн санап отырмын: Біз қанша жерден мақтанғанымызбен, қанша жерден көкірегімізді кергенімізбен, Түркістан елдеріндегі әдебиетті өлтірмей ұстап тұрған бір ғана адам бар деп есептесек, ол – Шыңғыс Айтматов.

– Шығармашылық жолыңызда тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Алдағы уақытқа ешқандай жоспарым жоқ, Мөлдір. Болып жатса, нәтижесімен бөлісермін. Иә, нәтижемен бөліскен дұрыс.

Сұхбаттасхан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір