Әуезов театры Абай жайлы екі спектакль қояды
05.10.2020
1133
0

Абай кім? Бұл – мәңгілік сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын бұған дейін сан буын іздеген. Әлі де іздей бермек. Осы аптада Әуезов атындағы академиялық драма театрында хакім Абайдың өмір ағысы мен ой желісіне құрылған екі бірдей қойылымды театрдың «Көркемдік кеңесі» қабылдап алды. Пандемия шырғалаңға салмағанда, қос спектакль де театрдың өткен маусымында көрермен назарына ұсынылар еді. Брінші қойылымның аты – «Қара», екінші қойылымның аты – «Абайдың жұмбағы».

«ҚАРА» ҚАНДАЙ ҚОЙЫЛЫМ?

Сахналық нұсқасын жасаушы және қоюшы-режиссер – Жұлдызбек Жұманбай
Қоюшы-суретші – Қуат Түстікбаев
Композитор – Ғалымжан Секеев
Хореограф – Карина Жиренбаева
Хормейстер – Ғалымжан Берекешев
Режиссер ассистенті – Мағжан Асаубай
Режиссер көмекшісі – Алена Қабдешова

«Қара». Аты айтып тұрғандай Абайдың қара сөздерінің желісіне құрылған драма-диалог. Режиессері – Жұлдызбек Жұманбай. Бұл спектакльді көру үшін «қара» сөзінің мәніне ой жүгірту керек. Неге «Қара»? Абайдың «Қара сөздерін» сахналық қойылымға айналдыру мүмкін бе?
Әуелгі сұраққа жауап біреу: «Қара» – ұлттың өзіне тән ұлы ұғымы. «Қара шаңырақ», «Қара дала», «Қараой». Демек, қара сөз – ұлы сөз. Сахналық нұсқаны жасаған һәм спектакль режиссері Жұлдызбек Жұманбай театр әлемінде алғаш рет Абайдың ұлы сөздеріне мән беріп, сол негізде қойылым әзірлеп отыр.
Режиссерлік шешімнің өзегіне үңілсеңіз, «Әркімнің өз Абайы бар» дейтін жалпақ ұғымға жан бітеді. Кейіпкер жалғыз – Абай. Әр Абай – өзінше бір әлем, индивид. Әр индивид – өмірді өзінше көреді. Абайдың қара сөздері алуан тақырыпты қамтиды. Режиссерлік әрі драматургиялық тәсіл жымдасқан сәтте тақырыбы өлшемге сыймайтын ұлы сөздердің өзара жүйелілігі қалыпқа түсетініне тәнті болдық.


Абайдың «Қара сөздері» негізге алынған спекта­кль пікірталас формасында біртұтас туындыға айналған. Жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін – отыз бес актер. Спектакльді көре отырып, Абайды күйіндірген, Абайды безіндірген, Абайды толғандырған мәселелердің әлі де өзекті екенін көресіз. Қара сөздерінде хакім күйінішінің ең бір ғазауатты сәттерін бастан кешеді. Пікірталас, дау-дамай, қарсылық (немесе митинг) сахналарының қай-қайсысы да бүгінгі күнмен астарласып жатады. Алғашқы көріністегі «күлтөбе» – бүгінгі парламент секілді. Бітпейтін дау, шешілмейтін мәселе, құлақ аспайтын шенділердің тірлігін еске түсіреді. «Қара» – көрерменге өз идеясын таңбайтын, ойландыратын қойылым.

«АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ»

сахналық нұсқа – Б.Әбділманов, – М.Омарова
қоюшы-режиссер – Аридаш Оспанбаева
қоюшы-суретші – Мұрат Сапаров
киім үлгісінің суретшісі – Балауса Әбдіманапова
балетмейстер – Александр Ли
композитор – Әсел Омарова
хормейстер – Ғалымжан Берекешев
режиссердің ассистенті – Болат Әбділманов
режиссер көмекшісі – Гүлнәр Сейтімбет

Аталған қойылым хакім мұрасын бойына да, ойына да терең сіңіріп, баламалы сөзбен айтқанда, «Абаймен ауырған» барша көрермен үшін зор мәнге ие болмақ. «Абаймен ауыру» – бақыт емес, қуаныш та емес, өзіңмен-өзің күресу. Өзін жеңген адамнан ұлы адам жоқ.
Актер Болат Әбділманов – Абайша ойлануға, Абайша толғануға, Абайша шешім қабылдауға ұмтылып жүрген санаулы қазақтың бірі. Пьесаның алғашқы жүлгесін қалаған, белгілі драматург Мәдина Омаровамен бірге қайтадан жүйелі жұмыс істеген актер Абай рөлін сахнада өзі сомдап шықты. Бұған дейін де Абай образымен, «Абай» қойылымымен (режиссер Ә.Мәмбетов) танылған өнер иесінің еңбегін жоғары бағалауға болады.


Ұлы Абай – тұтас бір әлем, әлі толық игеріліп болмаған ғарыш. Абай жұмбағын шешуге ұмтылу – оның өмірлік-өнерлік баянын зерделеуге деген ұмтылыс. Ұлы ақынның өз әлеуметтік ортасынан ерекшеленуінің; үнемі даму-кемелдену жолында болуы тиіс Адам атты ұлы құбылысты зерттеп-тану даңғылында «толық адам» ілімін ашуының, осылайша Хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде? Бұл күрделі сауалдарға Абай шығармашылығына және М.Әуезовтің атақты «Абай жолы» эпопеясының оқиғаларына сүйене отырып, өз тарапынан жауап іздейтін қойылым көрерменін де осы бір күрделі сауал төңірегінде ойсеріктестікке шақырады.


Режиссерлік шешімнің басты ерекшелігі – қойылымдағы сюжеттік жалғанымдардың үзіліссіздігінде дер едік. Әридаш Оспанбаева сахналаған қойылым Абай шығармалары мен «Абай жолы» эпопеясының негізінде жасалғанын ескерсек, панорама ауқымды. Режиссер мен қойылым суретшісі өте сәтті жұмыс жасаған. Мұны шарайнадан, «Тамұқ» концепциясынан көруге болады. Жас режиссер осы қойылымды әзірлеуге көп күш жұмсаған.
Әуезов театрының жаңа маусымы «Абайға» арналмақ. Спектакльдердің премьерасы пандемия әсерінен кешіккенін көрермен қауымның қаперіне саламыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір