Қаламын малған өмір сиясына…
05.10.2020
1010
0

Поэзия – өмір. Поэзиядағы өмір – өмірдің өзінен де өміршең.
В.Г.Белинский

«Шырағым, біздің тарих – шерлі тарих. Тысы – жұқа, астары – қалыңырақ» деп кім айтып еді? Алдымдағы егіз кітапқа қарап, «тысы – жұқа» дедім де, оқып болған соң барып, «астары қалыңырақ» деп аяқтадым. Иә, ата жұртқа дақпырты мен даңқы өзінен бұрын жеткен Шәмшиябану Хамзақызының екі кітабы сексеннің сеңгіріне аяқ басқан әйел-ақынның, ана- ақынның, ұстаз-ақынның, қоғамдағы бір құбылыстан шет қалмаған қайраткер ақынның, халықтың емес, қазақтың жоғын жоқтап, есесін түгендеп, сойылын соғып жүрген ұлт анасы – ақынның сексен жылдық ғұмырының есебі екен. Мұқағали: «Әйтеуір бір кезде әлдебіреудің менің өміріме қызығушылығы оянып, зерттемек болса, алдымен өлеңімді оқысын. Тек бірде-бір жолын, бетін ауыстырмай сол тұрған ретімен оқысын. Менің өлеңім – менің өмірім», – деген екен. Сол айтқандай, Хамзақызының да өлеңі – өмірі екен. Өз өмірі ғана емес, өзі өскен ортаның, қоғамның, тіпті бір елдің жанды, бояулы, сөзбен салынған картинасы екен. Бір ақынды оқыдым – өлеңінен өзін көрдім, бір ақынды оқыдым – өлеңінен сезім көрдім, енді бір ақынды оқыдым – өлеңінен өмір көрдім. Хамзақызы қайсысы? Ол қайнаған өмірдің ақыны. Өлеңдері де ол кешкен өмірдей қарапайым. Бір жазылмаған заң бар: өлең десек болды, асқақ романтика, ғарыштық поэтика, саф сұлулық, сері мінез, ынтық сезім, құштарлық, күнді шарпып, айға қонақтаған патриотизм… гипер-геройлар мен супер-кейіпкерлер елестейтіні несі осы? Сонда шынайы өмір қайда? Өлеңдегі өмір дегеніміз – сол шынайылық. Өміршең өлеңді өмір сиясына малынған қалам ғана жазады. Өміршең өлеңнен қос дауысты естисің, қос бейнені көресің. Біріншісі – «авторлық меннің» дауысы. Екіншісі – айқын тұлға, бейнесі жоқ, бірақ соншалықты құдіретті де құзіретті дауыс. Екіншісі үстемдік алса, кейде «авторлық менді» жұтып жібереді, жоқ етеді. Көп ақынның өлеңі сезім мен сырға, сұлулыққа тұнып тұрса да, өзіндік «мені» болмайды. Оқисың, сүйсінесің, әсерленесің, бірақ «меннің» дауысын естімейсің. Себебі оны екінші құдыретті дауыс жұтып жіберген. Автордың ішкі дауысы, «мені» даралық сипат сақтай алмаса, оның өз үнін, ұстанымын, көзқарасы мен позициясын біле алмайсың. Ал өміршең автор өзін жоғалтпайды. Ол екінші жұмбақ дауыс иесімен бірде қамшының өріміндей жымдаса өріліп, сіңіп, бірде дараланып, кейде қарсы атылып, бірақ ешуақытта жоғалып, жұтылып кетпей ғұмыр кешеді. Көркемөнердің барлық саласында осындай құдырет бар. Әсіресе, сөз өнері мен саз өнерінің туыстығы. «Музыка – әдебиеттің екінші бейнесі» деп әл-Фараби текке айтты дейсіз бе? Кейде сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді. Моцарттың «Жан азасын» тыңда демей-ақ қояйын. Құрманғазының «Көбік шашқанына» зейін қойыңызшы. Алыстан естілген теңіз шуылындай тұтаса, ыңырана көтерілген бір сарын… Бірақ сондай құдіретті және мәңгі. Сол сарынмен ілесе ап-айқын, анық дүбірлете жортқан жеке үн бар, екеуі қатар төгіліп отырады. Міне, Хамзақызы өлеңдерінде де осы әдіс, осы шеберлік бар. Автордың өмірін сұрап, іздеп қайтеміз? Тек өлеңдерін оқып шық. Пенде ретіндегі кү­йініш-сүйініші, бақыты мен соры, мейірі мен махаббаты, арман-шері, ақын-азамат ретіндегі ұстанымы мен көзқарасы, адамгершілік позициясы мен принциптері, еңбегі мен ізденісі алақандағыдай көрінеді. Сондай-ақ, өзі өмір сүрген орта, қоғам, билік, саясат, таптық, топтық идеялар мен идеология, бір заманның , бір мемлекеттің, тіпті бір ғасырдың бет бейнесі, бедері, қайнарлар мен құйылыстар… ап-анық атой беріп тұр. Осы бір ғана кітаптан автордың өмірін ғана емес, қаймана жұрттағы аз қазақтың, соның ішінде, әсіресе, «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды атам» деп күрсіне күн кешкен тарпаң тағдырлы «қаламгер» деген қауымның жүрек лүпілі, қасірет-қуанышы, баланың ойыны, бақсының жынындай «ойыншық саясаттар» соққысында жабыдайын жалтаңдап күн кешкен соры мен бағы… Сонда да бабадан қалған тектілікті, қандағы қазақы рух пен тілдегі құнарды жоғалтпаған жанкешті тірлігін көреміз, сүйсінеміз…


Бақсақ, шетте жүрген қазақ қаламгерлерінің шығармашылығы да төл әдебие­тіміздің туу, даму, өркендеу, толысу, тоқырау, адасу, қайта өрлеу-кезеңдерін бастан кешіпті. Қазақ әдебиетіндегі ақ көкірек аңғалдық, сәби сенгіштік, алғаусыз ақ көңілмен берілгендік, жатты жақын, сорды бақ деп қабылдаған, қуанған… кезеңдерін бастан кешіпті. Ақындық тегінен, топырағынан, ана сүті, әке қанынан дарыған қаршадай қыздың алғашқы өлеңдері қандай еді? Сол дархан даласындағы мөлдіреген саф сұлулықты ғана жыр етіп, таңда сайраған бармақтай ғана құмыр құстай бір армансыз шағы болған. Жаны, ойы, сезімі еш кіршіксіз. Билік, қоғам, орта, сана, болмыс-дегендердің ықпалын сезінбеген кезі. Сол кездегі өлеңдері қандай мөлдір, қандай таза еді. Аз болса да, азат еді.
– Көңірсіген күнгейде жауқазын тұр
Қос құлағын қайшылап едірейген, –
көрдіңіз бе, жас ақынның жауқазыны да мынау қым-қуыт дүниеге таңдана, үдірейе қарайды.
– Сағынып елге жетті сарала үйрек.
Жапырақ желбірейді, гүлдер билеп.
Ұзады қара бұлттар керуені
Жүктерін артып алып түйдек-түйдек
– Далада бұлдырайды ойнап сағым
Сағыммен жарысады қозы-лағым.
– Күлімдеген күн нұрымен оянып,
Алаулаған гүлмен бірге ашылған, –
періште жырлар. Жоқ! Ақынның тап-таза табиғат перзенті болып қалуы мүмкін емес екен. Қоғамдық орта, қоғамдық билік, қоғамдық қалыптар мен форматтар, бұлжымайтын заңдар мен нормалар келіп араласқанда, бәрі өзгерді. Қоғамдық сана билік құрған кезден бастап, ішкі сана тұншыға берді. Өлең ақынға емес, ақын өлеңге әмірін жүргізді. Жүрек ақынға емес, ақын жүрекке билік етті. «Сен соны жырлауға міндеттісің» деді.


Бұл қандай саясат? Қазақтың еңсесі көтерілмесін, бойы өспесін, қой мен көңнен арғыны ойлай алмасын дегендік қой. Қазақ баласы оқыса, ұшқыш, инженер, ғалым, депутат, мұғалім бола алмай ма? Осы саясаттың астарында сұмдық жатқанын Олжас алдын ала аңғарды. Міне, Қытайдағы «төменге түсу» осы саясаттың жалғасы. Ақын жүрегі де, жыры да әлі секем алар емес. Отан үшін отқа түсуге бар.
– Қағазым – жер, кетпен – менің қаламым.
Таулы жерге қоныстану талабым.
– Дихан атам алға бастап келеді
Кең атызда маған дәріс береді.
– Абзал ұстаз қарт диханның қолынан
Мен өмірлік мол тәрбие аламын, –
дейді боран өтінде ыққан еліктей үркек жыр. Иә, дүниеде екі нәрсеге адам уланбасын. Ол ақыл-санасын жаулап алған адамнан қорқынышты ешнәрсе жоқ. Оның біріншісі – дін, екіншісі – идеология. Әсіресе, нәзік жанды рухани дүние адамдары – ақындарды жапырып кетті. Тіпті Қытайдың өзінің жаңа толқын, жас ақындарының, еркін, азат ойдың ақыны Хайзы ызалы мысқылмен:
– Бәлем, ертеңнен бастап бақытты адам болайын
Егін егіп, кетпен шауып, тыңнан арық қазайын, –
деп, жазды да, небары 25 жасында өзіне-өзі қол салды, өзін-өзі поезд астына лақтырды. Сергелдең саясатқа осылай тосқауыл болғысы келді.
Бұнымен де тоқтап қалған жоқ. Өлеңінен «ұлтым, қазағым, жерім» деген бір өксік естіліп тұрған қазақ қаламгерлерін әр нәрсені сылтау етіп, «жаттың шегесі», «екі жүректілер» деген ат қойып, айдар тағып, иен далаға, құмды, шөлді аймақтарға, арысы – Такламакан, берісі – Тарымға жер аударды. Қытайдағы аз қазақ қаламгерлері өрт шалған қамыстай жапырылды, балапан-басына, тұрымтай-тұсына кетті. Деген жыр туатын, шабытты, жалынды жастық өмірдің жиырма жылы құм-шөлде, ауыр еңбекпен жаншылған рухпен өтті. Осы кезеңін ақын:
– Жайнап өскен гүлдерімді
Сол бір дауыл ұшырғандай.
Бірімізді Тарым айдап,
Айдалаға ысырғандай.
– Мен де кеттім, атыз-қағаз.
Кетпен, күрек-қаламым боп.
– Қайғы-нала бәрін көрдік
Көз жасымыз бір құрғамай
– Сор кешкен жиырма жыл өте шықты.
Саналы ғұмырының жиырма жылын елдің шеті, желдің өтінде, кетпен шауып, жер қазып өткізген, сонда да қолынан қаламын бір түсірмей, өзі өткерген сұрқай өмірдің сұрғылт суретін айнытпай кестелеп отырған ақын-ана еді ол. Өзінен бұрын өзіндей ақын жарының қамын ойлап, «Сол сынып кетпесінші, сол өзін-өзі жоғалтпасыншы» деп, жауырды жаба тоқып, жоқты бар етіп, соңғы талшықты жары мен баласының аузына тосып, өмірдің жылуы жоқ кезде, жары мен балаларын әйелдік, аналық мейірім-махаббатымен жылытқан әйел-ақыннан, ана-ақыннан айналсақ болмай ма?! Сор кешкен, бейнет кешкен жиырма жыл ақын әйелдің жастығын, жалынын, ажарын алды, бірақ қаламын ала алмады. Сүреңсіз жылдар өз ізін салып кетті, бірақ ақын санасына түрткі түсірді. «Япыр-ау, біз кімбіз осы, кімнің жырын жырлап, сойылын соқтық? Кеше кім едік, бүгін кім болдық?!» деген сан сұрақ мазалайтын. Ақын жыры енді салихалы бір арнаға түскендей. Заман дауылы да тынып, еркін тыныстай бастаған. Өзін қайта тапқандай. Қанша қуғын көрсе де жоғалтпаған тектілік, қазақы рух деген құдірет қанында ойнап шыға келді. Бір кезде өзі «ескі дүние» деп ат тонын ала қашқан болмыспен сағына қауышты. Ата жұртын, сол жұрттағы қазақы тектілік пен қасиетті, баба жұртындағы батырлықты, даналық пен шешендікті, Сарыарқасын, Барқытбелін жыр етті. Қасиет сол «кәрі дүниеде» қалғанын ұқты. «Қазан-аяқтан құтылдым-ау» дегені бер жағы, ұранға үн қосқаны екен. Патша болып кетсе де, әйел затының құты, берекесі, киесі-отбасы, ошақ қасы екенін де егіле еске алып, қайта қауышты. «Қазан», «Дастархан», «Шыны-аяқ», «Бес мүше», «Сүйек» өлеңдері осының айқын айғағы.
Ақын шабыты мен білім танымының көкжиегі бірте-бірте кеңи түсті. Тек бір аймақтың не өлкенің ғана емес, енді исі қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үн қосты. Қытай қазағының ғана емес, исі қазақтың атынан сөйледі:
– Келіппіз-ау лағы болып көкпардың
Бері қарай сонау үйсін, ғұндардан.
– Сол жұлдыздар құлап түскен жерлерде,
Жауқазындай жыр шашылып қалыпты.
– Баға жетпес асыл жырды таптым мен
Сонау жатқан Камчатка мен Сібірден.
– Сүргін көрген жазушы мен ақынның
Құмға сіңген жырын іздеп үңілдім.
– Кетті жырлар кісенделіп, айдалып.
Бүкіл өмірі күрес пен еңбектен, ізденістен, шынайы өмірді суреттеуден тұратын ақынның өмірден алған өз сабағы, түйген түйіні, ұрпаққа айтар өнеге-өсиеті бар. Афоризм десе де, тәрбие тәмсілі десе де артық болмас, сәл-сәл пәлсапаға, сәл-сәл дидактикаға құрылған егіз жолдары бар:
– Мансап, атақ, мәртебе орнағанда,
Босағаны ұмытпа төрлегенде.
– Артық күлкі аздырады адамды,
Артық астан асқазаның бұзылар.
– Суын ішкен құдығыңа түкірме,
«Дәм атады» дейтіні бар халықтың.
Өлеңдері толысқан сайын кемелдене, кемерлене түседі. Ақын сыртқы дүрмектен арылып, «ішкі менінің» дауысы еркін, дара шыға бастаған кезі оның «Сүйек», «Тіл қатады қара тас», «Пенде жоқ қой», «Сарыөзен», т. б. өлеңдерінен анық көрінеді. Сыртқы техникалық дыбыстық үйлесім мен ішкі сыр мен сезім (ақынша айтсақ амалия мен назария) жымдаса өріліп тұр. «Ұлтым, ұраным, Алашым» деп аттан салмаса да, әрбір қарапайым деталь мен натурадан қазақтың қазақы болмысын, қазақы тектілік пен қазақы салт-сананы сағына жоқтайды:
– Тарғыл тастар көз тігіп бажыраяр
Тасжарғанды киіп ап бастарына.
– Тас мұсіндер өткеннің өшпес ізі
Сахараны күзеткен сағым-адам.
– Қоңыр тасқа салынған қоңыр аңдар
Қоңыр елдің жайынан хабар беріп.
Сондай-ақ қарапайым ғана қызыл, сары сын есімдерін ойната құбылтып, қазаққа тән қаншама қасиет, мінез, ырым-тыйымдарды баян етеді.
– Қызыл шапақ сағыммен сылаңдатқан.
Қызыл арай таң атса сыр аңдатқан.
Бар тіршілік бөленіп қызыл нұрға
Жүгіреді бойыңа сылаңдап қан.
– Қызыл оты халықтың қысырамай,
– Қызартып кеп оң жағын келін түссе,
Қызыл танау болысып қызықтаған.
Осындағы қызыл шапақ, қызыл арай, қызыл оттың қысырауы, оң жақты қызартып келін түсу, қызыл танау, қызыл көз тіркестері, «Сүйек» өлеңіндегі:
– Сөз қуса да сүйекке жығылады.
Сол сүйектен талайды ұғынады.
– Әр нәрсені сүйектен көп сынайды.
Сүйегінен бәйге атын топшылайды.
Жөнің білмек болса егер біреулердің,
«Сүйегің кім, қарағым»,-деп сұрайды.
– Сый-құрметтің үлкенін біздің қазақ
Көрсетеді кәделі сүйекпенен.
– Бабам үшін жұрағат сүйек-шатыс
Баба салған сол жолмен жүріп келем.
– Өлшемінен өмірдің оғат кетіп,
Сүйегіңе таңба боп басылмасын.
Осы бір ғана өлеңнен қазақтың келмеске кетіп бара жатқан салтын ғана емес, сөзін көресің. Осындағы сүйекке жығылу, сүйектен ұғыну, сүйектен сынау, сүйектен топшылау, сүйегің кім, кәделі сүйек, сүйек-шатыс, сүйек­ке таңба тіркестерінен сонау ата қазақтың тілдік құнарының сүмесі сорғалап, қаны тамшылап тұрған жоқ па.
Хамзақызының бүкіл шығармашылық ғұмырын 4 кезеңге бөлуге болады. 1. Ақындық. 2. Педагогтік. 3. Әдебиеттанушы, сыншы-зерт­теуші. 4. Қайраткерлік, тілші-журналистік. Хамзақызы – табиғатынан тамаша педагог. Қаншама өлеңдерінде шәкіртіне деген аналық, ұстаздық сезімдері телегей-теңіз. Тек балаларға арнап ұғымға жеңіл, жаттауға оңай, баланың тілі мен ақыл-ойын дамытатын өлеңдері бар. Мысалы, «Мысық», «Қоян», «Аспан ата», «Тыныс белгілері», «Бес мүше» өлеңдері, жұмбақтар, «Екі бақа», «Екі лақ» мысалдары, «Тазша бала», «Шегедек» аңыз, аңыз дастандары бар. Өзі жоғары оқу орнында сабақ бере жүріп, қазақ балаларына арналған бағдарламалар мен оқулықтар жазған екен. Қазақтың халық педагогикасын өзінше зерт­теп бесік жыры, мақал-мәтелдердің бала тәрбиесіне қатысты жағын ашады. Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Макаренко, Ушинский еңбектеріне терең үңіле зерттеп, өзіндік тың пікірлерін айтады. Балаға арнаған өлең, мысал, жұмбақ, ертегілерінің аяқ жағында бүкіл айтайын деген ойын, тәрбиелік түйінін жалғыз шумақпен Ахметше, Абайша түйіндеп отырады. Мысалы: «Қоян» өлеңінде:
– Ақша қарда, балалар,
Қоян қуып ойнайық.
Қоянжүрек болмауды
Бала кезден ойлайық.
«Екі бақа» өлеңін:
– Болашағын көре алмаған
Кейін қарай шегінеді.
Мұраты жоқ табансыз жан
Дәл осылай жеңіледі, –
деп аяқтайды.
Және бала тәрбиесі жөніндегі батыл ойларын үнемі баспа бетінде жариялап тұрды. «Қазақ балалары қытайша, ұйғырша оқиды, неге өз ана тілінде оқымайды?» деген мәселеге батыл үн қосқаны үшін үкіметтің қырына да ілінді…
Хамзақызы ақын болмағанда, тамаша зерттеуші-ғалым, әдебиет сыншысы болар ма еді. Әбден мүмкін. Өйткені аз еңбектерінің өзінен ұшан-теңіз білімі, сыни-зерттеушілік қабілеті көрініп тұр. «Кісі айтпаған сөз бар ма?» деп Абай айтпақшы, Абайды айтпаған кісі бар ма? Бірақ Хамзақызында Абай мүлде басқа қырынан зерттеледі. «Абай және Шынжаң қазақ әдебиеті», «Абайдың әйелге көзқарасы». Біз Абайдың әйелге көзқарасын «қыз сөзі», «жігіт сөзімен» ғана безбендейміз ғой көбінесе. Ал біздің авторда Абайдың әйел­ге тек, сұлулық, махаббат, сезім жағынан ғана емес, әйелге деген қамқорлық, аялау, аяу, оны қорғау, қорламау, оның бостандығы мен хұқығы жөнінде өлеңмен де, заңмен де, дінмен де күрескенін жазады. Сол секілді әл-Фараби еңбектеріне батыл зерделеу жасап, оны әдеттегідей «ұлы, керемет» деп жалаң мақтамайды. Онда айтылған көп ойдың біздің қазақ даналығында баяғыда-ақ айтылғанын дәлелдейді. Неткен батылдық! Автор әл-Фараби арқылы қазақ даналығын ашып отыр. Кереметтің бәрін шет елден іздеп, қазаққа титтей жақсылықты қимайтындар, оны тек өзгеден үйренуші, еліктеуші санайтындар осыны оқысын. Бұл – бұл ма? Автор әл-Фараби мен Абай сабақтастығын ашады. Фарабиде айтылған көп даналықтың Абайда да бар екенін дәйектейді. Фарабидің «Өлең қағидалары туралы трактат» деген еңбегін саралап, зерделей отырып, ақындарды үш топқа бөлгенін айта келіп, өзі де өз замандас ақындарын үш топқа бөліп, бағалап шығады. Қай саладағы еңбегін оқысаңыз да автордың терең білімі, зерделі алғырлығы, ізденгіштігі, теория мен практиканы батыл байланыстыратыны көзге ұрады. Сонау Макаренко, Ушинский, Белинс­кий, Толстой, Достоевский, Чехов, Герцен, Горькийден бастап, қазақ классиктерінен замандас қаламгерлерге дейін біледі. Қытайдағы танымал қазақ ақыны Таңжарықтың өлеңдеріне, оның көркемдік әдіс-тәсілдеріне тамаша талдау жасайды. Тіпті өзінің өмірлік қосағы, ақын, этнограф, ғалым Зейнолла Сәніктің «Басбай» романына сыни талдау жасап, кейбір кемшіліктерін де батыл айтады.
«Арғы тауға-асумын, бергі тауға-белеспін» деп өзі айтқандай Хамзақызы арғы бетте күрескер, қайраткер, ағартушы, бергі бетте әдебиет пен мәдениеттің жаршысы, қоғам белсендісі, журналист-публицист. Тамаша бір адами қасиеті – өзгенің бәрін өзінен жоғары қояды. Солардың мәртебесін көтеруге, солардың жақсылығын жар етуге асығады. Арғы бетте жүргенде де ата жұрттағы төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бар тыныс-тірлігін, жүрек соғысын қалт жібермей, әр тамаша туындыны сағынып, табынып оқыды. Оқып қана қоймай, өзі талантына бас иіп, сүйіп оқитын ақын-жазушылармен алыстан ат арытып іздеп келіп, танысып, жүздесіп, қолын тәу етіп, қолтаңбасын алды. Қазақ әдебиетінің қара нарлары Ғабең, Сәбеңмен сол жақта-ақ студент кезінде кездесіп, гүл ұсынып, кітаптарын өз қолтаңбаларымен алса, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, Рахымжан Отарбаев, Асанәлі Әшімов сияқты әдебиет пен өнер тарландарын өзі іздеп келіп, қолын алды. Бұл да бір өте сирек қасиет қой. Қазіргі қазақ қаламгерлеріне деген құрмет сонау бір өткен ғасырдың 60-70 жылдарда бізде де осындай еді-ау. Сыйға кітап тартатын, бір-бірінен кітап қалайтын немесе ұрлап алатын, сол үшін ренжісетін, үйге келген қонақ алдымен кітап сөресін қарайтын кез еді-ау ол. Қазақтың рухани дүниесі әлі кір шалмаған періште шағы еді-ау. Ал қазір бірін-бірі сағынып, табынып жоқтамақ тұрсын, бірін-бірі оқи ма, мойындай ма? Тек өзін ғана сүйіп, өзін ғана тамашалап өтетін нарциссизм ауруына шалдыққанымыз қашан. Ал қазіргі «муза патшайымдарымыздың» басы қосыла қалса, жалғыз мақтаны – Ақ теңіз, Қара теңіз. Дубай. Бірде бір жас келіншек: «Һюррем сұлтанның, Сұлтан Сүлейменнің мазарын көрдім», – деп жер-көкке сыймай отырды. «Әй, сіңілім, сен Абайдың мазарын, Еңлік-Кебектің моласын көрдің бе?» – деп едім, үнсіз қалды. Ал Хамзақызының сапар картасына көз салыңыз. Алтайдан – Атырауға дейінгі аралықтың орман-көлін, тауын-тасын, құмын-шөлін, киелі орындарын, бай-бағлан, батыр-хан, би-шешендерінің мазарларын, музей-үйлерін армансыз аралайды, ақындық, перзенттік жүрекпен жыр арнайды. Тек тамашалап қана қоймайды, өзіндік ой-пікірін де батыл айтып, жазып отырады. Осындай журналистік сипаттағы әлеуметтік-танымдық мақалалары баршылық. Мысалы, Көкшедегі Абылай хан мұражайына барған сапарында мынандай кемшіліктерді қынжыла жазады:
1) Қабанбай батырдың суреті ілінгенімен, ол туралы жазылған бірде-бір кітап, баспасөз материалдары қойылмаған. Ал қасында тұрған Бөгенбай батыр тұр, ол туралы кітап та, газет-журнал материалдары да жоқ. Жауға қарсы тізе қосып, бірге шапқан екі батырдың әруағы алдында да рушылдық, жершілдік иісі аңқиды.
2) Музей қараусыз, қамқорлықсыз, төбесінен тамшы ағып тұр. «Қолдан жасалған» ауыл-үйдің батырлары бар да, нағыз жауға шапқан, қан төккен Дәулетбай, Шынқожа, Есенкелді, Жәнібек, Байқозы батырлардың аты да жоқ.
3) Оқжетпес, Абылай, Маржан қыз, Жеке батыр, Жұмбақ тас, ақ бураға байланысты тамаша аңыздар ескерілмеген. Қытайда болса мұндай мұраларды тасқа қашап жаздырып қояды.
4) Жер аттары әлі орысша, – деп жазады.
Сол секілді Жібек жолы бойындағы көне қалалар: Тараз, Үргеніш, Отырар, Сығанақ, т. б. шаһарлар тарихына қатысты тың деректер жазады. Аңсап көрген ата жұрттың жер-суын, тауы-тасын, өзен-көлін, табиғатын, тарихын, экологиясын, флорасы мен фаунасына дейін әйелге тән емес ерекше зеректікпен суреттеп жазады.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті» деп Абай айтқандай, Хамзақызының үш қасиеті – тума таланты, тынымсыз еңбегі, қандағы қазақы тектілігі.

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір