АЛМАНЫҢ ОТАНЫ – АЛМАТЫ
24.09.2020
897
0

Әр жылы қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда қала күні тойланады. Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан осынау әсем қала қашанда өзінің көркімен тамсандырудан танған емес. Біздің заманымызға дейінгі VII ғасырларда бұл маң сақтардың, кейіннен үйсіндердің мекені болғаны туралы деректер бар. Оның дәлелі ретінде сол кезеңнің көптеген қорғандары мен қамалдары сақталған. Есік қорғанынан шыққан құндылық – «Алтын адам» да келтірілген деректерді дәйектейді. X-XIV ғасырларда Ұлы Жібек жолының бір тарабына айналған шаһардан осы кезеңге тиесілі «Алматы» атауы жазылған жәдігерлер көптеп табылған.
Бертін келе 1854 жылы Ресей үкіметінің Верный әскери бекінісінің құрылуына орай Верный атауына ие болған қала, 1865 жылы 11 сәуірде Алматинск аталып, осы жылы «Дала комиссиясының» шешімімен қайта Верный атауын иемденеді.
Алматы әуелден алманың отаны саналады. Соған сәйкес, 1921 жылы Верный атауын Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданған. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Сібір теміржолын салу ұйғарылып, Түрксіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуына ықпал етті. Нәтижесінде, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілді. Ал Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді. Қазақстанның тұңғыш Президентінің шешімімен 1997 жылы ел Елордасы Алматы қаласынан Астанаға, яғни қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырылды.


Алматы қаласында сегіз аудан бар: Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Медеу, Түрксіб.
Шаһар сондай-ақ: қалалық мобильділік, білім, спорт, қоғамдық денсаулық сақтау, дін істері, жер қатынастары, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық даму, мәдениет, қала құрылысын бақылау, туризм, тұрғын үй саясаты, т.б. секілді 20 басқармадан тұрады.
Қала басшысы – әкімді Мемлекет басшысы тағайындайды. Қала әкімінің бес орынбасары бар. Қазір қала әкімі қызметін 2019 жылдан бері Бақытжан Сағынтаев атқарып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қалада жеті әкім ауысты:

1992-1994 жылдар арасында – Заманбек Нұрқаділов;
1994-1997 жылдары – Шалбай Құлмаханов;
1997-2004 жылдары – Виктор Храпунов;
2004-2007 жылдары – Иманғали Тасмағамбетов;
2008-2015 жылдары – Ахметжан Есімов;
2015-2019 жылдары – Бауыржан Байбек әкім болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір