ЗИЯНДЫ ДАҒДЫЛАРМЕН КҮРЕСУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
13.11.2015
2049
0
378903_121039735_________Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде болашағы жарқын жастардың дені сау, рухани әлемі бай, этикалық және эстетикалық құндылықтарын жоғары етіп тәрбиелеуге бағытталған көптеген оқу-тәрбие, мәдени-ағарту шараларын «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап»,  «Саламатты дене мәдениеті»,  «Айналаңды нұрландыр!» жобалары  аясында өткізу жақсы жолға қойылған.

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев барлық қазақстандықтарға жолдаған «Қазақстан –2030» бағдарламасында халықтың салауатты өмір сүруіне қол жеткізу үшін негізгі үш бағытта күрес жүргізу керек деп атап көрсетті. Олар: Темекі шегуді тоқтату. Нашақорлыққа, наркобизнеске қарсы күрес.  Маскүнемдік пен араққа қарсы күрес. Адамзат дамуын тежейтін бұл құбылыстардың қай-қайсысы болса да, жастарды қиын да қайғылы жағдайға әкеліп соқтыратын  құмарлық кесел. Сондықтан  аталмыш бағытты басшылыққа ала отырып шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұжымы  «Саламатты дене мәдениеті» жобасы аясында  «Зиянды дағдылармен күресу – денсаулық кепілі» тақырыбында кафедра оқытушылары Магүлсім Жаңабекова мен Құралай Кенжехановалардың ұйымдастыруымен «Шетел филологиясы» мамандығының 1 және 2 курс студенттері арасында  ағылшын тілінде тәрбиелік  кеш  өткізді.
Кештің мақсаты – студенттерге адам организміне деген ішімдіктің, темекінің, есірткінің әсерлерінен мағлұмат беру. Залалды дағдылардың алдын алуға себебін тигізетін кейбір нұсқаулардан студенттерді хабардар ету. Студенттерді өз ортасында зиянды дағдыларға: темекіге, ішімдікке, есірткіге, улы заттарға (токсикоманияға) қарсы күрес тақырыбын ағылшын тілінде оқып, талдап, өз ойларын жеткізе білуге қалыптастыру, алдын алу шаралары бойынша әңгіме өткізуге үйрету.
Кеш бағдарламасы үш зиянды құбылыс аясында қарастырылып, студенттер тақырыптық топқа бөлініп өз пікірлерімен бөлісті, презентациялар көрсетті, викториналық сұрақтар ұйымдастырды. Алғашқы кезеңді «Smoke» тобы бастап, темекінің шығу тарихы және оның түтінінің қоршаған ортаға,  адам организміне әсері жайлы түсінік берді. Одан кейінгі кезеңде «Аlcohol» тобы алкогольді ішімдіктер, олардың организмге деген әсері және  себептері туралы талқылады. Соңғы кезең «Drug»  тобы есірткі заттарға деген тәуелділік факторлары және олардың түрлері  туралы айта келе, жастардың зиянды дағдыларға үйірсек болмауы үшін қандай шаралар жүргізу керек екенін  ортаға салып, көпшілік пікірін саралады.
Кешті жүргізуші Толқын Абдуназарова зиянды дағдылар жайында мәлімет  беріп, ал топ мүшелері соған сәйкес атауды тапты. Викториналық сұрақтарды шешуде, жағымды дағдылар туралы  мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді ағылшын тілінде айтып жарысуда, осы кешке қатысып отырған 4 курс студенттері Ақерке Мейірбекова мен Балжан Жақановалар белсенділік танытып, іс-шара мазмұнын толықтыра түсті. Осындай игі шаралар  бәсекеге қабілетті еліміздің жастарын саналы да саламатты өмір сүруге тәрбиелері сөзсіз.
Кеш соңында шетел филологиясы және аударма ісі кафедра  меңгерушісі Данель Қарағойшиева, «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының жетекшісі Ләйла Мұсалы және кафедраның бас эдвайзері Эльмира Бектұровалар  студенттерге зиянды дағдылардың басты себептерін білмеудің нәтижесінде жасөспірімдердің жағымсыз құбылыстарға еліктеп, өмірден соққы жеп қалатындықтарын, ондай дағдылардан аулақ болуға осындай кештердің әсер ететінін айтты.

Шетел филологиясы және аударма ісі
кафедрасының оқытушысы

Магүлсім Жаңабекова.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір