Тылсым өнер таланты
10.09.2020
1298
0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алпысбай Қазығұлов – қазақтың бейнелеу өнерінде өзіндік стилі қалыптасқан, танымал суретші. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды меңгерген суретшінің ең басты шеберлігі шынайылығында жатыр. «Әжемнің үйі», «Асауды ауыздықтау», «Шарын шатқалына шығу», «Ыстық күн», «Күтпеген кездесу», «Дала әуені» сынды басқа да картиналары тамашалаушысын таңғажайып әлемнің тұңғиығына бойлатады. Алпысбай Қазығұловтың төл тумаларында бейнеленген шынайы өмір көріністері – хас шебердің қылқаламына ғана тән, өзіндік мәнерімен берілген сезім мен сырға толы нағыз өнер туындылары. Сондықтан болса керек, суретші шығармаларында терең білім, тағылымды өмірлік тәжірибемен қатар, қылқалам иесінің жан тебіреністері мен көркем әлемі де сайрап жатады. Кәсіби шеберлігін айтпағанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестіреді.
Мәселен, «Аламан бәйге» туындысында қиқулаған жұрттың сәті бейнеленген. Кімнің бәйгеден бірінші келетіні белгісіз сәт. Сытылып шығып, топтан оза шапқандардан ешкімнің қарасы көрінбеген кез. Бірақ картинада ғажап қозғалыс байқалады. Қозғалыстың керемет көрінетіні сол, аламанның ішінен оқ бойы озып кетуге бар жанымен арпалысқан ат үстіндегі шабандоздардың образдары әдемі ашылған. Картина аттың дүбірін құлағыңызға әкеледі. Дархан дала шаңының иісін сезесің.

Аламанға қатысушылардың іс-қимылы мен жан дүниесі бір бағытта, бір мақсатта өрбіп бара жатқанына қарамастан картинада әр адам өзіндік келбетімен, өзіндік қозғалысымен көрінеді. Бейнелеу өнеріндегі типтендіру принципі дәл осы жерде байқалады.
Образдарды ашуда суретші екіұштылыққа ұрынбайды: картинадағы қаптаған образдарды бір-бірімен шатастырмайсың. Әр образ өзінше кесек өрілген. Мұның өзі картинаға монументалдылық пен динамика бере түскен. Аталмыш картинада көмбеден ең алдымен көрінуді мақсат тұтқан әр кейіпкердің сезімге толы толғанысы мен ішкі жан дүниесі, психологиялық иірімдер дәлдікпен берілуі шығарманы үлкен үйлесімділікке жетелейді. Ұлт­тық ерекшеліктер табиғатын жете түсінетін суретші бұл картинада қоңыр түсті көбірек қолданғаны да сәтті шыққан. Қоңыр тірлік пен қоңыр мінезді өмірінің өзегіне айналдырған қазақ халқының ұлттық додасын жазу процесінде суретшінің түс таңдаудағы бұл қадамы да картинаға келісті иірім беріп тұр.
«Көшпенділер» картинасы. Бағзы замандарда көшіп-қонып, тар заманды кең қылып жүретін ата-бабаларымызға тән жайбарақат өмір туындының тұла бойынан бірден байқалады. Суретші бұл картинаны жазу арқылы кең байтақ жазира даланың сұлулығымен қоса өмірлік философиясын түсіндіруге талпынған. Көрікті көштің ішінен астындағы атында мығым отырған ақ жаулықты ананың бейнесі анадайдан көзге оттай басылады. Мұның өзі дала даналығындағы сұлулық пен эстетиканың құдіретін көз алдыңызға әкелгендей әсер қалдырады.
Картинаның дәл орта тұсында ақ түсті ерекше қолдану арқылы суретші картинада салиқалылық пен парасаттылық образын аша білген. Көштің көркін келтіре түскен кейуананың образы сондықтан да кіршіксіз орындалуымен таза көрінеді. Көштің тұтастығына жауап беретін басшы ердің де образы сезімталдықпен жазылған. Оның ат үстіндегі қозғалысынан ішкі иірім сезімін айнытпай танисың. Осы психологиялық тебіреніс сюжеттің болмысын барынша тереңдете түседі. Кейіпкерлердің ішкі арпалысы картинада алабөтен айшықпен өріледі. Соның әсерінен әлгі монотонды қозғалыстың өзі керемет динамизге ұласатыны да – суретшінің сәтті шешімі.
«Аң аулауға шыққан хан» картинасынан сюжетке тылсым бір күш беретін ырғақ энергиясын сезінесің. Хан мен оның нөкерлерінің аң аулау­ға шығардағы адами болмысы мен қуаныш сезімін ең алдымен анау топ алдында жүгіріп бара жатқан тазының қозғалысынан танисың. Осындай деталь арқылы ішкі иірімдерді бүге-шігесіне дейін живописьте көрсету көп суретшілердің қолынан келе бермейтіні тағы рас. Оның арғы жағында атына қамшы салып, шапқылап бара жатқан хан нөкерлерінің бірі де тазы беттеген жаққа қарай зулайды. Әуеде олжасына қарай оқтай атылған бүркіт үшеуі бір ритмге бағынғаны байқалады. Ырғақ энергиясы деп отырғанымыз осы. Бұл үш образдың аңшылықтың қызығына әлден беріліп кеткен тұсы суретші картинасында әдемі монолит құрап тұр. Динамикалық шешім картинаны тұтас бір қозғалысқа түсірген.
Картинаның топтық образы (нөкер, бүркіт және тазы) аң аулауды шартты рефлекс ретінде қабылдайтын субъектілер ретінде көрінсе, ал аң аулауға шыққан ханның ойы – көңіл сергіту, сейіліп қайту. Дәл осы жерде де суретші хан бойындағы тектілік қасиеттерді қапысыз көрсетуімен адами категорияларды терең білетіндігін танытады. Живописьтегі осындай қозғалыс алгоритмін кеңістік пен түсті жүрек түкпірінде алабөтен сезіне алатын суреткер ғана жасай алады.
«Айша бибі мен Қарахан» – тарихи тақырыпқа жазылған еңбек. Ғашықтардың тарихта басы қосылмайтынын суретші картинаның басты лейтмотиві етіп алған. Бейнелеу өнерінде жасырын тұратын сюжеттің астарынан әдемі образдар өру – қиынның қиыны. Алпысбай кейіпкерлердің ішкі алай-дүлей толғаныстарын түстердің композициясын шебер пайдалана отырып, әдемі орындап шыққан. Ақ боз атта отырған, тал бойында бір мін жоқ Айша бибінің текті жерден шыққанын суретші техникалық орындау тұрғысынан да, түстердің колориттік үндестігі тұрғысынан да тамаша үйлестірген. Суретші картинада кескіндемешілер «а-ля прима» деп атайтын ерекше тәсілді пайдаланған. Живописьте кенепке ең алдымен бояудың жұқа қабатын жағып, одан соң кесек мазоктар кезек алатын бұл техниканы автор осы картинасында тиімді де орынды қолданған.
«Аптап» картинасынан сүйірлене аспанға атылған садақ оғы секілді құйындай жөнелген бойжеткеннің мынау ми қайнатар ыстықта тек бір ойдың құрсауында кетіп бара жатқанын сезесің. Ол ауыл шетіндегі көлге жеткенше саршатамыздың аптабына шыдар емес. Көл үстіндегі көлбеңдеген сағым қыз жанарына іліккен ілкі сәтті суретші шеберлікпен сенің алдыңа жайып салған. Аптыға жүгірген қыздың енді бір кезде көл бетінде аққудай қалықтап, тәні мен жаны рахатқа бөленетінін алдын ала білесің. Бұны артқы планда қызға қызыға қарап тұрған ат үстіндегі жігіттің силуэті де растай түседі. Хас шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік мәнермен берілген сезім мен сыр өнер туындысының эмоционалдық амплуасын кеңейте түскен. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды меңгерген суретші туындысының ең басты құндылығы шынайылығында екеніне кәміл келісесің.
Ибалық пен нәзіктік қатар өрілген қазақ қызының бойынан ер-лік пен батырлық та табылатынын жақсы білетін автор «Дала аруы» картинасында кейіпкер портретін сондықтан да ат үстінде әспеттеген. Ақ боз атты ерттеп мінген бойжеткен бақытты болашағына асыға қамшы салдырып бара жатқандай әсер қалдырады. Сосын сен де суретшімен бірге сол қиял мұхитында бірге жүзуге еріксіз көнесің. Өйткені, суреткердің ғажап қиялы сені де қоса ертіп әкетеді. Сен өнердің құдіреттілігіне сөзсіз сенесің, өнердің мәңгілігіне имандай иланасың.
Автордың парасатты палитрасы дала аруының жүрек түкпіріндегі нәзік те сүйкімді иірімдерді картинадағы асау қозғалыстың қатпарларынан іздеуге мәжбүрлей түседі. Суретшінің қайталанбас қолтаңбасы мен дербес шеберлігін сауатты композиция мен пайымды параллельден бірден табасың. Картинамен біте қайнасып кеткен сен сезімге толы романтикалық қатынастардың даму кезеңдерін басыңнан өткересің. Дала аруының ішкі жан дүниесі табиғатпен тұтас бірігіп кеткені жаратылыс пен адам арасындағы қастерлі қатынас туралы ойларға жетелейді.
«Көкпар» картинасы живопистің лирикалық ағынан жарылуының нәтижесінде туған туынды екені оның өн бойынан көрініп тұр. Тіпті көкпар тартып бара жатқан жігіттердің делебені қоздырар ұлттық ойыннан алатын ләззатын суретші өте нәзік экспрессивтік импульспен жеткізе білген. Адам көңіл-күйінің сан батпан қатпарларына терең үңілетін суреткер ғана натура мен өз сезімін ұштастыра алады. Картинадағы қызғылт бояудың қоюлығы динамика мен түстің гармониясын аша түскен. Бұл өз кезегінде кеңістіктегі керемет сюжетті одан сайын айшықтандырады. Осылайша, суретші өзінің творчестволық түпкі мақсатына философияны зерттеу жеке заттардың қасиетіне бойлау арқылы олардың ортақ қасиетін игеру деп есептейтін Аристотельдің схемасы арқылы жеткені сөзсіз.
Өнер туындысын оқи білетін адам «Көш» картинасында суретші үштаған кеңістікті ашу жолында өмірдің қасқағым сәтін бейнелеу тәсілі мен мұқият аяқтап жазу әдісін мінсіз орындағанын байқай алады. Ең сүйсінерлігі, картинадағы Алпысбайдың үштаған кеңістігі образдардың бір-біріне мүлдем ұқсамауына да жол ашып берген. Нар жетектеген жас жігіт, түйе үстінде отырған егде адам, қолына бүркіт қондырған атты кісі, көшті жаяу бастап келе жатқан көшбасшы, ең аяғы артқы пландағы белгісіз кейіпкер – бәрі-бәрінің сырт тұлғалары бір-біріне қалай ұқсамаса, олардың ішкі толғаныстары да әртүрлі екенін суретші басты кеңістіктегі кейіпкерлердің осанкасы арқылы жеткізген. Бұны әсіресе, қас қарая бастағанда нар үстінде қорқыныш билеген қарияның отырыс сұлбасын көргенде еріксіз мойындайсың. Айтары жоқ, картинада ішкі жан толғанысының керемет ашылуына кеңістіктің атқарып тұрған ролі орасан.
Алпысбай Қазығұловтың Қазақ­стан Республикасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалары – қазақ бейнелеу өнеріне қосылған қомақты үлес. Ол қырық жылдан астам шығармашылығында 7 мыңнан астам картина жазған. Қазақ бейнелеу өнерін Еуропа мен Азия елдеріне таныстырған Алпысбай әр жылдары Жапония, Голландия, Бельгия, Қытай, Түркия, Франция, Англия, Ресей және тағы басқа елдерде өткен халықаралық көрмелерге қатысты. Елімізде оннан аса дербес көрмесін өткізді. Ол 2003 жылы Прагада әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін еуропалық өнер одағының Масарик атындағы Алтын медалімен марапатталды. Алпысбай Қазығұловтың картиналары еліміздің және шет елдердің өнер мұражайларында тұр, отандық және шетелдік коллекционерлердің топтамасына енген. Қазақстан Суретшілер Одағының Басқарма мүшесі Алпысбай Қазығұлов Қазақ­станның жас суретшілері үшін онға жуық пленэр ұйымдастырып, өткізді. Әртүрлі қайырымдылық акцияларына қатысып жүр. Ол коллекционер ретінде 2 мыңнан астам живопись туындыларын жинаған. Алпысбай өз коллекциясынан 50 картинаны Қазақстанның өнер музейлеріне сыйға тартқан.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір