«АЛАШ ТАРИХЫНЫҢ АҚИҚАТЫ…»
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған жабық бәйгенің жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында іргесін Жәнібек пен Керей бабаларымыз қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде арнайы нұсқау берген болатын. Мемлекет басшысы өзінің Ұлытау төрінде берген әйгілі сұхбатында: «Қазақ хандығы біздің еліміздің түп-тамыры. Бұл – тұңғыш мемлекетіміздің болашағын белгілеген үлкен тарихи оқиға. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел», – деп, тамыршыдай тап басып, көпшіліктің көкейінде жүрген арман-тілекті қасиетті топырақта түлеткен.
Осы рухты сөзден қуат алған ұлы той Қазақстанның барлық аумағында лайықты аталып өтті.
Алыс-жақын шетелдерден келген жандардың жанарына жас үйірген Астана мен Тараздағы салтанаттың жөні бір басқа. Елбасының қара орман жұртына қаратып: «Біз кеше ғана пайда болған қалған халық емеспіз. Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан
VІ ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер Түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды. Бұл – тарих! Тарихтан сабақ алу – парыз! Біз бұл ұлы жиынды, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан жас ұрпақ өз тарихын терең білсе екен деген мақсатпен жасап отырмыз», – деген рухты сөздері тегін айтылмаса керек.
Осынау ұлт пен ұлысты біріктірген тарихи сәттен Қазақстан Жазушылар одағы да сырт қалған жоқ. Ерте көктемде «Еуразиялық Топтың» қаржылай қолдауымен үш жанр бойынша (проза, поэзия, драматургия) «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйге жарияланған еді. Бұл – Тәуелсіздік дәуірінен бергі кезеңдерде жарияланып отырған ең үлкен әдеби жоба.
Өткен жұма күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгенің жеңімпаздары Гала-концерт пен салтанатты жиында ресми түрде марапатталды.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ресми түрде қаламгерлерге өз құттықтауларын жолдаған. Астанадан жеткен ыстық ықыласты құттықтаулардың бәрін рет-ретімен қалың көпшілікке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин арнайы оқып берді. Сондай-ақ, Нұрлан Мырқасымұлы осы айтулы әдеби бәйгенің басты ұйымдастырушысы ретінде қалың қауымға жүрекжарды тілегін былай жеткізді: «Бүгінгі бас қосу Жазушылар одағының құрамындағы 700 қаламгердің ғана тойы емес. Көркем әдебиетті біз өзіміз үшін емес, оқырман үшін, қазақ халқы үшін жазамыз. Сондай айтулы бәйгеге қомақты қаржы бөліп, мұрындық болған – «Еуразиялық Топ». Қазақ руханиятына қамқорлық жасау осы бәйгемен аяқталмайды. Келешекте де мұндай демеушілік жалғасын табады деп сенеміз. Демеушілікпен өтіп отырған шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы да қазіргі таңда осы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бәйге болды. Бәйгеден тыс қалған адам жоқ. Атын қосқан да, аты озған да биіктен көрінді. Қайғысы мен қасіреті қатар жүрген, қуанышы мен шабыты қатар өрбіген Алаш дейтін елдің ұлы ұрпағымыз. Той баршаларыңызға құтты, қайырлы болсын!».
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қаламгерлер мен зиялы қауымды Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өтіп отырған қомақты әдеби шарамен арнайы құттықтап, үстіміздегі жылдың Қазақстан жұртшылығы үшін аса маңызды, саяси, мәдени, рухани сипаты жоғары айтулы шараларға толы болғанына тоқталды. Сол шаралардың ең шоқтықтысына қаламгерлеріміздің өз шығармаларымен үн қосқаны үшін жүрекжарды ықыласын білдіріп, Үкімет басшысының арнайы сәлемін жеткізді. Өз тарапынан бәйге жеңімпаздарына сәт-сапар тіледі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев «Алаш тарихының ақиқаты» атты бәйгенің жеңімпаздарына жолданған қала әкімі Бауыржан Байбектің ыстық ықыласын жеткізді.
«Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгенің бас демеушісі «Еуразиялық Топтың» Басқарма төрағасы Алдияр Қазтаевтың ресми құттықтауын «ERG Комек» корпоративтік Қорының атқарушы директоры Болат Оразов ресми түрде оқып берді.
«Хас-Сақ» этнографиялық ансамблі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев, ҚР мәдениет қайраткері, көрнекті сыбызғышы Талғат Мұқышев, белгілі қобызшы Саян Ақмолда, әнші Ұлту Қабаева, т.б. әнші-күйшілердің қатысуымен, қазақ батырлары сап түзеп, мың бұралған қыздар қымыз сапырған салтанатты жиында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлық тапсырылды. Жабық бәйгеге 200-ден аса қаламгер қатысты. Айтулы қаламгерлер мен әдебиет сыншылары, театр қайраткерлерінен құралған Қазылар алқасының 11 мүшесіне төрағалық жасаған қазақтың көрнекті қаламгері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбайұлы. Қазылардың шешімімен 28 жазушы, ақын, драматург жеңімпаз атанды. Орын алған авторлардың шығармалары жоғары сапада әсем безендіріліп, «Ан-Арыс» баспасынан екі том болып жарыққа шықты. Қос томды қалың кітаптардың тұсауын кесу мәртебесі Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевқа, Қазақстан Жазушылар одағының іргесін қалаған ұлтымыздың ұлы ақыны Ілияс Жансүгіровтің ұлы – Саят Жансүгіровке және айтулы бәйгенің әділ қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбаевқа тапсырылды. Қос том салтанатты жиын барысында келген қонақтардың бәріне арнайы үлестірілді.
Проза жанры бойынша Бас жүлдеге – Тынымбай Нұрмағамбетов лайықты деп танылды. Ал 1-орынға – Момбек Әбдәкімұлы, 2-орынға – Тұрысбек Сәукетай, Бақытжан Қанапиянов және Қуаныш Жиенбай ие болды. 3-орын – Әділбек Ыбырайымұлына, Төкен Әлжантегіне, Асқар Алтайға және Серік Сағынтайға берілді.
Поэзия жанры бойыша Бас жүлде – Серік Тұрғынбекұлына, 1-орын – Сайлау Байбосынға, 2-орын – Серік Ақсұңқарұлы, Әбубәкір Қайран, Жарас Сәрсек, Бақытбек Бәмішұлы, Қорғанбек Аманжолға берілсе, 3-орынға – Ғалым Әріп, Ескен Елубай, Мыңбай Рәш, Наурызбек Саршаев ие болды.
Ал драматургия жанры бойынша Бас жүлдеге – Иранбек Оразбаев, 1-орынды – Рахымжан Отарбаев иеленді.
2-орынға – Сұлтанәлі Балғабаев, Думан Рамазан, Жолтай Әлмаштегі, 3-орынды – Жәркен Бөдеш, Мағира Қожахметова, Нұрғали Ораз және Кенжебай Ахмет бөлісті.
Сонымен…
Біраздан бері елді, әсіресе, қалың қаламгерлер қауымын елеңдеткен «Алаш тарихының ақиқаты» атты айтулы әдеби жоба өз мәресіне жетті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалиннің сөзімен айтқанда: «Алаш тарихының ұлы тарауларының бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен аса мәртебелі әдеби ірі шара жүзеге асты. Жүзеге асырған қазақ қаламгерлері болса, шараның жүзеге асуына себепші болған – «Еуразия Тобы». Бұл шара Елбасымыздың жиі айтатын ел тұтастығы мен бірлігін ту еткен Қазақ Елінің – Ұлы Дала Жұртының кешегі таңғажайып тарихын тануға себі қалай тисе, бүгінгі таңдағы табанды күресіміз бен парасатты тарихы қадамдарымызды талдауға да, тануға да солай себі тиері шүбәсіз!.. екені анық.
Жаңа туындылардың бауы берік болсын! Жақсы бастама жалғасты болсын, ағайын!
Ресми құттықтаулар
Құрметті қаламгерлер!
Қадірлі қатысушылар!
Жазушылар одағының ұйымдастыруымен, «Еуразиялық Топтың» (ERG) қаржылық демеушілігімен ұлттық көркем әдебиетімізді қолдау мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жүзеге асқан «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйге жүлдегерлерін, осы шараға қатысушы барлық қаламгерлер қауымын шын жүректен құттықтаймын!
Елбасымыз белгілеп берген «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда орны айрықша саланың бірі – рухани тұтастығымыз екені күмәнсіз. Арғы дәуірлердегі ұлыларымызды түгендеп жатпай-ақ, бергі ғасырлардағы дамуымызға орасан ықпал еткен Абай, Махамбет, Жамбыл бастаған кемел көркемсөзіміз халқымыздың өлшеусіз ұлы қазынасы екенін айтсақ та аздық етпес.
«Өнер алды – қызыл тіл» дейтін сол ұлы қазынамызды өрістету, қолына қалам ұстаған қауымға қамқорлық жасау ізгілікті іс екені сөзсіз.
Сондықтан бұл оқиғаны көпғасырлық ұлы тарихы бар қазақ көркемсөз өнеріне жасалған құрмет, Тәуелсіздік дәуірі мен оның алтын бастаулары хақында жазылған озық үлгіні көркем туындыларға жасалған қолдау деп бағалауға толық болады.
Мұндай өркенді бастама болашақта да өз жалғасын тауып, «Еуразиялық Топ» секілді өзге де ұлттық компанияларымыз тарапынан көркемдік сапасы жоғары әдеби көркем туындылардың жазылуына жағдай қарастырылады деген сенімдемін.
Шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт тілеймін!
Қ.Тоқаев,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының Төрағасы.
Қадірлі қаламгерлер қауымы!
Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту аясында Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш тарихының ақиқаты» атты шығармашылық бәйгесін ұйымдастыруы – игілікті іс болды. Ұлттық көркем әдебиетті қолдау бағытындағы бәйгенің жеңімпаздарын шын жүрекпен құттықтаймын!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында тарихымызға қатысты көптеген өзекті мәселелерді тарқатып айтты.
Біздің Қазақстан – Ұлы Дала Елі! Сол далада бабаларымыз ерлік пен елдіктің үлгісін көрсетіп, ұлы армандарын бүгінгі ұрпаққа аманат етті. Тәуелсіздік – біздің маңдайға біткен бағымыз, мәңгі аялауға тиіс аманатымыз. Осы ұлы мақсаттарды жүзеге асыруға жұмылдыратын «100 нақты қадам – Ұлт Жоспары» елге жол тартты. Бабалардың асыл армандары тәуелсіздік тұсында барынша орындалып жатыр.
Сіздердің шығармаларыңыз арқылы әрбір адамның бойында ұлтты сүю мен ұлттық рух қалыптасады. Соның арқасында еліміз қуатты, мығым, мәңгі елге айналады.
Таланты мен күш-жігерін халқымыздың игілігіне арнаған барша қаламгерге алдағы уақытта да жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!
К.Мәсімов,
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі.
«Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгенің жүлдегер қаламгерлерін салтанатты марапаттау рәсімінің қатысушыларына!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси шешімінің арқасында мемлекеттік деңгейде аталып өтіліп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы өзінің шарықтау шегіне жақындады. Айтулы белестің жыл бойы ұйымдастырылған толайым іс-шаралары халықтың рухын айрықша асқақтатып, ел бірлігі мен ынтымағының жарқын үлгісін жалпақ әлемге паш етуде. Осы тарихи датаның аясында өткізілген тағылымды шаралардың бірі – «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгенің мәні бөлек, мазмұны терең деп білемін.
Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруы арқылы «Еуразиялық Топтың» қаржылық демеушілігімен өткен осы қаламгерлер байқауы халықтың тарихи санасы мен ұлттық жадын жаңғыртуда, сондай-ақ, отандық көркем әдебиетті жаңа биікке шығаруда ерекше роль атқарады. Өйткені, осы байқау барысында қаламгерлер қауымы Мемлекет басшысының Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында айтылған «қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатынын, ғұндардан кейін Көк түріктерге жалғасатынын, одан кейін Алтын Орда орнығып, әрі қарай хандық дәуірге ұласатынын және біртіндеп бүгінгі Тәуелсіздікке келіп тірелетінін» көркем сөзбен кестелеп жеткізіп, тарихи оқиғалар легін тамаша шеберлікпен өрнектей білді.
Яғни ұлттық әдеби қорымызды толықтырған жаңа шығармалар бүгінгі жасампаз Қазақ Елінің тарихында Қазақ хандығы аса қуатты мемлекеттік құрылым ретінде маңызды роль атқарғанын тағы да айшықтай түспек. Ұлы Дала төскейінде қанат жайған Қазақ хандығының тарихы жайлы алғаш жазылған Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» және Қадырғали Жалаиридің «Жамиат тауарих» еңбектері араға бірнеше ғасырлар салып жаңа да танымдық шығармалармен толыққанына қуаныштымын.
Жабық бәйгеде жүлде алған барша қаламгерлерді шығармашылық табыстарымен шын жүректен құттықтаймын! Көркем туындыларыңыз халықтың рухани азығына айналып, жұртшылықты «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының айналасына топтастыруға және Қазақ хандығының тарихын тереңнен тануға деген ықыласын арттыруға сүбелі үлес қосатынына сенемін.
Г.ӘбдіХалықова,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы.
Қадірлі қаламгер қауым!
Биылғы жылдың айтулы оқиғасы – Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесімен баршаңызды құттықтаймын!
Бүгінгі «Алаш тарихының ақиқаты» атты өнер бәйгесінің осы ұлы мерекеге арналып, қазақ мәдениетінің қара шаңырағы – Жазушылар одағында өтіп жатуы кездейсоқ емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер», – деген астарлы ой айтқан болатын. Ендігі жерде Ұлы Даланың сол бабалар жазған тарихын қағаз бетіне түсіріп, келер ұрпаққа аманаттау бүгінгі ақын-жазушыларымыздың асыл парызы деп білемін.
«Өнер алды – қызыл тіл» дейді дана халқымыз. Осы сөз өнерінің шыңына шыққан, артына сарқылмас мұра қалдырған қаламгерлердің барлығы дерлік біздің сүйікті қаламыз Алматыда өмір сүріп, еңбек етті. Сол алдыңғы ағалардың дәстүрін жалғастырушы – бүгінгі буынның шығармаларын насихаттау, көпшілікке таныстыру, ұлттық көркем әдебиетті қолдау бәріміздің де абыройлы міндетіміз деп ойлаймын.
Бүгінгі «Алаш тарихының ақиқаты» атты бәйгенің мұрат-мақсаты да сол болса керек.
Шеберліктеріңіз шыңдалып, қаламдарыңыз ұштала берсін!
Б.Байбек,
Алматы қаласының әкімі.
Құрметті Жазушылар одағының мүшелері!
Құрметті қатысушылар, жиналған қауым!
«Қазақ хандығының 550 жылдығы» – бұл тәуелсіз, егеменді Қазақстанның тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі. «Еуразиялық Топтың» осындай айтулы мерейтойлық шараға өз үлесін қосып отырғанына шын жүрекпен қуаныштымыз.
«Еуразиялық Топ» Қазақстан халқының рухани дамуына қашанда ерекше назар аударып отырады. Жыл сайын еліміздің Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай өңірлеріндегі мәдениет, білім-ғылым саласындағы жобаларға қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстан Жазушылар одағы мен «Еуразиялық Топтың» арасын көпжылдық тарихы бар «Шеберлер елі» акциясы біріктіруде. Аталмыш акция шеңберінде жазушылар еліміздің алпауыт кен және металлургия кәсіпорындарында болып, өндіріс орындарында еңбек адамдарымен тілдесіп, сұхбаттасты. Серіктестігіміздің ортақ жемісі деп жарық көрген әдеби жинақтарды атап өтуге болады. Бұл жинақтарға ерен еңбегімен қазба байлықтарды ел игілігіне жаратқан шахтерлердің, кеншілер мен металлургтердің шығармалары енді.
Осынау «Алаш тарихының ақиқаты» атты бәйгесі Жазушылар одағы мен «Еуразиялық Топтың» ынтымақтастығын одан әрі өрбітуге жаңа тыныс берді. Бірегей бәйгеге еліміздің және шетелдердегі барлық кәсіби қаламгерлердің қатысқанына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ хандығы мен бабалар рухын көркем тілмен кестелеген қаламгерлердің шығармалары жинақ болып басылып шығарылды.
«Алаш тарихының ақиқаты» атты бәйгесінің жеңімпаздарын жеңістерімен құттықтаймын! Жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін!
А.Қазтаев,
«Еуразиялық Топтың»
Басқарма Төрағасы.