Несіпбек Дәутайұлы. АЙҒЫРКІСІДЕН АДАМКІСІГЕ ДЕЙІН…
10.09.2020
2173
0

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

Несіпбек Дәутайұлының «Тағдыр» атты әңгімесін оқып шықтым да, «бұл кісіге қай елдің әдебиеті көбірек ықпал етті екен?» деген ойға қалдым. Себебі жазушының көркем туындылары қазақы қолды шығармаға бір ұқсап, бір ұқсамайтын сергектеу дүние екені білініп тұрды. Бірақ осы әңгімені шетелдік біреу жазды десе, «Қой, қазақ жазушы­сының жазғаны шығар» деуге де бар едім.

Иә, әңгімедегі дүниетаным өзіміздікі, алайда сол дүниеге деген авторлық көзқарас басқаша. «Төбелінен таныдым» дегенің болмаса, жазу мәнері де үйреншікті қалыптан бөлек. «Осы жазғанымды оқырман қапысыз қабылдауы керек» деген ішкі сенімі де қаламын жүрдектетіп әкеткен. Демек арғы-бергіні тауысып оқып, соның бір сығындысын алдымызға әкеп тосып отыр.
Шынында да, сегіз жыл қой баққан адам жазушы болса, әңгімесі кіл суреттеуден тұруға тиіс еді. Ал бұл кісінікі біздің дәстүрлі әдебиет деп қойып, көсілтіп жазатын суреттеулерімізден ада-күде. Негізгі сюжет желісіне қатысы жоқ көріністерге көңіліңді алаңдатпайды. Кейіпкердің басына түскен жағдайға байланысты «Аспанды түнеріп бұлт басты» деп те төндіріп жазбайды.
Оның жазу мәнерінің бір қарымы жапон жазушыларына да келеді. Жапонның жазушылары өмірбаяндарында Толстойды, Достоевскийді, Тургеневті оқыдым деп жатушы еді. Ендеше, сол заманда мектеп қабырғасынан суреті, оқулықтан аты түспейтін данышпандар оған да етене жақын болған шығар. Сұрай алмай отырғаным «сегіз жыл қой баққанда не оқыдыңыз?» деген сұрақ болғандықтан, бұл есімдерді аузыма Құдай салғандай болды.
­

– Жоқ, сегіз жыл қой соңында жүргенде ешқандай кітап оқығам жоқ. Бір сөйлемі жарты бетті алатын Толстойды оқымақ тұрмақ, жарытып орысша да білмейтінмін. Мен 14-15 жасымнан қой бақтым. Үш жыл көмекші шопан болдым, одан соң бес жыл өз алдыма жеке аға шопан болдым. Одан да сен менен соны сұра.
Қазақша айтқанда, аузыма құм құйылды. Бірақ мен де дайындықсыз емеспін. «Онда фольклордан сусындаған болды» деп түйдім, қанша дегенмен, Кенен атамыздың да ауылы. А.С.Пушкин «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» «Халық романы» деп атаған. Әуелгіде Несіпбек Дәутайұлының қолтаңбасында сол «халық романының» элементтері барын байқап қалғандай болғам. Осы әңгімеде қолданылатын «өткір жас» деген метафора сол фольклорлық образға тән сипат.
Ауыз әдебиетінен алыстамаған Абай атамыз «өткір тіл» метафорасын ұғымға сыйдырып кетті. Ал енді «өткір жас» деген сөз тіркесін бұрын-соңды ұшырата қоймаған сияқтымын. Бүкіл әңгіменің мазмұны осы екі сөзге сыйып тұрғандай тұла бойым шымыр етті. Мүмкін бұған дейін де біреу айтса – айтқан шығар, жазса – жазған шығар. Бірақ мына әңгімеде шығарманың мазмұнына қарай орнын дөп тауып тұр.
Жалпы, орнымен қолдана білсе, метафора дегеніңіз сөз бен сөйлемнің ажарын ашып, базарын жайнатып жібереді. Мәселен, осы әңгімедегі: «Жанары жасқа толды. Оттай ыстық. Көз аясынан өртеніп ақты», – деген жолдар кейіпкер қыздың бүкіл жан дүниесін жарқ еткізіп ашып, алдыңа дастархандай жайып салады. Көз жасы өртеніп ақса, оның қайғысы да жәй қайғы болмағаны ғой. Мұндағы «өртеніп ақты» деген метафоралық қолданыста автордың кейіпкердің кейбір қылығына кекесінмен қарайтыны да аңғарылып тұр.
Жалғыз тіл емес, осынау шағын әңгіменің композициялық құрылымы да лиро-эпостық жырлардың микрокөшірмесі іспетті күрделі жазылған. Кейіпкерлерінің басынан өткен оқиғалары мен кешкен сезімдері жеке-жеке шегініс арқылы суреттеледі. «Әлқисса, Төлеген еліне кеткенде, Қыз-Жібектің басындағы жағдай былай болды» деген сияқты һәм күрделі, һәм қарапайым. Олардың өміріндегі оқиғаға қатысты салмақ сала баяндалатын әр сәт, әр эпизод өзінің ретімен жігі білінбей жымдаса өріледі.
Әңгіме теледидардан «Тағдыр» деп аталатын сұхбат көрсетілгенде, оны көрген екі жақтағы екі адамның да жан-дүниесі асты үстіне келіп төңкеріліп түскендей болған сәтінен басталып отыр. «Бірі – зағиптар үйінің директоры, екіншісі – шалғайдағы шағын қалада тұратын көркем бір әйел». Шығыстан батысқа ауысқан тәмсіл таңбасы көзіңе оттай басылады. Тек жазу мәдениеті өзгерген, кейбіреуге өркениетті жазу болып көрінуі де бек мүмкін.

«Несіпбек Дәутайұлы деген жазушыны қалың оқырман неге жақсы көреді, соның ішінде жастар жағы неге құрметтейді?» деген сауалға жауапты осыдан шығарып айтсақ, қателесе қоймаспыз. Өйткені олардың қай-қайсы да, орнықты да табанды үлкендер жағы да, соның ішінде постмодернизмге әуес жастар жағы да оны өзіміздің жазушымыз деп есептейді. Ал біз сізге айтайық, ол бар болғаны шынайы жазушы, өзі де шындығын жоғалтпаған адам, сөзі де шындықтан
алыс кетпеген қаламгер.

– Сегіз жыл қойшы, екі жыл құрылысшы, тағы екі жыл клуб меңгерушісі болдым. Содан соң ғана аудандық газетке аудармашы болып жұмысқа орналастым. Біздің ауданда орыс жоқ, бірақ газет екі тілде шығады. Газеттегі мәтін екі тілде бірдей болу керек. Міне, соның тағдырын маған тапсырды. Академик Нығмет Сауранбаев редакциясын басқарған орысша-қазақша аударма сөздікті жастанып жатып ұйықтаймын. Өзі де дәу қара кітап еді.
Жазушының мына сөзін естіп, оған жазу бақыты оңай келмегенін түсіндім. Тағдырдың оның жанын қалай жаңқалағанын өзі айтпаса, білмейді де екенбіз. Адам тағдыры, кейіпкер образдары сол кезде оның санасына еш қыстаусыз өзінен-өзі мөрдей басылып жазылып жатыпты. Нағыз арманшыл кезінде жазудан алыс өткен соншама жылды сабырмен өткергені секілді, кейіпкерлерін де асықпай сабырмен саралап үйренген жазушының қолтаңбасын енді таныдым.
Ол өз кейіпкерлерін шынайы бейнесін ашпасқа қоймайтындай ситуацияға әкеліп салады. Зағиптар үйінің директоры өзі басқаратын мекеменің тұрғынына айналған соқыр адамның кезінде үлкен меценат болғанын әлгі телесұхбаттан көріп шалқасынан түсе жаздайды. Шыдамай жасырып ішіп жүрген коньяктің тығынын тыңқ еткізіп ашып, сабырсыздана ұрттап-ұрттап жібереді. Нарықтың қыспағында зағиптар үйін талай қысылтаяң шақтан алып шыққан адам меценаттың кім екенін біледі және оған өзінің қажеттілігін өтейтін өлшеммен қарайды.
Бірақ елге соншама жақсылық жасаған оның артынан неге ешкім іздеп келмейтіні ақылына сыяр емес. Сонда өзінен артылып, елге таратып жүрген аткөпір байлығы қайда? Тыңдап отырса көмектеспеген адамы қалмапты, енді солардың бір де біреуінің төбе көрсетпегені түсініксіз. Басында келіп-кетіп жүрген әйелі мен баласы да қазір келмейтін болған. Бәрінен бұрын қасында жетектеп жүретін біреудің табылмағанына күйіп кетті. Айдалада отырып: «Әй, қайда солар?» – дегенде жаңағы ішкен коньякқа қосылып өзегі өрт боп жанды. Ол соқыр адамдарды бағып-қағып жүрміз деп, соқыр қоғамды бағып-қағып жүргендей өте бір қапалы күй кешті.
Ал анау сұхбат беріп отырған зағиптар үйінің тұрғыны оның ешбіріне де өкінбейді. Бүкіл байлығын тартып алған әйелінің ісіне де емес, бүкіл сырын біліп алып жоқ боп кеткен бойжеткеннің ісіне ғана өкінеді. Сол сырын теледидардан жайып салғанда, соның бәрін іші-бауыры өртене тыңдап отырған зағиптар үйінің директоры да: «Паһ, шіркін!», «Апыр-ай, ә!» деп, зорға дегенде адам қалпына келді. Мынау зағип жанға деген оның ішкі түйсігіндегі құрмет басында бекер оянбаған екен. Дастархан жасатып, шәйға шақырғанда келмеген себебін де енді түсінгендей болып отыр.

Азғантай ғана детальмен соншалықты дәл сурет бере алғанына қарап, жазушының қой бағып, құрылыста да істеп, клуб меңгерушісі де болып жүрген кездерін еріксіз еске алдым. Құдай біледі, ол зағиптар үйінің директорын бейнелеп жазғанда көз алдынан өзіне таныс бейнелер тізіліп өтіп жатқан-ақ шығар. Ел ішінен асықпай аяңдап жүріп терген образдар аз сөзбен қалай дәл шығады десеңізші. «Бір меценат болса, ол менің шаруама көмектессе» деген де арман болатынын кешегі нарықтың кезінде бәріміз сезіндік қой. Тіпті сол халықтық арманға айналғандай күйді бастан кешкеніміз кешегі күнмен кете қалды деп те айта алмаймыз-ау.
Жазушы үшін шындық деген өмірдегі әрекетті көшіріп беру емес, сондағы психологиялық ахуалды дәл беру болса керек. Бұл тұрғыдан ол өзі бейнелеп жазған кейіпкерлерінің психологиясын жақсы біледі және оларды бұлтартпайтын шындықтың алдына әкеп тірейді. Күні кеше ғана елдің бәріне жақсылық жасаған адам, бүгін өзі кәріп боп қалып отыр. Одан артынан қалмай жүріп сұхбат алып отырған тілші балаға да жақсылығы өткен. Енді сол тілші бала қолынан ештеңе келмесе де, қоғамның шындығын ашқысы келіп тыраштанады.
«Байлық та сүйекке бітеді» деген тегі рас. Бірақ сасық бай емес, ақсүйек болып қалатындар ілуде біреу.
Осы арада нарық басталған алғашқы жылдарда төбе көрсеткен меценаттар да ойыңа келе қалады екен. Шынында да, сол кезде олардың қарасы бірталай болып қалып еді. 1914 жылы романға бәйге жариялаған Есенқұл Мамановтың қайырлы ісін жалғастырам деп, Матай жақтан бір меценат жігіт шыққан. Басқаны қойып, атағы дардай академиялық театрға ақша беремін деп, Жаркент жақтан бір азамат келіп-кетіп жүрген. Меценаттармен де мақтанатындай дәрежеде болғанымызға бүгін сенер-сенбесіңді де білмейсің. Құлағыңа «Қайда соның бәрі?» деп ышқынған дауыс келеді.
Біздің кейіпкерімізге де кабинетінде қарбалас шаруамен отырғанда егде тартқан үшеу сәлемшілеп үстіне кіреді. Оларды тыңдап байқаса, төртеуінің түп атасы біреу болып шығады. Әлгілер аруақты атаның басына төрт құбыласы түгел көрініп тұратын көрнекті көк күмбез орнатқылары келе қалыпты. «Өзіңді сырттай жақсы білеміз. Құдайға шүкір десіп, үнемі тілеуіңді тілеп жүреміз. Ал, қане, әй-шәйға қаратпай алып шығып кетер кімдеріміз бар десіп жасаған тізіміміздің ең басындағылардың бірі болып өзің тұрсың…» – деседі жамырасып.
«Әңгіменің ауанын байқаған бұл сөзге келмей үшеудің қолына он мың долларды ұстатып жіберген. Сонда… Сонда, бар болмысын бір тылсым күш билеп қоя берген. Бабасының ба екен, атасының ба екен, әкесінікі ме, дабылға ұқсас дауыс жеткен санасына. Жан әлемі жапырағын жаңа жая бастаған жас талдай жайнап, жайқалып бара жатқандай жадыраған. Ол бабасы атасына, атасы әкесіне, әкесінің бұған айтқан: «Біздің тұқымның алғанына емес, бергеніне қуанышы ала-бөтен» дегеніне көзі жеткен. Бұл дүниеге келіп, ғұмыр кешудің мәні осы шығар деп пайымдаған». 

«– Аға, – деп сұрақ қояды жазатын жігіт, – Тоқсаныншы жылдары қайда жүріп, қайда барарларын білмей қу тірліктің құрдымына кетіп бара жатқан талай ақын-жазушы, ғалымдарға қол ұшын бергеніңізге көбіміз куәміз. Осы отырған ініңіздің де кітабын шығарып бергеніңіз бар.
– Сөйттім бе?..
– Ағалап алдыңызға келгенімде, салған жерден: «Керегіңді айт», – дедіңіз. Болған, біткені осы. Өлгенше ұмытпаспын деп едім өзіңізді.
– Өзгелер де айтқан осыны. – Зағиптың даусы қарлығып, қаңсып шыққан: – Қайда енді солар?..
Залдағы диванда көзі бақырайып оңаша жатқан зағиптар үйінің директоры да осы тұста орнынан тұрып кеткен. «Қайда енді солар?»… Қапелімде қамшымен қақ маңдайдан тартып жібергендей сауал. Қаны суып, қаңыраған күй. Жанын жеп, жабыққаны бір бөлек, бұл өзін-өзі жатырқап тұрғандай да сезімге тап болды. Түйсігінде, «қайда енді, солардың қай жағында жүрміз?» деген сезік қылт-қылт етіп, қылаң берген. Өзі тығып қойып, жатарда ара-кідік ешкімге көрсетпей қырлы стаканмен тартып алатын коньякты алып, шөлмектің аузынан жұтып-жұтып жіберді…».
«Қайда енді солар?»… Осы сауал оқырманды да есеңгіретіп тастағандай болған сәтте өмір драмасының сахнасына көркем әйел шығады. «Есеңгіреп еденге етбетінен түскен» ол әйелдің басынан өткен жағдай тіпті қызық. «Жарықты жаққан жоқ. Қалауы – қараңғылық. Сол қараңғылыққа тесілген сайын көз алдында сәулелі бір елес…». Бүкіл әңгіме осындай тақұл-тұқыл сөйлемдерден тұрады. Бірақ бейнелі, образды сөйлемдер. Зағиптар үйінің директорына да тойымсыз әйелін «қалың құйрық» деп образдатып жіберетін жері бар. Айғырдың аталық мүшесін «ұзынсап» деп «метафоралап» жіберетін табиғатынан жазушы адамға ол да жарасады. Әрі-беріден соң ол әдеби айналымға «Айғыркісі» деген образды ендірген қаламгер емес пе!
Әңгіме ауанынан «Айғыркісі» де, «Тағдыр» да ішінде эротикасы бар әңгімелер екен деп қалуыңыз мүмкін. Жоқ, олай емес, керісінше екеуі де –нәпсіні кісіліктің табанына таптатқан антиэротикалық әңгімелер. Ол әсіресе Кісі мен Қыз бір вагонда оңаша қалатын осы «Тағдыр» әңгімесінде айқын көрінеді. Кісі алыс жолға бір купедегі екі орынды бірдей сатып алып шығады. Қыз билет болмай, жолсерікке жалынып мініп, орынсыз келе жатады. Ал мына Кісінің неге пойызға мінгенін тәптіштеудің де қажеті жоқ, бірақ жол ұзақ, үш тәуліктен асып, төрт тәулікке жетіп жығылады.


Одан ары жазушыны сөйлетейік: «Екінші тәулікке қараған түні ғой. Әлдекімнің иығынан қозғап тұрғанын сезді. Еңселі ер адам еңкейіп тұр екен. – Тұра ғой, –­ деді шынтағынан ұстап.
– Жіберіңіз, – деді қыз апалақтап.
– Ағаның созған қолын ақылды қыз қақпайды, – деді анау. – Қане, түрегел! – Еркек арнайы купеде жалғыз екен. Қарсы орын бос. Қыздың мұндай купеге кіріп тұрғаны осы. Тамақтануға арналған тақтайшаның ортасында Алматының апорты. Иісі жұпар аңқиды. Еркек қатталған аппақ төсек жаймасы мен жамылғыны ұсынып: – Андағы орын сенікі, – деді.
– Неге бос? – деп қалды қыз әлдебір секемінің төбесі қылтиып.
– Атырау, Ақтау, Астраханьға жиі жолым түседі. Тыныштық үшін купені түгел сатып аламын. Қарадай үрікпе. Әуелгі жыным әлдеқашан басылған, қалқам».
Одан кейінгі психологиялық ахуалды түсіну үшін әрине, әңгімені оқу керек. Бір ғана айтарымыз, бұл үш күн, үш түндегі екеуінің арасында болған оқиға символикалық қана мәнге ие. Автор реалды жағдайдан көпе-көрнеу қашады да, олардың жаңа ояна бастаған сезімдерімен өзі ойнай бастайды. Бұл жазушыға кейіпкерлерін алда трагедиялық тұлғаға айналдыру үшін керек болған сыңайлы. Жәй ғана сезімге берілтіп, артынан ажырастырса, сюжет желісі бойынша қайта табысқан кездеріндегі әсері онша уытты бола қоймас еді.
Ойға алған мақсатын жазушы кейіпкерлеріне былайша орындатады: «Үшінші күн дегенде қыз еркектің көз алдында көлбеңдеп жүріп алды. –Тыныштық па? – деп сұрады анау.
– Нені айтасыз? – деп сұрады қыз.
– Мазаң кетті.
– Қайдам.
– Рас.
Мұнда мәтін астарына жасырылған сарказм да күшті рөл ойнап тұр. «Қайсыбір кезде қыз жайлап ыңырсымасын ба. Еркек басын көтерді:
–Тыныштық па? – деді.
– Белім.
– Оған не болды?
– Ауырып жатыр.
– Қояр.
– Қоймайды. Аздап уқалап бересіз бе, ағай?»
Әсілінде өз кейіпкеріне жаны ашып елжіремей, осылай сыртынан мысқылдап күліп қана қарап отыратын авторға еріксіз разы боласың.
Осының бәрін әрине, жазушы жазғанда қасында тұрғамыз жоқ. Сондықтан жазушы оны арнайы түрде солай жазды ма, әлде бейсана түрде солай жазды ма, білмейміз. Бірақ кейбіреулер айтатын: «Мен былай жазайын деп едім, кейіпкерлерім өзіме бағынбай кетті» деген сөздер шындықпен көп сәйкесе бермейді. Сол себептен де «кейіпкерлерім өзіме бағынбай кетті» дегеннен гөрі, «шығармашылық түйсік соған әкелді» деген дұрыс болады. Әдебиеттің асқар биігіне көтерілген қаламгерге «шығармашылық түйсігі мықты жетілген» деп жатқанымыз әбес көрінетін шығар. Алайда басқалар миын ашытып жаза алмаған сәтті эпизодтарды бұл кісі бірінен соң бірін балалататынына қарап талант қырын тани түсіп отырмыз. Онда да төмендегідей кісі өлтіретін эпизодтарды қалай тауып ала қоятынына еріксіз тәнті боласың. Кейіпкерін жіліктеп шағып, детальдап талдайтын мұндай қаламгер расын айтайық, арамызда кемде-кем.
«Еркектің алақаны беліне келіп тигенде ақ жайманың астындағы тұла бойы дір етті. Борбайы тыр жалаңаш болатын. Лыпасын алдын-ала сыпырып тастаған еді. Жайлап уқалай бастаған еркек қолын жұлып әкеткен. Мұның есі ауды. Ұяттан. Ұзақ, үнсіз еңіреді. «Құдай-ау, мен не істеп, не қойдым?» –­ деп боздады. «Жарық дүниенің бетіне енді қалай қараймын?» деп өртенді өзегі. Өліп кеткенін көксеген…».
«Жеті қат көк» дейміз. «Жеті қабат жер асты» дейміз. Ал адам жаны қанша қат, қанша қабат? Несіпбек Дәутайұлы соның тереңіне үңіледі. Мынау бойжеткеннің істегені де бейшаралықтан гөрі, сондай бір бейсаналыққа меңзейтін секілді. Кейін «ондай қадамға неге бардың?» десе, Құдай біледі, өзі де түсіндіріп бере алмайды. Бірінші рухымды алды, енді тәнімді алмағанда нем қалды деуге дәрмені жоқ.
Балама ретінде жазушының «Айғыркісі» атты әңгімесінен мысал келтіруге болады. Айғыркісі ашық тұрған есіктен басын сұққанда, толғағы ауыр келген әйел қалай босанғанын білмей де қалады. Айғыркісі үйірін іздеп кісінегенде, жайынша кетіп бара жатқан екі келіншектің бірі етегін басып отыра кетеді. Мұнда анайы көрініс емес, қайта сана түкпірінде ғана сақталған тылсым бір құдіретке тағзым идеясы жатыр. Оның да жеті қат қатпарынан рух атойлап шыға келетіндей елегізесің, тебіренесің.
– Қордай аудандық сауда базасы үшінші хатшы Нұрсила Бегалиеваның бақылауында болатын. «Несіпбек, жүр кеттік, базаға барып келейік», –­ дейтін. Қордайға Мәскеуден кітап келеді десем кім сенеді. Кеңес баспасынан қандай данышпанның кітабы шықса да, бір-екі данасы біздің де базаға түседі. Соның бәрі менікі десем де болады. Хемингуэйден Айтматовқа, Толстойдан Анатолий Кимге дейінгі мықтылардың бәрін оқыдым.
«Таразда тұратын жапон жазушысы» десе сеніп қалуға болатын Несіпбек Дәутайұлы бүгінгі Муракамилердің атына да бір жылы сөз арнап қоюды ұмытқан жоқ. «Олардың бар айырмасы бізден гөрі шыншылдығында екенін о баста-ақ біліп едім», – деді содан соң өзінің не оқып, не қойып жүргенін тағы бір пысықтап қойып. Ешкімнің намысына тимесін, бірақ «Өзіміздің жазушылардан үйренсеңіз, Адамкісіңіз де, Айғыркісіңіз де өлмейтін еді» деген сөзіме кеңпейілдене кеңк етіп күлгеннен басқа ләм демеді.
Оның көркем кейіпкері әкесін емдетуге әкеліп, әкесін емдетуге керек қаржыны бір мәрт меценат төлеп беретін болып, екі арада құжат жасатып жүргенде әкесі қайтыс болып кетіп, қыз сырттай ғана хабар алысқан әлгі жарылқаушыға рақмет айтуға келмей ме. «Сонда… Меценаттың кабинетіне кіргенде… Өз көзіне өзі сенсе, қане… Құдай-ау, Атырау пойызының арнайы купесінде үш тәулік сапарлас болған ер адам… Өңі ме, түсі ме?.. Анау да аң-таң. «Мұндай да болады екен», – деді басын шайқап. «Міне, қызық», – деп қыз қабағын керді». Таңданыс, таңқалыс, тағдыр.
Мәрт меценат содан оған визиткасын беріп, бірақ бұл хабарласпай кетіп, арада көп уақыт өткен соң телефон соғып, іздеген адамының ауруханада жатқанын естіп, енді оның халін сұрауға барады да, екеуі екі күннің бірінде кездесіп сырласатын халге жетеді. Бірақ қыз сұмдық кекшіл екен, пойыздағы оқиғаны әлі ұмытпапты, ана кісі әбден бой үйретіп, бауыр басқан кезде артына: «Аяулы ағатайым, айып ете көрмеңіз. Қарамды біржолата батырып барамын. Біз енді ешқашан жолықпаймыз» деген тілдей хат тастап, ғайыпқа сіңеді де кетеді. Содан аяулы ағасын теледидарда сұхбат беріп отырған жерінен екі көзі су қараңғы соқыр болып қалған ғаріп күйінде көріп отырған отырысы осы енді. Еденде етбетінен түсіп жатып-жатып есін жиған соң іздеп барса, аяулы ағасы не керек, ол да сол күні мына дүниені тәрк етіп, бақилыққа аттанып кете барыпты. Көркем Әйелзат сөйтіп Адамкісінің алдында біржола жеңіске жетіп, «Бүйтіп жеңіске жеткені де құрсын!» деп ботадай боздап жылап отырыпты деседі. Міне, осылай!
…Несіпбек Дәутайұлының қай шығармасын алсаңыз да, кісіліктің салтанат құруына қызмет етіп тұрғанын байқайсыз. Бұл оның барлық шығармаларының негізгі тіні ретінде бірімен-бірі сабақтаса келіп, кісілік атты тұтас та сом образға айналғанына қаламдас, майдандас біз де куәміз. Осы тұрғыда «жазушыдан жазушының айырмасы не?» дегенде, «ол қандай образ жасай алды?» деген мәселе бірінші орынға шығатынына да мән берілуі тиіс екенін еске салмақшымыз. Ал Дәутайұлының жасаған образы құбылысқа айналып, Айғыркісі тұлғасында санамызға берік орныққаны айдай анық. Сол образ биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Кісі иесі» кітабымен толығып, кісіліктің туы тағы бір биікке тігілгеніне де, тігілеріне де бек сенімдіміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір