МЕН ҚАЛАЙ ЖАЗА БАСТАДЫМ
12.08.2020
1979
0

Алысқа алқынбай шабатын аламандығын қолтығы сөгілмеген тай күнінде танытқанымен, бәйгеден бойын жасырып жүретін жүйріктер болады. Қадірін білмейтіндер ол жүйрікті тепеңдетіп қойға да, текіректетіп тойға да мінуі мүмкін. Қарымды қаламгерге де кейде сондай тағдыр бұйырады: төгілдіріп жазатын мүмкіндігі бола тұра кейбір талантты жазушы хабар-ошардың «ауылында» ұзақ тұрып қалады да, тақырыбын тапқанша, тарлан ашпайды. Жазушы, драматург Елен Әлімжанның шығарма­шы­лығына қарап отырып осылай ойлаймыз. «Ән сыры» деген тұңғыш әңгімесі «Таңғы шық» атты жас жазушылардың жинағына енгеннен кейін жазбай кеткен жазушы жазудан қол үзіп қалуының себебін…басқадан емес, бақытты балалық шағынан іздейді. Қызық, ә? Ал бұл «қызықтың» сырына қанғыңыз келсе, 75 жастың желмаясына мінген жазушының «Мен қалай жаза бастадым» деген естелік әңгімесін оқыңыз:

МЕН ҚАЛАЙ ЖАЗА БАСТАДЫМ

 Мен университетке мектеп бітірісімен келіп түстім. Он алтыға жаңа толған кезім еді. Курстастардың көбі менен 3-4 жас үлкен болатын. Шетінен ақын, кейбіреуі жазушы. Жергілікті баспасөзде жарияланған дүниелерін қолтықтап жүргендер де бар. Үшінші курсқа кіргенде Дулат Исабеков, Ескен Елубаев, Әділ Дүйсенбектермен бір бөлмеде жаттым. Дулат бұл кезде екі әңгімесін жариялап үлгерген. Енді ұмытпасам, «Шойынқұлағын» жазып жатты. Сол үшін ел жата жатақхананың жертөлесіне түсіп кетеді. Шифоньердің қалқасында жататын Ескен де өлең жазумен болады. Әділ ортадағы үстелге қонжияды. Бұл кезде оның да бірлі-жарым өлеңдері жарық көрген. Ал Ескен бұл кезде балалар басылымдарының тұрақты авторына айналып үлгерген.

Мен болсам, көбіне кітап оқимын. Жалпы университетке келудегі мақсатым, оны бітірген соң ауылға барып, қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болу еді. Курстастарымды көрген соң менің де делебем қозып, бас-аяғы бір жарым беттік сықақ әңгіме жаздым. Жазып бола бергенімде бөлмеге Дулат кіріп келді. Ол: «не істеп жатырсың?» – деп сұрады. Мен айттым. Дулат оқып болды да, сықағыма күлді. Риза болды. Содан соң ««Жазушы» баспасында Мағзом Сүндетов проза жинағын құрастырып жатыр, сол кісіге апарайық», – деді. Мен: «бір жарым беттік дүниені қалай апарамын?» – деп біраз қарсыласқаныммен, ақыры келістім. Сөйтіп, әлгі бір беттік (машинкаға бастырған соң азайып қалды) әңгімені Мағзом Сүндетовке алып келдік. Ол ағай Жазушылар одағы ғимаратының бірінші қабатында отырады екен. Бізді жатырқамай жылы қабылдады. Бірақ ұсынғаным бір-ақ беттік дүние екенін көріп, «осы-ақ па?» деп қомсынды. Көз жүгіртіп шықты да, ұнатпағанын байқатты. Сол кезде Дулат: «Бұл баланың үлкен әңгімесі бар еді, машиниска әлі басып үлгермепті», – деп өтірік соғып жіберді. «Ендеше, сол әңгімені алып келіңдер», – деді Мағзом.

Мен басым салбырап дәлізге шыққан соң Дулатқа «неге өтірік айттың?» дегенше, ол: «Ал, жаз енді», – деді де, өз үйіндей болып қалған Жазушылар одағының жоғарғы қабатына көтеріліп кетті. Мен «не жазамын?» деген оймен үйге қайттым. Өйткені «машинкеге басылып жатқан» әңгімені апармасам, Мағзом ағайдан ұят болады деп ойладым. Сөйтіп, «Ән сыры» деген тұңғыш әңгіме дүниеге келді. Ол 1964 жылы жарық көрген «Таңғы шық» атты жас жазушылардың жинағына енді.

Бірақ мен бұдан кейін ұзақ жыл жазбай кеттім. Бір-екі әңгіме жазып көріп едім, оларым сәтсіз шықты. Мұның себебін кеш түсіндім. Хемингуэй: «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шағың болуы керек» деген екен. Ал мен әкем соғыстан аман-есен оралған, анам мен екі бірдей әжемнің ортасында шолжаңдап өскен бала едім. Кеңестік кезеңде «Оралу» (1979ж.) атты бір жинақпен ғана шектелгенім сол болды. Есейіп, өз қоғамымды танып, тарихымызды зерттеп, адамзат қауымының трагедияларының себеп-салдарын түсінген соң барып, өзегім өртенді. Өзегім өртенген соң барып қолымдағы қаламым жүрді. Қал-ағаң, Қалтай Мұхамеджанов айтқандай, «өмірдің тура жалына жармасатын» себебім де содан сияқты. Сондықтан ағаларым, қатарларым негізінен өздерінің соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жастық шағын жабыла жазып жатқанда, мен жақ ашпадым.

Жаза алатынымды ерте дәлелдесем де, ол кезде қағазға төгіліп түсе қоятын көкірегімде шер болмады. Мені жазушы еткен – 1986 жылдан басталған тарихи сілкіністер. Сондықтан мен – ғасыр, мыңжылдық түйісіндегі өтпелі кезеңнің жазушысымын.

«Оралу» жинағынан кейін мені «адамдар, әсіресе, бір халықтың өкілдері, тіпті ағайындылар бір-біріне қалай қарсы соғысады?». «Елімізде болған төңкеріс пен азамат соғысының себебі не?». «Сол кездегі біздің оқығандарымыз, бай-бағыландарымыз не ойлады?» деген сұрақтар мазалады. Ақыры бұл сұрақтарға жауап іздеудің нәтижесі «Екі дүние айрығы» (Жамбыл театры «Жанталас» деген атпен сахналады. 1987 ж.) атты пьесаны дүниеге келтірді. Мен пьесаны Қазан төңкерісіне арналған бәйгеге ұсындым. Пьеса бәйге алмаса да театрға ұсынылған 10 пьесаның бірі болды. Пікір жазғандардың ішінде Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Әзірбайжан Мәмбетов, Баққожа Мұқай болғанын мен кейін көрдім. Қал-ағаңның пікірін жоғарыда келтірдім. Асқар Сүлейменовтің пікірі де есімнен кетпейді. «Автор таптау- рын болған тақырыпты жаңаша беруге талпынған. Тілі – төгіліп тұрған тіл, нағыз драманың тілі», – депті ол. Ал Әзірбайжан Мәмбетов тілім мен комедиялық рөлдерімнің сәттілігін атап өтіп, пьесаның архитектоникасын сынапты.

Сөйтіп, менің драматургтік дәуірім басталып кетті.

Елен ӘЛІМЖАН

* * *

1986 жылғы тарихи оқиғалардан кейін сілкініп оянған жазушы қаламын сертке ұстап үздік дүниелер жаза бастайды.

«Таңғы шық» жинағынан кейін жазуға ат басын қайта бұрып, «Оралудың» авторы атанған соң Елен Әбдуатұлы 2000 жылы «Көріпкел», 2016 жылы «Ақ періште – арманым!» атты повестер мен әңгімелер жинағын шыға­рып, «Тақталас» пьесасын жазды. Драматургияға шындап ден қойды. «Тақталастан» кейін жалғаса жазылған «Бір қазаққа – бір қатын» комедиясы орыс тіліне аударылып, Жамбыл облыстық орыс дра­ма театрында, «Жанұран» комедиясы қырғыз тіліне тәржімаланып, Қырғыз телерадиокорпорация­сының «Учур» театрында қойылған. «Айт күні» атты әңгімесі Анкарада жарық көрген түрік халықтары әдебиеті антологиясының қазақ әдебиеті томына енген. Драматург-жазушының пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда және облыстық театрларда (Жамбыл, Ақтөбе, Арқалық, Жетісай, Талдықорған), халық театрларында сахналанып келеді.

Елекеңнің «Тақталасы» турасында кезінде Шерхан Мұртаза былай деген екен:

Жамбыл облыстық қазақ театрының репертуарына көз салсаңыз, ондағы спектакльдердің дені – жергілікті авторлардың пьесалары. Кәрім Баялиев, Әлдихан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаев, Арғынбай Бекбосынов…

Солардың қатарында Елен Әлімжановтың «Бір қазаққа – бір қатын», «Тақталас», «Жанталас» пьесалары бойынша қойылған спектакльдері көрермен көңілінен шыққаны ақиқат. Елен драматургиясы осы заманның ең зәру, ең өзекті мәселелеріне бағышталған. Қазақстан, қазақ елі ежелден бері аңсаған арманына жеткен сияқты. Еліміз еркіндік алды, тәуелсіз мемлекет болды. Сол тәуелсіздік, егемендік баянды болу үшін әлі талай-талай бел-белестен ассақ керек. Сондай белестің бірі – қазақ деген ұлттың бірлігі. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деді ұлы бабамыз Төле би. «Біріңді – қазақ, бірің – дос, көрмесең – істің бәрі бос» деді ұлы Абай. Осы ұлы өсиетті ұғындық па? Санамызға сыналап жазып, бойымызға сіңірдік пе? Жүзшілдік, рушылдық дерттен арылдық па? Арылмасақ, алдағы болашағымыз не болады? «Тақталас» драмасында, міне, осындай жалпыхалықтық орасан сұрақ тұр. Драма кейіпкерлері: Қауғабай, Дауғабай, Жауғабай. Аттары-ақ айтып тұр. Мәселе – жазушының шығарманы том-том етіп, көпіртіп жазуында емес. Міне, «Тақталас» сияқты өмірлік өзекті дүниенің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады.

* * *

Жылына бір рет «Абай жолы» романының әр бетін парақтап, ашып оқымаса, аңқасы кеуіп қалатын жазушы Жанат Ахмадидің көңіл құсы қатарындағы қаламгерлердің шығармаларына көп түсе бермейтін. Ал өзіне ұнаған көркем дүниеге ол кісі міндетті түрде лебіз білдіретін еді. Елен Әлімжанның «Анажар» романы Жанат Ахмадидің жанына әбден жақса керек, жазушы жазушы әріптесінің романы жайында былай депті:

 АНАЖАР – ТИПТІК КЕЙІПКЕР

Жазушы, драматург Елен Әлімжанның «Анажар» романы салған жерден адам өлімі туралы оқиғадан басталады. Анажар деген әйел қолында күрегі, өз көрін өзі қазып жатады. «Бұның басына не күн туды екен?» деп, оқи бастайсың. Анажар шолжаңдаған он үш жасар кезінде әжесі Ақтілеуге «Әзәзілге мың да бір рақмет» деп, Адам ата мен Хауа ананың жерге түсірілгені, содан жер бетінде осынша адам баласы тарағаны туралы дауласады. Бала кезінен сондай өткір Анажардың қашан, қалай өлетінін ойлап, оқи жөнелесің. Балалық шағы Сандықтауда өткен Анажар тағдыры біртіндеп өз ұйығына тарта түседі. Ең абзалы, жазушының ойы алғыр. Бір сөзден бір сөзді туды­рып және оны сылтың, мысқылмен әдіптеп, оқырман жанын жа­ды­ратып отырады. Күлдіріп отырады. Тілі бай. Оқығаныңа ризасың. Мәселен, шілденің ыс­тығында өліп-талып көр қазып жатқан әйел терден сы­ғып алардай болып малшынған кеуде­шесін шешіп, шөлдеп кетеді. Ішкі ойы «су, су керек» дейді. Автор: « Бұ дүниеден мүлде баз кешіп, өлгісі келген адамға су не керек?» – дейді. Рас-ау дейсің. Бірақ артынша-ақ оқырманды тәлкекке салатын автор: «Су өлу үшін керек. Шөл қысқан адам көр қаза ала ма?» – дейді. Бұған да рас-ау дейсің.

Анажардың өмірдегі бар қызығы, сүйеніші жалғыз перзенті Ақперіште қайтыс болған екен. Соған бола соңынан кету үшін қызының қа­сынан өзіне көр қа­зып жатыр ма дейсің. Жоқ, ол әлі сеңі бұзылмаған шеті ғана екен. Ақперіш­тесін Анажардың оң жақта оты­рып босанғаны да басына бәле боп жабысады. Анажардың әке-шешесі Далабай мен Таугүл, әпке-жездесі Еңлікгүл, Бұтақбайлар ортасында өтіп жататын қым-қуат оқиғалар адам өмірінің аса күрделі қитұрқыларын; өмір тірліктің таусылып бітпейтін қабат-қабат астарын ақтарады. Әпкесі Еңлікгүлдің кеңесімен Анажар Әділет деген жігітке қосылады. Шай ішерлік үстелдері де жоқ екендіктеріне қарамай, Әділеттің дәу қара шамаданын ортаға қойып, оған дастарқансыз газет төсейтіндеріне де қарамай өмір бастайды. Бірақ екеуіне жетіспейтін нәрсе бар. Әділеттен бала болмайды. Ал Анажар өзінің ішкі дүниесімен арпалысады. Өз өміріндегі кем-кетігі болған, яғни, әлі қыз алмаған Әділет алдында және оның ата-анасы алдында өзін-өзі жазғыруы тәрізді кедергі мәселелер көп. Кейін Әділет ірі фирманың заңгері, Анажар сырттай оқуға түсіп, қаладағы үлкен кітапхана қызметкері болады. Осы оқиғалар барысында Анажардың жан-дүниесі аса бай екендігі, өзінің тумыс жаратылысынан саңлақ әйел екені біртіндеп ашылып жатады.

Адам баласының басынан нелер ой-қиял, нелер оқиға өтетін болса, соның бәрі бір өзінен табылатын Анажар ғасырымыздағы проблемалық мәселелерге ортақ типтік кейіпкер деуге толықтай негіз бар.

* * *

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор

БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ӨМІРІНІҢ ШЫНШЫЛ СУРЕТКЕРІ

Мен зерттеушімін, сыншымын деп айта алмаймын. Дегенмен өз ортамда бірге жүрген ақын-жазушылардың шығармаларын жібермей оқуға және реті келген жерде пікірімді де білдіріп отыруға тырысамын. Сондықтан інімдей болып кеткен Еленнің де шығармаларымен түгел таныс­тым десем болады.

Оның әңгімелері кәдімгі Бейімбет Майлин бастап, Ғабит Мүсірепов қоштап, бүгінде Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағанбетовтер жалғастырған мектепке жатады. Есіп тұрған тілінен жеңіл юмор сезілетін жазушы негізінен өз заманының және оның адамдарының характерін жасайды. Шағын ғана шығармаларында адамдарының пенделік әрекеттері арқылы қоғамның да кескін-келбетінен көріністер беріп отырады. Тағы бір байқалатын ерекшелік – өз кейіпкерлерін тіршілік таптаурынына салмай тосын ситуацияларда танытады. Бірақ бәрі де өмірдің өзінен ойып алғандай сенімді де қарапайым. Мәселен, Шерхан Мұртаза мақтаған «Коммунизм маршы», Бейбіт Қойшыбаев жылдың жақсы әңгімелерінің қатарына қосқан «Рекеңнің жолы», Серікқали Хасен айрықша тоқталған «Көріпкел» жинағындағы қай әңгімені алсаңыз да – біздің заманның адамдарының бейнесі жасалған. Мәселен, «Төрткүлде» атты әңгімесінде ғарышта адамзат ақыл-ойының жемісі – орбиталық станция ұшып барады, көміліп қалған қаланың үстінде ойнаған балалар сол ғарышқа самғауды армандайды, ал ашаршылықта өлген әке-шешесін еске алып келген әскери адамның асын ішіп отырған оның ағайындары ру-ру болып айтысып, қызмет бөлісе алмай әлек. Осынау шағын әңгімеде бүкіл қазақ қауымының тоғышарлық болмысы тұрғандай.

Ал «Тарғыл сиыр» әңгімесінде ауылдағы сол тоғышарлық болмыстың нарыққа ену кезіндегі өзгерістері суреттеледі. Иә, қазір қазақ болмысында, психологиясында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Автор соның суретін салып, келер ұрпаққа қалдырғысы келеді. Және өте дұрыс істейді, өйткені ертең бәрі кеш болуы мүмкін.

Оның көптеген әңгімелері мен повестерінің кейіпкерлері – жағымды да, жағымсыз да емес, біреуге жақсылық та жасайтын, бірақ қателесетін, билігін асыра пайдаланып жіберетін, тіпті сұғанақтық та жасап қоятын кәдімгі пенделер. Мәселен, «Әкімнің добы» әңгімесінің кейіпкерлері бала-шағасының, ағайын-туысының қамы үшін тәп-тәуір тірлік етіп жүрген азаматтар. Сүйте тұра, ағайынның жалған намысын жыртып әлдекімдердің «добына» айналып кете барады.

Елен шығармаларында өзі өмір сүрген кезеңнің өткінші емес, өзекті проблемаларының көркем көрінісін беріп отырады. Бұл ойымызды басқаша айтсақ, Елен, әсіресе, драмалық шығармаларына мәңгілік тартыстарды арқау етеді. Бірақ оған мысалды бағасы беріліп қойған алыс тарихтан емес, халқының басынан қазір өтіп жатқан құбылыстардан алады. Сол арғы-бергі тарихты, өз елі және өзгелердің басынан өткен қилы кезеңдерді жақсы білгендіктен, әрі мемлекеттік баспасөзде, партиялық қызметте істеп, әр нәрсені байыппен пайымдап үйренгендіктен, бұл құбылыстарға уақыттың, әлде ресми саясаттың өз бағасын беруін күтіп жатпайды. Оның ішкі түйсігі әдебиет атты ар ісінде адастырмайды. Тіпті азамат соғысы жылдарынан алынған ең алғашқы «Екі дүние айрығы» атты драмасын жазғызған да өзі өмір сүрген қоғамның сыздаған жарасы еді. Асқар Сүлейменов айтқандай, «таптаурын болған тақырыпты жаңаша пайымдауға» тырысқан Елен кейін «Жанталас» деген атпен сахналанған бұл шығармасында Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамының екіге жарылуының себептерін іздестіріпті. Бір қызығы – драма жазылып жатқан күндері 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы өтіп, қазақ қоғамы тағы да екіге жарылыпты. Сірә, жазушы сол кездегі қазақ қоғамының жарыларға шақ қалғанын әлдеқалай түйсігімен сезінген тәрізді. Сезінген соң сол қажеттілік қолына қалам алдырып, оның астарын іздеттірсе керек. Ал оның астары дәстүрлі қазақ қоғамының астаң-кестеңін шығарған бодандықтың бұғалығы мен таптық текетірестерде жатыр еді. Желтоқсан жарылысына алып келген де қазақтың санасында қашаннан бері қайнауы жеткен отарлық езгінің уыты болатын.

Егемендіктің эйфориясында жүргенде Елен «Бір қазаққа – бір қатын» атты комедия жазды. Кәдімгі тұрмыстық мәселе тәрізді. Жаңа қоғамдық қатынастар мен ұғымдарды жатырқаған қазақ тоғышарларының қылығына күлесің. Бірақ сол ұғымдар мен қатынастар арқылы одан әрі құлдырап бара жатқан халқыңның демографиялық ахуалын сезініп күйінесің. Ал театрдан шыққан соң, ашық қоғамға кірген соң, автордың алдымен халқының санын көбейту қамына шұғыл кіріспесең, жұтылып кету қаупі туатынын ескерткенін ұғынасың.

Сол қазақ қоғамының, сол номенклатурщиктердің келбетін «Тақталаста» да көресің. Бұл комедиясында Елен Әлімжан қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш рет Қауғабай, Дауғабай, Жауғабайлардың типтік көркем бейнесін жасады. Кешегі қауға ұстап мал баққан, қамшы ұстап дау қуған, найза ұстап жауға қарсы шапқандардың бүгінгі бір орынтаққа таласын небір драмаға тән ситуациялар арқылы өрбітеді. Ақыры бір-бірінің астынан ор қазып жүріп, сол орға құлап тынады. Тіпті, осы сормаңдайлығы аз болғандай Қауғабай, Дауғабай, Жауғабайлар жаңағы талас-тартысын сол ордың ішінде ары қарай жалғастыра түсетінін қайтерсің. Жалғастырғаны сол, бірін-бірі аяғынан тартқылап, ордан шығармайды. Ал сол қоғамның белгілі бір тобының өкілдері болып табылатын мал баққан Мауғабай мен егін еккен Бақшагүл де жоғарыдағы үшеудің таласынан өз есептерін түгендеп жүр. Бірақ бәрі де осылай өз есептерін түгендеп жүріп, ұлттың, халықтың есебін жіберіп алады. Орынтаққа басқа біреу келіп отырады. Таласып жүріп ел тізгінінен айрылғанын білмей қалады.

Комедияның барлық кейіпкерлері – жиынтық тұлғалар, әрекеттерінде символикалық шарттылықтар да бар. Сөйте тұра олардың әркеті де, мінезі де нанымды, көкейге қонымды. Бірден қабылдайсың, күлесің, ыза боласың, артынан ауыр ойға қаласың. Өйткені бұл комедияда қазақ қоғамының өзің көріп жүрген бет-бейнесі, психологиясы тұр. Сірә, қазіргі қазақ қоғамының қыжылдарын «Тақталастай» терең беріп, өткір әжуалаған өзге шығарма бар ма екен? «Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» дегендей, мұндай шығарманы тудыру үшін өз қоғамын суда жүзген балықтай сезінетін біліктілік пен азаматтық әділдікті ту етіп көтерген суреткерлік шеберлік керек. Егер қара қыл қақ жарылмай сәл мүлт кеткен жері болса, мұндай пьесаны ешқандай театр сахналауға алмас еді.

Абырой болғанда комедия Қазақстанның әр түкпірінде қойылды. Өйткені «Тақталас» – үлкен патриоттық сезімнен, өз ұлтының болашағы үшін қатты алаңдаушылықтан туған, туған халықты бірлікке, бәтуаға шақырған шығарма.

Мұнда қазақ әдебиетінде бұрын-соңды көрініс бермеген кейіпкерлер жүр. Себебі кешегі адамдар бүгін психологиялық өзгерістерге ұшырап жатыр. «Тақталастың» уақытпен үндескені сонша, 1995 жылы Жамбыл театрында өтуге тиіс премьерасын сайлаушыларының ортасында жүрген сол кездегі парламент депутаттары Шерхан Мұртаза мен Арғынбай Бекбосын көрмек екен. Алматыға шұғыл шақырылыпты да, премьера жүріп жатқан күні, парламент тарап, екеуі мандаттарынан айырылып шыға келіпті.

Өмірінің ұзақ жылдарын күнделікті таралатын газеттерді шығарумен өткізіп келе жатқан жазушы бұрын мақаласында айта алмағандарын көркем шығармаға айналдырады екен. Байыптап қарсақ, Еленнің қаламына ылғи азаматтық позициясы ұлт мүддесінен тайқымайтын, ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын қайраткер-қаламгерлер ілігеді. Олардың осынау табанды қайраткерлігі жас ұрпаққа жұғысса екен деп тілейді. Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.Ясауи, Абай, Шәкәрім сомдаған таза, толық адам бүгінгі күннің жастарының арасынан шыққанын қалайды. Сондықтан да жоғарыдағы қайраткер-қаламгерлердің өмірі мен еңбектерінен толық адамдық қасиеттерді іздеп тауып, үлгі етіп ұсынады.

Жазушы Елен Әлімжан толық адам идеясын біртіндеп көркем шығармаларына да дарыта бастады. Оның шығармаларындағы бұл сапалық өзгеріс «Қызыр баба» атты балаларға арналған пьесасынан басталады. Әрине, спектакль балалар ұғымына лайық. Мұнда балалар табиғатты, оның төл перзенті – аң ұрпағының қызық қылықтарын тамашалайды. Ән де, би де мол. Бірақ спектакльдің мақсаты – Қызыр бабаның кім екенін, оның қай кезде, не үшін келетінін ұғындыру арқылы жас ұрпақтың мәңгүрттенген жадын жаңғырту. Біздің ата-бабамыздың Жаратушы, жаратылыс туралы түсінігі қандай еді, соны қалпына келтіру. Оны білмегендіктен де ұрпақ дүбәраланып, қағынан жериді. Өз халқының ертегі-аңыздарына шекесінен қарайды, салт-дәстүрін жат көреді, түсінік-танымын тәрк етеді.

Сөйтіп, «Қызыр баба» арқылы автор адам және әлем біртұтас дүние екенін, біріндегі құбылыстар екіншісіне әсер етіп жататынын, жердегі кемшіліктерді түзеу үшін алдымен өзіңнің аспанмен қарым-қатынасыңды түзеу керектігін айтады. Бұл тақырып Еленнің «Ақ періште арманымында» тіпті тереңдейді. Драмада қарапайым қазақ әйелінің басынан кешкен оқиғалар баяндалғанымен, шын мәнісінде әңгіме ұлы үйлесім туралы. Ал, ұлы үйлесім – Алла Тағаланың құдіреті. Сол ұлы үйлесімді бұзып тұрған басқа ешкім емес, адамдар. Үйлесім бұзылған сайын адамзаттың өзіне қатер көп. Бұл жерде ол өзі отырған бұтақты шауып жатқан аңғал бала сияқты. Қарапайым қазақ әйелі де өзінің бар трагедиясын періштедей таза туа алмайтынынан көреді. Періштедей таза ұрпақ өсіре алмайтынының себебі – ұлы үйлесім бұзылған. Ал осы адамзат трагедиясының тоқтамы тек жүректің тереңі мен сананың биігінде жатыр.

Еленнің елге көрсетпейтін жазбаларында мынадай жолдар бар екен:

Көңіл-күй тартып жабырқау,

Ой-салмақ басқан айықпай.

Ой-мұхит мені, япыр-ау,

Ойнатты жалғыз қайықтай.

 

Жағалау қайда, мен қайда,

Қалтылдап қайда барамын?

Іздеген ауылым шалғайда,

Шыңында биік сананың.

Қазақ қоғамының қазіргі келбетін көркем әдебиетте өрнектеп қалуға тырысып жүрген жазушы Елен Әлімжан өзінің 75 жасында осылай сананың шыңына қарай соқпақ салып барады. Соқпағы даңғыл жолға айналғай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір