КӨҢІЛІМІЗГЕ КӨКТЕМ СЫЙЛАП ЖҮРУШІ ЕДІ-АУ
12.08.2020
1175
0

Мен ол кісімен осыдан 30 жыл шамасы бұрын танысқан едім. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, тіпті киім киісі де бөлекше Жанат Ахмади (суретте)жылына бірер мәрте ата жұрты – Қапал өңіріне келіп, ағайындарының ортасында аунап-қунап қайтуды әдетке айналдырған. Бір қызығы, ол автобустан түскеннен кейін бірден туыстарының үйіне тартпай, міндетті түрде аудандық «Қапал еңбеккері» – «Капальский труженик» газетіне бас сұғушы еді. Жары – Роза, қызы – Дінасыл, ұлы Дінисламды ерте кіріп, «Қуат, мына киелі шаңыраққа алдымен кіріп отырмын. Газет дегенің қазақ руханиятының қара шаңырағы емес пе?! Онымен қоса өздерің сияқты інілерімнің амандығын біле кетейін деп едім!» – деп бастап, әңгіменің тиегін біраз ағытып алатын. Тек өзі ғана сөйлей бермей, өзгені тыңдауға да бейіл. Ара-арасында бізге өлең оқытып, өзіне ұнағандарын қайтара айтқызып алатын әдеті бар. Мұнысы не десек, зейіні зерек, жады мықты Жанат аға жеті-сегіз шумақ өлеңді сол бірер оқығаннан жаттап алады екен-ау. Араға уақыт салып жолыққанда сол өлеңді жатқа оқып отырғанын көріп, таңданған сәттеріміз аз емес. Бұл – алғашқы танысқан сәтте аға жайлы қалыптасқан пікір.

Көп ұзамай, Қапалға бір келгенінде «Дүрбелең» атты кітабын сыйлады. Жалпы, теледидары тұрмақ әр үйде радио да бола бермейтін менің балалық шағымда асық пен ләңгіге қызықпайтын балалар үшін басты ермек – кітап болғаны анық. Мен де солардың қатарында едім. Қолыма түскен кітапты талғамай оқып, қазақ әдебиеті классиктерінің жазғандарын түгесіп үлгергенбіз. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен бастап, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков шығармалары, Қасым мен Мұқағалидың, Тұманбайдың өлеңдері бала кезден таныс, етене жақын-тұғын. Ал «Дүрбелеңді» оқи бастағанда бұрын-соңды білмеген, болмысы бөлек бір әлемге тап болғандай күй кешкенім рас. Егер кітаптың оқиғалары тартымды, баяндау әдісі тосын, тілі шұрайлы десек – түк айтпағанмен бірдей болар еді. Себебі шығармадан қазақы қара сөздің құдіретіне жолыққандай әсер алған едім.

Әдебиетке бала кезден құштар болғанымды әлгінде айттым. Менің қаламгерлік жолды таңдауыма ең алдымен осы құштарлық әсер еткені даусыз. Ердің құнын екі ауыз қисынды сөзбен шешіп жүре беретін билер мен шешендер жайлы да көп естігенбіз. Алайда, түрмесі мен зынданы былай тұрсын, есігінде құлып болмайтын дала жұрты ел арасында болмай тұрмайтын әлімжеттік, қорлық пен зорлық, ұрлық пен қарлық мәселелерін сөзбен қалай шешті екен деген ой көңіл түкпірінде жауабын таппай жататын. Өзімді мазалаған осы сауалдың жауабын Жанат Ахмадидың туындыларынан таптым десем, ақиқаттан алыс кете қоймаймын. Бірі адамы өліп қаралы болған, бірі жазатайым кісінің қанын жүктеп жазалы болған екі жақтың билері сөйлеп бергенде екеуін де ақтап алғың келетіні бар. Бабалардың арғы-бергі дәстүр-салтына сүйене келіп, сүйегі жоқ қызыл тілге ерік берген билердің шегемен қаққандай етіп шегендеген дәлелдері, орайын тауып қолданған мақал-мәтелдері қолыңды жіпсіз байлағандай әсер қалдыратыны рас. Ақырында төбе бидің дауласқан екі жақтың күрмеуі қиын күрделі теке-тіресін бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп, соңғы шешімін айтқанда: «Ә, бәсе, мынау дегенің ғажап үкім болған жоқ па…» – деп масайрап отырғаныңды сезбей қаласың.

 «Дүрбелеңнен» кейін «Шырғалаң» кітабы қолымызға тиді. Оған да тәттіге құмартқан баладай бас қойғанымыз анық. Жанат аға содан бері оқырмандарын сағындырып күттірмей, жыл сайын жаңа туындыларымен қуантып келді. Біз күнделікті тірлік қамымен шапқылап кеткенде үлкен екенмін демей өзі телефон шалып, халімізді сұрап, ұялтып тастайтын Сондай елгезек Жанат ағамыз кейбір кездері тым-тырыс жатып алатын да еді. Ағаның сырын жақсы білетін біздер ондай сәттері: «Ә, тағы бір шығармасын жазуға отырған ғой…» – деп мазасын алмауға тырысамыз. Мұндайда Жәкеңнің өзі де анау-мынауға алаңдай бермейді. Сол отырғаннан екі-үш ай тапжылмай отырып, бір романның басын қайырып барып бір-ақ тұратынын талай көрдік те. Бұл енді, жазушының еңбекқорлығы мен қабілет-қарымын аңғартса керек.

«Жанат ағам ба, Жанат ағам жиырма бірінші ғасырдың Майқы биі емес пе!..» – дейді ақын Бақыт Беделхан бауырым ол жайлы әңгіме қозғалғанда. Десе дегендей, тірліктің кез келген түйткілдеріне байланысты мақал-мәтелдерді түйдек-түйдегімен төгетін ағаға қарап, Майқы би болса осындай-ақ болған шығар дейтініміз жасырын емес.

«Жан ауыртқан дос болмайды» дейді ол бірде болымсыз бір шаруаға қолқа салып тұрып. «Қонаққа барсаң, борышты боласың, қонақ шақырсаң, өрісті боларсың» дейді қазақ. Үйге кісілер келе жатыр, ортасында бол!» – деп телефон шалады кей кезде. «Құдай жүгіртпеген сиырды бұзау жүгіртеді» деп қисынын келтіре қиыстырғанда айтуға уәж таппай қаласың. Бұл Жанат ағамыз айтатын мақалдардың ішіндегі ең қарапайымдары. Менің ойымша, осы уақытқа дейін ешкімнің құлағына шалынбаған тың мақалдарды ағаның өзі ойдан шығаратын болса керек. Қазақы қара сөздің құдіретін қапысыз меңгерген Жәкең кей-кейде өлең де жазып тастайтын. Онысы өз мінезіне тән, мірдің оғындай атылатынын қайтесің…

Шығармашылық адамдарының әрекет-әдеттері, қызық қылықтары жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ол, сірә, киелі өнер өлкесіне аяқ басқан кез-келген тұлғаның дүниетанымынан, болмыс-бітімінен туындайтын болса керек. Жанат Ахмади да осындай «қызық» дүниелерден ада емес болатын. Жанындағы адамның қылығынан сәл жасандылық, жалғандық байқаса жақтырмай қарайтын кірпияздығы мен кеудесін керген керенаудың жағасынан ала кететін тентектігін қасында жүрген біз қалыпты қабылдайтын болғанбыз. «Басыңыздан сөз асырмайтын сіздің осы мінезіңіз-ай!» – деп кейігенімізде: «Мен өзім арғы бетте ел тізгінін ұстаған әкем Ахмади зәңгінің арқасында жалғанды жалпағынан басып та көрдім, ата жұртқа аңсап жеткенде «қытайдың шпионы» атанып, жат жерде жапа да шектім. Ғұмырымда тартпаған азабым қалмаған болар. Сол тағдыр мені ашындырды да, қайрады да. Кісі сөзін көтере алмайтын қу мінез сол кезде қалыптасты білем. Біреу асылық жасаса, сыртымнан күліп тұрса, қояншығым ұстап кететіні бар!» – деп қоятын ондайда.

Ал күнделікті тірлікте ініге ондай қамқор, жақынға ондай жанашыр адамды кездестіру қиын шығар. Айдалада жүріп біздің жағдайымызға алаңдап, өзіне жайылған дастарханнан біздер де дәм татса екен деп іздеп отыратын ағамыз шығармашылығымызға да рухани демеу көрсеткен ізгі жандардың қатарында болды. Қайсыбір қаламгерлер сияқты: «Өзім ғана кереметпін!» – демей, сәтті шумақтарымызға, ұтымды ұйқастарымызға тәтті тағамның дәмін алғандай тұшынып отыратыны осыны аңғартпайды ма?!

Қилы замандарда қара қазан, сары баланың амандығы үшін қиыр көшіп, шет жайлап, жат өлкеде жүрсе де қазақы құндылықтарын жоғалтпаған, салт-дәстүрімен бірге қасиетті де құдіретті тілін жұтатпаған жұрттың аманатын арқалап, аса бір жауапты міндетті атқарған Жанат Ахмади ағамыз тұшымды туындыларымен оқырмандарын қуантып, көңілімізге көктем сыйлап жүруші еді-ау. Енді асыл ағамыз жайында өткен шақпен ғана айта алатынымыз өкіндіреді. Алайда қазақтың қара сөзіне олжа салған бірегей тұлға лағыл туындыларымен алдағы ғасырларда да жасай береді деп сенеміз.

Шамасы, осы жылдың көктемі болуы керек, әлдебір шаруамен Жанат ағаның үйіне бара қалдым. Роза жеңгемнің тәтті шайына қанғаннан кейін Жәкем әлдебір қызық жайды айтпақ болғанда қулана жымиятын әдетіне басып, күліп алды да:

– Әй, Қуат, мен саған бірнәрсе көрсетейін бе?! – деді.

– Ал көрсетіңіз. Ол немене еді?

– Онда жүр! – деп пәтеріндегі тошалаға қарай бастады.

 Ол жерден сырты шүберекпен жабылған жалпақ бір затты алып шыққан. Ағаның мықшия көтергеніне қарағанда ауыр дүние сияқты. Жамылғысын сыпырып тастағанда көлемі ауқымды қара габра тасын анық байқадым. Тастың оң жағына ағаның суреті қойылыпты. Ең алғаш келген ой – қабір басына қойылатын құлпытас тақта болды.

– Ой, ағатайым-ау, мынауыңыз не?! Ел аман, жұрт тынышта қаза шақырып, жаман ырым бастағаныңыз қалай?

– Жоқ, бұл құлпытас емес, мен тұрған үйдің қабырғасына қоятын ескерткіш тақта емес пе.

Үңіліп қарасам: «Бұл үйде 1987 – 2017 жылдары «Құрмет» орденді этнограф-жазушы Жанат Ахмади тұрған» – деген жазу ойылыпты. Дегенмен көңілге келген күмәнді баса алмай:

– Жәкем-ау, Сіз бақиға кетіп жатсаңыз, артыңыздан ерген қара орман жұртыңыз, Жазушылар одағы бар емес пе. Жасалатын еді ғой?! – деймін.

– Мен анау жылдары Қызылорда өңірінде жүргенде құлпытас әзірлеумен біраз айналысқанымды білесің. Бұл мен үшін түк емес. Сендерді әуреге салмас үшін алдын-ала жасап қойғаным ғой. Олай-бұлай болып кетсем, азаматтардың есіне саларсың?!

 Енді ,міне, ағаның сол аманатын айтатын уақыт та болып қалыпты. Қарап отырсақ, Жанат Ахмади Алматыдағы Тұрғыт Өзал кешесіндегі №24 үйде 30 жыл бойы тұрған екен. Қазақтың сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, шығармашылығы да, өмірі де аңызға тең Жанат ағаның есімін ұлықтау мақсатында әлгі тақтаны сол үйдің маңдайшасына ілсе, қаламгер алдындағы бір парызымыз орындалатын шығар. Жазушылар одағы­ның басшы­лығы осы мәселені еске­ре жүрер деген ой­да­мыз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір